Өмірден ерте озған ақын Серік Дінахметов туралы ой
Адам баласының мына жалғанға қонақ екені белгілі және осы пәниде келген-кеткені белгісіз болып өтіп жатқандар да бары, тірлігінде аузымен құс тістегенмен бақилыққа аттанғаннан кейін елі ғана емес, ағайын-туысының өзі ұмытып кететіндер де бары жасырын емес. Сол сияқты жарқ етіп көрініп, енді ғана шығармашылық әлемінде толыса бастаған тұста өмірден озған қаншама жан бар, бұл да ақиқат. Алланың ісі, бұйрық қой дейміз де қоямыз. Бүгін сондай бір азамат туралы баян етпекпін.
Онымен 1976 жылы таныстым, танысуымыздың өзі қызық болды, қанша жерден жоспарласаң да мұндай кездесулер болмауы мүмкін. ҚазГУ-дің журналистикасы, не филологиясы болмаса басқа оқу орындарына мойын бұрмай, совхозға қажет мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына келген жолдамаларды да алмай жүрген кез еді. Қыркүйек айы болғанмен Аралда күн күйіп тұр, үйден шығу мұң. Осындай күндердің бірінде совхоз комсоргі, ақын Сағынай Ешекенов: «Бала! Жарасқан ағаң Аралға келіпті, сәлем беріп қайталық», – дегесін Шижағамен екі ортаға қатынайтын автобуспен тал түсте қалаға топ ете қалдық. Жәкең қонақүйде екен, ол кездегі қонақүй көкбазар маңындағы 1930 жылдары салынған бір қабатты үйде еді. Ағам екеуміз Сатылданың дүкеніне соғып, оны-мұны алып, Жәкеңе келсек, жанында ақын Серік Сейтмағанбетов бар екен, әңгіме-дүкен қызып жүре берді. Алайда, Жарасқан аға алаңдаулы, әлсін-әлсін сағатына қарап қояды. Осыны байқаған Сағынай аға: «Жәке! Бір жаққа асығып отырған жоқсыз ба? Біз кедергі жасап отырған жоқпыз ба сізге?» – деп сұрады. «Жо-о-оқ, О не дегендерің… Тек бір жігіт келемін деп еді… Жақсы өсіп келе жатқан ақын… ҚазГУ-дің журфагінде еді… сонысы дұрыс болмай… Қазір Райымда, Қызылжарда… талантты жігіт… О жақтан Қамбашқа дейін мотоциклмен келеді ғой. Күн мынау күйіп тұрған…». Сол кезде маған «Апыр-ау мынау не деген бақытты жан, ҚазГУ-де оқыса, Жарасқан ақын алаңдап күтіп отырса…» – деген ой келді. Сонымен, ол келді. Таныстық. Біраздан соң ағалар редакция жаққа барып келмекке кетті, екеуміз қонақүйде қалдық, бөлме ішін реттеу, тоңазытқышқа оны-мұны әкеліп қою деген сияқты міндеттер бар жүктелген, іске кірістік. Қалқан құлақтау келген сары жігітпен әңгімеміз жарасты, ол студенттік өмірді жыр қылды, мен оқуға түсе алмағанымды айттым. Жылдарды жылдар алмастыра зымырап өтіп жатқан уақыт-ай десеңші… Сол жігіт – өмірден ерте озған ақын Серік Дінахметов еді.
Сол кездесуден кейін біз бір-екі рет қана жолықтық, әңгіме тағы да әдебиет, өлең төңірегінде болды. Елге оралып, комсомол қызметіне келгенімде ол «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігі комсомол комитетінің хатшысы Аманкелді Дәрібаевтан сәлем айтып, маған кездеспекші екенін жеткізді. Алайда, сұм ажал оған жеткізбеді, біз кездесе алмадық. Осыдан төрт-бес жыл бұрын ол туралы студенттеріме әңгімелеп отырғанымда Расул Әлімжан есімді жігіт: «Ағай, мен оны білемін. Бауырларымен қатысамыз, кітабын да шығара алмай кетті ғой» дегені. Міне, бүгінгі баянымдағы суреттер мен көркем шығармалардың біразы Расулдың маған әкеп бергендері. Онысы мендегі мәліметтерді толықтыра түсті, оған алғыс айтамын.
Серік Қарасайұлы Дінахметов 1955 жылы 23 ақпанда Арал ауданындағы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Табиғаты керемет, негізгі кәсібі – балықшылық болып келетін ауыл Райым көліне жақын орналасқан. Мектеп мұғалімі Қарасай Дінахметов отбасында өмірге келген бала әке ізін қуып, кішкентайынан-ақ сөз өнері ауылына бағыт алған еді. Сол ауылдағы №81 сегізжылдық мектепті, онан соң Арал қаласындағы №13 орта мектепті 1972 жылы бітірген Серік 11-12 жасында-ақ «Қазақстан пионері» газетінің штаттан тыс тілшісі атанған болатын. Ол 1968 жылы газет жолдамасымен Қырымда «Артек» пионер лагерінде демалды. Иә, Қырымда болуы оның шығармашылығына да біраз әсер еткен болатын. Мектепті бітірісімен Алматыға барып, ҚазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскен ол кейін сырттай оқуға ауысты. Еңбек жолын республикалық «Лениншіл жас» газетінде тілші болудан бастап, кейін М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында, М.Лермонтов атындағы орыс драма театрында қызмет атқарып, «Теміржолшы», «Болат жол», «Стальный магистраль» газеттерінде тілші болып еңбек етті.
Оның «Қырым, Қырымбек және мен» повесі, «Сұлу қыз бен семсер», «Үлкен жолдың кішкентай жолаушысы», «Жиырма бес жасар депутат» очерктері, «Шөлмек сауған сиқыршы», «Тойымсыздың тобасы» «Қатырды» атты фельетондары уақытында оқырмандардың ықыласын иеленген болатын.
Өлең өнерінде өзіндік жол іздеген Серік қаламынан туған «Тасташы адам қаруды!», «Өлеңнің биік мақсаты», «Достықтың өзі бір ерлік», «Өзімді таныстыру», «Жүрек бер маған!», «Дөңбек пен Мүсінші», «Үйрену керек Аралдан», «Сап-сап ақыл», «Ұстаз көзімен», «Табиғат нота жолдайды» атты өлеңдері кезінде мерзімді басылымдарға жарияланған болатын.
Қазіргі кезде атом қаруынан бас тарту қазақ елінде тек 1989 жылдардан басталады деген ой айтылуда. Серік шығармашылығы оның бұдан бұрын басталғанын, қазақ қаламгерлерінің атом бомбасына қарсылығы тарихы әріде екенін көрсетуде.
«Жүректен шыққан жүз бір жол» атты айдар тағып,
«Прометей тұтынатын
От беріп еді адамға,
Атом бомба ұсынатын
Тап келіппін заманға!» – деген эпиграфы бар «Тасташы адам қаруды!» атты публицистикалық толғауды Серік Дінахметов Ақтөбе қаласында «Болат жол» газетінде қызмет атқарып жүрген кезде, 1984 жылдың 29 мамырында жариялаған екен. Шығарма үш бөлімге бөлінген, бас-аяғы 25 шумақ. Осының өзін ішкі үш желіге бөле ойды анық жеткізуге тырысуы ақын талғамы мен өлеңге адалдығының көрінісі сынды.
Бірінші бөлімде соғыс қасіреті, әлем елдеріндегі соғыс өртінің адам баласына, тіршілік атаулыға зардабы өлең өрнегіне түссе, екінші бөлімде ақын жер тағдыры, ел тағдырын ана тағдырымен тұтастыра жырлап, Ана-Жер-Ана қорытпа ұғымы деңгейіне көтереді, үшінші бөлім қарусыздану ойын жеткізеді.
Қатуланса – кешірімі жоқ адам,
Райланса – шапан жапқан оқадан.
Оң қолымен соқа соқса семсерден,
Сол қолымен семсер соққан соқадан.
Жайып салып алақанға Әлемді,
Күн-философ, салыстырар, әр елді.
Ұлылығы – көңіліңді бірлейді,
Зұлымдығы – ұшырғандай зәреңді… –
деп келетін мына бір екі шумақ бірінші бөлімнің негізгі ой желісін аңғартса,
Талаптысы болашағын ойлаған,
Тоғышары уайымсыз тойлаған.
Адам-ағыс, мезгіл жігін айырар,
Кім жан бағар,
Кім кәнекей, ойлы Адам?! – деген шумақ екінші бөлімнің негізгі бағытын айқындайды. Сол сияқты:
… Бүгін Жердің пульсі тым жоғары,
Бір тамыры лып-лып етіп соғады.
Бір жарақат жазылса да кебірсіп,
Бір жарадан алынбай жүр оқ әлі.
Бір елінде бейбіт өмір көктеген,
Бір елінде «ойнап жатыр» отпенен.
Түбі данққа бөленеді әлемде,
Бірінші боп от қаруды шектеген…
…Кейде Жердің дем-тынысы тарылып,
Сыбырлайды, Адамзатқа табынып?
«Тасташы, ұлым, қаруыңды жой көзін,
Дімкәс жүрек кетпеу үшін жарылып!!!» деп келетін үш шумақ үшінші бөлімнің тіні болса, ақын өзі бояуын қоюлата (курсивпен жазған) жазған «Бір елінде бейбіт өмір көктеген» деп басталатын шумақ ақынның айтпақ ойы, шығарма идеясы екені анық. Бұл толғауды Серік:
Сөйле, сөйле жүрек тілі, жыр тілі,
Түбінде біз көбейтеміз күлкіні.
Біздей болып күллі қауым толғанса,
Ел тілегі орындалар бір күні … – деген шумақпен түйіндейді. Міне, Серік ақын сонау кеңес билігі салтанат құрып тұрған заманда, атом бомбасын ғылым мен техника жетістігі деп дәріптеп жатқан кезде осылай жырлаған еді.
Иә, бұл Серік Дінахметов болмысы еді, оны кезінде біреу түсінді, біреу түсінбеді. Әлгі толғауы үшін теперіш көрген жағдайы да болды. Мұны Серіктің «Өзімді таныстыру» атты өлеңінің өзі айтып тұр.
Ақ пейілмін, қулығым да аз-ақ тым,
Тілім үшін тәһит көрген қазақпын.
Ащы дәмін тата алмасам тірліктің,
Текті жырды тамылжытып жазад кім.
Өтті, кетті талай-талай азап түн,
Қорлығына көнбегенмін мазақтың.
Жығылмасам, жамандыққа сүрініп,
Жақсы жырды төгілдіріп жазад кім.
Өлең өру – азабы екен азаптың,
Созсаң қолды, таяу тұр ғой азат күн.
Өсек оты өртемесе жанымды,
Шыншыл жырды жарқыратып жазад кім.
Осы барым, өмір жолым аз-ақ тым,
Сырымды айттым көңілімді тазарттым.
Жыр жазамын, бар айыбым сол ғана,
Ал, әйтпесе, өздеріңдей қазақпын!
Кім не десе о десін, дәл осы жайт ары таза ақынның барлығының басында бар, соны түсіне отырып, талайдың көкейіндегісін төрт шумақ өлеңге сыйдырған Серікке тәнті боласың.
Жоғарыда айтқанымыздай ол шығармаларын кітап етіп шығара алмай кетті, өмірден озар алдында жазылған «Соғыстың соңғы жесірі», «Айтылмай жүрген сыр еді» әңгімелері, «Сарша тамыз» новелласы оқырмандарына жете алмай қалды.
Жаратушым әр пендеге өлшеулі ғұмыр береді дейді ғой, ал, Серік ақын сол Алла тағалам берген ғұмырды толық сүре алды ма білмеймін, себебі ол, бар болғаны отыз жасында, 1985 жылы 30 тамызда кенеттен бір адамның кінәсінен болған көлік апатынан көз жұмған болатын.
Серіктің өмірден озардан бір күн бұрын, 29 тамызда жазған «Сарша тамыз» атты новелласында мынадай жолдар бар.
…Ах, Август,
Аялдашы бір апта,
Кім бар сені күтіп тұрған жырақта?
…Тоқта енді, аялдағын аз ғана,
Мұнша ынтық болмағанбыз жазға да.
Август айы бойжеткенге ғашық боп,
Жүрек сөзін айта алмаған бозбала
Өтінемін, аялдашы аз ғана!
Мұны ол туыстарының айтуынша 29 тамыздан 30 тамызға қараған түні жазып, новелланы аяқтаған екен. Қайран ақын ертеңіне мына жалғанға қош айтып, мәңгілік мекеніне аттанып кетіпті. Не дерсің бұған… Әлде ақын жүрегі бір сұмдықты сезді ме екен?! Оны бізге енді ешкім де айта алмайды. Жанға бататыны – өмірден ерте озған қаламгердің шығармашылығы назардан тыс қалып жатқандығы. Ел азаматтары ойланса бұл мәселе де шешімін табар…
Алдажар ӘБІЛОВ,
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті
қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<