Сырбаз азамат

494

0

Мұратбайдың балалық шағы Шөмішкөл баурайындағы жасыл жайлауда өтті. Шыр етіп дүниеге келген сәтінде әкеден көз жазып қалды. Мақан ата намазын қаза жібермеген діндар адам еді. Анасы Дәмелі бүкіл ағайын-жұртына сыйлы адам болғанын көзкөргендер әлі күнге жыр етіп айтып отырады. Жетпіс төрт жасады. Ұлы Мұратбайдың отау құрғанын көріп, немерелер қызығын тамашалады.

Мұратбайдың балалық шағы Шөмішкөл баурайындағы жасыл жайлауда өтті. Шыр етіп дүниеге келген сәтінде әкеден көз жазып қалды. Мақан ата намазын қаза жібермеген діндар адам еді. Анасы Дәмелі бүкіл ағайын-жұртына сыйлы адам болғанын көзкөргендер әлі күнге жыр етіп айтып отырады. Жетпіс төрт жасады. Ұлы Мұратбайдың отау құрғанын көріп, немерелер қызығын тамашалады.

– Енем теңдесі жоқ ақылман, көне әңгіменің көмбесі еді. Менің жиырмаға жетпеген кезім. Шымкент пединститутының екінші курсында оқитынмын. Мұратбай институттың жоғары курсын бітірейін деп тұрған кез. Ұзын бойлы, мойылдай қап-қара бұйра шашы бар, сымбатты жігіт мені баурап алғанына көп болған. Қосылатын болдық. Аралдан бірақ шықтым. Ағасы Орақ ағайдың үйіне түсірді. Жоқ-жұқа кез. Той-думанға көрші-қолаң, ағайын-туыс келіп думандатып өткізді. Ұл-қыз сүйдік. Алпыс жыл тату-тәтті өмір сүрдік. Өмір шіркін жүйрік екен. Жақында сүйген жарым Мұратбайдан қас-қағым сәтте көз жазып қалдым. Бәрі бір күнгідей болған жоқ, – деп зайыбы Рая көз жасын тыя алмай отырды.

Шымкент пединститутының математика факультетін үздік бітірген жас жігіт Қызылорда пединститутына жолдама алды. Отбасы жағдайын ойлаған маман сонау Аралдағы өзі оқыған №13 мектепке жары Рая Тоқсанбайқызы екеуі орналасты. Бірі математикадан, бірі орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін қос ұстаз лезде мектептің тірегі болды. Көп ұзамай Мұратбай аудандық білім басқармасына инспектор болып жоғарылап кетті. Жас инспектор лезде өзінің іскерлігімен көзге түсті. Бірде облыстан келген білім басқармасының басшысы Уәли Төрәлиев жас жігіт бойындағы ізденімпаз қабілетіне таңырқай сүйсінді. Облыстық басқармаға қызметке шақырды. Сонымен Мұратбай көп жыл облыстық басқармада бас маман болып, үлкен сенімнен шығып, марапат биігінен көрінді.

Астанада тұратын қоғам қайраткері Кеңес Маханбетов Мұратбайдың дүниеден өткен сәтінде былайша жеделхат жолдады:

–  Мұратбайдың бойындағы тазалық, биік адамгершілік пен сауаттылығына бәріміз қайран қалатынбыз. Басшылар Байшуақов, Дәулетов іскер азаматтың терең білімдарлығына сүйсінді. Екі тілге бірдей көсілте жазатын. Ол облыстық  білім  басқармасында, бақылау комитетінде, экономика басқармасында қызмет істеген сәттерінде әзірлеген анықтамалар, тексеру дүниелері басшылардың ризалық сезімін тудыратын. Елу жылға жуық сырлас, бірге өскен азамат сексеннен асқан шағында дүниеден өткенін естіп, қатты қайғырып отырмын. Пейіште нұры шалқысын!

Ол соңғы он жыл бойы төсек тартып жатып қалды. Соңғы екі жыл бойы арбаға таңылып жүруден қалды. Далаға кіріп-шығу мұң болды. Қиын сәтте зайыбы Рая азаматының жанына демеу болды, қуаттандырды. Бірде басын жастықтан әрең көтерді.

– Қайран дүние, – деді азамат. Аяқты тең басып, кең даланы серуендеу қандай бақыт еді, Рая. Менің дүниеден өту сағатым жақындап тұр. Мен дүниеден өткен Мұхтар, Жақсылық, Кеулімқостардың қасына барып жайғасқалы тұрмын. Отбасыға өзің қамқоршы бол! Ол соңғы сағатта осы сөзді айтты да көз жұмды.

Дос-жаран ағылды. Сонау Аралдан Нұраш Оспанов, Алматыдан Махамбетәли жетті. Бұларға ілесе сырлас, сыйлас болған Жақсылық, Кеулімқостың әйелдері, тай-құлындай тебісе өскен Биғали, Жәдігер, Мыңжасар қайғыны бөлісті. Астанадан келген Мұхамеджан-Роза көз жасын тыя алмай тұрды.

Сырбаз азамат қызмет атқарған жылдарында бірнеше орден, медаль, талай марапатқа ие болды. Туған жерді түлетуге атсалысты. Жастардың ақылшысы бола білді, бәрінің басын қосуға жанашыр еді. 

Иә, «ат тұяғын тай басар» демекші, облыстың құрметті ардагері Мұратбай Махановтың шаңырағы үрім-бұтағымен жалғасары ақиқат. Шаңырақ орнында құрметті ұстаздықтан зейнетке шыққан зайыбы Рая Тоқсанбайқызы бар. Қызы Роза – кәсіпкер, қос ұлының бірі – әскери қызметкер, бірі – заңгер, Жанар – банк саласының маманы. Бұлардан өрбіген немере, шөберелері Сәпи, Айсара, Рақым күні ертең бір қауым елге айналып, Махановтар әулетін одан әрі жалғастырары ақиқат.

Уақыт шіркін жүйткіп барады. Аяулы азаматтың фәни дүниеге аттанып, құм көрпені жамылып жатқанына да қырық күн таянып қалыпты. Пейіште нұрың шалқысын, аяулы азамат!

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<