Біздің үйде Жеңістің екі бірдей бейнесі бар! Атам Жетпісбай Бекқұлиев пен әжем Минруй Сейфоллақызы Бекқұлиева (Хуснуддинова) соғыс даласында танысып, кейін елге оралып, шаңырақ көтерген. Соғыс – қасіретті ауыр жылдар ғана емес, ол – жүрегі махаббатқа толы жандардың жастық шағы. Сұрапыл шақта біреулер жақындарын жоғалтса, енді біреулер бір-бірін тапты.
Жетпісбай Бекқұлиев 1914 жылы қазіргі Сырдария ауданында дүниеге келген. 1941 жылы өз еркімен соғысқа аттанды. 1941-1945 жылдар аралығында атқыштар полкінің жауынгері болып, неміс басқыншыларына қарсы шайқастарға қатысады. 1945 жылы елге аман оралып, соғыстан кейінгі тұралап қалған тіршілікке, социалистік қоғамды нығайтуға саналы ғұмырын сарп еткен. Тереңөзектің темір жолында өмірінің соңына дейін жұмыс істеп, еңбек майданында да терін төгеді.
Минруй әжем 1923 жылы Қазан қаласында дүниеге келген. Енді ғана оңы мен солын танып, бой жетіп, бұлаң қағып келе жатқан кезде ел басына күн туды. 1941 жылы небәрі 18 жасында соғысқа алынды. Кеңес әскерінің қатарын толықтырған ерлермен иық тірескен бойжеткен алда төрт жыл қырғын күтіп тұрғанын сезді ме екен? Госпитальда жұмыс істеп, орта медициналық персонал құрамында болды. Жауынгерлер өміріне араша түсті.
Майданда махаббатқа орын болды ма? Әрине, болды! Өздерін емдеп жазған медбикелерге ғашық болған солдаттар жайлы кітаптар да аз емес, кинолардан көріп те жүрміз. Сондай тағдырды басынан өткергендер – біздің үйдің фотоальбомының басты кейіпкерлері. 1945 жылы оң қолынан жарақат алған атам госпитальға түседі. Жаратқан шебер ғой, ерлерді аялы алақансыз қалдырмады. Атам мен әжемнің таныстығы осы жерде басталды. Соғыс аяқталған соң, қазақ жігіті мен татар қызының арасындағы қимастық сезім үлкен махаббатқа ұласады. Қазақ жеріне Жеңіс туымен бірге оралып, отау құрады. Әжеміз 7 құрсақ көтерді. Бүгінде әулетіміз бір қауым ел. Олар соғыстағы ерлігі үшін бірнеше орден-медальдармен марапатталған. Фотосуреттері ерліктің символындай облыстық тарихи-өлкетану музейінің ІІ дүниежүзілік соғыс залы экспозициясында орналасып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп тұрғандай.
Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<