Тау алыстаған сайын биіктейді

457

0

Қазақ халқының «Тау алыстаған сайын биіктейді» деген нақыл сөзі тектен-текке айтылмаса керек-ті. Жарық дүние есігін ашқан әрбір перзент үшін әкеден асқан асқар тау жоқ. Сол таудың алыстап бара жатқанына жыл толды.

Әкем Қадырбек Боранбайұлы саналы ғұмырында үнемі елдің жағдайын ойлап, халықтың мұң-мұқтажын шешуге барынша атсалысты. Барлық іске үлкен жауапкершілікпен қарап, адалдық жолымен аянбай еңбек етті. Әкеміздің жанашырлығымен жасалған істер бүгінде ел аузында, туған ауылымыз Қызылорда қаласына қарасты Жақыпбек Маханбетов атындағы елді мекеннің тыныс-тіршілігінде көзге түседі.

Тағдырдың қатал сынынан соң үйдің үлкен баласы болу жауапкершілігі  ауысты. Әкем бізге кейде өткен өмірі, түйгені жайында айтатын еді.

Атамыз Боранбай мен әжеміз Бәкен соғысқа дейінгі жылдары бас қосқан. Отбасында алдымен қыз бала дүниеге келеді. Одан кейін атамыз сұрапыл соғысқа аттанып, Сталинград майданынан екінші топ мүгедегі болып елге оралады. Туған топыраққа қайта қадам басқаннан кейін әжеміз екеуі жергілікті қамыс зауытында еңбек еткен. 1951 жылы жарық дүние есігін ашқан әкеме Қадырбек деген есім берген екен. Қазыналы қариялардың перзентінің өмір жолында еліне елеулі, халқына қадірлі азамат болсын деген ізгі ниеті болған шығар.

Ата-ана тілегі қабыл болды. Қандай қызметінде де әкем елмен етене араласып, сан алуан түйткілдің тарқатылуына хал-қадірінше қызмет етті. Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы целлюлоза-картон зауытында қарапайым жұмысшы болып бастаған ол Отан алдындағы әскери борышын Моңғолия елінде қорғап келді. Көп ұзамай Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне сырттай оқуға түсіп, мықты ғалымдардың дәрісін тыңдады. Ата-анасының сырқат болуына байланысты күндізгі оқу бөлімін таңдай алған жоқ.

– Жоғары оқу орнын үздік бітіріп елге келдім. Жергілікті басшылар ауылдық клуб меңгерушісі қызметін ұсынды. Осылайша қым-қуыт тіршілік басталып кетті. Ауылдың мәдени өмірінің жандануына уақытпен санаспай еңбек еттік. Қаншама өнер шарасының өтуіне атсалысып, ел арасында жүрген талантты жандардың танылуына үлесімді қостым. Бұл бір естен кетпес елеулі жылдар еді ғой, – дейтін әкем өткен шаққа ойша оралып.

1973 жылы анам Бибажар Әнуарбекқызы Раймбаевамен шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірдің уығын қадады. Бұл кезеңде әкем есепшілік қызметте жүрген кезі екен. 1976 жылы қазіргі №143 орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі қызметіне ауысып, жас ұрпаққа сапалы білім беру ісіне келді. Оған қосымша комсомол ұйымының хатшысы міндетін атқарып жүрді. Өзінің жанына жақын мамандыққа оралғаннан кейін бұл салада жемісті еңбек етті. Жас өрендермен жұмыс жасау, оқушы үлгеріміне қарау, сыныппен жұмыс жүргізу секілді жауапкершілігі мол міндетке адалдық танытты. Ол шақ еңбек жолындағы елеулі кезеңнің біріне айналды. 

Қай істе де белсенділігімен көзге түскен жас маманға партия басшылары үлкен сенім артты. Жасаған істері жоғары бағаланды. Бірнеше жауапты қызметтерге шақырылды. Насихат жұмыстарын атқаруға тартылды.

1984 жылы әкем сол кезде Киров совхозы деп аталатын ауылымыздың кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланған.

– Жұмысшыларға ең алдымен сенім мен қамқорлық керек дер едім. Күнделікті іс оңға баспаған соң да адамның кежегесі кері тартады. Осындайда жұмысшының психологиясын білу керек. Оларға ең алдымен не қажет? Шаруашылық басшылары кәсіподақ тарапынан қабылданып, қолданып жүрген заңды, қаулы-қарарларды біле бермейді. Оларды кінәлауға болмайды, бірақ айтып, түсіндіру керек. Кәсіподақ ұйымы әкімшілік пен халықты біріктіретіндей дәнекер болуға тиіс. Түсінісіп жұмыс істеу керек, – деп еске алатын өзінің кәсіподақтағы өмір жолын.

Әкем Сырдария ауданы экономикасын көтеруге атсалысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан елдің дамуы жолындағы жаңа қадамдарды халыққа түсіндіріп, мемлекетіміздің еңсе тіктеуіне өзіндік үлес қосты. Ағайынның ауызбірлігін сақтауға ұйытқы болды.

Сол бір жылдардағы елдің жағдайы жөнінде айтқанда әкемнің ауыр күрсінісімен қатар жарқын болашаққа деген сенімін байқайтынмын. Ой бөліскен осындай сәттерде тәуелсіздіктің бастапқы кезеңі өте ауыр болғанын жасырмайтын.

– Тоқсаныншы жылдардан қоғам түбегейлі өзгере бастады. Еліміздің егемендік алғаны халықтың басты қуанышы болды. Халқымыз оның тұғырын берік ұстауға талпынып, сол жолда ауызбірлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Алдымызда үлкен-үлкен асулар, биік мақсаттар тұрды. Алайда қай жаққа бет түзерімізді алғашқыда білмедік. Қандай жолмен жүрсек елдің болашағы жарқын болады, жол қалай, жоспар қандай? Елдің көңілінде жүрген сан сауал осыған саятын. Қоғам талабымен осы бір кезеңде әкімдік қызмет өмірімізге ене бастады. Мен алғаш әкімдік жүйеде ауыл әкімі мен совхоз директорлығын қатар алып жүрдім. Осылайша өтпелі кезеңде халықпен бірге қызмет жасадым. Шаруада да, жалпы қоғамда да қиыншылықтар көп болды, аумалы-төкпелі заман, жұмыссыздық жайлаған, тоқырау кезең. Елдің еңсесі түспеуі, мемлекеттің тәуелсіз ел ретінде бойын тіктеуі өте маңызды еді, – деп еске алатын.

Тоқсаныншы жылдардың ортасына таман шаруашылықтардың барлығы нарық заңдылығына бейімделе бастады. Ауылдағы ағайын акционерлік қоғамды басқаруға әкеме қолқа салды. Ойлана келе әкімдік қызметтегі еңбек жолын жалғастыруға шешім қабылдады. Ауыл дегенде ықыласы ерекше еді. Әр үйдің түтіні түзу шығып, әр азаматының жағдайы дұрыс болуын тілеген әкем көмек сұрағанның бәрінің ісіне білек сыбана кірісетін. Табан аудармастан 18 жыл бойы ауыл әкімі қызметінде еңбек етті.

– 1991 жылы Байқоңыр қаласында маңызды оқиға болды. Бұл – адамзат баласының ғарышқа ұшуына отыз жыл толған тұс. Оған қоса қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров көкке самғайтын ерекше күндер еді. Мен сол салтанатқа қатысатын облыс делегациясының құрамына енгізілдім. Еліміздің зиялы азаматтарымен таныс болдым. Тоқтар ғарышқа ұшар сәтте Австрия канцлерімен арнайы декларацияға қол қойылды. Шараны ұйымдастыруға атсалыстым. Еліміз үшін маңызды сәттің ұлтымыздың салт-дәстүрінің символы біз тіккен қазақтың қараша үйінде өткені ерекше естелік болды,  – деген еді.

Еңбек жолында әкем көптеген марапатқа ие болды. Ел тәуелсіздігі жылдарында да құрмет биігінен көрінді. Марапаттарының қатарында Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы, 20 жылдығы, Астана қаласының 10 жылдығына арналған және басқа да мерекелік медальдары, облыс әкімінің Құрмет грамоталары бар.

– Енді абырой мен лауазым жөнінде. Меніңше лауазым – адамның өз мүмкіндігін жүзеге асыратын орын. Халықтың бұрынғы лауазымды адамдарды сыйлайтыны олар абырой мен лауазымды бірдей алып жүргендер деп есептеймін. Адамға бірінші кезекте адалдық керек. Қандай іске де халық таразы, – деген еді әкем.

Ата-анамыз еңбек ете жүріп, бала тәрбиесіне де аса ыждағатпен көңіл бөлді. Жеті баланы өмірге алып келіп, олардың жақсы азамат болып қалыптасуына назар аударды. Ұрпағының жоғары білім алуына қолайлы жағдай жасады.

Қыздары Майра, Гүлназ, Лаура, Бақытгүл төртеуіміз бүгінде сан салада еңбек етіп келеміз. Жиендерінің алды жоғары оқу орындарын тәмамдап, елге қызмет етіп жатса, кішілері мектеп, балабақшада тәрбиеленуде.

Өмірде жақсылық пен жамандық, қайғы мен қуаныш қатар жүреді екен. Отбасының тұңғыш перзенті Мақсат ағамыз өте алғыр, мейірімді болып өсті. Қос бірдей жоғары оқу орнын тәмамдады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде физика-математика факультетінде оқып, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» мекемесінде ақпараттық жүйелер бөлімінің маманы болып қызмет атқарған еді. Қатал тағдыр жарқын жастың ғұмырын келте қиды. 1999 жылы кенеттен өмірден озып, бізден алыстап кете барды. Артында Ақбота есімді сүйкімді қызы қалды. Қазір ол жоғары оқу орнын заңгер мамандығы бойынша аяқтап, мамандығы бойынша қызмет етеді, атасының ақ батасымен тұрмыс құрды.

Әулетімізді есеңгіреткен ауыр қайғы 2003 жылы тағы келді. Қадырбекұлы Бекзатхан 1981 жылы дүниеге келген болатын. Ол жоғары оқу орнында білім алып жүрген кезінде 22 жасында келместің кемесіне мініп кете барды.

Өмір қашанда бір мұңайтып, бір қуантып тұрады. Көңілді серпілтіп,  демеу болатын жағдайлар да кездеседі. Отбасының сүт кенжесі Әділет ініміз қазір анамыздың жанына жалау, жақсы азамат болып өсіп келеді. Оқуда озат, тәлімі мол тәрбиелі жас ретінде бізге зор мақтаныш.

Тау тұлға әкеміздің өмірден өткеніне жыл толғандағы естелігімді оның жұмыс дәптеріне өз қолымен жазған сөздерімен аяқтайын. «Ел азаматсыз болған емес, ел аман болса, азаматы өлмейді».

Майра ҚАДЫРБЕКҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<