Ол заманды біреулер аңсайды, өзгелер қолдамайды. Екеуі де өзінше дұрыс шығар. Бірақ, сулы, нулы Сыр бойының елі мен жұртына көрсеткен оң ықпалын ешкім жоққа шығара алмасы да анық. Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысы осы аймақ ауыл жағдайына, соның ішінде су шаруашылығы үшін маңызы мен мәні өте жоғары істерге толы болғаны рас. Мелиорацияның арқасында туған өлке түледі, адам танымастай өзгерді, күріш өндіру орталығына айналды. Суармалы алқапты тұрғызған құрылысшылар құрметке бөленді. Егіншілер күрішті өсіруде бұрын-соңды болмаған биік нәтижеге жетті.
Алдына шығып, өрлеген бірегейлері марапат шыңына көтеріліп, Еңбек Ері атағына иелік етті. Аудандар мен ауылдар арасын жалғаған тас жолдар салынды. Егіншілер су жаңа үйге қоныстанды. Су саласы мамандарының абыройы артты. Олардың алдыңғы қатарында Ержігіт Бозғұлов, Сабыр Арыстанбаев, Айқынбай Дүйсеков, Елтай Құтыбаев, Елтай Тыныштықбаев, Әлімбет Жаббарханов, Мәделхан Нәлібаев, Жанайбек Сақтағанов, Тыныштықбай Сырғабаев, Әскербек Мақұлбеков, Кенжебек Ерімбетов, Виктор Морозов, Палмағамбет Әжімбетов, Иранбек Тілеулиев, Жақсылық Байділдаев, Исатай Алдабергенов, Төрехан Қарлыханов, Әбдіманап Құтжанов, Камал Құлымбетов, Сламхан Досболов болды.
Сол кезең аймақтың экономикалық-әлеуметтік ахуалы үшін нағыз тиімді, барынша қолайлы болғаны азаматтар есінде. Дария суы адам күнкөрісіне бұрылды, өзенге тас бөгет салынды. Байтақ жер тегістеліп, егінге су төгер каналдар қазылды. Күрмегі жоқ күріштен мол өнім алынды. Егіншілер табысқа кенелді, бақуат тұра бастады.
Мал шаруашылығы да оңды өзгерістен тыс қалған жоқ. Төрт аяқтының қоңын бітік өскен жоңышқа қалыңдатты. Сүт пен ет көбейді. Ең бастысы, ауыл еңсесін көтерді, қанатын кең жайды, мамандар тұрақтап шоғырланды, орталық қалаларда білім алған жастар туған жеріне қайта оралды. Ұшан-теңіз қаражат ел, ауыл игілігіне жұмсалды.
Осы жауапты да қайырымы мол сан түрлі істердің басы-қасында өз қарекетін ысырып қойып, уақытпен санаспай, жоғарыда аттары аталған тұлғалы азаматтар тек туған жерді түлетуді мақсат етті. Олар өмірін болмыстың басты ісіне – жерді күту мен суды оңды реттеуге солайымен арнапты.
Осы алып мұрабтардың арқасында Сыр бойының елі еңсесін тік көтерді. Бұрындары күріш егісі 25 мың гектардан аспайтын болса, ол 85-90 мың гектарға жетті. Даму дәуірі тіпті бөлек күрішті баптау мен күту мәдениеті жаңа биік деңгейге жоғарылады. Тың тәжірибені қызықтап, үлгі тұтқан өзге ел, басқа аймақ күрішшілері мен мамандары жуықтап, үйренетіндей жағдай жасалды. Осының арқасында көп айтылатын ауылды қалаға жақындату мақсаты өңірде өзінің лайықты шешімін тапты.
Өткен ғасырдың 1950-1980 жылдарында жүргізілген суармалы алқаптарды салу жұмыстары, шамасы, бұрыннан үйреншікті атакәсібімізді жаңғыртып, оған тың, күрделі қарқын бұйыртыпты. Туған табиғаттың ұйғарымы осындай болған шығар. Бұл Сыр бойының маңдайына жазылған өзгермес тағдыры да болар. Ұлы табиғаттың берген өзені мен аймақ ауасының ыстығы, екпе дақылдың баршасы тек қолдап ылғалдау арқылы өсуі, Сыр бойын мықты ерекшелеп, оған өз алдына мол сый тартыпты. Осы өлкедегі жер мен су байлығын бабалар ұрпағына аманаттапты. Сол қасиетті тапсырманы ағаларымыз өткен ғасырда асқан жауапкершілікпен іске асырып, соңына аймақ азаматтарының несібесін еселейтін суармалы алқаптарды қалдырыпты.
Туған аймақты түрлендіріп, ел несібесін ұлғайтуды көздеген, арқалы істерді жанкештілікпен атқарған, жоғарыда есімдері аталған тұлғалы азаматтар марапат туралы ойлаған жоқ. Тек өңір алдындағы перзенттік парызын ғана көздеді. Ендеше, бәрін айт та, бірін айт дегендей, аға ұрпақ өнегелі істерін көріп, үлгі-тағылым алған біздің парызымыз – сол асыл азаматтардың есімдерін кейінгі ұрпаққа жеткізіп ұлықтау, аймақ тарихында алатын биік орындарын белгілеу, нақтылау. Бұл – дүниеден өткен ағалар алдындағы біздің қасиетті борышымыз бен міндетіміз. Зор еңбекті жоғары бағалау арқылы келер ұрпаққа тәрбиелі жалғастық көпірін орнату, сөйтіп алғашқылардың қасиетті үлгісі мен өнегесін мәңгілікке көтеру.
Сол үркердей жұлдызды топтың ішінде Мәделхан Нәлібаев ағаның орны мен жөні айрықша көрінеді бізге. Осы тұста Мәделхан ағаның өңір тарихы алдында жасаған ерлігін айтпасқа, жұртқа кеңінен паш етпеске біздің әддіміз жоқ. Осы ағайымызды ерекшелейтін, алыстан байқалып, көзге ұратын, өз өңіріміз түгілі бүкіл елімізде бұрын-соңды кезікпеген тамаша құбылысқа себепкер болып, замандастары мен болашақ алдында ол кісіні даралайтын жоғары қасиеті жұртты таңғалдырмай қоймаса керек. Ешкім сұрамаса да, жоғары жақ тапсырма бермесе де, осы азамат өз жүрегінің қалауымен, ел мен жұрт алдындағы зор жауапкершілікті терең ұғынып, ешбір жанның ойына келмеген тың мақсатқа бой ұрыпты, су шаруашылығы музейін жасауды басты мақсат етіпті. Ағамыз зейнетке шыққасын осы игілікті су шаруашылығы саласының тарихи ісіне өзінің 25 жыл өмірін арнапты. Не деген өз саласына, өз мамандығына солайымен берілгендік пен адалдық?! Болашақта осы салаға өмірін арнайтын жеткіншектерге көрсеткен қасиетті өнеге мен аманат.
Аймақ су шаруашылығы алаңының бас кіреберісі іспеттес «Қызылорда» су торабының алдында орналасқан сәулетті ғимаратта музей есігін айқара ашқанына да жиырма жылдан асты. Содан бергі уақытта оған көптеген тұлғалы азаматтар ат басын тіреп, өздерінің салмақты, маңызды, құнды лебіздерін бас кітапқа түсіріп те үлгеріпті. Уақыт өз дегенін істейді дегендей, Мәделхан аға отбасының келісуімен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті басшылығының қолдауымен, өңірге, елге белгілі азамат, Еңбек Ері Абзал Ералиевтің тікелей көмегі арқасында сол музей жаңа қонысқа орналасты. «Тоғыз жол торабы» демекші, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 5-оқу ғимаратының төрінен орын алды. Енді күре жолдың үстінде орналасқан осы музейге оқып жатқан мыңдаған студенттермен қатар, әрлі-берлі өтіп жатқан қала, аудан тұрғындарының, өңір орталығына өзге аймақтардан келген меймандардың жиі ат басын тіреуі уақыт еншісінде.
Осы өзгеріс құт болып келген сияқты. Барша экспонаттар зәулім залға орнығыпты. Осыдан түрлі жәдігерлердің бір-бірімен байланысы және ұйқасымы күшейіп, мықты жарасым тауыпты. Музейдің көзге түсер ерекшелігі – осы өңір үшін суармалы егіншіліктің мағынасын көрерменге тайға таңба басқандай айқын ұғындыруында. Өңір ауылдарының көктеп-көгеруіне бір ғасырдан бергі уақыттағы осы салаға маңдай терін аямай төгіп, аттары алтын әріппен жазылған су шаруашылығының майталман мамандарының тарихын мол зерделікпен ұрпақ санасына ұсынуында.
Жасыратыны жоқ, музейдің ордалы қоныстан жай табуы – өңір жұртшылығы, оның ішінде сушылар қауымы үшін айтулы құбылыс, мереке. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, осы той үстінде түйткілді ойымыз бен арманымызды айтып қалған орынсыз емес шығар. Мәделхан аға жеке кездесулерде «сендер қандай маман дайындап жатсыңдар, осы? Олар су шаруашылығы мәселесін толық шешуге дайын ба?» деуші еді көңілі толмағандай біртүрлі. Біз де намысқа тырысып, «иә, дәл солай!» деп жауап қайырушы едік. Сөйтсек, асыл аға бір нәрсені сезеді екен-ау! Ендеше, сол күмән бүгін расталды. Қазір өңір шаруашылықтарында жоғары білікті су мамандары жоқтың қасы.
Табиғат заңдылығына орай материалдық қордың шектеулігі белгілі. Сондықтан қазір өңірдің басты экономикалық, әлеуметтік негізі болып келе жатқан қазба байлығымыз жылдар өткен сайын азаяды, кім білген, мүмкін, өкінішке қарай, сарқылар да. Қазірдің өзінде осының шет жағасы сезіле бастады. Азаймайтын, кемімейтін, таусылмайтын, өшпейтін несібеміз, байлығымыз да бар. Ол – жер мен суымыз. Ол – ұлы Сырдариямыз.
Бүгін ауыл жағдайы кешегіден бәсеңдегені шындық. «Ауыл – елдің бесігі» деген рас болса, ертеңгі күні суармалы алқаптар бұрынғыдай кемелденіп, гүлденуі тиіс. Олар өңірді, елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуді нығайтып, ауылдың көркеюіне, гүлденуіне негіз болуы міндетті. Олай болса аймақ ауылдарын өткен ғасыр аяғындағы деңгейде жоғары білікті су мамандарымен қамтамасыз ету – қазіргілердің қасиетті парызы.
Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарына көз жүгіртер болсақ, сол кезде Жамбыл қаласынан жыл сайын 300-ге жуық жоғары білікті су маманы институт бітіретін. Солардың басым көпшілігі Қызылорда облысына жұмысқа жегілетін. Олар суармалы алқаптарға, адамның тұтынуына қажет дақылдардың молынан өсуіне бар ынтасы мен күш-жігерін, жас қайратын, білімі мен білігін аянбай ортаға сала білді. Сөйтіп, туған жер алдындағы парызын өтеп, ел құрметіне бөленді. Екі жүзге жуық ірі шаруашылықтың әрқайсысында төрт-бестен, кемінде екі-үштен су маманы болатын. Олар аз дегенде екі жарым, үш мың гектар суармалы алқаптың жай-күйін жоғары кәсіби деңгейде қадағалап, бақылап, мол суды ыждағаттылықпен тиімді пайдалануды іске асырып, дақылдарға қажетті мөлшерде ылғал беруді ұтымды ұйымдастырушы еді. «Қызылордасушар» мекемесі мәліметі бойынша, облыс көлеміндегі 500-ге жуық ірілі-уақты шаруашылықта бүгін небәрі 30-ға жуық қана су маманы қалыпты. Шындығына келер болсақ, бұл жоқпен пара-пар.
«Ауруын жасырған өледі» деген рас болса, біз қазір осы күрмеулі мәселені өңір жұртшылығы алдына шығарып, жанайқайымызды жеткіземіз. «Бұлар несіне шулап жатыр?» деушілерге айтарымыз, қазір университетте жыл сайын 15-20 ғана су шаруашылығы маманы оқу бітіруде. Олардың басым көпшілігі – қыз балалар. Оған қоса, олардың барлығы дерлік осы мамандықты жүрек қалауымен таңдағандар емес. Грант алуға ниет білдіргенде мамандықты үшінші немесе төртінші кезекте белгілегендер. Олай болса, бұларды өңір шаруашылығына барып, аяғына етік киіп, топырақ кешіп, шаң жұтып, егін аралайды деп ойлаудың өзі артық.
Бүгінгі күннің су маманы қай кезде болса да, «осы атқарып жатқан істерімді қасымда жоқ аға ұрпақ қолдар ма еді, жоқ па?» деп ойлануы тиіс. Амал жоқ, көңіл күпті. Өйткені, қазір су шаруашылығындағы түйткілді мәселелер жеткілікті. Бір-екі жылдан бері баршамыз «Сырдария суы азайып кетті» деп жар салудамыз. Өте орынды! Сырдария суы өткендегідей шалқып ағады деуге сенім аз, әрине. Өйткені, көнсек те, көнбесек те ғаламдағы тұщы су қоры азаймаса, көбеймейді.
Біреулер әлеуметтік желіде «үстімізден ұшақтарын ұшқызбайық, теміржолмен пойыздарын өткізбейік, тас жолдағы көліктерін бөгейік, сөйтіп дарияның жоғары жағында орналасқан елдерді Сырдария суын көбейтуге мәжбүрлейік» дейді. Біздіңше, бұл – оң бағыт емес. Оның түбегейлі дұрыс жолы – ол өзен бойында орналасқан төрт ел президенттері бас қосып, тікелей көзбе-көз сөйлесіп, пікірлессе, күрделі түйін шешімін табады деп ойлаймыз.
Ендігі мәселе сол қолда бар су қорын барынша тиімді пайдалануға тіреледі. Олай болса, Сырдарияның суы тартылып барады деген әділ де, сол алаңдаушылыққа қоса, суды дұрыс та тиімді пайдаланудың жолы мен әдісін білетін су мамандары шаруашылықтардан күндіз шам жағып іздегенмен табылмайтынын неге қатар айтпасқа? Сөз жоқ, біздің облыс жағдайында осы екеуі – егіз қойылатын мәселе!
Ертең Сырдарияда су көбейді делік! Сол мол суды төкпей-шашпай, инженерлік жүйенің көптеген бөліктерін техникалық ережелерге сәйкес ұтымды пайдалануын ұйымдастырып, егіншілерге оң ақыл-кеңес беретін білікті су маманы жоқ болса не істейміз? Елуінші жылдары әрбір гектар күріш егісіне 50-60 мың текше метр су берілген екен. Аталған жағдай тарихтан белгілі. Бұл – орасан мол шығын! Осы жағдайға қайта келу қаупі алдымызда айқын тұр. Сонда өңірдің бас қазынасы – суармалы алқаптарды қолымызға ұстатып кеткен ағалар аруағына не демекшіміз? Бүйте берсек, қазір қызмет атқарып жатқан «Қызылордасушар» басшысы енді он шақты жылда зейнетке шығарда орнына қояр маман таба алмай қалуымыз әбден мүмкін.
Ауыл келешегі ауыл азаматтарын қатты толғандырады, әрине. Елді мекен басшысы жатса да, тұрса да осы ойдан сірә құтыла алмас. Оқу бітірген су маманы ауылға бармайтынын ескерттік. Өз білімімен мемлекеттік грант жеңіп алған, Қызылордада осы мамандыққа иелік еткен қыз бала, Алматыда су шаруашылығы маманы атанған түлектер ауылға бармайтынына көзіміз әбден жеткен. Сонда тығырықтан шығу жолы бар ма? Әрине, бар! Мұның жолы – тәрбиеде, ұлы қазақы тәрбиеде! Ауыл жеткіншектеріне отансүйгіштік алдымен туған ауылыңды сүюден басталатынын санасына о бастан құю, жеткізу, түсіндіруде! Ауыл мен шаруашылық басшысы ақсақалдармен бірге мектеп оқушыларымен пікірлессе, оларға шаруашылыққа су маманының ауадай қажеттігін, бабалар тілеуімен, аға ұрпақ күшімен салынған суармалы алқап тек су мамандарының ерлікке пара-пар еңбегі арқасында ауылды мәңгілік асырайтын аса құнды қазынаға айналатынын ұғындырса, саналы, білімді, өнегелі жеткіншек ойланады. Ойланбай қайда барады? Өйткені, өз ауылын өз қолымен көгертуден, туған жерін өз білімімен биікке көтеруден артық азамат үшін құнды мәртебе болған емес. Егер сол жеткіншек Мәделхан аға жасап кеткен, өңірде, тіпті елде, теңдесі жоқ музейді көрсе, өзінің емес, өзгенің қамын ойлаған мұрабтар қалдырған игілікті істерге арналған, өңір ауыл шаруашылығына бұрын-соңды болмаған ықпал жасаған су мамандарының еңселі еңбектерімен танысса, онда сол жеткіншектің өмірін аймақтың шешуші мамандығына арнайтынына күмән қалмас.
Бүгін суармалы жердің мәні анау айтқандай жоғары емес. Өзге аймақтар сияқты біздің өңірде де біршама уақыт болды, жер қыртысы қазба байлығы тұрғындардың бас күнкөрісіне айналған. Суармалы егіс кейінге ысырылды. Бұл дұрыс та болуы мүмкін. Әр заманның өзіне лайықты бас кәсібі болады дегендей. Бірақ, бір нәрсе әсте анық! Өткен ғасырда аса көрегендікпен аға ұрпақ өкілдері салып берген суармалы алқаптар ертең-ақ күш алып, қайрат жинап, болашақ алдында мол жауапкершілік көрсеткен су мамандары ықпалымен, дүниеден өткенмен, қасиетті істері осы музейде жарқырап көзге басылып жатқан аға ұрпақ істерінен нәр алған, туған жерінің қайта түлеуін қалаған тәрбиелі, білімді, өнегелі жастардың қажырлы еңбегі арқылы мәңгілікке бет түзейді!
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы,
«Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<