Екеуін тоғыстырған – бір-біріне ұқсайтын, бірін-бірі қайталайтын, толықтыратын тағдыры. М.Әуезов: «Абайдай данышпанды танып білу үшін оның туып-өскен ортасын, ататек, туысын танып білмей болмайды» деген екен. Атақты Кенен ақынның «екі өркеші түйенің, екі емшегі биенің» дегеніндей қазақ Қалтай мен қырғыз Шыңғыстың шығармашылық байланысының себептері екеуінің тағдырының ұқсастығында жатқандай.
Сонымен екі тұлғаны табыстырған себептер, пәлсапа тілімен айтқанда қажеттіліктен туындаған кездейсоқтықтар қандай? Біздің ойымызша олар төмендегілер: біріншіден, Шыңғыс пен Қалтай – нағыз берекесіз 1928 жылдың желтоқсан айында өмірге келген түйдей құрдас. (Шыңғыс 12 желтоқсан, Қалтай 24 желтоқсан). Осы жылы Шыңғыс Қырғызстанның Киров ауданына қарасты «Шекер» қышлағында, ал Қалтай Сырдария ауданының (бұрынғы Тереңөзек) қазіргі «Шіркейлі» ауылында (бұрынғы «Қызыл жалау») дүниеге келген. Шыңғыстың атын профессор Бисенбай Кенжебаев ағамыз қойған. Ол Мәскеуде И.Сталин атындағы Күншығыс еңбекшілер коммунистік университетінде Төреқұлмен бірге оқыған. Сөйтіп екі дос жұбайлары ұл туса атын Шыңғыс, ал қыз туса Шолпан деп қоюға уәделескен. Профессор Кенжебаевтың ұлының да аты Шыңғыс. Иә, отызыншы жылдардың аштығы, одан кейінгі репрессия –Шыңғыс пен Қалтайдың ана сүтіне жарымай өсуінің басты себебі.
Екіншіден, Шыңғыс та, Қалтай да – 1937 жылғы қуғынға ұшыраған «халық жауларының» перзенттері. Шыңғыстың әкесі Төреқұл Айтматов Қырғызстандағы алғашқы коммунистердің бірі болған. Алаш арыстарының басына төнген нәубет оны да қанды құшағына алып, 1937 жылы репрессияға ұшырап, 1938 жылы жазықсыз атылады. Анасы Нағима Хамзақызы Абдулвалиева – ауқатты, оқыған татар көпесінің қызы. Өте сауатты, жан-жақты, талантты актриса болған. Білімді отбасынан шыққан Шыңғыстың жастайынан өзінің ана тілінен басқа орыс тіліне де жетік, зерек болғаны кейінгі шығармаларына зор әсер еткен. Сондықтан да Шыңғыс шығармалары қырғыз, орыс тілдерінде толассыз өмірге келіп жатты.
Ал Қалағаңның әкесі Мұхамеджан – қыз бен жігіт жұмбақ айтысының негізін қалаған Күдеріқожа Көшекұлының тікелей үшінші ұрпағы. (Күдері-Нарбота-Нүреке). Жастайынан өте алғыр, зерек, құймақұлақ Мұхамеджан (1888-1937 жж.) алдымен әкесінен діни сауатын ашып, сегіз жасында Тапал ахунның (Нұрмағанбет) жолдамасымен Бұхарадағы әйгілі Мир-Араб медресесін үздік бітіреді. Сопылық дәреже алып, елге оралып, халықты сауаттандырады. Табын ағайындардың ішінде, кейінірек 1926-1929 жылдары Жаңақорғандағы Айқожа ишанға салдырған «Ақтас» мешітінің бас имамы болып шәкірттеріне ғылымның әр саласынан дәріс оқиды. Әлихан Байменовтің әкесі, ақындар А.Тоқмағамбетов, Қ.Баймағанбетов, жырау Рахмет Мәзқожаев, Төлеген Дәуітбаев – Мұхамеджан атаның шәкірттері. Сыр сүлейлері Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Керейт Даңмұрын, Сүлеймен ишан, Әмит ишан, Ошақты Бебектің Серікбайы, Нақып, Рахмет жыраулар онымен тығыз шығармашылық, достық қарым-қатынаста болғанын тарихи деректер дәлелдейді.
Кезінде атамыздың Кете Жүсіпке жазған жұмбақ өлеңдерін, әйел мінезі жайлы толғауларын, тағы басқа шығармаларын республикалық «Сырдария» альманағында жариялағанмын.
1932 жылғы аштықтың қыспағына шыдамаған Мұхамеджан ата үлкен ұлы Әбиболла мен Қалиолланы (Қалтай) алып, Шарипа анамызбен Қырғыздың Ош қаласына жақын «Дәргөмір» деген жерден пана табады. Сонда кенже ұлы Қырғызбек (Ибрагим) дүниеге келеді. Өмірдің ауыртпалығынан туындаған осы бір қажеттілік Шыңғыс пен Қалтай тағдырының болашақта табысуының бастамасындай көрінеді маған.
«Кеңестік билікке, оның идеологиясына тікелей қарсы жазылған Мұхамеджан ақынның «Заман-ай» атты саяси мазмұндағы өлеңі «үндеместердің» қолына түсіп, тұтқындалып «халық жауы» ретінде 1937 жылы Шыңғыстың әкесінен бір жыл бұрын жазықсыз атылады. Бірнеше ондаған жылдардан кейін Қалағаңның көп жылғы ізденісі нәтижесінде әкесі ақталады.
«Халық жауының» балалары деген жексұрын аттың азабын көрген Шыңғыс пен Қалтайдың рухани күйзеліске толы күндерін санап жату мүмкін емес. «Қар жауды. Тобанаяқ болып мектепке кешігіп бардым. Мұғалім: – «А, «халық жауының» баласы, неге кешігесің?» деді де, екі қолыма екі кірпіш көтертіп, қабырғаға қаратып сілейтіп тұрғызды да қойды. Жабысқан атымнан үрейленіп, балалар менімен ойнамайтын», – деп өксікке толы өкінішпен өткенін еске алатын, қайран Қал-ағам!
Үшіншіден, Шыңғыс та, Қалтай да әкелерінен ерте айырылып, қанша қиындық көргенмен ананың аяулы құшағында жылынып, еңбекке ерте араласып, ерте есейді. Шыңғыс әкесі атылып кеткеннен кейін анасы Нағимамен нағашы атасы Хамзаның қолында тұрады. Он жасынан еңбекке араласқан ол туған қышлағы «Шекерге» келіп, 1942 жылы 14 жасында ауылдық кеңес хатшысы болады. Орыс тілін жақсы білетін бала ауылдағы майданнан келген хаттарды саралап, ондағы қуанышты хабарларды жеткізуге асығатын. Ал «қара қағаздарды» иесіне тапсырудан қиналып, үлкендермен ақылдасып, отбасына естіртпей кейінге қалдырып отыратынын еске алады.
Дәл осы уақытта Тереңөзектің «Қызыл жалау» колхозында хат тасушы болып жүрген Қалтай аға да осындай күй кешетін-ді. Шыңғыс 8 сыныпты бітіргеннен кейін, Жамбылдың мал дәрігерлік-зоотехникалық техникумының «Ветеринария» бөліміне түсіп, оны ойдағыдай тәмамдап, Фрунзедегі (Бішкек) ауыл шаруашылығы институтында оқиды. «Жетім» деген жегінді атқа жегілген Шыңғыс өз баспанасы болмаған соң, кәдімгі болашақ шығармасы «Ана – Жер-Ананың» бас кейіпкері Толғанай апаның үйінде тұрады. Мамандығы журналистика, әдебиет ауылынан алыстау болса да, мазмұнды, қызықты шағын әңгімелері, ой толғаныс, тебіреністері баспа бетін көре бастайды. Ауыл шаруашылығы институтынан кейін Мәскеудегі М.Горький атындағы институттың Жоғары әдеби курсын аяқтауы әдебиет атты қиындығы мен қуанышы қатар жүретін ұзақ сапарлы соқпаққа түсуінің кепілі болғандай.
Осы кезеңде одақтың ең беделді «Октябрь», «Новый мир» журналдарында әңгімелері, ал кейінгісінде «Жәмилә» повесі жарияланады. Повестің алғысөзін М.Әуезов жазған. 1959 жылы бұл повесть атақты Луи Арагонның тәржімасымен Парижден бір-ақ шығады. Сөйтіп «Шекер» атты Қырғыздың шағын қышлағынан сапарын бастаған шығарма бүкіл әлемді аралап кете барады. Ұлы Мұхтар Әуезов жас Шыңғыстың алғашқы аршынды адымына құтты қадам, талай үлкен жиындарда мақтаныш сезіммен, әкелік мейіріммен сәт сапар тіледі. Оны жан дүниесімен сезінген Шыңғыс кейінгі шетелдік сапарларында «Сіз қайдансыз?» дегендерге: «Менің екі паспортым бар, біреуі – Манас, мен Манастың еліненмін, екіншісі М.Әуезовтің туған жеріненмін» дейді екен. Қалтай ағаға да әкесіндей қамқор болған М.Әуезов сол кезде-ақ қос талант тағдырының болашақта тоғысатынын топшылағандай. Бұл ұлылық емей не? Осы жылдары «Повести гор и степей» повестер жинағы үшін Шыңғыс Айтматов Ленин сыйлығының иегері болды.
«Халық жауының баласы» деген мөрді ерте иемденген Қалтай ағаның да тағдыры Шыңғыс тағдырының көшірмесіндей. Қалағаңның аз сөзімен айтсақ: «…Шешем 1972 жылы 69 жасында қайтыс болды. Олардан қалған 7 баланың төртеуі айдау-сүргінде қаза тапты. Үлкен ағам 1925 жылы туған, Ұлы Отан соғысының мүгедегі. Інім 1934 жылы туған, мұғалім. Өзім ауыл мектебінде оқыдым. Мен бесінші класта оқып жүргенде соғыс басталды. Одан кейінгі оқуда береке болмады. Тиіп-қашып оқып, колхозда қой бағып, почта тасып дегендей тіршілікпен жүріп, соғыс бітісімен оқуға аттандым. 1945-1947 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында, одан Ташкент қаласында А.Островский атындағы театр өнері институтында оқыдым. 1947-1950 жылы Москвадағы А.Луначарский атындағы ГИТИС-ті 1950-1953 жылы бітіріп, театр тарихы мен теориясының маманы болып шықтым. Әдеби сапарым 1950 жылы М.Горькийдің «Мещандар» драмасын аударудан басталды. Шамасы еңбегім ескерілген болу керек, 1971 жылы «Құрмет белгісі», 1978 жылы «Халықтар достығы» орденімен марапатталып, 1992 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Халық жазушысы» деген атақ берілді.
Қазір «Түркістан» атты халықаралық газеттің бас редакторымын. Бір қатыным, екі балам, үш немерем бар. Осы байлыққа шүкіршілік етіп отырған жағдай ғой» деп қысқаша қайырыпты.
Иә, қақтығыспен қалыптасқан қайсар тұлға Қалағаңның да «халық жауының баласы» деген атағының салдарынан оқуын Қызылордадан бастап, одан Ташкент, Мәскеудің А.Луначарский атындағы ГИТИС-ті аяқтауында көп сыр жатыр. Жоғары білімді диплом алу үшін Қалағаң 9 жыл оқыпты? Бірақ әрбір жамандықтың аржағында жақсылықтың жасырынып жататыны – философияның бұлжымас заңы. Шыңғыс ағаның да әдебиет әлеміне Мәскеу арқылы шығуы қос тұлға тағдырының толассыз сәйкестігінің бір көрінісіндей.
Шыңғыс пен Қалағаңның шығармашылық байланысы «Көктөбедегі кездесуге» (1972 ж.) дейін-ақ басталған. 1964 жылғы Қалағаңның аудармасымен қазақ сахнасына жол тартқан «Ана – Жер-Ана» («Құс жолы» повесі бойынша) драмасы қазақ өнер қайраткерлерінің бақытын жандырды. Драманы сахналаған Әзірбайжан Мәмбетов, Толғанай рөлін сомдаған Сәбира Майқанова, Ыдырыс Ноғайбаев, т.б. жоғары мемлекеттік сыйлықтармен марапатталғаны «Ана – Жер-Ана» драмасының көркемдік деңгейін төмендетпей көрерменге жеткізген Қалтай ағаның аудармашылық шеберлігін көрсетсе керек. Шыңғыс ағаның «Атадан қалған тұяқ», «Ақ кеме», т.б. шығармалары да Қалағаң аудармасымен бізге жеткені белгілі. Жалпы әлемдік әдебиет классиктерінің Қалекең аударған шығармаларының жалпы көлемі 20 томнан асады екен. Соған қарағанда әлем әдебиетінің жауһарларынан сусындаған қазақ оқырмандарының санын қазір айту мүмкін емес-ау!
Төртіншіден, екеуі де шығармашылығын өткен ғасырдың 50-жылдарында бастап, әдебиет пен драма жанрына қатар қадам басты. Екеуі де ұлы Мұхтар Әуезовтің ақ батасын алған. Соның нәтижесі болар, «Бөлтірік бөрік астында» атты комедиясы арқылы Қалағаң әуелі республика, кейіннен Одақ көлеміне (1959 ж) танылды. «Жәмилә» повесі арқылы прозашы Шыңғыс әуелі Одақ көлеміне, кейін дүние жүзіне танылды. Екеуінің де шығармашылық географиясының қарыштап кеңеюі бір жылға сәйкес келеді. Шығармашылық байланыстың ең биік шыңы – таланттардың «Көктөбедегі кездесуі» (драма, 1972 ж). Қалған уақыттағы өмірі бір-біріне Көктөбедегідей шынайылықпен, адал достықпен өткені көпке мәлім.
«Бұл пьесаның өмірге қалай келгенін Шыңғыс аға өзінің «Менің Қалтай досым» деген мақаласында мейлінше қысқа әрі нақты әңгімелеген. «Қалтай пьесаның алғашқы қазақша нұсқасын жазды, ал мен оны орысшаға аудардым» дей келіп, драма жанрындағы Қалағаңның талантын жоғары бағалайды. 1972 жылы КСРО-ның 50 жылдығына орай Мәскеудің «Современник» театрында қойылған бұл пьеса бүкіл әлемді аралап, тек 3 жылдан кейін ғана (1975 ж.) М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанды.
Ал оның мәтіні 1978 жылы Қалағаңның таңдамалы екі томдығында ғана алғаш жарияланды. Айтматов жинақтарына енбеуінің себептері 1988 жылы, яғни, пьесаның 16 жылдығы кезінде ғана белгілі болды. Ленинградтан шығатын «Аврора» журналының №8 санындағы Юрий Медведевтің «Пьесаның жаңа ғұмыры» деген мақаласы көп сырдың бетін ашты. Иә, оны тәптіштеп баяндау бізді ұзынсонар соқпаққа жетелеп кетер. Осымен тоқтайық. Бірақ бір шындық, екеуі де – кеңестік дәуірдегі әттегенайларды ойлы оқырманға жіңішкертіп, ар жағын «ішің білсін» деп ой тастап, тамаша шеберлікпен жеткізген тума талант, дарын иелері.
Бесіншіден, Шыңғыстың да, Қалтайдың да шығармаларының бірін-бірін тартатын магниті – оқиғалардың барлығы дерлік ауылы аралас, қойы қоралас көрші тұрған, тағдырлас қазақ-қырғыз жерінде өтетіні. Шыңғыс шығармаларының жетпіс пайыздан астамы қазақ жерінен бастау алатын оқиғалармен сабақтас. Мысал ретінде Шыңғыстың алғашқы романы «Боранды бекет» (1980 ж), «Жан пиданы» (1988 ж) алсақ та жеткілікті. «Боранды бекет» романының жазылу тарихы, оның сюжетіне түрткі болған жайды экономика ғылымдарының докторы, академик Бақберген Досманбетов Шыңғыс Айтматов Люксембургте елші кездегі кездесулерде өзара әңгімелері арқылы жақсы жеткізіпті. Жетпісінші жылдары пойызбен Шыңғыс Мәскеу жақтан келе жатқанда, Қазалы стансасынан отырған қырғызға ұқсас қазақ бейтаныс шалдың әңгімесін негізге алып, «Боранды бекет» повесін жазған. Б.Досманбетов «Сүйем сені, Сыр елі» атты өмірбаяндық деректі кітабында Шыңғыс ағаның сөзін былайша баяндайды: «Міне, сол шал Төретамға дейін 1,5 сағат ішінде «Боранды бекет» романының жалпы желісін айтып берді. Ал мәңгүрт туралы аңызды Қырғызстанда жүріп естідім. Қара Нар да сол шалдыкі, боранды бекет те, жолшыны айналдырған түлкі де, Найман ана бейіті де – шалдың дерегі. Егер ғайыптан кездескен қария «Диірментөбенің» адамы болса, «Боранды бекетті» менің ауылым деп иемдене беруіңе болады».
Иә, көріп отырғанымыздай, Шыңғыс ағаның әлем халқының көптеген тілдеріне аударылған қазақ жерінде болған оқиғаларды баяндайтын екі романы арқылы қазақ халқының тағдыры, тәжірибе полигонына айналған ұлан-байтақ жерінің, ауасының экологиялық бұзылуы, ұрпақтан ұрпаққа кететін жазылмас зардабын меңзейді. Оны қазір сезініп жатқанымыз да – бұлжымас шындық. Осы шығармалары арқылы ұлы жазушы қазақ елінің қасіретіне бүкіл әлемнің назарын шебер аудара білген.
Шыңғыс Айтматов Қызылордада бірнеше рет болып, Қалтайдың анасы Шәрипа әженің батасын алды. Қалекеңнің туысы Аралбай Махамбетов ағамен де достасып кетеді. 1973 жылы оның науқасына дауа іздеп, Қырғызстанның Тоқмақ ауданында тұратын шөппен емдейтін емшіге ертіп барады. Ұлы тұлғалардың шығармашылық байланыстарының туыстық деңгейге көтеріле бастаған кезі болатын ол уақыт.
Айта кету керек, екі арыстың да ерен шығармашылық еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол – тарихтың туралығы. Жүректері соғып тұрғанда екеуі де жоғары деңгейдегі лауазымдар мен марапаттардан кенде болмады. Қалағаң оларды қысқаша өмірбаянында айтқанын атап өттік. Ал Шыңғыс аға туралы оның үш мәрте Мемлекеттік сыйлықтың, Лениндік сыйлықтың лауреаты болғанын, Социалистік Еңбек ері екендігін айтсақ та жеткілікті.
Мәскеуде өмірден озған ұлы Мұхтардан кейін 40 жыл өткенде, (2001 ж.) әкесіндей болған ұлы жазушының өмірден озған қаласында Қалағаң да бұл пәни дүниемен қоштасты. Оны бақилық сапарға шығарып салуға арналған Алматы қаласы жұртшылығының қаралы жиынында (11 мамыр 2001 ж.) Шыңғыс ағамыз: «Дооробуздун ойдотөме жолуында берге журген, не деген узөнгуләш досымдан, 20-ғасырдың экинчи жарымын түголдөй дегенде адабиятта бирге жол құрап келген калемдеш сапарлаш шеригимнен айрылдым» деп тебіреніп, көз жасына ерік берген сәтінің куәсі болдым. Ал жеті жылдан кейін Германияның Нюрнберг қаласында (10 маусым 2008 ж.) адамзаттың Айтматовы да Алланың құзырына соңғы демін тапсырды. Қарап отырсаңыз, ұлылардың біразы туған топырағынан жат жерде бұл дүниемен мәңгілікке қоштасады екен. Мүмкін бұл олардың кіндік қаны тамған жерімен қоштасуға қиналатынынан болар, әлде ұлыларды кейінгілердің ұлықтай беруі керектігіне меңзейтін Алланың аяны ма? Кім білген?
Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің профессоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<