Қасиетті де киелі Сыр жерінің ұлы перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, зиялы ғалым, инженер, академик, дарынды құрылысшы және сәулетші Ұзақбай Қараманұлы Қараманов арамызда болса 85 жаста болар еді.
Ұзақбай Қараманұлы өзінің табандылығы, адалдығы, білімдарлығы мен біліктілігінің арқасында ұлтының ардақты тұлғасына айналған ол Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Премьер-министрі болды.
Қиын да, сындарлы шақта, Кеңестер одағының құлдыраған экономикасының себеп-салдарларын жою үшін аянбай еңбек етті. Жоғары ұйымдастырушылық қасиет, болашақты болжай алатын қайраткерлік танытты. Осылай, тікелей Ұзекеңнің қолдауымен Қазақстан Ұлттық Инженерлік академиясы құрылды.
Іскер құрылысшы және сәулетші Ұзақбай Қараманұлы – Қазақстан құрылысшылар одағын құрып, оның да негізін қалады. Астана мен Алматы секілді алып қалаларда салынған теңдесі жоқ ғимараттардың авторы ретінде, Ұзекеңнің тарихта аты қалды. М.Әуезов атындағы драма театры, Көктөбедегі телерадио кешені, Медеу шатқалындағы тасқыннан қорғайтын бөгет, «Қазақстан» қонақүйі және қазіргі Достық даңғылы мен Назарбаев көшесінің аумағындағы іргелі ғимараттарды салуда Ұзақбай Қараманұлының қолтаңбасы айқын көрініп тұр.
Арал трагедиясы – Ұзақбай Қараманұлы үшін өз трагедиясындай көрінді. Өйткені, ол туған елінің нағыз патриоты және жанашыры еді. Трагедияның зардаптарын әлемдік қауымдастыққа жеткізді.
Қандай қызметте болмасын, ол Арал проблемасын көтерді. Мәжіліс депутаты кезінде Үкімет алдына депутаттық сауал жолдап, Ұлы теңіздің жоқтаушысы болды. Осындай еңбектері, Қазақстан Республикасындағы қоршаған ортаны қорғаудағы белсенді қызметі үшін Еуропаның «Алтын глобус» жүлдесімен марапатталды.
Есімі естен кетпес ағамыз, мемлекеттік және қоғамдық істермен қатар, ғылымнан да қол үзбеді, әлемдік деңгейдегі ғалым дәрежесіне көтерілді.
Техника ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының академигі, Халықаралық Инженерлік Академиясының академигі атанды.
Ұзақбай Қараманұлының ел игілігі үшін атқарған еңбегі жоғары мемлекеттік марапаттармен бағаланды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасының Президентінің Алғыс хаттарымен, орден және медальдармен, «Халықаралық Аралды құтқару қорына 20 жыл» Алғыс хатымен марапатталған.
Қызылорда қаласында Ұзақбай Қараманұлы атындағы көшенің ресми ашылу салтанаты, өткізілген республикалық ғылыми конференция айтулы тұлғаның еңбегін ұлықтаудың бастауы ғана деп білемін. Себебі, Ұзақбай Қараманұлының ғылым және мемлекеттік мүдде жолындағы істері қашанда жастарға үлгі, ұрпаққа өнеге.
Тағдыр маған осындай Ел азаматы, дара тұлғамен қатар жүруді, бірге қызмет істеуді жазыпты. Өйткені, Қазақстан Ұлттық Инженерлік Академиясын құрушылардың бірі ретінде өткізген талай кездесулеріміз, білім мен ғылым, оның ішінде инженерлік саланың дамуы туралы кеңестері мен әңгімелеріміз, ой бөлісулеріміз көзден де, көңілден де кетпейді.
Осындай ой сарабына түрткі болған парасатты перзентіне деген Сыр елінің құрметі шын мәнінде көңіл толқытып, жүрек жылытады.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҰҒА академигі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<