Тегеурін

569

0

Тұлғатану – ұлттанудың  төте жолы. Өйткені, тұлғаның бойында ұлтқа тән жақсы қасиеттердің, сыр-сипаттардың бәрі бар. Тұлғаны тану мен таныту арқылы біз жас ұрпаққа тағылымды тәрбие, өмірлеріне даңғыл жол көрсете аламыз деп ойлаймын. Осындай тегеурінді тұлғалардың бірі, республикаға белгілі заңгер Қосжан Жәниұлы ағамыздың өнегелі өмір жолы жайлы сыр шерткенді жөн санадым.

Қосжан ағамыз 12 қараша 1942 жылы Қазалы ауданының Андреев атындағы колхозда (қазіргі Бозкөл ауылы) шаруа отбасында дүние есігін ашқан. Анасы Мейіз Мырзабекқызының айтуы бойынша әкесі Жәни Қоңырбаев 1942 жылдың қыркүйек айында әскерге шақырылған, әскерге аттанып бара жатқанында егер ұл дүниеге келетін болса, атын Қосжан қоярсыңдар, екі жанымыз бірігіп аман-есен қауышуымызға жақсы ырым болар деп аманаттаған. Әкесінен сол кеткеннен хабар-ошар болмапты. Соғыстан кейінгі кезеңде ел ішіндегі жағдай өте ауыр, әрбір қадам сайын жоқшылық атауы еңсеңді көтертпейді. Еңбек санатында кәрі кісілер, майданнан мүгедек болып келгендер, жасөспірім балалар болды, техника деген мүлдем жоқ, ауыр жұмыстардың барлығы да қол күшімен атқарылатын еді. Ағамыз Қосжан да 1950 жылдан бастап колхоздың әртүрлі жұмысына жегіліп, ауылының еңсесін көтеруіне өз үлесін қосқан. Бала күнінен бастап өз басынан өткізген қиыншылықтар ағамыздың ерте есеюіне және де жан-жағында болып жатқан құбылыстарды түсінетін дәрежеге жетуіне себебін тигізген. 1949 жылы Андреев атындағы мектептің 1-сыныбына оқуға барып, 1956-1957 жылдары жетіжылдық мектепті аяқтап, әрі қарай Энгельс совхозындағы Жданов атындағы №25 орта мектепте оқуын жалғастырып, 1960 жылы мектепті жақсы деген бағамен бітірген.

1961-1965 жылдар аралығында Тынық мұхит флотының «Советская Гавань» соғыс-теңіз базасында әскери борышын атқарып, үлгілі әскери қызметі ескеріліп, сол жақта партия қатарына қабылданған.

Әскерден кейін Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, 1974 жылы Қызылорда қаласы прокурорының көмекшісі қызметіне жолдама алған. Міне, осыдан кейін ағаның прокуратура саласындағы ұзақмерзімді абыройлы қызметі басталады. Облыстық прокуратураның бөлім басшысы, Арал, Қазалы және Қармақшы ауданаралық прокуроры, Қызылорда қалалық прокурорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.

Прокуратура саласында қызмет атқарған отыз жылдан астам уақытта ағамыз өзінің еңбекқорлығымен, табандылығымен, әділдігімен ерекшеленіп, ұжымда абыройы артып, мол тәжірибе жинақтаған. Жоғарыда аталған мерзім ішінде прокуратура органының тек жазалаушы орган ғана емес, сонымен қатар халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын, заңның өз дәрежесінде орындалуына жоғары қадағалау жүргізетін орган екендігін халық арасында кеңінен насихаттауға белсене қатысты.

Заңдылықты қорғау жолындағы игілікті істері КСРО, Қазақстан Республикасы, облыстық прокуратура басшылығы тарапынан мадақтаулармен қатар, ҚР Прокуратурасының мінсіз прокурор және Прокуратураның құрметті қызметкері деген төсбелгісімен марапатталған.

Қосжан ағамыздың прокуратура саласындағы ұзақ ғұмырында адам тағдырына байланысты күрмеуін шешкен істер аз болған жоқ. Бұрынғылар Алладан «қызметімді, байлығымды алсаң да абыройымды алма» деп тілейді екен. Ағамыз да, қасықтап жиған абыройының қадірін білді. Қызметтес болған А.Тұрғанбаев, А.Махамбаев, Ш.Исаева, Х.Жұмағұловамен сыйласып, бірін-бірі құрметтеп, қадір тұтты. Жүріп өткен өмірі мен атқарған әртүрлі қызметтерін сараласақ, жас ұрпаққа үлгі боларлық жүзеге асырған істері көп екені байқалады.

Қызмет атқарған кезеңінде күнделікті қым-қуыт қызмет талабын жоғары деңгейде орындаумен қатар, жас қызметкерлерді тәрбиелеп, оларды әділдікке, өз істерін жан-жақты кәсіптік дайындықпен атқаруға, шыншылдық пен адамгершілікке баулуға аса көңіл бөлгені байқалады.

Қазіргі кезде ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Асанов Жақыпты, облыс прокурорлары болып қызмет атқарған Б.Ерғалиевті, Б.Құлтасовты, облыс прокурорының бірінші орынбасары болған Н.Мақұлбековті, аудан, қала прокурорлары болған М.Досмағамбетовті, Д.Құндызбаевты, Х.Жұмағұлованы және басқаларын аса сүйінішпен атап, мақтан тұтады.

Прокуратура саласының алға қойған мақсаттарын орындауда оның барлық ауыртпалығын илікпей көтерген ардақты ардагерлерді ыстық ықыласпен еске алу да Қосжан ағамыздың назарынан тыс қалмаған.

Атап айтқанда, 24 қараша 2017 жылы «Сыр бойы» газетінде облыс көлемінде заңдылықты нығайтып, прокурорлық қадағалауды жүзеге асыруда еселі еңбек етіп, құрметке лайық болған Иманғали Сейітов, Орналы Боранбаев сияқты облыс прокурорлары жайлы «Адалдықтан айнымаған ардагерлер», 18 мамыр 2019 жылы бұрынғы прокуратура қызметкері, кейін сот саласына ауысып, облыстық сот төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған және әділдігі мен адамгершілігі мол қасиетін халық жоғары бағалап, «кіршіксіз таза сот» деп атаған Дүзелхан Жансүгіров жайлы «Әділ де табанды азамат еді» деген мақалалар Қосжан ағамыздың қаламынан туындаған еді. Оның өмір жолы тек қана адалдықтан, адамгершіліктің биік өлшемдерінен тұратынын, жасынан өмірдің қиыншылығына кездесіп, тек өзінің күші мен талабына сеніп өскенін, өмір жолында оны көкке көтерген көкесі де, демеген қамқоршысы да болмағанын, қолтығының астындағы қос қанаты – адалдық пен тазалық болғанын, биікке көтерген де, тұлғасын тұғырға қондырған да осы қос қанаты болғандығын байқаймыз. Аталған мақаланы дайындау барысында пікір алысқанымда, төмендегідей қысқа да нұсқа пікір білдірді.

– Менің балалық шағым соғыстан кейінгі ауыр кезеңге сай келді, тойып тамақ ішпей, жамаусыз киім кимей, әркімге жалтақтап, ешқандай қорғансыз күн кештік. Колхоздағы еңбекке жарайтындарын (кемпір-шалдар, балалар, жесірлер) жұмысқа жұмсайтын белсенділер кішкентай кемістік жібергенің үшін ұрып-соғып және менің әкемнің соғыстан қайтпай қалғанын меңзеп «жетім» деп азар беретін еді.

Орта мектепті бітіргеннен кейін (1960 жыл) қалай болғанда да әкемнің өлі-тірісін анықтауды мақсат етіп, 30 жыл бойы Москва, Ленинград, Подольск (соғысқа қатысты барлық деректер осы қалаларда жинақталған дегенді естігенмін) қалаларындағы әскери мұрағаттарға жыл сайын жазбаша сұрау жолдайтынмын, өкінішке қарай, барлығынан да «ондай адам туралы бізде ешқандай дерек жоқ» деген мөр басылған қағаздар келеді де тұрады.

Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан соң бойыма қанат біткендей өзімді еркін сезіндім. 1994 жылы еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі С.Нұрмағамбетовке арнайы хат жолдап, өтінішім бойынша жәрдем көрсетуін сұрадым. Сол жылдың соңына таман Қорғаныс министрлігінен анықтама келіп, онда әкем – Жәни Қоңырбаев 1944 жылдың 21 шілдесі күні Ленинград қаласын құрсаудан азат ету кезінде ерлікпен қайтыс болғандығын, денесі Ленинград қаласындағы Пискарев әскери бейітінде жерленгені айтылыпты. Әкемнің Отан үшін құрбан болғандығын, атына кір келтірмегенін білген соң Пискарев мемориалдық зиратының әкімшілігіне хат жазып, ресми құжаттар жолдауын өтіндім. Көп кешікпей жауап хат келіп, онда әкемнің Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болған солдаттар мен офицерлерді тіркейтін №4 кітапқа 480-ретпен тіркелгенін, әкемнің аты-жөні, нөмірі 4167-ретпен ескерткіш тақтаға жазылғаны, ал денесі №4 бауырластар зиратына жерленгені хабарланыпты.

Ұлым Нұрлан Ленинградқа барып, Пискарев әскери зиратында мрамордан тұрғызылған қабырғаға жазылған атасының аты-жөнін суретке түсіріп, елден алып барған бір уыс Бозкөлдің топырағын салып, яғни атасы алдындағы парызын өтеді. Осы жайды баламнан естігенде бойымнан, санамнан зіл батпан жүк түскендей сезіндім. Қазақ ырымшыл халық қой, «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бекерге айтылмаған сияқты. Отыз жылдан аса уақыт бойы әкемді іздеп, ақыры таптым. Әрбір жыл сайынғы Жеңіс күні отбасымызбен әке рухына арнап Құран бағыштауды дәстүрге айналдырғанбыз.

Құдайға шүкір, барлығы жақсы, тағдырдың маған, менің ұрпақтарыма оң көзімен қарағанына ризамын. Прокуратура саласының қай қызметінде болмасын адал, әділ, түзу отырып, тура сөйлеп, әрдайым қызметімнің беделі мен абыройын бәрінен де жоғары қойдым. Көп жыл өзім қызмет атқарған прокуратура органындағы кейінгі кезеңдегі байқалатын әртүрлі теріс көріністерге жеке пікірімді тікелей білдіретінім де, ондай пікірдің бәріне бірдей жаға бермейтінің де куәсі болғанмын.

Шынын айтқанда, менің өзімнің табиғатымда тура айтып, туғанына жақпай қалатын, жек көргенін жасырмай ашық айтатын мінез ерекшеліктерімнің бар екенін мойындаймын.

Кешегі 1990 жылдар кезеңінде нарық-нарық деп кез келген пысық қарық болып жатқан қарғыс атқан заманда, үйіміз Әбдіжәміл Нүрпейісов ағамыз әзілдегендей «ұры түсіп кеткендей жалаңаш» болды шамасы,  адамның байлығы жиғанында емес, иманында деген қағиданы берік ұстанған болуым керек. Құдайдың берген балалары да жастайынан қарапайым, қоңырқай тіршілік кешті, қоғамдағы, ортадағы келеңсіз көріністерден аулақ болды, соған шүкіршілік етемін.

Иә, үлкен жолдан өткен ағамыздың өміріне зер салып қарасақ, иірімді тұстары көп, күрделі кезеңдерді басынан кешірген тұлғалы азамат екендігіне көз жеткіземіз.

Өзінің саналы өмірін ағамыздың жағдайын жасауға арнаған Несіпкүл жеңгеміз екеуі өмірде қатар жүзген қос аққудай бірге 53 жыл тату-тәтті, сұлу да мағыналы ғұмыр кешті. Екеуі төрт бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бір әулет, бір ауыл-аймақтың анасына айналған Несіпкүл жеңгеміз былтыр 74 жасында дүниеден озды.

Биыл ағамыз, балалары сүйікті аналарының рухына арнап ас беріп, Құран бағыштап, аруағын риза етіп, ел-жұртының ықыласын алып, перзенттік парыздарын өтеп, туысқандарының мерейін тасытты. «Жақсы адамның өлген күні болмайды, тек туған күні болады» дегендей, жеңгеміз бүгінде әлі ортамызда жүргендей сезіледі. Оның жалпы адамға деген адалдығы, қарапайымдылығы мен жоғары парасаттылығы білетіндердің жадында мәңгілік сақталатындығына сенімдіміз.

Ұрпақтарының барлығы күнделікті өмірде қарапайым, бауырмал болып қалыптасқан. Олардың әрбірінің өмір жолы басқаларға үлгі боларлықтай деңгейге шыққан. Қайрат, Ақмарал, Нұрлан Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, ұзақ жылдар прокуратура органдарында абыройлы қызметтер атқарып, қазіргі уақытта зейнет демалысында. Кенжесі Динара Қазақтың көлік және коммуникация академиясын бітірген, сол салада қызмет атқарады. Бір отбасынан 4 заңгердің шығуы – бұл да, әке абыройы, өмірінің кәсіби тұрғысынан жалғасып жатқандығының дәлелі.

Бүгінде Қосжан ағамыз ағайын-туыстарының ортасында өнегелі ұрпақ өсіруші әке, мейірімді ата, үлгілі отбасының ұйытқысы болып, ұл-қыздарынан тараған 12 немеренің риясыз шат күлкілерін қызықтап, әдемі қартаюдың жолында екендігі көрінеді. Ұлы Абай айтқандай, «жүрегі айна, көңілі ояу» ағамыз – еліміздің прокуратура саласындағы қайраткерлердің алдыңғы қатарынан ойып орын алған заң сардарларының бірі. Ағамызға 80 жасқа толуына байланысты мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,

 филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері, Қазалы ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<