«Соңғы парыз» туралы бірер сөз…

1086

0

«Соңғы парыз» – әдебиетіміздің басты тақырыбы туған жер, адам тағдыры, ұлттық құндылықтар жайына арналған күрделі шығарма. «Сондай да бір күн болған», «Сондай да бір түн болған» атты екі кітаптан тұратын роман – дилогияға бір күн, бір түннің ғана оқиғасы сыйдырылған. Романда оқиғалы ішкі монологтар мен авторлық баяндаулар көп. Бұлардың әрқайсысын романның құрылымынан бөліп алып, микроновеллалар не әңгімелер күйінде оқып, қабылдауға да болады.

Осындай монологтардың ішіндегі бастысы – Жәдігердің монологы. Балық колхозының қарапайым ғана бастығы болғанымен, Жәдігердің ойы ұшқыр, парасаты биік, жоғары білімді азаматтың сезімі де сергек, селкеусіз, таза. Жәдігер монологының автордың ой-сезімімен, ақыл-парасатымен, интеллектісімен қабысып жатуы шығармашылық болмысқа тән заңдылық. Автор өзінің кейбір ойларын Жәдігердің аузына салған. Сондықтан романдағы Жәдігер тағдыры Арал тағдырымен ұштасып баяндалатыны сезіліп тұрады. Шығармадағы экокеңістік мұз үсті болса, сол мұзға түскен Жәдігердің ізі, ізіне қарап тұрып «аяғы дүниенің ырың-жырың» деген әкесі айтқан сөзді еске алуы және өз тағдырын өз ізімен салыстырып ойлануы, қанатты сөздің Жәдігердің монологы ішінде бірнеше рет қайталанып берілуі оны романның лейтмотиві сияқты көрсетеді. Шынтуайтында, бұл қанатты сөз ұлттық дүниетанымымыздың бір қырын білдіреді емес пе? Ата-бабаларымыз «дүниенің басы сайран, түбі ойран» екенін әлмисақтан әрі заманда-ақ айтып кеткен. Жәдігер тағдырын, трагедиясын жазу үстінде суреткердің осы ұлттық танымды еске алуы, қалайда тегін емес-ау деп ойланамыз. Суреткер адам тағдырынан әрі асып, жалпы адамзат тағдыры туралы толғанғанда Арал экологиясы – табиғат экологиясы, адам экологиясы – адамзат экологиясы – түбі ақырзаман туралы ойға шомбады дейсіз бе? Тұңғиық тақырыпқа тірелген тұста ұлттық дүниетанымымызды білдіретін қанатты сөзді қайталап еске алуын жазушының – бұлардың бәрі адамзатты ақырзаманға апара жатқан жоқ па? – деген ойды аңғартқаны болып жүрмесін!!!

Әбіш Кекілбаев «Соңғы парыз» туралы: «Арал теңізінің тартылуымен, адамдардың мейірімінің де тартылуы, өмірлерінің мәнінің жойылуы суреттеледі. Шығармадағы экокеңістік – мұз үсті, ондағы ізден ешқашан жылы леп еспейді. Кісі де, аң да, құс та, қашқан да, қуған да, бәрі-бәрі мұз үстіне шығып кеткені табиғат пен адам арасындағы қарым-қатынастардың бұзылғанын суреттейтін секілді», – деп тегін айтпаса керек.

«Соңғы парыздағы» Көткеншек Көшен мен Сары Шая бейнелері – комедиялық жоспарда жасалған классикалық бейнелер. Әр сөзі, қимылы мен іс-әрекеті күлкі шақыратын, тіпті кейде ашу-ызамызды келтіріп, өзінен жирендіретін Сары Шая бейнесі барынша дараланып жасалған, классик жазушының шеберлігін тағы да бір қырынан дәлелдеп берген бейне.

Сары Шаяның сыртқы кескін-келбетін әжуалап, мысқылдап, юморға айналдыра отырып, бірнеше қырынан суреттеген жазушы оның әдеби бейнесін сомдап, толыққанды образ етіп жасауға көшеді. «Шынында да басқа шаруаға қырсыз Сары Шая қағазға жүйрік. Істі болған кісілерге касациялық шағым дейсіз бе, қолхат, тілхат дейсіз бе? Бұзатын іс, қайта қарайтын іс, ақтайтын, қаралайтын қағаз соның қайсысы болса да, құдды үнді шайын ішкендей танауының ұшы шып-шып терлеп, рахаттанып кірісетін».

Көткеншек Көшен де – ерекше тип. Бұл да – дараланып жасалған өзінен басқа ешкімге ұқсамайтын әдеби бейне. Осы екеуінің аттарының өзі күлкі шақырады. Өздеріне сай, тауып қойылған. «Атына заты сай» осындай әдеби бейнелердің типтерімен өмірде кездесіп жүргеніміз ақиқат қой. Әбдіжәміл Нұрпейісов жасаған образдар әлемі де біздің рухани дүниемізді дамытып, тәрбиелеп келе жатқаны даусыз. Біздің олардан үйренгеніміз, тіпті жиренгеніміз үшін де суреткерге қарыздармыз. Ойланыңқырап қарасақ, біз құралпы оқырмандар «Қан мен тердің» кейіпкерлерімен ержетсек, «Соңғы парыздың» кейіпкерлерімен есейіп келе жатырмыз. Таланттың қолынан шыққан құнды дүние – көркем шығарма болмысымызды бүтіндей түсіп, өміріңді түзу өткізуге бағыт-бағдар беретін бағдаршам іспеттес болады екен. Даусыз шындық – оқырмандардың ойын онға, санасын санға бөлетін, сөйтіп рухын тазалайтын, жанын жадырататын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің көркем шығармалары да осындай санаулы дүниелердің қатарында.

«Төс сүйегі тақтайдай, тырыли арық қара шал әлі де ұрынарға қара таппай өз-өзінен осқырынып қояды. Тұла бойындағы бар зәрді бетіне жиып апты. Шатынаған көзі шынымен қаптағандай». Портрет жасаудан, Көткеншек Көшеннің ішкі мінез-құлқын суреттеуге бірте-бірте ауысқан суреткер формадан мазмұнға көше отырып, әдеби бейнені келісті кестелеген. Нәтижесінде қазақ әдебиетіндегі классикалық бейнелер галереясын толықтырған Көткеншек Көшеннің және Сары Шаяның толыққанды әдеби бейнелері жарыққа шыққан. Бұл бейнелер қазақ әдебиетіндегі Қарабай, Құнанбай, Итбай, Жұман, Судыр Ахмет, Қарақатын бейнелерімен қатар тұра алатын, оқырманға беретін әдеби эстетикалық әсер-ықпалы мол классикалық бейнелер болып табылады.

Жәдігердің бейнесі нағыз патриот азаматтың, жеке бас қамын емес, халық қамын ойлайтын ұлтжанды ұлдың бейнесі дәрежесіне көтеріліп жасалған. Оның ойы терең, ниеті түзу, пейілі кең, қарапайым еңбек адамы бола тұра, көп нәрсені байыбына бара отыра, кеңінен ойлайды. Адал, әділетті. «Ал мынау күллі қазақтың, қазақ халқының басына қара күн орнатқан, сұм заманның сұмдық зауалына айналып, етек алып барады. Әсіресе, кеше Арал тартылып, ана жақта Семей, мына жақта Байқоңыр, ол аз дегендей Маңғыстаудың мидай жазық даласы мен Ақтөбенің қатпар-қатпар кәрі таулары, Орал мен Орданың шағыл құмдарына үсті-үстіне бомба жарып, ұлан- байтақ жер-су, ел-жұрт жаппай полигонға айналғалы бері бұл дүниеде қазақ татпаған у мен дерт қалды ма? Әне жас ана құрсақ көтерсе үзірлі, кеміс бала туып, ұрпақ азып барады». Жәдігердің жанын жегідей жеген, ел ертеңіне қатысты түпсіз ойлар, міне осылар… Екі етегі далақтап, күні-түні еңбек етіп жүрген Жәдігердің ең болмаса отбасында береке жоқ. Жар опасыз, ұл мен қыз дүниеге кемтар болып келген. Роман соңында Жәдігердің мұз үстінде дүниеден қайтқаны баяндалады. Жәдігердің өмірі бейнетке толы, еңбектің бейнетін қанша көрсе де, зейнетіне қол жеткізе алмаған, адал жар сүйіп, бала-шағаның қызығын көрмеген, қайғы-қапасқа толы трагедиялы өмір болды.

Көркем тіл болмаса, ешқандай әдебиет болмас еді. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің тілі бай да құнарлы, шынайы да шұрайлы, бейнелі әрі бедерлі, тау суындай мөлдір, тұп-тұнық, таза тіл.

Белгілі тілші ғалым, лексиколог профессор Сәрсен Аманжолов «Қазақтың әдеби тілі Сырдария өзенінің төменгі жағын мекендеген қазақтардың тілінің негізінде жасалған деген ғылыми тұжырымын өзінің бірнеше ғылыми зерттеу еңбектерінде, монографияларында дәлелдеп, жазып кетті. Осындай ғылыми тұжырымның дұрыстығына «Соңғы парыздан» көптеген мысалдар келтіруге болар еді.

«Бел-Аранның кезеңінен асып, ұзақ жолдың алды ашылғасын бұ да қашаннан бері жанын жеп, жүрегін тырнап жүрген мазасыз ойдан арылғандай болды. Төбеде төнген көк аспан. Бір қапталда жары дүниені алып жатқан көк теңіз. Сол екеуі ту-ту көз ұшында жігі білінбей, бір-біріне сіңісіп кетіпті. Аспан да көк, жер де көк».

Бұл пейзаж, табиғат суреті біріншіден романның керемет көркем тілмен жазылғанына дәлел болса, екіншіден әдеби бейне жасауға қызмет етіп тұр. Табиғат суретін кейіпкерінің әртүрлі көңіл күйіне сәйкестендіріп беру, сөйте отырып әдеби бейнені психологиялық, философиялық, эстетикалық жағынан толықтыра, сомдай түсу – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жазушылық стиліне тән ерекшеліктердің бірі.

Жазушының авторлық баяндаулары мен оқиғалы монологтарының астарында суреткердің шығармашылық қалпына, дағдысына, стиліне қатысты көп сыр бар.

Мәселен авторлық баяндауларында Әбдіжәміл Нұрпейісов пейзажды – табиғатты суреттеуге көбірек барады. Дәл осы тұстарда жазушы тынысы ашылғандай кең, еркін көсіледі, қаламына Арал даласының бір түп жусанына, бір түп бұтасына дейін ілініп және олар қолмен қойғандай жайнап сала береді. Арал табиғатын, теңіздің жай-күйін суреттеуге келгенде суреткерді ерекше бір шабыт билейтін болу керек, қалам құдіретін аямай төгеді.

Оқырман кешегі Аралдың бақытты шағын, бүгінгі Аралдың сүреңсіз көрінісін осы пейзаждық суреттеулерден-ақ тани береді.

Ұлы Мұхтар Әуезов кез келген ситуацияны драмаға айналдырып, оқиғаны ширата, ширықтыра отырып, шарықтау шегіне жеткізетін де, оқиғаның аяғын қаны сорғалағандай трагедияға айналдырып жіберетін. Ұстазының осы қасиеті Әбдіжәміл Нұрпейісовте де бар. Бірақ бұл жалаң еліктеушілік немесе ұқсауға тырысушылық емес, шыңдалған шығармашылықтың стихиялық дамуы жеткізген тек Нұрпейісовтік жеке жетістік.

«Қан мен тердегі» Еламан, Ақбала, Тәңірберген үштігінің «Соңғы парызда» Жәдігер, Бәкизат, Әзім үштігі болып қайталануының сыры неде? Біздіңше, әсіресе «Соңғы парыздағы» осы үштік романның терең психологиялық драмадай оқылатын мағыналы мазмұнын құрайды. Қазақ өмірінде алғашқысы ХХ ғасырдың басында, соңғысы орта тұсында орын алса да осы үштіктер жағдайы қазақ отбасыларының басынан қалай сол қалпында бірдей қайталанған? Еламан да Жәдігер де адал еңбек адамдары, бірақ жарлары: Ақбала Тәңірбергенмен, Бәкизат Әзіммен көңіл жарастырған. Көркем шығарманың орталық кейіпкерлерінің дәл осындай жағдайда суреттелуі қазақтың қалыпты тұрмысы үшін тосын жағдай. «Соңғы парыздағы» Жәдігер, Бәкизат, Әзім аралары күрделі психологиялық драмаға құрыла отырып, оқырмандардың ойын он саққа жүгіртеді. Өзінің өмір жолын адал еңбек етуге арнаған Жәдігердің сүйген жардан опа таппағаны, әрине өкінішті. Қалай болғанда «Соңғы парыздағы» Жәдігер трагедиясының ең бір қоюлана түсетін тұсы Бәкизат пен екеуінің отбасылық өмірі. Жәдігерді жарға жыққан да осы ит ырқылжың отбасылық өмір. «Қан мен тердегі», «Соңғы парыздағы» үштіктер классик жазушы тарапынан романға бекер енгізіліп отырған жоқ. Әлде бұл жерде біз жауабын таба алмай отырған шығармашылық құпия сыр бар ма?

«Соңғы парызды» оқып, бүкіл қазақ, қазақстандықтар, олардың қазіргі және келер ұрпақтары мықтап ойланатынына сенімдіміз.

Бағдат Кәрібозұлы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<