Сан мыңдаған адам өмірін жалмаған Ұлы Отан соғысы салған жара әлі де жазылар емес. Олай дейтініміз, Қазақстаннан қан майданға 1 миллион 300 мыңнан аса жауынгер аттанса, олардың жартысынан көбі елге оралмады. Ал туған жерге келмегендердің ішінде 271503 сарбаз хабар-ошарсыз кеткен.
Сол хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Оған мемлекет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлінбесе де, еріктілердің белсенділігі арқылы біраз жауынгерге туған жер топырағы бұйырды. Жақында көршілес Ресейдің Ленинград облысынан сырдариялық жауынгер сүйегінің табылғаны жөнінде хабар келді. Ол хабарды «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Әлия Сағымбаева жеткізді. Біз ол кісімен телефон арқылы сөйлесіп, мән-жайды білген едік.
– Елімізде қазақ тарихын жаңғыртуға қатысты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске асырылуда. Соның негізінде ХVІ-ХІХ ғасырлардағы тарих пен рухани құндылықтар қамтылып жатыр. Негізінен осы бағдарлама аясында Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлікпен қаза тауып, майдан даласында қалған, хабар-ошарсыз кеткен жауыргерлерді іздестіріп, ерлігі мен есімдерін жаңғырту керек деп есептеймін. Бұған мемлекет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлінбесе де, біз секілді еріктілер ұрыс даласында хабар-ошарсыз кеткен сарбаздарды іздестіріп, олардың ұрпақтарын тауып, туған жеріне жеткізу жұмыстарын жүргізудеміз. Соғыс жылдарында оққа ұшып, қаза болған сарбаздарды топырақпен көміп кете берген. Содан біраз жауынгер хабар-ошарсыз кеткендер санатына жатқызылған. Траншеяларға көмілген сарбаздар Ресей, Украина, Беларусь мемлекеттерінің аумағында көп, – деген Ә.Сағымбаева осы өңірден майданға аттанған жауынгер туралы айтты.
Ресейде хабар-ошарсыз кеткен сарбаздарды іздестіру жұмыстарын еріктілер тобы атқаруда. Жақында Ленинград облысында Суворов атындағы іздестіру тобы бақшалық жерден екі жауынгердің сүйегін тапқан. Соғыс кезеңінде әр жауынгердің мойнында гильза болған. Онда сарбаздың аты-жөні, қай жерден соғысқа аттанғаны туралы мәлімет жазылады екен. Мұның қан майданда қаза тапқан жауынгердің кім екенін анықтауға септігі тиген. Десе де, көбісі мұны жаман ырымға балап, лақтырып тастайтын көрінеді. Ленинградтан табылған қос жауынгердің бірінде мұндай гильза болмаған. Сондықтан оның кім екені белгісіз. Ал екінші жауынгерден гильза табылып, онда «Култасов Дажекбай. Кызылординская обл, Теренузекский район, №5 аул совет. Жена – Култасова Бачжан. Кызылординская обл, Теренузекский район, №5 аул совет» деп жазылған.
Жауынгердің аты-жөні белгілі болған соң ресейлік іздестіру тобының жетекшісі Ольга Стружанова Әлия Сағымбаеваға қазақстандық жауынгердің сүйегі табылғаны жөнінде хабар берген. Қоғамдық бірлестік құрылтайшысы ол кісі туралы ақпарат іздестіреді. Ресей Қорғаныс министрлігінің «Память народа 1941-1945» сайт архивінен екі құжат табылған. Бірінде «Култасов Дажекбай» делінсе, екіншісінде «Култасов Дадыкбай» деген ақпарат берілген.
– Хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлер туралы ақпарат Ресейдің архивінде сақтаулы. Бүгінде сол архивтің 30-35 пайызы ашылған жоқ. Табылған мәліметтер бір адам туралы екені анық. Тек майдан даласында жазылғанда қате кетуі мүмкін. Сондай-ақ, әйелінің аты Бачжан емес, Балжан немесе Бағжан болуы да мүмкін. Жауынгер 1904 жылы Тереңөзек ауданы №5 ауылдық кеңесте туған. 1941 жылы Тереңөзек АӘК арқылы әскер қатарына алынған. 1942 жылдың 9 қыркүйегінде Ленинград үшін майданда хабар-ошарсыз кеткен. Бұл кісінің кім екені белгілі болған соң туған жеріне ұрпақтарын іздестіріп арнайы хат жолдадық, – деді Ә.Сағымбаева.
Бізбен әңгімесінде қоғамдық ұйым өкілі жауынгердің ұрпақтары табылғанын сүйіншілеп, байланыс нөмірін де берді. Ол кісіден мән-жайды білген соң, жауынгердің ұрпағы Марат Дәдікбайға да арнайы хабарластық. Ол сүйегі табылған жауынгердің туған атасы екенін, ұзақ жылдар бойы іздестіріп келе жатқанын айтты.
– Дәдікбай Құлтасов – менің туған атам. Ол кісі архивте көрсетілгендей, 1904 жылы дүниеге келген. Ол кездегі №5 ауылдық кеңес сол Тереңөзек пен Шаған ауылының ортасындағы «Жартықұм» деген жер болуы керек. Ал әжемнің есімі – Бағжан. Менің Сәруар Бейісов деген көкем болған. Ол кісі менің атаммен әрі туыс, әрі замандас. Сол көкем «Жаздың бір күнінде Дәдікбай әскерге шақырту келгенін айтты. Содан кейін майданға аттанып кетті» деп айтып отыратын.
Шақыру қағазы келгеннен кейін атам ұлы, яғни менің әкем Кенжебекті ертіп Тереңөзекке барған. Ол кезде әкем 10 жаста екен. Аудан орталығынан қатарластарымен эшелонға мінеді. Оларды Ақтөбе қаласына апарып, сол жақта 136-атқыштар дивизиясы жасақталады. Соның құрамында бір ай жаттығудан өтіп, соғысқа аттанған. Атам Волков майданына қатысқан. 1942 жылдың 2 қыркүйегінде соғысқа кіріп, 9 қыркүйек күні қаза тапқан, – деді жауынгер ұрпағы.
М.Дәдікбай әкесін іздеп табуды өз әкесі Кенжебек Аяпов армандағанын жеткізді. 2002 жылы өмірден өтем дегенше балаларына ескертумен болған. Жауынгер ұрпағы жыл сайын Ресейдегі елшілікке хат жолдайды екен. 2008 жылдары Подольскідегі Ресей Қорғаныс министрлігінің архиві цифрландыруға байланысты ашылғанынан хабардар болып, ол жақтан да жауынгер туралы сұрау салдырған. Ал 2011 жылы соғыста қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің тізімі жарияланыпты. Солардың ішінде Дәдікбай Құлтасовтың есімі де бар екен. Дегенмен жауынгердің қай жерге жерленгені белгісіз болған.
– Бұл хабарды 20 қыркүйек күні естідім. Содан қоғамдық бірлестік өкілдерімен кездестік. Енді атамның мәйітін туған жерге жеткізу қарекетін жасаймыз. Бұйырса, өзі туған жерге апарып, арулап жерлеп, Құран бағыштаймыз. Қоғамдық бірлестік өкілдеріне шынайы алғысымды жеткіземін, – дейді ол.
Біз жауынгердің ұрпақтары туралы сұрадық, Д.Құлтасовтың екі ұлы болған. Біріншісі Кенжебек болса, екіншісінің есімі белгісіз және жауынгер майданға аттанғаннан кейін 2 жылдан соң бақилық болыпты. «Әкем ол кісі туралы көп айтпайтын» дейді М.Дәдікбай.
Ал Кенжебек Аяповтан 4 ағайынды тарайды. Үлкені Әлия бүгінде Байқоңыр қаласында тұрады. Одан кейінгісі – Қожабек Дәдікбай. Бұл кісінің есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс. Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан, Шаған ауылын республикаға танытқан білікті басшы, іскер ұйымдастырушы болды. Өмірден өтсе де, есімі мақтанышпен айтылады. Ағайындылардың үшіншісі Марат Дәдікбай да – елге белгілі тұлға. Баспасөз саласында өзіндік қолтаңбасы бар қарымды қаламгер ақпарат саласында, одан бөлек «Қазақстан Күріш одағы» заңды тұлғалар қоғамының атқарушы директоры, «Рауан» баспа үйі» ЖШС-ның коммерциялық директоры, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Бүгінде құрметті зейнет демалысында, Астана қаласында тұрады. Ал әулеттің ең кенжесі Жанат Дәдікбай Қызылорда қаласында.
Осындай өсіп-өнген әулет бүгінде ата дерегінің табылып, оған туған жер топырағы бұйыратынына бек қуанышты екенін жеткізді. Біз де бейбіт өмір үшін жан пида еткен сырдариялық жауынгердің сүйегі туған жерге жеткізілуіне тілекшіміз.
Ердос БЕРКІНБАЕВ.
Сырдария ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<