Ұзақбай Қараманұлы – Қазақстанның өркендеп-дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол 1937 жылдың 20 тамызында Арал ауданы Ұялы ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген.
1954 жылы Арал қаласындағы Т.Шевченко атындағы қазақ орта мектебін бітірген соң, сол жылы Ресейдің Куйбышев (Самара) қаласындағы А.Микоян атындағы инженерлік-құрылыс институтына оқуға түскен. Оны 1959 жылы «Өндірістік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ұзақбай Қарамановтың еңбек жолы облыстық автотреске қарасты автобазаның прорабынан басталып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің соңғы төрағасы және Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш премьер-министрі лауазымы дәрежесіне дейін жалғасты.
Қазақстанның құрылыс саласын басқарып тұрған кезінде тек бір Алматының архитектуралық ансамбліне өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Атап айтқанда, «Көктөбедегі» телерадио кешені, «Медеу» шатқалындағы тасқыннан қорғайтын бөгет, «Үлкен Алматым каналын тарту, сондай-ақ қала ажарын аша түскен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, «Қазақстан» қонақүйі сияқты қаланың орталық бөлігіндегі қайталанбас әсем ғимараттармен қатар, Қазақ КСР Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі, Алматы мақта-мата комбинаты сынды кешенді құрылыстарды тұрғызуға, шаһардың гүлденіп-көркеюіне біркісідей атсалысты.
Ұзақбай Қараманов – мемлекеттік маңызды қызметтерді атқара жүріп, ғылымнан да қол үзбеді. Бірнеше ғылыми-зеттеу еңбектің, көптеген мақаланың авторы.
Ұзақбай Қараманұлы қоғамдық қызметпен қатар, отбасына тірек, балаларына құрметті әке, немере-шөберелеріне сүйікті ата бола білді. Арда азамат 2017 жылдың қыркүйек айында 80 жастан асқан шағында Алматы қаласында дүние салды.
Ел егемендікке қол жеткізгелі өз халқына ерекше еңбегі сіңген азаматтарды дәріптеп, олардың өнегелі өмірі мен ұлағатты істерін насихаттап, жастарға үлгі-өнеге ету жақсы дәстүрге айналып келеді. Бұл – өте жақсы дүние.
Иә, біз бұл жазбамыздың төркінін әріден бастамақпыз. Қолға қалам алғанмен, тәжірибелі журналист немесе шебер жазушы емеспіз. Өмір бойы бір жерден табан аудармай Қазалыда қызмет еткенмен, ел білетін, жұрт аса құрметтейтін ағалармен аралас-құралас болдық. Себебі, кеңес одағы ыдырап, жұрт дағдарған уақытта ат үстінен түспей, қиын кезеңде аудан басқаруға тура келді. Жалпы, бұл мақтаныш емес, бірақ менің қызмет жолым басылым оқырмандарына өте жақсы таныс деп ойлаймын. Содан шығар, жоғарыда айтқандай, республика мен облыс төңірегінде қызмет еткен талай жігіттермен тіл табысып, Қазалы өңіріне оң көзқарас тастауына тырысуға тура келгені бар.
Биыл теңізді өлкенің түлегі, мемлекет қайраткері, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Үкіметін басқарған, даңқты құрылысшы, марқұм Ұзақбай Қарамановтың 85 жылдығы. Осы ретте алдыңғы буын аға болып саналған азамат жайлы ақ параққа түсіруді жөн көрдік.
Ағадан айырылған күн
Осыдан бес жыл бұрын көзі тірісінде Ұзекеңнің 80 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтуі тиіс еді. Ол кезде облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы. Астана қаласында, ұмытпасам тамыз айының ішінде ме екен, сол кісінің мерейтойына қатысып қайттым. Сол уақытта бірнеше басшы азаматтар, қоғам қайраткерлері ортамызда болғаны бар. Сыр бойынан да бірнеше адам барыппыз. Сонда сөз алған облыс басшысы Қырымбек Елеуұлы «Ағамыздың бұл тойы енді өз туған жері – Сыр бойында жалғасуы тиіс. Елде сізді күтіп отырған халқыңыз бар, аға. Бұл игі шара облыста да аталып өтіледі. Соған дайындалыңыз. Жылы күздің басы, қыркүйектің соңына қарай үйдегі апам екеуіңіз сол тойда билейтін боласыздар» деп дүйім жұртты серпілткені бар. Сондай уағда болып, Ұзекем де келісім беріп, дайындық жұмыстары жүріп жатты.
Бірақ… Әлі есімде. Сол жылы қыркүйектің 25-не өз еліміздің азаматы, аймақта басшылық қызмет істеген мемлекет және қоғам қайраткері Ыдырыс Қалиев қайтыс болды. Қазақ болған соң көңіл айту – басты міндет. Жерлеу рәсімінде болдық. Міне, содан шығып келе жатып, телефоныма қоңырау түсті. Серікжан Сейітжанұлы екен. Ол да – Ұзекеңнің мен секілді жақсы көретін інілерінің бірі. Лезде телефонымды құлағыма тоса қойдым.
– Сәке, бір жаман хабар бар, – деді ол.
– Аманшылық па?
– Ағамыздан айырылып қалдық қой.
– Қалай? Шошып кеттім. Өзі тосыннан хабар келсе, адам шіркіннің оған сенуі қиын ғой.
– Иә, Сәке, дәл қазір маған дәрігерлер звондады, – деп сөзін жалғай берді. – Бір сағат бола қоймады бұл жаман хабарды естігеніме…
Ол да, мен де іштей егіліп тұрдық.
Ұзақбай ағам 80 жасын тойлардың алдында Көкшетаудың «Бурабайында» демалып қайтқаны бар. Содан қайтып, бірге келе жатқан көліктің шофері ұйықтап кетіпті. Әрі қарай белгілі ғой. Машина қарама-қарсы көлікке соғысады. Сау-тамтығы қалмаған темір ішінен, Құдай оңдап, ағамыз бен апамыз аман қалғаны бар. Бірақ сол апаттан соң сынған сүйек пен әр жердегі дене жарақаты қалғаны анық. Бітуі қиындау жарақатқа дәрігерлер берген қорытындысымен шетелден қымбат дәрі де алдыртты. Президенттің іс басқармасы медициналық oрталығының ауруханасына барып, әлгі дәріні салдыртайын деген ниетпен үйден өзі кеткен көрінеді. Ал апамыз үйде «Құдайы жолы» бермекші ниетпен, нан пісіріп, иіс шығарып қала берген. Сол уколды алып жатып, соның үстінде ауырмай-сырқамай жан тапсырыпты. Міне, «Ажал айтып келмейді» деген сөздің бір дәлелі осы болса керек.
Ұзекең қайтқан соң мерейтойы өтпеді. Одан соң пандемия басталып, көп шараға тоқтау салуға да тура келді. Сол аралықта Арал қаласындағы №262 мектеп-гимназияға ағамыздың есімі беріліп, бірақ пандемия кесірінен Ұлдай апай келе алмай, бұл шараға баласы мен келіні қатысты. Мен де барып, сол кезгі облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен бірге білім ұясының алдына қойылған Ұзақбай Қараманұлының ескерткішін аштық. Бұл – екі жыл бұрын болған шара.
Биыл Ұзекеңнің үйінде апамыз хабарласып, «ескерткішін көргісі келетінін, оған атсалысқан ағайынға алғысын білдіретінін» айтып, хабарласты. Мамыр айында Аралдағы ескерткішке барып, артынан ағамызға Құран оқытып, шаңырақта қонақ болып қайтты. Сондағы келгенінде облыс басшысы Нұрлыбек Машбекұлы апайды қабылдап, осы қыркүйек айының соңына Ұзақбай Қараманұлының 85 жылдығын атап өту туралы әңгімелескені бар. Содан бастап дайындық басталып кетті.
Мен қалай іні болдым?
Жоғарыда айтқандай, Ұзекең қайтқан күнді естіген сәтте ойыма талай естелік келді. Егіле тұрып еске алдым. Шыны керек, қызметпен емес, ағалы-інілі болып араласқан соң ба, талай дүние ойыма оралды. Әрине, жақыныңдай болған жанның келместің кемесіне мінгенін есту тым ауыр. Көп жақсылығы, ақыл-кеңесі пайдама жараған ағаны ұдайы ойлап жүру де заңды дүние емес пе?!
Ұзақбай Қараманұлы Қазақстанда алғашқы Үкіметбасы болды. Ол жалпақ қазаққа белгілі тұлға. Нұрсұлтан Әбішұлы Тәуелсіздіктің туын алғаш көтергенде жанында жүрді. Иә, сонау теңіз қолтығынан шығып, бүгінде орны да қалмаған «Ұялыдай» шағын балық колхозында туып, Самарадағы инженерлік институтты бітірген ол премьерлікке дейін де талай қызметті мүлтіксіз атқарғаны белгілі. Алғашқы еңбек жолын прораб болып бастап, кейіннен Қазақстан құрылысындағы барлық салада жетекшілік етті.
Мен ағаммен қалай таныстым? Қалай іні болдым? Бұл туыстық қатынас қалай басталды? Бұл 1992 жылы еді. Осы жылдың ақпан айында мен 12-ші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы болып қызмет істеген Владислав Ануфриевтің орнына Арал, Қазалы, Байқоңыр жерінен халық қалаулысы болып сайландым. Әрі аудандағы №86 жылжымалы мехколоннаның бастығы едім. Бұл кезде ағамыз Премьер-министр қызметінен кетіп, Президенттің кеңесшісі лауазымында жүрген кезі. Сонда алғаш кездестік.
Ол кісінің басшылығымен Арал экологиялық апат аймағын, халқын қолдау, қорғау заңын дайындауда бірге жұмыс істедік. Бұл тым күрделі құжат болды. Бұған сол кезгі облыс басшылығы мен әлеуметтік салаға жауапты азаматтар материал дайындап, біркісідей атсалысты деуге болады. Ақыры 1993 жылы көктемде Жоғарғы Кеңестің сессиясына бұл заң ұсынылып, Ұзекең сонда көлемді баяндама жасағаны бар. Ол кезде үлкен қаржыны талап етіп тұрған мұндай заңды қорғап шығу оңай емес. Арал қасіретінің тек бізге ғана емес, барлық өңірге де әсері барын айта отырып, сессиядағы барлық депутатқа соны дәлелдеп берді. Соңы дауысқа салынып, Аралға қатысты, ондағы қиындыққа байланысты құжат қабылданып шықты. Міне, осыдан басталған арадағы байланыс ағамыздың дүниеден көшеріне дейін тоқтаған жоқ.
Сол жылдары Жоғарғы Кеңес мерзімінен бұрын таратылып, кәсіби Парламент құру көзделді. Соның нәтижесінде 1994 жылы Ұзекең біздің округ бойынша депутат әрі ҚР Жоғарғы Кеңесі табиғатты пайдалану және экология комитетінің төрағасы болып сайланды. Ал сол жылы сәуір айында мен Қазалы ауданының әкімі болып тағайындалдым. Ағаммен араласу тіпті күшейді. Елдегі әлеуметтік мәселеде үнемі пікір алмасып, сол кезгі құлдырау уақытындағы көптеген мәселелерді шешуде бірге тізе қосып, ойымыз бір жерден шығып, талай жоғарыдағы есіктерді бірге қағып жүргеніміз әлі есте.
Ұзақбай Қараманұлы бұдан кейін 1999 жылы Арал маңынан ҚР Парламенті Мәжілісінің екінші шақырылымының депутаты, аймақтық дамыту және экономикалық қайта құру комитетінің мүшесі болды. 2004 жылы қазан айынан 2007 жылға дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылымының депутаты болып сайланды. Етжақын болуымыздың арқасында мен ол кісінің сайлау штабын жүргізіп, ел арасындағы кездесулерін ұйымдастырып, барлық кезде жанынан табылып жүрдім. Барлығында да қос аудан – Арал мен Қазалы халқының мәселесін шешуде көп тіршілікке араласқанына куәміз. Әсіресе, сол кездері Нұрсұлтан Әбішұлына тікелей кіріп, экологиялық апат аймағы саналған Арал маңы халқының жалақысы мен демалысына тұрақты қаржы бөлдіруде қанша ықпал жасады десеңізші?!
Ұзекең жаратылысында барынша шыншыл болды. Екінші жағынан, ағамыз өте сауатты болды. Әр мәселені айту үшін жан-жақты зерделеп, әбден ойды пісіріп барып, шешім шығаратыны бар. Осы өңірде туып-өскеннен шығар, халықтық мәселеге келгенде талай игі ісін көрдік. Бір ғана мысал, біздің Қазалыдағы теміржол бойына қарасты аурухана перзентханасының біраз уақыттай құрылысы тоқтап қалғаны бар. Соны сол кезгі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Абылай Мырзахметовке тікелей жолығып, құрылысты тезірек бітіруге ықпал жасауын сұрады. 30 млн теңге бөлініп, перзентхана пайдалануға берілді. Ол кезде бұндай қаржы көп таптыра бермейтін.
Ұзекең елге таза ауызсу тартуда көп еңбек сіңірді. Ол уақыттары Арал, Қазалы өңірінде сары ауру көбейген кез еді. Арнайы бағдарламамен жоба-сметалық құжаттары толық істеліп, таза ауызсу тұтынуға да қол жеткіздік. Ауру сап тыйылды. Бұл мәселеде де Ұзақбай ағамыз Үкіметке кіріп, қаржы бөлдіруді сұрағанын көбі біле бермейді.
Иә, айта берсек, аға жайлы ізгі ой да, жақсы естелік те жетеді. Бастысы, ол өз еңбегімен оқуды тауысып, білім мен тәжірибе арқасында басшылық сатыда біртіндеп өрлеп, соның нәтижесін туған өлкесіне жұмсап кеткен ардақты азамат. 25 жыл араласыппын. Сондағы бір байқағаным, кісіге жақсылық жасау – оның нағыз мақсат-мұраты болғаны анық.
Естелігімнің соңында, тағы бір жақсы сөз еске түсті. Кезекті бір сайлау жиналысында елмен кездесіп тұрғанбыз. Сонда Қазалының ардақты азаматы болған Ботабай Рыстығұл ағамыз былай деп еді. «Біреу бар, күндердің күнінде керек, біреу бар, күнде керек. Ұзекең бізге күнде керек, халқым! Бұл сайлауда Ұзақбай Қарамановқа мол сенім бар. Жағдайымызды жасап, тіршілігімізді түзеуге осындай қайыры көп адам керек» дегені бар.
Ұзекең кеткелі 5 жыл өтті. Күнде керек ардақтымыз мәңгі есте қалады. Мына 85 жылдығындағы істеліп жатқан игі істер де соның бір парасы.
Самұрат ИМАНДОСОВ,
«РЗА» АҚ президенті,
«Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<