Бұл – белгілі сатирик Көпен Әмірбектің ұстазы Сақтапберген Әлжіковтің «Сырдария кітапханасы» сериясына топтастырылған шығармаларына жазған алғысөздің тақырыбы. Ұстазы туралы шәкіртінен асып айта алмаспыз деп осыған тоқталдық.
Сатира әдебиеттің басқа да жанрлары секілді, адамзаттың рухани әлемінде үлкен рөл атқарады. Қоғамдағы жағымсыз болмыс, адам бойындағы ұнамсыз мінез-құлық, әдепсіздік пен тәртіпсіздікті сынап, келемеж етіп, халыққа одан бойын аулақ салуды насихаттайды. Бірақ бұл жанрда кейінгі кезде қалам тербейтіндер өте аз. Сыр бойында сатира жанрында жазған Асқар Тоқмағамбетов, Қалтай Мұхамеджанов, Сақтапберген Әлжіков сынды әйгілі қаламгерлерді атауға болады. Ал бүгінде Қайырбек Мырзахметов, Қазыбек Әшірбек, Нұрмахан Елтай, Орынбасар Әлжіков ағаларымыздың өзіндік қолтаңбасы ерек.
Қазақтың қай ақын-жазушысы болмасын сатираға соқпай, оны шығармаларына арқау етпей өткені кемде-кем. Солардың бірі – сатирада сара жол салған, тапқыр тілді Сақтапберген Әлжіков. Бұл есім менің балалық санамда жатталып қалған. Себебі өзім білім алған Қызылжарма ауылындағы №144 қазақ орта мектебіне осы кісінің аты берілген. Дәптерімізді толтырғанда ең бірінші «Сақтапберген Әлжіков атындағы ….» деп бастайтынбыз. Кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға түскенде «Қазақ журналистикасының тарихы» сабағында онымен жақынырақ танысып, шығармаларын оқыдық.
Қазақ сатира жанрына өзіндік қолтаңбасымен келген, артына өшпес мұра қалдырған, өзінен кейін талай сын сардарларына ұстаз болған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сақтапберген Әлжіковтің туғанына биыл 100 жыл толды. Шәкірттері жазған сағынышты естелік әңгімелерден ол кісінің адами болмысын, қазақ сатирасындағы орнын, адамгершілігін, еңбекқорлық қасиетін көруге болады.
Жалпы, Әлжіковтер әулеті өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен Сыр еліне белгілі. Ол кісінің әкесі Әлжік ақсақал мен анасы Науат апа елге қадірлі, сыйлы, турашыл жандар болған. Әкесінің аты бағбандықпен танылып, ел ағасына айналған. Қызылжармада жеміс-жидек бағын баптағанын, ішіне кірсе шыққысыз жасыл желекке оранған бау талайлардың демалыс орнына айналғанын әжемнен естігенім бар еді. Себебі менің әжем Әлжік ақсақалдың баласы Сақтапберген атамен бір сыныпта оқыған екен. Қызылорда қаласы еліміздің астанасы болған жылдары Әлжік бауына С.Мұқанов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов келіп, сонда шығармаларын жазған деседі.
Еңбекпен ерте есейген Сақтапберген Әлжіковтің балалық, жастық шағы өте қиын болған. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы алапат ашаршылық, 1937-1938 жылдарда зиялыларымызды жазықсыз ажал құштырған қуғын-сүргін бұл кісінің өміріндегі ең керемет кезеңдерді ұрлады. 1941-1945 жылдары сұрапыл соғысқа аттанып, қан майданнан аман-есен елге оралған. Қиындықтарға мойымаған талантты тұлға жоғары білім алып, қызметке араласып, қазақ сатирасы тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдап, туған еліне келіп, «Ленин жолы» газетіне қызметке тұрды. Кейін Алматыға ауысып, «Ара-Шмель» журналында әдеби қызметкер болған. Сақтапберген Әлжіковтің есімі осы журналмен қатар аталуы заңды. Себебі қырық жыл осы жерде жұмыс істеп, әдеби қызметкерден бастап, бас редакторлыққа дейін өскен.
1966 жылы ақпан айында Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті секретариатының шешімімен республикалық «Ара-Шмель» журналының жауапты хатшысы, 1979 жылы осы журналдың бас редакторлығына тағайындалған. Сатирик халқының бүгіні мен ертеңіне, айналада болып жатқан сан қырлы құбылыстарға жайбарақат қарай алмады. Орайы келгенде уытты тілімен сын найзасына түйреп, қоғам өміріндегі мүлт кеткен кемшіліктерді, кейбір жеке адамдардың жағымсыз қылықтарын әшкерелеп, тоғышарлыққа тапқырлықпен жауап қатып, туралықтың, әділдіктің, шыншылдықтың үлгісін таныта білді. Әсіресе, «Араның» уына іліккендердің қайсысы болса да ешбір лауазымына қарамай тиісті жазасын алады екен. Осы журналда қызмет істеген жылдары 5 министрдің орнынан кетуіне себепші болғанын ол кісі жайлы жазылған естеліктерден кездестірдік. Шәкіртінің бірі Көпен Әмірбек ұстазы жайлы былайша қалам тербепті.
– Мәссаған, «Ара» журналының бас редакторы – Сақтапберген Әлжіков! Өмір бойы жауапты хатшы боп істегендіктен бе, біз о кісіні редактор болады-ау деп ойламаппыз. Келе сала сатирадай қаһарлы қарудың күшін байқатты. «Сатира – зеңбірек, зеңбірекпен торғай атпаңдар» дейді. Сәкең небір аузынан от шашқан айдаһарларды нысанаға алды. Аудан, облыс көлеміндегі басшылар былай тұрсын, анаған-мынаған арқа сүйеген үлкен-үлкен лауазым иелері «Араның» табалдырығын тоздырып жатты… Жан беру оңай ма, «Айналайын, «Аражан», бізді жаза көрме, жазғыра көрме!» деп әлгі дәулердің жалынышты күй кешкенін көзіміз көрді.
Сол кезде «Ара» ылғи шаға бермейді, кейде бал жинайды» деген сөзі көпшілікке таныс тіркеске айналды. Жауапты қызметті еңбек демалысына шыққанға дейін атқарған. Журналда жүріп, С.Адамбеков, Ж.Алтайбаев, Ш.Смаханұлы, О.Әубәкіров, О.Иманәлиев, Ү.Уайдин, М.Фашиев секілді белді-белді сатириктермен қоян-қолтық қызмет істеген. Өзінен кейінгі буынның да сатира жанрында қалам тербеуіне жол көрсетіп, ағалық ақылын аямаған. Олардың қатарында С.Кенжеахметов, К.Әмірбек, М.Шерімов, Қ.Ілиясов, тағы басқа қаламгерлердің танылуына да үлес қосты. Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова да сатириктің шәкірті. Ол Сақтапберген Әлжіковтің ескерілмей, көлеңкеде қалған кейбір шығармаларын іздестіретінін, сатира жанрындағы еңбектерін ғылыми айналымға жіберу қажет екенін айтады.
– Мен Сақтапберген Әлжіковтің тағылымды тәрбиесін алғаныма қуанамын. Біздің студент кезімізде сабақ беріп, сатираның қыр-сырын ұғындырған болатын. Ол уақытта баспасөздің, соның ішінде бұл жанрдың салмағы басым еді. Қазір кенжелеп қалды. Дегенмен әлі де зерттеуді қажет ететін шығармаларын жинақтап, оны ғылыми айналымға жіберу керек. Бұл өскелең ұрпақ үшін маңызды, – дейді Қаршыға апай.
С.Әлжіков – «Тағы да кім бар?», «Күйдіргі», «Дала қырандары», т.б. сатиралық кітаптардың және көптеген сатиралық мақалалар мен сықақ әңгімелердің авторы. Қызылордадан «Сырдария кітапханасы» сериясымен шыққан 200 томдықтың 1 томына шығармалары топтастырылған.
Елге елеулі еңбегі сіңген ердің есімін кейінгі ұрпақтың жадында қалдыру үшін 1998 жылы Қызылжарма ауылының №144 орта мектебіне Сақтапберген Әлжіков есімі берілді. 1999 жылы мектептің алдына Орынбасар Әлжіковтің жеке қаражатымен ескерткіш-бюсті қойылды. Мектепте оның өмір жолына және шығармашылығына арналған музей ашылды. Онда С.Әлжіковтің тұтынған заттары, есімдері тек облыс емес, республикаға белгілі мектеп бітірушілердің, газет пен өзі басқарған журналдарда қызметтес болған әріптестерінің суреттері, отбасы және өмір жолы жайлы мағлұматтар, әр кездердегі портреттері, замандастары мен шәкірттерінің естеліктері бар. Мектептің бай кітапханасында Сақтапберген Әлжіков жайлы кітап бұрышы да ұйымдастырылған.
Әдебиет адамды тәрбиелеу құралы болса, сатира – осы тәрбиелеу жолында қомақты үлесі бар оның бір саласы. «Сатира өмірдің қалтарысындағы кеселді, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына көрініске шығарады, қағып-сілкілейді. Мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілдіреді» деп жазушы Зейнолла Қабдолов айтқандай, өз заманында сықақ әңгімелері арқылы қоғамда белең алған келеңсіз құбылыстарды, ерсі қылықтарды сын садағына іліп, сатира тілімен жеткізген Сақтапберген Әлжіковтің есімі ел жадында мәңгі қалары сөзсіз. Қаламгердің адалдық, адамгершілік, ержүректік қасиеттердің қоғам құндылықтары екенін көркем тілмен бейнелеген шығармалары қаншама жылдар өтсе де, өз бағасын жоғалтпақ емес.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<