Сұрапыл жылдардың төрайымы

497

0

Бүгінгі егеменді еліміздің негізін қалап, қалыптасуына тер төгіп, қиямет кезеңдерді бастарынан өткізген, сол қиындықтарды жеңе білген, болашақтарына сеніммен қарап, еңбек еткен, аға буынның жанқиярлық еңбектерін бүгінгі ұрпақ жақсы білуге тиісті.

Солардың көбісі қазір біздің арамызда жоқ. Ал сол аға буын әкелеріміз бен шешелеріміздің көзін көрген, өмірлерінен хабардар болған біздердің де қатарымыз сиреуде. Ендігі біздердің міндетіміз солардың «тар жол, тайғақ кешу» өмірлерін халқына, қоғамында жасаған ерен еңбектері мен азаматтық биік тұлғаларын қазіргі жастарымызға жеткізе білу. Олардың Отанына, еліне, жеріне деген патриоттық рухани сенімін артыра түсетіні сөзсіз.

Мен- ел, жер тарихы мен аға ұрпақтың өмір жолдарынан қалам тартып жүрген азаматпын. Атамыз қазақ  «Шамның жарығы түбіне түспейді» – дегендей, кешегі уақытта ат арқасына мініп, қызметте жүргеніңде қызметтес, аралас-құралас болған аға буын азаматтардың өмірлерінен  толық мәліметтерді күнделікті күйбең тіршіліктің жетегінде кетіп, ала алмағаныма өкінемін.

Бүгінгі әңгіменің арқауы болғалы отырған кісінің, жігіт ағасы болған  немересі Әбдірахман інім: «Аға, сіз түрлі тақырыптарға қалам тартып, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар жайлы да жазып жүрсіз. Неге өзіңіздің шешеңіздей болған, көп жылдар көрші отырып, өмірін жақсы білетін, елде  «Жекен колхоз» деп аталып кеткен менің әжем  Жекен Сақтағанова туралы жазбасқа. Әкем марқұм да шешесі туралы көп айтпай, бұл дүниеден өтті»,- деді. Шынында да, «Ақыл- жастан» дегендей, талабы  шындық еді. Өмірден көріп жүргендей, барына қанағат тұтып, ақылын сабырлыққа жеңдіріп, қоғамы  сеніп тапсырған, халқына жасаған азаматтық қызметін бұлдамай, мақтанбай, көкіректерін ұрмай, талай азаматтар бұл дүниеден өтті ғой. Сондай кісілердің бірі- кешегі Ұлы Отан соғысының қайнап тұрған            1942 жылдан бастап,  1948 жылдары ауданымыздың қазіргі Бұқарбай батыр ауылының негізі болған «Қызыл Ту» колхозын алты жыл басқарған «Жекен колхоз» аталып кеткен, еліне инабатты келін, сүйікті жар, аяулы ана, ұжым басқарған, қамқоршы басшы бола білген Сақтағанова Жекен еді. Жаңа заман орнап, аласапыран болып жатқан өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдардың соңында, көрші «Көкжиде» ауылындағы елағасы Сақтағанның қызы Жекен, әкеміз Іскендірге тұрмысқа шығып, шаңырақ көтереді. Бұл кез жекенің малын тәркілеу, ұжымдастыру саяси науқанының қызып тұрған кезі болатын. Екі жас заманның ағымына еріп , жаңадан ұйымдасқан «Қызыл Ту» серіктестігіне мүше болып, еңбек жолдарын бастайды.

Өндірістен қол үзбей жүріп, сол кездің талабына сай сауатсыздықты жою курсына қатысып , сауаттарын ашады, кейіннен жастары үлкейіп кетсе де мектептің есігін ашып, бастауыш білім алады. Жекен шешеміз 1936 жылға дейін колхозда сауыншы, әкеміз Іскендір іскерлік қабілетін көрсетіп бригадир дәрежесіне көтеріледі. Еңбекқор жас келіншекті көріп-білген басшы орындар оны партия қатарына қабылдап, колхоздың балабақша меңгерушісі қызметіне жоғарылатады.

Елдің қоғамдық-көпшілік жұмыстарына белсене араласқан Жекен    1939-1942 жылдары колхоз бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметін атқарады. Бұл жылдар «ел басына күн туған, ер етікпен су кешкен» қасіретті жылдар болатын. Өзінің сауаты бастауыш болса да, етінің тірілігі мен алға қойған мақсатын орындаудағы жауапкершілігі мен табандылығының арқасында, атқарған еңбектері бағаланып, майданға кетіп бара жатқан колхоз басқармасының төрағасы Алмат Бекетовтің орнына тағайындалады. Осылайша басқарма төрайымы Жекен Сақтағанованың соғыс жылдарындағы Ұлы Жеңісті жақындатудағы, тылдағы ерлікке толы еңбек жолы басталады.

Осы тұста 1943 жылы майданнан жаралы болып оралған, Жалағаш ауданының өз алдына шаңырақ көтеру кезінде, алғашқы қазығын қаққан, ел ағасы Қыстаубаев Төлегеннің естелігін еске салып өтуді жөн көрдім.                                    

– Майданда рота командирі болып соғысқан мен ауыр жараланып, екінші топтағы мүгедек болып елге оралдым,- дейді Төкең. -Елге келгенімді естіп, сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қистанов өзіне шақырды. Бұрынғы қызметімнен хабардар хатшы, аудандық жер бөлімінің бастығы болуды ұсынды. Сонымен елдегі екінші майданға кірісіп кеттім.      Ертеңіне аудандық партия комитетінің ат қорасындағы бір жарақты  «Қыстан көк» деген атына мен, хатшы екеуміз мініп, дарияның арғы бетіндегі шаруашылықтарды аралауға жүріп кеттік. Дарияның паромынан өтіп, арғы жағалауға шыққанда, бізді ақ боз атының үстіндегі ер әбзелі сәнді, үстіндегі киімі сол заман талабына сай киінген, толық денелі, орта бойлы ақ сары келіншек атын жетегіне алып, біздермен сыпайы амандасып қарсы алды. Әдепкі кезде келіншектің кім екенін білгенім жоқ.

Хатшы: «Бұл- аудандағы алдыңғы қатардағы «Қызыл Ту» қолхозының басқарма төрайымы Сақтағанова Жекен»,- деп таныстырды. Мені де ол кісіге хабардар етті.

Біздер дария бойындағы мал отарлары мен фермаларды араладық. Шаруалары жинақты малшылары да жауапты, өз міндеттерін жақсы біледі екен. Жастары егде тартқандарына қарамай, еңбекке деген құлшыныстары мен жеңіске деген сенімдеріне риза болдық.

Атымыздың басын күріш егісіне бұрдық.Егіс басында қараша үйлерін тігіп, тіршілік жасап жатқан көтеріңкі көңіл күйдегі дихандарды көрдік. Дихандардың көбісі әйел, ересек балалар, араларында ақылшы болып жүрген қарттарды, біреу-жарым соғыс мүгедектерін көргенде, біздердің жеңіске деген сенімміз арта түскен еді. Төрайым ат үстінде келе жатып шаруашылықтың тыныс тіршілігін, елдің жағдайын таныстырып, өткен жылдың қортындысы мен биылғы жеңісті жақындату жылындағы жоспарлары мен міндеттемелерін салыстырмалы түрде айтып, орындалатынына сенім білдіріп келе жатты.

-Есімде қалғаны,- дейді Токең,- «Өткен жылы 293 гектар жерге күріш егіп, уақытылы төкпей-шашпай жинап алып, астық тапсыру жоспарын артығымен орындадық. Биыл күріш егісінің көлемін 352 гектарға  жеткіздік, шөп дайындау жоспары 4885 тн болса, ол орылып аяқталды, 1250 тн мал қораларының басына жеткізілді т.б. мал шаруашылығының жағдайынан хабардар етіп келе жатқанда, уақыттың қалай өткенін де білмей қалған едік,- деген екен жарықтық Төлеген Қыстаубаев.

1943 жылы «Қызыл Ту» колхозшыларының атынан самолет жасауға жүз мың сом ақша жиналып жіберілгені үшін Жекен Сақтағанованың атына Бас қолбасшы И.В.Сталиннен «Алғыс жедел хат» келеді. Сол жылы Ж.Сақтағанова «Еңбектегі ерлігі үшін» жылқышы Қоныс Шолақов, сауыншы Бөден Себекова «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарымен марапатталады.

Шешеміз соғыс жылдары күріштен дүниежүзілік рекорд жасаған дала академигі күрішші Ыбырай Жақаевты марапаттау салтанатына қадірлі қонақ болып қатысып, сөз сөйлепті. Қоғамдық белсенді жұмыстары ескеріліп, бірнеше рет ауылдық, аудандық, облыстық кеңестерге депутат болып сайланып, райкомның, обкомның пленум мүшесі болған. Елге майданнан ерлер оралғаннан кейін шешеміз орнын азаматтарға беріп, шаруашылықта халық қатарлы еңбек еткен. Ол кісі қолынан өнері тамған ісмер- тігінші кісі болатын. Ауылдағы тігін машинасы бар осы кісіге жұрт киім-кешектерін тіктіріп алатын. Ал осы жолдың авторы маған оқушы кезімде қысқа киетін мақталы сырмақ шапан, мерекеге киетін ақ көйлек тігіп бергені есімде. Халқына жасаған тұрмыстық қызметі үшін ауылдастары «Жекен шебер» деп екінші қырынан атап кеткен еді.

Жолдасы Іскендір соғысқа қатысып жараланып, елге келгеннен кейін, еңбек майданына алынып, сол жақта қаза тапқан. Шешеміз артынан іздеп барып, өз қолымен жерлеп қайтқан. Өнегелі отбасынан тәрбие алған балалары бұл күндері бір-бір шаңырақ. Үлкен баласы марқұм Іскендіров Серікбай Жамбыл гидромелиоративтік институтын бітіріп, ұзақ жылдар ауданның су шаруашылық саласында жауапты қызмет атқарып, ауданымыздың ауыл шаруашылығын көтеруде, экономикасын арттыруда сүбелі үлесін қосқаны үшін 1971 жылы Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінің күміс медалімен, 1975 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес президиумының 24 ақпанындағы Жарлығымен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, бірнеше рет мерекелік медальдармен, Алғыс хаттармен марапатталған.

Сұрапыл жылдары ел басқарып, саналы ғұмырын халқына қызмет жасауға арнаған Жекен Сақтағанқызының өмірі бүгінгі жастарымызға өнеге болуға лайық.

Рысбай Каримов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Жалағаш ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<