Тәлкекке түскен тағдыр

321

0

Сурет ашық дереккөзден

Қаңтардың қызыл шұнақ аязды түні. Азынай соққан қарлы дауыл оқтын-оқтын ішін тартып, аш бөрідей ұлиды. Қашаннан да жарығы мардымсыз қала көшелері мүлде тастай түнекке оранған.

Жұмысынан кеш шыққан Арман жалбарынған үнді естіп бұрылған еді. Қалтарыстау жерде бір қыздың алқымына пышақ тақаған бұзақылар көзіне шалынды. Дір-дір қағып, құлағындағы сырғасын ағыта алмай жыламсыраған қыз мұны байқасымен жанұшыра шыңғырды. Ойланбастан көмектесуге асықты. Аяқастынан пайда болған арашашыға бұзақылар да тап берген. Ұзынтұра жігітті шықшытынан ұрып мұрттай ұшырған Арман екінші тонаушымен жеке қалды. Ол болса «келсең, кел» дегендей пышағымен ауаны осқылап, саспайды. Алайда бокстан спорт шебері деген атағы бар Арман да оңай шағылатын жаңғақ емес еді. Жалтара беріп, жұдырықты жаңбырша жаудырды. Ыңырсып, екі бүктетілген тәпелтек қарақшы оң жақ қапталдан тиген ауыр соққыдан талып түсті. Төрттағандап орнынан зорға көтеріле берген алғашқы құлағанды иегінің астынан шірене теуіп, қайта сұлатты.

Торғайдың балапанындай бүрісіп тұрған қызды қолынан жетелеп, жарық көшеге алып шыққан Арманға бейтаныс бойжеткен үйіне жеткізіп тастауды өтінді. Екеуі бірнеше көшені кесіп өтіп, әсем коттедждің атшаптырым ауласына енді. Еңселі үйдің төргі бөлмесінде кішігірім жартастай қара шал отыр. Қанталаған жанары, бұж-бұж жүзіндегі білеудей тыртығы кімнің де болмасын мысын басқандай. Шалдың шатынаған сұп-суық көздері аяушылықты білмес мінезін, сом тұлғасы, жап-жалпақ жауырыны мен күректей алақаны алапат күш иесі екенін танытады. Немересінен (Арман тонаушылардан құтқарған қыз шалдың жалғыз немересі болып шықты) мән-жайды естігенде қария ақпанда жараған бурадай шабынды. Жауатын бұлттай түнеріп, күндей күркірегенде қарулы екі-үш жігітке дес бермейтін Арман жел ұрған жапырақша қалтырады. Сүт пісірім уақыттан соң сабасына түскен қарт бақандай саусақтарымен мұның арқасынан қағып, ризашылығын білдірді. Қоштасарда Марал (қыздың есімі солай екен) қимастықпен, жәудірей ұзақ қарағанда Арманның жүрегі атша тулады.

Ертеңіне жұмыс орнына бұқа мойын, балуан тұлғалы тақырбас жігіт іздеп келіп «қарттың сәлемдемесі» деп қомақты ақша ұсынды. Мұның да өңі өте сұсты екен. «Алмаймын» деуге Арманның батылы бармады. Түндегі жігіттердің түр-түсін, киген киімін тәптіштеп сұраған тақырбас болған жайт туралы ешкімге тіс жармауын қатаң ескертті. Бұл үнсіз басын изеген. Басқа амалы да жоқ еді. Көп ұзамай «екі жігіт иіс тиіп, уланып өліпті» деген жаманат хабар қаланың ішін шарлап кетті. Мәйіттерді көзімен көргендердің сипаттауымен өлген екі адамның Маралды тонаған бұзақылар екенін түсінгенде еріксіз тітіркенді.

Арада біршама уақыт өтті. Осы аралықта Маралдың көрікті бейнесі жадынан бір сәтке де кеткен емес. Қою қасы қарлығаштың қанатындай қиылған, аққұбаша өңіне қара меңі әдемі үйлескен ару хор қызындай елестейтін. Онсыз мына жалғанның құны, мән-мағынасы жоқ тәрізді. Әйтсе де Маралды үйіне іздеп баруға тәуекелі жетпейді.

Қиял құшағында келе жатқанда таныс дауысқа елең етті. О, ғажап! Дәл жанында аппақ жүзі қуаныштан бал-бұл жанған Марал тұр. Сол мезетте өздерінің мәңгілікке табысқанын екеуі де іштей сезінді. Түйсіктері алдамапты. Күтпеген кездесу махаббатқа ұласты. Кейін шаңырақ құруға уағдаласты. Бүгін көңілі әлденеге алабұртқан сүйіктісі атасының Арманмен тілдескісі келетінін айтты.

Арман уәделі уақытта қарттың үйіне жетті. Мол дастарқан басындағы өңшең атан жілік, апайтөс жігіттерден алып тұлғасымен дараланған қария бұларды ілтипатпен қарсы алды. Арманның байқағаны жиналғандардың баршасы шалдың алдында байыпты сөйлеуге тырысады екен. Қонақтар тарқап, өздері оңаша қалғанда Хасен қарт айтар сөзін сабақтады.

– Балам, бізді тағдыр табыстырды. Тағдыр бірде бетімен, кейде қырымен келетіні анық. Мені өмір отқа да, суға да салды. Әрнәрсенің өлшемі, асауға тұсау, қиянатқа жаза бар. Маралға зорлық жасамақ болғандардың ит өліммен өлгені – соның дәлелі. Оған менің қатысым жоқ деп жалған айта алмаймын. Ақталуға міндетті де емеспін. Бәлкім, сен келешек жарыңның шыққан тегін, нәсілін білгің келетін шығар. Олай болуы заңды да. Ендеше, мұқият құлағыңды сал. Зердеңе тоқып отыр.

Қазалының уезд орталығы болғанын естігенің бар шығар? Менің әкем Әбен ояз бастығымен жақын араласты. Көзіқарақты, көкірегі ояу жан еді. Үлкен атамыз мұсылманша дәріс алған, қасиеті мол, аруақты адам болыпты. Мыңғырған мал ұстап, Ресейге үздіксіз кіре айдатқан Әбеннен қайыр көргендер ел ішінде жиі кездеседі. Адамға жасаған жақсылығың да, істеген зұлымдығың да алдыңнан шығатыны рас екен.

Сонау қоянның қысында қалың ел жұттан қатты тарықты. Қиын шақта әкем талайға қолының ұшын созды. Әсіресе, бізбен қоңсылас отыратын Әйтеннің отбасына барынша көмек жасады. Ертеректегі барымта кезінде соққыға жығылған Әйтен жарымжан адам еді. Әйелі Назым да – қой аузынан шөп алмас момынның өзі. Олардың ауыр тұрмысын білетін әкем сауынға сиыр, азық-түлік, киім-кешекке қоса, мініске жарамды жылқы берді. Ақыры таусылмастай көрінген қыс өтіп, көктем де жетті. Осындай күндердің бірінде әкем той жабдығына кірісті. Елді жиып, Әйтеннің ұлы Асхатты «Хасенім кіндіктен жалқы еді. Мен балалы, жалғызым ағалы болсын» деп асық жілік ұстатып, «өкіл бала» атандырды. Көкпар тартқызып, жамбы атқызды. Әкем Асхатты менен ешбір кем көрген жоқ. Тіпті өзінің құрдасы Саматтың қызына құда түсіп, Асхат отау құрды. «Жас жұбайлардың еншісі» деп алдына қыруар мал салды. Беу, дүние-ай! Бауырына улы жылан басқанын, ажалының қанішер, асыранды ұлынан келетінін ғазиз әкем қайдан білсін?!

Мамыр айы туысымен «Қарадөңнің» алқабы жасыл кілемдей құлпырды. Самал тербеген алуан гүлдер жаныңды жадыратады. Үлкен де, кіші де мәз. Үкісі бұлғақтаған арулар, шашбауы сыңғырлаған келіншектер сырт көзге көктегі періштедей көрінеді. Жүздері сәл желге тотыққан азаматтары қарағайдың бұтағындай ірі. Уыз қымызға тоғайған қарияларының өңі жас жігітке бергісіз. Ақ кимешекті салиқалы кейуаналар елдің құт-ажарындай.

Жазға салым Ердәулет бай әкесіне ас берді. Қисапсыз сойылған малдан «Ащыкөлдің» жағасы қан сасыды. Бәрінен бұрын қарға-құзғын мелдектей тойды. Арғы шеті «Ырғыз», мына жағы «Ақмешіттен» ат арытып келген қонақтар апталап, айлап жатты. Сейістер аузымен құс тістеген небір тұлпарларды баптап, бәйгеге қосты. Бас-аяғы 200-ге жуық дүлдүл аламанда бағын сынады. Бәрінен оқ бойы алда келген әкемнің «Сүлікқарасы» күллі Сыр бойының мерейін асырды. Жүлдеге тігілген нар бастаған тоғызды игі жақсыларға байлаған әкемнің жомарттығы маң далаға аңыз болып тарады. Шіркін, ол бір ішпей мас, жемей тоқ уақыт еді-ау!

«Пәле қайда, аяқ астында» деген, бәрі күтпеген жерден басталды. Асхат «Сүлікқарамен» киік қуып, аяғына жем түсірді. Қыздың қалыңына бермейтін жануардың аянышты халіне күйінген әкемнің өкіл баласына тілі де, қолы да тиді. «Ағайыннан асқан жау жоқ» деп бекерге айтылмаған. Қызғаныштың қызыл өрті өзегін өртеп жүрген арамзаларға ілік табылды. Көкем мен (біз Асхатты «көке» дейтінбіз) әкемнің ортасына араздықтың отын жақты. Жалынды үрлеп, жараны ушықтыра түсті. Кесірі маған тиді. Кіші отауға сәлемдесе барғанмын. Табалдырықтан аттай бергенімде көкем «иттің күшігі, маған жолаушы болма!» деп жағымнан салып жібергені. Мұндайды күтпеген едім. Күреске түсіп, жүлде алып жүрген балуан жігіттің соққысынан қалпақтай ұштым. Бет-аузымды қан жуып кетті. Ауызбіршілікті ойлап, ешкімге тіс жармадым. Бірақ, мен жасырғанмен біреулер әкеме жеткізіп барыпты. Ақыр соңында көкем мен әкем қайта көріспестей араздасты. Бұл менің қабырғама қатты батты. Татулыққа сызат түсірген «Сүлікқараны» өңірге танымал емші Нұркен ұзақ уақыт емдеп, қайтадан қатарға қосты.

Кеңес өкіметі орнады. Артель құрылғанда еті тірі Асхат төрағалыққа сайланды. «Іштен шыққан жау жаман» деген, кешегі бауырымыз басымызға қара бұлт үйірді. Әкемді «бай-құлақсың» деп жиыннан қуып шығыпты. Көз жасы сақалын жуып, тұншыға егілген әкемді анам көпке дейін жұбата алмады. Бұл бастамасы ғана екен. «Ірі байларды кәмпескелейді. Итжеккенге айдайды-мыс» деген суық хабар ел ішін шарлап кетті. Бұл нәубеттен құтылмасын сезді ме, әкемнің қалаға баруы жиіледі. Өзі ешкімге жақ ашпайды. Бір күні қаладан суыт келді. Жанында мылтық асынған төрт-бес жігіті бар. Өңі өрт сөндіргендей түтігіп кетіпті. Алас-қапас үйлерді жықтырды. Таңның атуына қарамай суыт көше жөнелдік. Жол-жөнекей «Ащыкөлдің» маңына аялдадық. Мені ертіп алып қалың шидің арасына енді. Бір жыңғылдың түбіне құнан өгіздің бас терісінен жасалған шанашқа (тері қап) салынған әлдебір ауыр заттарды асығыс көмді. Сорғалаған терін сүртіп «Балам, дәм жазып атамекенге қайта оралсаң, осы жерді ұмытпа. Жаңағы мен жасырған алтын-күміс өзіңе емес, ұрпағыңды асырауға толық жетеді. Мен тағдырдың пешенеме жазғанын көрермін. Тек, сен аман бол!» деп ұзақ егілді.

Алайда Асхат бастаған қызыл әскерлер ертеңіне ізімізден қуып жетті. Әкемді табан астында атып өлтірді. Қаралы көшті ауылға қайтарып әкелді. Мал-мүлік, асыл заттар талапайға түсті. Бізді «халық жауының отбасы» деп Астраханға жер аударды. Шығарып салуға халық көп жиналды.

Шашын жұлып зарланған апам, кесір ұлына теріс батасын беріп, жанарынан жасы тамшылаған Асхаттың әкесі Әйтен, ақ сүтін көкке сауып, баласын қарғаған анасы Назым, бізге ат үстінен қамшы үйірген Асхаттың тақымындағы «Сүлікқараның» жер-көкті жаңғырта кісінегені әлі көз алдымда тұр.

Ресейде бірнеше жылды азаппен өткіздік. Ішқұсалықтан анам көз жұмды. Мен жападан-жалғыз қалдым. Бізден бәрі теріс айналды. Бар сүйенерім, жанашырым Сартай нағашым ғана. Екеуміз соғыс басталар қарсаңында елге оралдық. Ауылда да жақын тұтқан жан баласын кездестірмедік. «Байдың құйыршығы» деп белсенділер соңымызға шам алып түсті. Опасыз адамнан адал ит артық. Көзін ашқаннан асыраған Ақтөсті ертіп тағы бой тасаладық. «Сарыкөлдің» ну қамысын мекендеп, жабайы аңдай тірлік кештік. Момынды ашындырсаң батырға, мейірімдіні нала қылсаң тасбауырға айналады екен. Жазықсыз жапа шеккен біздің де кегіміз ішімізге мұз болып қатты. Қалайда Асхаттың көзін жоюға қан шығарып серттестік. Әрі жоспарымызды жеделдетіп жүзеге асыруға тырыстық.

Көп ұзамай оның тайыншадай итінің дәл тұмсығының астынан «Сүлікқараны» алып кеттік. Аз да болса ішіміздің қыжылы қайтты. Асхат жынданып кетуге сәл қалды. Оқиға күлкілі де тосыннан өрбіді. Саяткер, аңшы Сартай нағашымның білмейтін пәлесі жоқ еді. Бұл жолы тосын айлаға көшті. Тайыншадай қасқыр иттің жел жағынан ұйыққан қаншықтың кепкен тезегін шашып жібергенде қабаған төбет бар дүниені ұмытты. Ынтасын аусар билеп, аласұрып, қыңсылаған иттен аттап өттік. Жайшылықта аттың үстіндегі адамды жұлып алатын арлан бізді елеген де жоқ. Белдеуден «Сүлікқараны» шешіп алып, тайып тұрдық.

Бірақ жатқан жыланның құйрығын басыппыз. Сыртымыздан аңдушы қойғанын байқамаған едік. Ауылға барған сапарымның бірінде қолға түстім. Өңменіме мылтық тіреп, дырау қамшымен тілгілеп отырып «Сарыкөлге» әкелді. Нарқамысқа бекінген нағашымның елден асқан мергендігін білетін милициялар сақтыққа көшті. Нәлеттердің жанының тым тәтті екенін қайтерсің?! Оққа қалқан ретінде мені алға тұрғызды. Денемді тасалап, көл ортасына мысықтабандап жақындады. Мен болсам қорқыныштан әрі біздің келгенімізді білсе, өзі де қарап жатпас деген оймен үздіксіз дыбыстаумен болдым. Мүлгіген тыныштық. Қостың алдында Ақтөстің бауыздалған өлі денесі жатыр. «Үріп сездіріп қоймасын» деген нағашымның әрекеті. «Сүлікқараға» мінген Сартай ұшты-күйлі жоғалды. Тұлпардың күйігі өзегін өртеген Асхат ашуын менен қайтарды. Бақандай 10 жылға соттатты.

Зонада Сагит атты баскесерді өлтіріп, тағы 10 жыл жамадым. Тұла бойын жүн басқан жуан жұдырық тау жігітінің озбырлығына шыдамадым. Екеуміз ұстасқанда еңгезердей неме жеңіне жасырған өткір затпен осып жіберді. Бетімді қан жуып, дүние шыр көбелек айналды. Сәл кідірсем өлетінімді білдім. Жандәрмен ұмтылғанымда, қолым алқымына тиді. Сығымдай қысып, жұлқи тартқанымда өңеші жұлынып кетіпті.

Соғыс уақытының қатал заңы мені қапаста шірітуге айналды. Кеңес өкіметіне көңілім ешқашан жылыған емес. Өзің ойлап көрші? Әкемнің нақақтан қанын төкті. Өзімді жазықсыз қудалады. Сонда мен бәлшебектердің өкіметін не үшін жақтауға тиістімін? Алайда мен үшін тірі қалудың бір ғана жолы майданға, айыптылар батальонына сұрану еді. Өтініш жаздым. Өтінішім қабылданып, майданға қарулы күзетпен жіберді. Осылайша қанды қасаптың бел ортасынан бір-ақ шықтым. Ажалмен қысқа күнде қырық кездесеміз. Айыптыларға қаруды шабуылға шыққанда ғана береді. Нағыз тозаққа жұмсайды. Дегенмен сүйекке дақ түсіру маған өліммен тең еді.

«Мейлі, қамасын. Әулетімді тоз-тоз қылсын. Мен еркекше соғысуым керек. Анам мен туғанда ұл тудым деп қалжа жеген. Қорқақтық жасасам, әкемнің аруағы мені кешірмейді» деп фашистермен арыстанша алыстым. Бойымды кернеген ашу-ыза, қанды кекті немістерден алдым. Қарсы келгенін қурайша жапырдым. Қолма-қол шайқаста ондаған дұшпанның жанын жаһаннамға жібердім. Блиндажға басып кіріп, неміс полковнигін тұтқынға түсірдім. Шайқас барысын дивизия командирі бақылау пунктінен көріп тұрыпты. Ерлігімді бағалады. Мені айыптылар қатарынан босатып, тұрақты әскери құрамға ауыстырды. Наградаға ұсынды. Орден-медальдарым жарқырап, соғыстан абыройлы оралдым.

Зұлмат жылдардың зардабы елге де оңай соқпады. Ауылда бала-шаға, шал-кемпір, қатын-қалаш қалыпты. Әйтсе де, өзегі талған халықтың тірлігіне нәр беріп тұрған да солар болатын. Бұл дүниенің есесі о дүниеге кетпейді екен. Мемлекеттің ақшасын жеп сотталып, қамақта өлген Асхаттың жартылай құлаған үйін көрдім. Өзі айдауға кеткенде әке-шешесі аурудың салдарынан қайтыс болыпты. Әйелі басқа біреуге тұрмысқа шығыпты. Ал баласы… Маралды тонамақ болған екеудің бірі Асхаттың жалғыз ұлы екенін кейін білдім. Екі тонаушының да қайғылы қазаға ұшырағанын өзің де естідің…

Уақыт бәріне емші. Әкемнің жасырған көмбесін қазып алдым. Соның арқасында емін-еркін өмір сүрдім. Үйлендім. Перзент сүйдім. Немерелі болдым. Кейін Маралдың ата-анасы жол апатынан өмірден озды. Бұл қаза маған аса ауыр тиді. Ойлана келе, ата-анасыз қалған жетім балаларды асырап, жеткізуді мақсат тұттым. Бүгінгі өзің көрген жігіттер – сол балалар. Менің ұлдарым, Маралдың бауырлары. Олардың көздегені – ізгілікке лайықты сый жасау, озбырлықты жүгендеу. «Әйел – өмірдің сәні. Еркек – үйдің ханы» деген. Құлындарым, бір-біріңді аялаңдар. Ең бастысы, шынайы махаббат, кіршіксіз көңіл екенін ұмытпаңдар, – деген қарияның айбынды өңін тарамдап жас жуды.

Тағы да бір таң атты. Жаңа көтерілген күннің әлсіз сәулесі Арманға уыз бақыттың хабаршысындай көрінді. Солай болғай!

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы».

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<