Сыр елінің тарханы

326

0

Айтбай Әлібаев жайлы бір үзік сыр

Жастайынан еңбекпен шыңдалған Айтбай Әлібаев білім іздеп, 1966 жылы Алматы қаласына келді. Киров көшесінде орналасқан Қазақ мемлекеттік университетіне құжат тапсыруға барғанда Қызылорда қаласындағы Гагарин мектеп-интернатында менен үш сынып жоғары оқыған тереңөзектік Болат ағаны көріп сәлем бердім.

Жанында бойшаң келген қыр мұрын, жанары өткір жігітпен де сәлемдесіп, Тастемір деп атымды атап едім, ол «жерлес екенбіз ғой, мен Бөкеңнің ауылдасы Айтбай Әлібаевпын!» деп жауап қатты. Міне, сол жарты ғасырдан астам уақыт бұрын танысқан Сыр өңірінің мақтан тұтар азаматы Айтбай Әлібаевпен ұзақ жыл үзеңгілес-қызметтес болдым.

Күлімсіреп, әңгіме өзегін байыпты һәм сыпайы жүйеде жүргізу қабілетімен дараланған Айтекең бірге оқыған азаматтар арасында бір төбе еді. Сол қасиетімен қалың жұртшылықтың да тілін тауып, құрмет биігінде болды. Жас жағынан тете болсақ та, есімді білгелі сыртта жүріп, интернатта жатып оқып, отбасы тәрбиесінде бапталмаған мен оны өмірдің ащы-тұщысын, ізгі жақсылықты бағалай білетін азамат ретінде танып, «болмасаң да ұқсап бақ» деп, іс-әрекеттерінің ұтымды жақтарын үлгі тұтып жүрдім.

Ол оқу бітіріп Қызылордаға келген кезден-ақ өзінің іскерлігімен көзге түсіп, қызмет сатысында ілгерілеп, көп ұзамай облыстық прокуратураның аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, Арал ауданының прокуроры қызметіне тағайындалды. Әдетте, күштік құрылым қызметкерлерінің есімі ел арасында жақсы аталуы сирек болатыны белгілі. Айтекеңнің көзін көрген аралдықтар оны осы кезге дейін құрметпен еске алып келеді. Жаңақорған ауданы, Қызылорда қаласының прокуроры қызметтерінде де заң әділдігін басшылық еткен қызметкер ретінде, алдына келгенге кісімсінбей, үлкенді үлкендей сыйлап, кішіге қамқоршы болған кеңқолтық қазақы мінезімен абыройына абырой қосты. Облыс, республика басшылары Маңғыстау облыстық прокурорының орынбасарлығына, көп ұзамай Торғай облысының прокуроры лауазымына тағайындап, үздік қызметі бағаланып шені генерал (тархан) деңгейіне жоғарылады. Өзім жаңақорғандық болғандықтан ол жердің азаматтарының Айтекең туралы жылы лебіздерін мақтанышпен қабылдап, «ол кісімен бірге оқыдым» деп бір марқайып қалатын едім.

Ағамның ізін қуып Аралға барған кезімде оның деңгейінде бой түзеп, қызмет етуге тырыстым. Тұз-дәм бұйырып, Айтекең қызмет еткен Торғайға барған кезімде де ол туралы ел ағаларының жылы лебізіне қанықтым. Қызмет еткен өңірлерінен жан дүниесі жарасқан дос тауып, күніне бір үйге кеңіп отыратын жақсыдай жарқырай берді.

Елге облыстық тергеу комитеті басқармасының бастығы болып оралды, әрі қарай Қызылорда, Ақтөбе облыстарында әділет басқармасына жетекшілік еткенде өзін заңгер маман және көкжиегі кең, өресі биік, еңселі азамат ретінде таныта білді. Қызметтен тыс, тұрмыстық қатынаста да дос-жолдастар ортасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар тұрпатында болды. Бәріміз оны ортамыздың тұлғасы деп бағамдадық. Қандай да бір кездейсоқ жағдай болмасын, бір ауыз сөзді ерте не кеш емес, әрдайым көптің ойынан шығатын мәмілелі шешімді айтатын.

Айтекең әзіл сөздің де шебері болатын. Бірде Алматыда жерлес әрі рулас ағайынмен танысып, ол кісінің шақырған шайына барады. Ас-су ішіп, арагідік ет қыздырар сусынды да алыңқырап отырған отағасы жасының үлкендігіне салып, адуын мінез көрсетіп, өктемдікке бой ұрады. Мінезге бай ағам миығынан жымиып отырып сөздің кезегі келгенде, «жеңеше, бізге ұсынған ас-суыңыз, ақ пейіліңізге сай дәмді болды. Дәмді болатыны, сіздің бізге деген ықыласыңыздан, қонаққа деген мейіріңізден. Ас дайындағандағы өнеріңіз бен жарқын дидарыңызға  жұмсақ мінезіңіз бен ағаның асау қылығына сыр бермеген төзімділігіңізге қарап, қазақ елінің қаһарманы атағына сай азамат екен деп риза болып отырмын. Кеше ғана танысқан ағам бүгін маған мінез көрсеткенімен, жеңгей сізге деген ризалықтан, сіз дайындаған дастарқанды құрметтегеннен менің бұл кісіге деген пиғылым өзгермейді. Бәлі! Ширек ғасыр отбасылық ғұмырыңызда асау мінезді ағамның жақсысын асырып жүрген сіздің кеңпейіл, кешірімшіл болмысыңызға ризамын» депті. Осы кезде сөз шеберлігіне тәнті болған үй егесі ұшып тұрып, Айтекеңді құшақтап, кешірім сұрап, оған ризашылығын білдірген екен. Бұл оқиғаны мен сол кісінің өзінен есіткенімді Айтекеңе айтқан кезде ол «ағам мінезі адуын кісі болатын, бірақ тізгін жеңгемнің қолында екен» деп күлімсіреп, өткенді есіне түсірген-ді.

Белгілі жазушы Қайсар Әлімнің «Адам ізі» деген деректі хикаятында Айтекеңнің бейнесі толық сомдалған. Осы кітапты оқысаңыз, Айтекеңнің азаматтығын, даралығын, адалдығын, мақсаткерлігін, ізгілігін, зиялылығын, іңкәрлігін толық танисыз. Аталған асыл қасиеттер оның сүйегінде, тегінде бар. Төртінші атасы қазақтың текті ұлы Таңатар Жайықұлы (1768-1867) Сыр бойы шайырларының жырларына арқау болған. Соның бірі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының мына шумақтары:

– Таңатар тамам қазақтың,

Секілді тіккен туындай.

Сөйлеген сөзі сындарлы,

Сары алтынның буындай.

Ақылға кен, ойы өрен,

Тоқтамайтын тосуға,

Тасқындап Сырдың суындай.

Болмасты талай болдырып,

Тілімен судай тындырған,

Сескентіп семсер суырмай… деуі соның дәлеліндей.

Сонау қилы-қилы заманда елшілік, бітімгершілік жолын ұстанған Сыр өңірінде, Кіші жүз елінің ортасында болып, көрші мемлекеттермен қарым-қатынасты бейбіт тұрғыда жүргізуге, ел тыныштығын сақтауға, қажет кезінде өңірдегі ел-жұртқа қорған болып, би, елші атанған, аты аңызға айналған саяси кемеңгер Таңатардың ұрпағы Айтбай, атасының жатқан зиратын тауып, өңдеп, кесене салып, белгі орнатып тектілік үрдісін жалғастырды.

Айтбайдың болмысы айшықталған әріптестерінің, дос-жолдастарының, құда-жекжаттарының мақалалары да баршылық. Өзі де бабалар мұрасынан алғанын, ұрпақтарына өсиет болар тәлімін әңгіме етіп, «Өмірің болсын өнеге», «Әке өсиеті», «Тағылымға тағзым» атты кітаптар жазып, ұл-қыздарына рухани азық боларлық мұра қалдырды.

«Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, сол тәлім-тәрбиенің ықпалы ма, әлде оның о бастан бір салым асы артық болып жаралғаны ма, жеке басының бағы мен бабы болып текті елдің аруы Бекмағамбетқызы Раисамен танысқан Айтекең екеуі ортаға, жақын-жуыққа үлгі болған отбасын құрды, алтынның сынығындай ұл-қыз тәрбиеледі. Қай жерде, қандай жағдайда Раиса жеңгем сырын алдырмай, ақжарқын биязы мінезімен ортамыздың сәні-мәні болды. «Біздің отағасы», әрі кетсе «біздің Айтекең» деп ағамның мәртебесін әрдайым көтермелеп отырады.

Айтекеңнің түп-тамыры қазақтың Сарыарқасы, Астанада үйі-жайы болса да зейнетке шыққан соң Сыр өңіріне, туған топыраққа оралып, өмірінің соңын өсіп-өніп, өркен жайған жерде өткізді. Оның өмірлік жолы өнегелі болғанымен, даңғыл емес екені ақиқат. Еңсе езер қиянат пен сәтсіздіктер де болмай қалған жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, Айтекең – достықты қадірлеген, сеніміне берік болған азамат. Мемлекеттік университетте бірге оқыған группаласы мемлекетіміздің Бас прокуроры, Мемлекеттік тергеу комитетінің басшысы, Парламентте Мәжіліс төрағасы болған Тұяқбаев Жармаханмен достық қатынаста еді. Сыйластық. Барлығымызға белгілі, Жармахан досымыз еліміздегі белең алып, асқынып бара жатқан саясатқа наразылық білдірді. Биік лауазымын тәрк етті. Билік саясатын қолдамағаны үшін қудаланды. Жармахан Тұяқбаев Президенттік сайлауда бағын сынап көрмек болды. Осы кезде «көп достары» онан теріс айналды. Ал Айтбай Әлібаев айныған жоқ. Жармаханның қасынан табылуға тырысты. Бірақ… «Текті қалтыраса да сырын бермейді, жаурамайды» демекші Айтекең де, Раиса жеңгем де ол қиындықтарға төзе білді, сыр бермеді. Ой таразысы мен ақыл таразысына жүгінді. Шүкіршілік етті.

Екеуінің бойындағы асыл қасиеттер ұрпақтарына жұғысты болып, өмір жалғасы Қайрат пен Талғаттың бойынан да ұлағатты, сезімталдықты көремін, жүрек жылуын сеземін. Ұрпағыңның ұсақталмағаны қандай бақыт десеңізші! Айтеке, рухың пейіште шат, иманың жолдас болғай, атың ел есінде қалып, Жаратқан ием Раиса жеңгеме денсаулық, ұл-қыздарына абырой биігінен көрініп, «сендердей асыл азаматтарды тәрбиелеген ата-аналарыңа мың алғыс» деген құрмет нәсіп етсін демекпін.

Тастемір РАХИМОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<