Тіл тарихының тарланы

676

0

Бұл фәниде Алланың өлшеп берген ғұмырын кешіп, елінің ертеңі мен ұрпақтың болашағы үшін атқарған қызметтерін міндетсімей-ақ, өзін таныту жолында екі өкпесін қолына алып жалаулатпай-ақ, өмірден тып-тыныш өтіп жатқан ізгі жандар қаншама?! Артында қалған тірілер сол азаматтардың зерделі істерін көзі тірісінде бағалай алмай, өмірден өткен соң бармақ тістеп қала беретінін қалай жасырайық.

Алайда, «…ғалымның хаты өлмейді» дейтін халық тәмсілін ескерер болсақ, еліміздің егемендік алуының қуанышты күндерін көруден аз-ақ бұрын, өзінің 60 жылға жетер-жетпес ғұмырының саналы бөлігін қазақ тілінің тарихын зерттеуге арнап, артында мол мұра қалдырған жерлесіміз Мархабат Томанов туралы бұлай деуге ауыз бармайды. Өйткені ол – соңына өлмес мұра қалдырған  ғалым, өзінен кейінгі жас ұрпаққа білім нәрін берген  ұстаз. Сондықтан да оның есімі ұмытылуы мүмкін емес. Сол бір  асыл адам бейнесін жерлестері тағы бір еске алсын, ал кейінгі білімсүйер, тілсүйер жас ұрпақ болса, ұстаздың өмірі мен шығармашылығы жайлы таныс болсын деген ниеттеміз.

Мархабат Томанұлы Томанов 1932 жылдың 5 ақпанында Қармақшы ауданының «Абыла» ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Ауылдағы бастауыш мектепті, одан соң Жосалы кентіндегі  №26 қазақ орта мектебін бітірген соң, 1949 жылы арман қуып Алматыға келеді. Қазақтың маңдайына біткен қара шаңырағы С.Киров атындағы университеттің (қазіргі әл Фараби атындағы Ұлттық университет) филология факультетіне оқуға түседі. Университетті жақсы бітірген Мархабат одан әрі ұстаздарының бағыттауымен ғылымға бет бұру мақсатында аспирантурада оқуын жалғастырады. Сол кезден кандидаттық диссертациясының тақырыбы бойынша зерттеу жұмыстарын бастайды.

Аспирантураны бітіргеннен кейін Ы.Алтынсарин атындағы Педагогтік ғылыми-зерттеу институтында, Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында түрлі дәрежедегі қызметтер атқара жүріп, зерттеу жұмыстарын жалғастырды. 1960 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор М.Балақаевтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі мезгіл мәнді сөз тіркестері» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын қорғады. Оның зерттеулері қазақ тілінің күрделі саласының бірі – сөз тіркесі мәселелеріне арналады. Осы бағытта бірнеше ғылыми мақалалары жарық көрді.

Ғылым жолындағы талпыныс жалындап тұрған жас ғалымды бұрын түрен түспеген жаңа бір тың жолға, екінің бірі жүрегі дауалап бара бермейтін, тісі батып ала бермейтін тіл тарихын зерттеу мәселесіне бастайды. Талмай ізденіс нәтижесінде 1975 жылы «Қазақ тілі тарихи морфологиясының негізгі мәселелері» тақырыбындағы докторлық диссертациясын жоғары дәрежеде қорғап шығады. Міне, осы тұстан бастап ол тек қазақ тілінің маманы ғана емес, түркітанушы ретінде де түркі әлеміне таныла бастайды.

1964 жылы бір кезде өзі оқыған университетіне ұстаз болып оралып, қазақ тілі кафедрасында доцент, профессор, 1979 жылдан 1989 жылға, яғни өмірінің соңына дейін кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. Өз мамандығына, қазақ тіл білімі ғылымына жүрегімен берілген жанның дүниеден өтуі де ерекше құбылыс болды. 1989 жылы желтоқсанның 19-ында қазақ тіл білімі ғылымының негізін салушылардың бірегейі, осы саланың тұңғыш профессоры Қ.Жұбановтың 90 жылдығына орай өткен конференция үстінде ғұлама туралы тыңдаушыларын риза еткен баяндамасын оқып болған бойда, ағамыздың кенет соққан жүрек талмасынан бақиға аттанып жүре бергеніне куә болдым. Өйткені ағай осы жиынға шәкірті ретінде менің де қатысуымды қалаған еді.

Мархабат Томанұлы жан-жақты ғалым болатын. Ол, бір жағынан, тілдің кез келген саласын қазіргі қалпында да, тарихи тұрғыдан да таза теориялық жағынан зерттеуші болса, екінші жағынан, тілді пән ретінде үйретуші әдіскер, педагог-ұстаз еді. Оның осы екі бағытта жазылған екі жүзден астам еңбегі қазақ тіл білімі ғылымына қосылған мол мұра ретінде халқына, жас ұрпаққа сапалы білім беруде қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Ғалымның ғылымға алғаш қадам басуы тілдің синтаксис саласын зерттеуден басталғанымен, әр кезеңде тілдің басқа да салаларына қатысты маңызды мәселелерге қалам тартып отырды. Мәселен, оның морфология саласына байланысты «Шақ категорияларының тарихы», «Етістік тудыратын жұрнақтардың тарихы», «Сын есімнің жасалу ерекшеліктері» атты кітапшалары мен «Түбір сөздің дамуы», «Үстеу сөздің тарихы», «Тәуелдік жалғаулардың тарихы», тағы да басқа мақалалары осы саланың келешек тарихи тұрғыдан зерттелуіне жол ашты десек болады.

Оның қазақ әдеби тілінің өсуі мен дамуы, өзгеруі мен қалыптасу жолдары жайындағы еңбектері бір төбе. Бұған «Қазақ әдеби тілінің ХІХ ғасырдың бірінші жартысында дамуы», «Қазақ әдеби тілінің алғы шарттары», «Көркем әдебиет тілін зерттеудің мәселелері», «Қазақ әдеби тілінің Орта Азия әдеби тілімен байланысы» атты мақалалары мен қазақ әдеби тіл стилистикасы туралы жазған топтама мақалалары куә.

Мархабат Томанов өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап бұрын-соңды қазақ тіл білімінде терең зерттеле қоймаған, өзіндік қиындығы да, қызығы да мол сала – тілді тарихи тұрғыдан зерттеуге ден қояды. Осы бағытта қазақ тілінің өткені мен бүгінгісін тең дәрежеде салыстыра отырып, тарихи даму барысындағы өзгешеліктер мен қалыптасқан қазақ тіліне тән заңдылықтарды басқа да туыстас түркі тілдеріндегі, тарихи ескі жазбалардағы нақты материалдармен дәлелдеп көрсеткен бірнеше еңбегін жариялайды. «Қазақ тілі тарихи грамматикасының мәселелері» (1974), Т.Қордабаевпен бірігіп жазған «Тарихи грамматика мәселелері» (1975) атты еңбектері мен жоғарыда аталып өткен тіл тарихына қатысты бірсыпыра мақалалары алдағы уақытта қорғалуға тиіс докторлық диссертациясына барар баспалдақтар болды. Осындай қыруар еңбектің қорытындысында 1982 жылы «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» атты еңбегі жарық көрді. Бұл – жоғары оқу орындарының жоспарына енген осы аттас пәннің тұңғыш оқулығы. Оқулық 1988 жылы толықтырылып қайта басылды.

Қазақ тілін көне түркі тілінің бір бөлшегі, мұрагері деп таныған ғалым өзі оқыған дәрістері мен жазылған мақалалары негізінде «Түркі тілдерінің салыстырма фонетикасы» (1981), «Түркі тілдерінің салыстырма морфологиясы» (1984) еңбектерін жариялады. Осы еңбектер мен бірсыпыра жарияланбаған мақалалары қызметтес достарының көмегімен жинақталып, өзі қайтыс болғаннан кейін, 1992 жылы жоғары оқу орындарының жоспарына енген «Түркі тілдерінің салыстырма грамматикасы» атты пәнге арналған оқу құралы ретінде жарияланды.

Туған тіліміздің түп негізі (архетипі), қалыптасу тарихына негіз бола алатын көне жазба ескерткіштерін зерттеу де ғалымның назарынан тыс қалған жоқ. Оның «Көне түркі жазуының (Орхон-Енисей) ескерткіштері» (1963), «Махмуд Қашқари (ХІ ғ.)» (1964), «Махмуд Қашқари түркі тілдерінің фонетикалық құрылымы туралы» (1971), «Тарихи морфологияны зерттеуде көне мұраларды пайдалану принциптері туралы» (1976), т.б. туындылары – қазақ тіл біліміне ғана емес, жалпы түркітануға қосылған сүбелі еңбектер.

Ғалымның тағы бір қыры қазақ сөздіктерін жасауға қатысып, қазақ лексикографиясына қосқан үлесінен көрінеді. Оның 1968 жылы жарық көрген «Қазақ лексикографиясының алғашқы нұсқасы» атты мақаласынан басталған бұл бағыттағы еңбектері 1959-1970 жылдар аралығында басылған орысша-қазақша екі тілді сөздіктерге тікелей араласып, бірнешеуіне алғысөздер жазуымен, тұңғыш шыққан «Қазақ совет энциклопедиясының» авторларының бірі болуымен жалғасын тапты.

Мархабат Томанұлы ширек ғасыр бойы ұстаздық қызмет атқару жолында нағыз педагог, білікті әдіскер болып қалыптасты. Оның оқытудың әдіс-тәсілдері жөніндегі шағын мақалаларын, баяндамаларын, жеке тақырыптарға арналған әдістемелік құралдарын айтпағанда, «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» атты пәнді жоғары оқу орнының жоспарына енгізіп, оның бағдарламасы мен әдістемелік құралын, одан соң оқулығын даярлап шығуының өзі неге тұрады. Ғалымның тұшымды дәрістерін тыңдап, білікті маман болып шыққан қаншама жастардың көбі қазір ел ағалары, қоғам қайраткерлері, білікті маман ғалымдар.

Ғалым ғылымға талпыныс жасаған талай жастарға жол көрсетіп, олардың ғылымда өз орнын жаңылмай табуына көмектесті. Өзі жетекшілік жасаған аспиранттардың дер кезінде қорғап шығуына барынша қамқорлық жасап, жанкүйер бола білді. Солардың ішінде алғашқы болып кандидаттық диссертация қорғаған, бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, ғылым докторы, осы мақаланың авторы Жеңіс Сәдуақасұлы, көп жылдар бойы мемлекеттік қызметте болып, қазіргі кезде өзі оқыған, кандидаттық диссертациясын қорғаған әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры қызметіне өткен жылы келген, ғылым докторы, профессор Жансейіт Түймебаев, Павлодар университетінің проректоры болған, ғылым кандидаты, доцент, жерлесіміз, марқұм Жақсыбай Сарбалаев, Орал университетінің проректоры болған, ғылым докторы, профессор, марқұм Отарәлі Бүркіт, әл Фараби атындағы ҚазҰУ профессорлары, ғылым докторлары Берікбай Сағындықұлы мен Анар Салқынбайлар бар екенін айтсақ та жеткілікті болар. Осы ғалымдардың бірсыпырасы Қызылорда облысының тумалары болуының өзі ғалымның туған жер түлектерінің ғылым жолында жетістіктерге жетуіне бүйрегі бұрып тұратыны аңғарылса керек.

Ол өмірінің ақырына дейін Мәскеудегі Түркологиялық Кеңестің, Баку қаласынан шығып тұратын халықаралық «Тюркология» журналының редколлегия мүшесі болды. Осыған байланысты ол халықаралық симпозиумдарға, конференцияларға жиі қатысып, баяндамалар жасап тұратын. Сол тұстағы одақ көлеміндегі түркі ғалымдарының ішінде ғалымның достары да, пікірлестері де көп еді.

Туғанына 90 жыл толуына орай біз еске алып отырған  қазақ тіл білімінің тарихында өзіндік өшпес із қалдырған ғалым, терең білімді, ақылшы ұстаз Мархабат Томанұлы Томанов осындай жан еді.

Ғалымның жары Жамал апамыз да кезінде Абай атындағы педагогикалық университетте көп жыл қызмет атқарып, зейнетке шыққан кісі болатын. Ағамыздың 70 жылдық мерейтойын өткізген соң, көп ұзамай ол кісі де өмірден өтті. Соңында қалған ұлдары Мұрат, Мақсұт Алматыдағы белді мекемелерде білікті мамандар ретінде қызмет атқарса, қызы Нұрия – әкесінің жолын қуған ғалым, әл Фараби атындағы ҚазҰУ доценті. Университетті жақсы бітірген немересі Махмұт – мемлекеттік қызметкер. «Орнында бар оңалар» деген осы болса керек.

Өмірден ерте өткен ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дей отырып, ұрпақтарына зор денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр тілейміз!

Жеңіс СӘДУАҚАСҰЛЫ,

филология ғылымының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрметті профессоры,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<