Тереңге тартқан тамырын

534

0

Құрып кеткір қара дерт қайдан жабыса қалды екен? Ашық күнде төбесінен түскен жай жұлын-жүйкесін көктеп өтіп, табанынан тесіп шыққандай, есеңгіреп қалды. Мұнымен бірге жер-дүние қоса теңселіп кеткендей. Дәрігерге үміттене қарады. Оның ойында ештеңе жоқ, талайды көрген пәле ғой, жайбарақат қағазын жазып отыра берді.

– Диагноз дұрыс көрсетіп тұр ма өзі? Құрғаған көмейінен үні құмыға шықты. Дәрігерлік этикетті киелі кітаптай жаттап алған онколог маман енді қағаздан басын көтеріп:

– Солай болып тұр, ағасы… Ем-домды уақытында қабылдап, күтініп жүрсеңіз, сырқаттың өршуін тоқтата аламыз. Әзірге ауруханада жатасыз, – деді. – Ең бастысы, уайымға берілмеңіз, осы ауруды арқалап жүріп-ақ ұзақ ғұмыр сүргендер баршылық.

Ауыз шіркінді дарбазадай аңқитып ашып қойсаң, алдарқатқан сөздің алты атасын естисің. Айтуға – оңай, қайтуы – қиын. «Уайымдамаңыз» дейді… Неше күн тексерілгенде, тапқаны осы болса, қалай уайымдамайды? Бауыры сыр бергенде, анау-мынау дертке дес бермейтін көңілмен «жетпістің белортасын омырғанда осылай жүріп-тұруың ауырлайды» деп өзін-өзі жұбатқансып еді, бірақ қылыштай қиып түскен қаһарлы үкімді күтпеген. Мең-зең күйінде жарты ғасыр жұптасқан жары Кәмпитті ойлады. Жаманатты хабарды естісе, қазаны төңкеріліп түсетін шығар. Не де болса, айтпау керек. Тумысынан сабырына сүйеніп, әліптің артын бағып үйренген ол бойын тез жиып алды.

Аудандық аурухананың ақ төсегін жамбастаған күндер ақырын өтіп жатты. Қанша жасыруға тырысқанымен Мақсұтбек ағаның қатерлі сырқатқа ұшырағанын ел біліп алды. Кәмпиттің құлағына да жетті. Бозінгендей боздап, «бұл құдайға неден жаздық, жан баласына қиянатымыз жоқ еді» деп көз жасын көлдеткенде, қосағының қолын сипап отырып, «Алланың жазғанын көреміз де, қабағыңды түсіре берме, қабырғама батады, бұл аурудан жазылып жатқандар да бар» деп басу айтты. Бірақ ішінен «жел-құзға ұрынбай, салауатты өмір салтын сақтап тіршілік кешіп едім, мына пәле адам таңдамайды екен де» деп ойлап қойды.

Оңашада адамға ой үйір. Ұлардай ұл-қызы, уілімен сүйекті балқытқан немерелері есіне түскенде, көңілі сәл-пәл көтерілген сияқты. Шүкір ғой. Осы жасқа жеткенше бір адамдай бақуатты, базарлы ғұмыр кешіпті. Ешкімнің жел жағынан шаңдатып, шамына тимепті. Сүтпен сіңген салиқалы мінез сабасынан асырмады, бәйек боп біреулерге бас ұрмады. Қай қызметтің тұтқасын ұстаса да, ұсынақты қалпынан айнымай, адал еңбек етті, соңынан сыбыр ерткен жоқ. Сонысымен елге де, ерге де сыйлы болды. Ауданға жаңадан келген басшылар айналасын тасқаяқтай қағыстырып жатқанда, бұған тиіспейтін, қайта көтермелеп қоятын. Қағазға қатты, аудандық партия комитетінің қаулы-қарарлары мен нұсқаулықтарына мұның қаламының ұшы тимеген кезі жоқ. Ол уақытта компьютер деген қайдан болсын, қай баянат та қолмен жазылады. Оның үстіне ұйымдастыру бөлімі аупарткомның штабы сияқты, жергілікті ұйымдардан келіп жатқан құжаттарды өңдеп, реттеп, тиісті шешім қабылдауға әзірлеу оңай шаруа емес. Кейде апталап кеңседе қазылып отырасың. Санаға түсетін салмағы қанша. Төзімі темірдей қызметкер ғана соның бәріне шыдас береді. Құдайға шүкір, ондай төзім Мақсұтбек ағаның бойында жетіп-артылатын.

Терезенің әйнегін әлсіз сыңғырлатып темір жолдың дүрсілі естілді. Шамасы, ауыр жүк пойызы болар. Осы дыбыс бала жасынан құлағына сіңіп қалған. Түк өзгерсе-ші… Жосалы стансасындағы вокзал ғимараты да сол бәз-баяғы қалпында, бір кірпіші кертілмеген. Өзгеріп, ұзап бара жатқан мұның өмірі. Жетпіс бес жасқа толыпты. Бәрі де кешегідей сияқты еді…

1946 жылдың 11 қыркүйегінде Қармақшы ауданының «Қызылтам» елді мекенінде теміржолшы әулетінде дүниеге келді. Сталин өлген жылы Абыла бекетіндегі нөмірі 113 мектептің табалдырығынан аттады. Жоғарғы сыныпта кешкі бөлімге ауысып, күндіз жұмыс істеп, механизатор мамандығын игерді. Ол кезде жоғары оқу орнына бірден түсуің мүмкін емес, еңбек өтіліңе қарай құжатыңды қабылдайды. Үш жыл ауылда тракторшы болып тер төгіп, жылдың төрт мезгілінде толастамайтын қыруар шаруаның отымен кіріп, күлімен шықты. Ата-анасы да жалғыз ұлдың жанқиярлық тірлігіне дән риза, Алматыға барып бағымды сынаймын дегенде, қарсы болған жоқ, алақан жайып ақ батасын берді. Құдая тоба, үлкендердің тілеуі ме, алдына жан салмайтын алғырлығы ма, сынақтардан ақбоз аттай шауып өтіп, талайдың қолы жетпейтін жалғыз университеттің, ҚазМУ-дың тарих факультетіне топ ете түссін. Бұл 1964 жылдың қоңыр күзі-тін. Жұртты «жүгеріге байлап қойған» жылтыр бас қарасын жоғалтқан, СОКП Орталық Комитетінің тағына қабағы қалың, мінезі мәйін Брежнев келіп жайғасқан. Көзі ашық студент емес пе, заманның басқаша бағыт аларын, өзгерістер өркен жаярын анық сезген. Алайда, «көңілшек көсем» басқарған Орталықтың аудандық ұйымында он жыл бойы «дорогой Ильичтің» ұзын-сонар баяндамаларын сүзіліп оқып, көпшілік алдында талдап, талқылап тұратынын ол кезде бұл қайдан білсін? Төрт жылдың түбін түсіріп, тарихтың тарау-тарау жолдарынан асып, қатырма дипломды қалтаға салып, туған жерге оралды. Білімі аузы-мұрнынан шығады, қайда жұмсаса да, тартынар емес. Қызылдың қиясындағы нөмірі 185 мектепке шөбі түсіп тұр екен, тәуекел деп тартып кетті. Аудан орталығынан мойны қашық болса да, көлденеңге көңілі жақын елді көргені осы – аз  уақытта ағайын-жұртқа сіңісіп алды. Университеттің қасқа маңдайлары қойын-қонышын сыйғанынша толтырып жіберіпті, алтыншы сынып пен оныншы сыныптың аралығындағы оқушыларға тарихтан сабақ берді. Сағат жетіп-артылады, ертеден қара кешке дейін мектепте. Шаршау қайда?! Оқушылардың пәнге деген қызығушылығы мен ынта-ықыласы шабытын ашып, кезекті тақырыпты түсіндіргенде, оқулықтан тыс деректермен тұздықтап, еліктіріп жіберетін. Ара-арасында студенттік жылдардың қызықтары, ару Алматы жайлы жып-жылы естеліктер айтып, болашақ түлектердің арман-үмітін маздатады. Кім біледі, ертеңгі күні шәкірттерінің біразы Алатаудың баурайында білім бұлағынан қанып ішіп, бұлықсып жүретін шығар. Өзі де осындай қара домалақ балалардың арасынан суырылып шықты ғой.

Қарап отырса, мұның саяси қызметтегі жолы мектеп қабырғасында басталған сияқты. Мектеп басшылығы «астана көрген» жас мұғалімді қоғамдық жұмыстарға көбірек жекті. Өзі де кетәрі емес еді. Сабақтан тыс мезгілде ауыл жастарының басын біріктіріп, саяси-көпшілік сабақтар, тақырыптық кештер ұйымдастырып, бүгінгі күннің өзекті мәселелері төңірегінде әңгімелер өткізетін. Бастауыш комсомол ұйымының жұмысына белсене қатысып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Осы белсенділігі кейін туған ауылындағы нөмірі 113 мектепке ауысқанда да толастаған жоқ.

Ол кезде бүгінгідей «қызмет қуу» деген ұғым болмайтын. Қызмет сені өзі іздеп табатын. Бір күні қарапайым мектептің қарапайым мұғалімі аудандық партия комитетіне шақырылды. Бірінші хатшы Ахметжан Жанпейісов аз-кем таныстықтан соң:

– Сыртыңнан естіп-біліп жүрмін. Білікті ұстаз, аудандағы алғыр жастардың бірісің, – деді бұған көзінің астымен сынай қарап. – Өзіңдей комсомолдар бізге қолғанаттыққа да керек. Ақылдаса келіп, сені аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына ұсынғалы отырмыз.

«Келісесің бе?» деп сұраған да жоқ, партия айтты, бітті! «Алға, комсомол, жеңіс жолында!» Осылайша Мақсұтбек Өтегеновтің саяси қызметі басталып кетті… Әрі қарай – халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аупарткомның нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, Жосалы кеңшарының партком хатшысы, аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары сияқты лауазымды сатылардан өтті. Арасында бастапқы мамандығына сәйкес, үш жыл Ш.Уәлиханов атындағы мектептің директоры қызметін атқарып, білім ордасының техникалық-методикалық базасын нығайтуға атсалысты. Сосын аудандық киноландыру жүйесінің тұтқасын жеті жыл ұстап, тосын саланың сан қилы әлеміне енді де кетті. Ол бір қиын жылдар болатын. Еліміз тәуелсіздігін орнықтыру жолында күш біріктіріп, жаңа экономикалық саясатты барынша игереміз десек те, білмеген жердің ұңғыл-шұңғылы қадамымызды сүріндіріп, түйткіл түйіндер тығырыққа тірей берді. «Алма піс, аузыма түс!» дейтін жаймашуақ кезеңдер жарықтық компартияның қанжығасына бөктеріліп, «кемелденген социализмнің» соңынан қуалап кетіпті. Енді бәрі басқаша. Нарықтық қатынастар есік қағып тұр. Айлықты да, шайлықты да өзің тауып, жоғарыға жаутаңдамай күн көруің керек. Жаратылысынан жаңашыл, қиыннан қиыстыруды үйренген Мәкең іскерлігінің арқасында өзі басқарған ұжымды аз уақыттың ішінде шырғалаңнан алып шықты. Күн құрғатпай өзгеріп жатқан заңдар мен қаулы-қарарлардың ізіне бірден еріп кетпей, аңысын аңдады, турасын таңдады, бағдарын барлады. Сақтығы сан соқтырған жоқ, алғашқы нәтижелер де көрініп, үміт отын маздатты. Еңбегі еленді. Бірнеше рет облыс әкімдігі және мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталды. Орден-медальдармен омырауы жылтырады. «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағын иеленді. Бір адам үшін аз абырой ма?!

Мақсұтбек Өтегенов 1999-2007 жылдары екі шақырылым бойы халық қалаулысы атанып, Қармақшы аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарды. Әріптестерімен күрделі жылдардың ауырлығын бірге көтерді, жергілікті бюджетті қалыптастыру және игеру, реттеу, сайлаушылар аманаттарын орындау бағыттарында аянбай еңбек етті. Аудан көлеміндегі қандай бір шаруа-шаралардың басы-қасында жүріп, ортақ мақсатқа үлес қосты, үдеден шықты, үлгі болды. Құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға бел шешіп араласты. Аудан әкімдігі ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде өмірлік тәжірибесін жастарға үйретуден жалыққан емес. Жұбайы Кәмпит Ұзақбаева ауданға белгілі ұстаз, оқу ісінің үздігі, орта мектептерде оқу ісінің меңгерушісі, директоры қызметтерін атқарып, зейнетке шықты. Екеуі, міне, үш бала, 4 немере және 4 шөберенің қызығына кенеліп отырғанда… қара аспанның қақырай сөгілгенін көрмейсің бе?

…Облыс орталығындағы онкология орталығында емделіп, туған үйіне оралғанына да біршама уақыт болды. Емдеуші дәрігер шығарып салып тұрып: «ағасы, бала-шағаңыздың ортасында тынығып алыңыз, сосынғысын тағы да көре жатармыз» деген. Ымды түсінбей не көрініпті? Бір есептен ол да дұрыс шығар. Өз ошағыңа, өз отаныңа не жетсін, демің жеңіл үзіледі…

Бүгін Мақсұтбек ағамның пәниден озғанына жыл толып отыр. Пейіште нұрың шалқысын!

Шаһизада ӨТЕТІЛЕУҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<