Тұғыры биік тұлғалы азамат

783

0

Фото Болат Омарәлиевтікі

1973 жылдың күз айында Қармақшы аудандық партия комитетінің есеп беру-сайлау конференциясы жүріп жатты. Конференцияға облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов қатысып отырды. Ол кезде Қармақшы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы едім. Делегат ретінде конференцияға қатысып, басқару столында отырдым. Үзілісте Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ахметжан Жанпейісов шақырып, Исатай Әбдікәрімовтің қасына ертіп келді. «Исеке, мына жас жігітті қазір аудандық партия комитетінің бюро құрамына ұсынып отырмыз. Келешек аудан жастарының бірінші басшысы болады деген сенім бар» деді.

Ол кезде ауданның қайсыбір мекеме, мектеп, комсомол қызметкерлері облыстық партия комитетінің сараптауынан өтіп, келісімін алмай бекімейтін. Облыстық партия комитетінің бөлімдерінен бастап, оның хатшыларының алдынан өту міндетті болатын. Соған қарамастан Ақаң сол жерде Исекеңнен мен туралы бірден келісім алғаны әлі есімнен кетпейді. Сонда Исекең: «Бюро сенім артса, ауданның бірінші басшысы сенетін болса, бізден қарсылық болмайды» деді. Конференцияда аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы бола жүріп (аудандық партия комитеті бюросы құрамында ол уақытта тек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болуы міндетті әрі тек сол қызметтегілер ғана сайланатын) бюро мүшесі болып сайландым. Міне, бұл көреген, жастарға сене білетін Исатай ағамыздың биік адами болмысы дер едім.

Ол кезде жаспыз. Аудандық, облыстық партия комитетінің бірінші басшыларының алдына бармақ түгілі, кездескенде қолын алып амандасудың өзін үлкен дәреже, бақыт санайтынбыз. Аудандық есеп беру-сайлау партия конференциясында Қармақшы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Рысты Жолмағамбетқызы Тілеуғабылова аудандық партия комитетінің хатшылығын атқаруына сайланды. Сол жылдың желтоқсан айының басына таман Қармақшы аудандық комсомол комитетінің пленумы шақырылып, онда ұйымдастыру мәселесі қаралды. Р.Тілеуғабылова Қармақшы аудандық партия комитетінің хатшылығын атқаруына байланысты комсомолдың бірінші хатшысы болып сайланған едім. Ол үшін Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Закаш Камаладиновтің жеке қабылдауынан, бөлімдері мен хатшыларының алдынан өтуім керек болатын. Желтоқсанның аяғына таман облыстық комсомол комитетінің есеп беру-сайлау конференциясы шақырылып уақыты белгіленген. Соған делегат ретінде қатысып отырдым. Конференцияда И.Әбдікәрімов, З.Камаладинов болды. Үзіліс кезінде Исатай ағай З.Камаладиновке Қармақшы ауданында өткен партия конференциясына өзінің қатысқанын, бюроның сенімі болғанын жеткізіп баяндаған еді, жарықтық. Сонымен не керек, Исекеңнің беделі арқасында жұмысымды сәтті жалғастырып кеттім. Адамилықты, кішіпейілділікті, кейінгі жастарға деген зор сенім мен олардың келешегіне деген құрметті Исекеңнен көрген едім.

Исатай Әбдікәрімов 1923 жылы Жаңақорған ауданында туған. Ол 1940 жылы Шымкенттегі ауыл шаруашылығы техникумын бітірісімен, Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарынан Қызыл Армия қатарында майдан тағдыры шешілер ұрыстарда неміс фашистеріне қарсы батыл күресті. 1943 жылы Дендра өзенінің жағасындағы қырғын шайқаста ауыр жарақат алып, дала госпиталіне түсіп тылға жөнелтілді. Көп кешікпей Жаңақорғандағы «Өзгент» ауылына «Исатай Әбдікәрімов ерлікпен қаза тапты» деп хат келеді. Ол бірі сау, екіншісі мүгедек, үшіншісі «Ерлікпен қаза тапты» деп қара қағаз жіберілген кейбір солдаттардың соғыстан қайтқан, тағдыр жазып, аман-есен оралғандарының күйзелген шаруашылыққа араласып кеткен кезең еді.

Исатай Әбдікәрімов әке-шешесімен, туған-туысқандарымен қауышқаннан кейін Жаңақорған аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, онан кейін Қармақшы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Көп ұзамай облыстық партия комитетінің аппаратына қызметке алынды. 1952 жылы Қызылорда облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, одан кейін облыстық кеңесі атқару комитетінің хатшысы болды.

Исекеңнің өмірдерегінде соғыстан оралғаннан кейін Қармақшы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болғаны жазылады. Мұны сол уақытта аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған Ұлы Отан соғысы ардагері, партизан, қармақшылық Ерназар Сексенбаевтан естіген едім. Қызмет ауыстырып Қармақшыдан көшер кезде (ол кезде не дүние болсын) бір көне алаша, төсейтін киіз беріп, шығарып салғанын айтып еді, Ерекең жарықтық.

Содан елу бес жылдай уақыт өткенде Чапаев колхозын жиырма жыл басқарған Ерназар Сексенбаевтың 80 жылдығын сол колхозда (қазіргі Ақтөбе ауылында) төраға болған уақытта атап өтудің сәті түсті. Сол жылды «Ерназар Сексенбаев жылы» деп жариялап, оған бірге еңбек еткен Сыр өңірінің ардагерлері шақырылды. Жиында Исатай ағамыз трибунаға шығып, «Ереке, сізге арнап «Ерназар жылын» жариялап, ат бәйгесін ұйымдастырып, бүкіл Сыр бойы ардагерлерін шақырған мұндай құрметті екінің бірі көре алған жоқ. Осыған ризашылық білдіріп, шүкіршілік жасаңыз. Мына ұлан-асыр той, еңбегіңіздің өте жоғары бағалануы және өзіңіз абыройлы еңбек еткен жеріңізде өткізілуі, қазір көзі тірі Қызылорда облысы обкомының бұрынғы бюро мүшелерінің бірі қалмай келіп, сізді құттықтауының өзі – осы мерекені ұйымдастырушылардың іскерлігі» деп ағынан жарылып, ризашылығын білдіріп, тебірене сөйлеп еді.

Ол 1955-1972 жылдары Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, 1972-1979 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Президиумының төрағасы болып лауазымды қызметтер атқарды. Майдандағы ерлігі, соғыстан кейінгі жылдардағы ерен еңбегі Үкімет тарапынан лайықты бағаланды. Социалистік Еңбек Ері, бірнеше рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, көптеген орден-медальдардың иегері атанды. Қызылорда агроколледжі, Жаңақорған ауданында мектеп, көшелер қайраткер тұлғаның есімімен аталады.

Исекең кішіпейіл, жүрегі жұмсақ, көреген жан еді, ең бастысы, Одақтық дәрежедегі қызметтерде жүргенімен болдым-толдым деп асып-тасқан жоқ. Бар өмірін туған жеріне, еліне, халқына арнаған оның қарапайымдылығын, кішіпейілдігін, бауырмалдығын көп адамға ұқсата алмайсың.

Жұмыс жүрген жерде кемшіліктің де болатыны – жазылмаған заңдылық. Ол – Ахметжан Жанпейісов Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Нұржігіт Нақыпов ағамыз аудандық тұтынушылар одағының төрағасы болып жұмыс жасаған уақыт. Аудан орталығынан тұтынушылар қоғамы есебінен орталық универмаг, орталық мейрамхана, бірнеше жерден сауда орталықтары ашылып және елді мекендерде сол жұмыстар жалғасын тауып жатқан. Бір сауда нүктесінен кооперация заты кем болды деген желеумен бюрода Нұржігіт ағамыздың мәселесі қаралып қатал шешім қабылданған болатын. Бұл шешіммен облыстық партия комитетінің бюросы келіспей, облыстық партия комитетінің кезекті бюросында Қармақшы аудандық партия комитеті бюросы құрамы түгел келіп, осы мәселеге байланысты есеп беру қажет деп тауып, мәселе күрделене түскен. Сол бюроны бірінші хатшы Исатай Әбдікәрімов басқарып отырды. Талқылауда өте қатал шара көруді сұраған облыстық партия комитетінің бюро мүшелерінің пікірлері көп болды. Сөз кезегі Нұржігіт Нақыповқа жеткенде, жіберілген кемшіліктерді толық мойындайтынын, қандай шара көрілсе де дұрыс қабылдайтынын айтты. Ел басына қауіп төніп, Отан қорғау үшін 17 жасында соғысқа алынып, 18 жасында окопта коммунистік партия қатарына қабылданған кісі ғой. Аман-есен елге оралып, партбилетіне ешқандай дақ түсірмей, адал қызмет жасаған. «Егер мүмкіндік болса, окопта алған партия билетім өзімде қалса, қызмет мәселесі, басқа жағдайларға тәуекел» деп тебірене сөйледі. Қатысып отырған бюро мүшелері де, оны басқарып отырған Исекең де ойланып, үзіліс жарияланды. Не керек, Нұрекеңе есеп карточкасына жазылған қатаң сөгіс беру және қызметін әрі қарай жалғастыру жөнінде шешім қабылдағанда, басқаны қайдам, өз басым Исекеңнің тектілігі мен іскерлігі деп қабылдаған едім.

Өмір заңы өктем, қағидасы қатал, қаһары қатты. Тал бесікте тербелген адам баласы ақыр аяғында жер бесікте жататындығы айдан ақиқат нәрсе. Елінің, ағеден алғысы, жылы лебіздеріне Исекең білім-білігі, қабілет-қарымы, туымдылығы, қайрат-жігері, табандылығы, іскерлігі мен талапшылдығы, маңдай терін моншақтата төгіп, уақытпен санаспай еткен еңбегінің арқасында жетті.

Қорқыт баба тыныстаған, жүз шайырдың отаны атанған «Ақтайлақ кезеңде» өмірге келген Қазақ ССР-нің бірінші прокуроры, Қазақ КСР Халық комиссарының бірінші орынбасары болған, «халық жауы» атанып, жазықсыз атылған Сүлеймен Есқараевтың бел баласы Марат Есқараев 1980 жылдың тамыз айында қасына Исатай Әбдікәрімовті ертіп, әкесінің туған жерінде болды. Қазіргі Тұрмағамбет ауылында тұратын туған-туыстарымен арқа-жарқа болып, бір жасап қалғанын көзіміз көрді. «Халық жауының» балалары қайсар болып өскен емес пе? Қаншама жыл бір салада еңбек еткенін, өз жұмысын комсомолдың екінші хатшылығынан бастап, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы кезінде талай мәрте әділдік үшін күрескенін екеуара әңгімеден-ақ байқап отырдық.

Күнделікті тірлікте азаматтардың атқарған істерін көп аңғара бермейтініміз – өмірдің өз шындығы. Көбіне ішкі істер органдары қол қойып берген төлқұжатты азаматтық деген түсініктен арыла алмай жүргендер арамызда әлі де бары жасырын емес. Ал шындығына келгенде, нағыз азаматтар – өз халқының қамын жеген қолы да, ары да таза, адал жандар. Исатай Әбдікәрімов пен Марат Есқараев есімдерін тарих, ел-халық ұмытпайды. Тұрмағамбет ауылындағы Камал Дәуітов ағамыздың үйіндегі басқосуға сол кездегі көзі тірі З.Дәулетбаев, Б.Зәріпов, Ж.Дәуітов бастаған туыс-туған, көнекөз ақсақалдар қатысқан еді. М.Есқараев 2013 жылы 84 жасында дүниеден озды.

Биыл Исекеңнің туғанына 100 жыл толды. Қармақшылықтар оның өте кішіпейіл, халықшыл, ешкімді бөле-жармайтын қарапайымдығын жыр қылып айтып отырады.

– Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп ұлы Абай айтқандай ел ағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, «Ғасыр адамы» атанған, парасатты қасиеттерімен ел есінде сақталған текті тұлғаның туған жеріне қалтқысыз қызметі, өмір жолы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болмақ.

Нұртілеу САЛЫҚОВ,

Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<