«Қазақта бақ қонбайтын жігіт жоқ…» деген аталы сөз бар. Ер жігітке баталы сөзін беріп, аталы тілегін қосатын, пенделік қызғаныштан ада, еңбекті бағалап көре білу – ел басқарған азаматқа сын. Атақты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың өмір жолында 1946-1949 жылдары Кәрім Шорабеков, 1956-1959 жылдары Мәмбет Смағұлов сынды азаматтардың ауданның тұтқасын ұстауы – бағының жануына себепші болғаны тасада қалып келе жатқан шындық. Жазатаның Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 1954 жылғы IV шақырылымының және 1958 жылғы V шақырылымының депутаты болып сайлануына, 1959 жылы Мәскеуде өткен КПСС ОК ХХІ съезіне делегат болып қатысуына сол кездегі аудан басшыларының ықпалы болғаны ақиқат.
1960 жылы Бірлік ауылында Жазылбек Қуанышбаевқа бюст қойылу салтанатына Жамбыл облысының сол кездегі басшысы Асанбай Асқаров қатысып «қарапайым еңбек адамынан шығып, мемлекет қайраткеріне айналған шопан ата, біздің бүгінгі болмысымыздың келбетіне айналды» деп толғанды. Жиын аяғы үлкен тойға ұласты.
1959-1965 жылдары Асанбай Асқаровтың Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал 1965 жылы Айтбай Назарбековтің Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқаруы Жазылбек Қуанышбаевтың өмірінің зейнеткерлік кезеңіндегі құрмет пен қошемет дәуірі болды. Республикалық жиындардың қонағы, съездердің делегаты, нұрлы жүзі жарқырап кездесулердің төрінде отыратын тұлғаға айналды. Оның жолға шығуын аудан басшысы Айтбай Назарбеков өз назарында ұстап, жанында болатын қосшылары мен жоралғыға беретін сый-сияпатын даярлап отырды. Батыр атағын екі рет алғандардың жағдайын білуден Жазата тыс қалған емес. Ыбырай Жақаевтың мерейтойларына, кемпірі дүниеден қайтқанда, диқанды соңғы сапарға шығарып салуды, Нұрмолданың қазасына көңіл айтуды ата жолымен жасап, қауымымен барып бөлісіп жүрді. Еңбек Ерлері Дариға Жантоқова, Зылиха Тамшыбаева тағы да басқа еңбектестерімен қатар Кенен ақынның қуанышын бөлісу, қайғы болса көңіл айту жолынан Жазекең жығылып көрген емес. Дәуірлеп тұрған коммунистік идеологияның кезінде-ақ қазаққа исламмен келген имандылықтың басты шарты кісінің көңілін аулау қағидатын берік ұстаған Айтбай Назарбеков сияқты ел басшылары мен Жазылбек сынды қариялардың дәстүрге, салтқа беріктігі арқасында қазақ болып жойылмай қалғандығымыз – біз мойындайтын шындық. Иманды ерге Жаратушының да берер нәсібі мен ырысы артық екенін осылардың өмір жолы көрсетіп отырған жоқ па? Олар елінің керегіне жарау, күш-қуатын жоққа көмек, барға демеу болуға жұмсау ер азаматқа Алладан келген парыз деген түсінікпен өмір кешті. Сондықтан да болар Жазатаның Алматыға барар сапары Мойынқұм елінің бір кетігіне қаланар жоқты түгендеумен оралу болып отырды. Олар бірі үлкендіктен аттамаса, бірі кішіліктен кішіреймей бірін-бірі толықтырып отырған, ұлы мұрат – халқына қызмет ету жолында аудан бағын жандырған, тағдыр тоғыстырған тұлғалар болды. Әлем картасына бір мезгіл зер салсақ қосарлана ағып, жерін шұрайлы етіп, алқабына адамзат жинаған Ефрат пен Тигр, Еділ мен Жайық сияқты қос өзендер алқабы әр континентте кездесетіні сияқты Мойынқұм шөлінің өзегін қандыруға жаралған екі тұлға перзенттік парыздарын өтеу жолына өмірін сарп етті.
Жазатаның Д.Қонаевпен, Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрі Моторикомен, т.б. кездесулері, қарым-қатынасы, бір-біріне айтқан наз-қалжыңдарын басқа авторлар жазғандықтан, бұл мақаламда тоқталмай отырмын.
Дүниеге келген қос ұлдың шашу тойымен сәйкестендіріліп, Жазатаны зейнеткерлікке шығарып салу мен шопан таяғын Бөгенбай Бидасбаевқа тапсыру, 70 жылдық мерейтойы 1967 жылы аудан халқының мерекесі болып атап өтілді. Ал, 1976 жылы «Тұлпарсаз» жайлауындағы 80 жылдықта қазақ күресінен халықаралық турнир ұйымдастырылды. Самбодан Әлем чемпионы К.Байшолақов, Еуропа чемпионы А.Мұсабеков, СССР-дің жүлдегері Н.Жармұқанбетов, басқа да танымал болған Марат Жақитовтың шәкірттері қатысқан күрес мерекесі, Роза Бағланова ән шырқаған той өтті. Мерекені өткізу комиссиясында облатком төрағасы Сейілхан Аққозиев болды. Айта кетер жайт, ол Жазатамен інілік қарым-қатынасын өмірінің соңына дейін үзген жоқ. 1986 жылы шопан ата қайтыс болғанда жөнелту рәсімі Сейілхан Аққозыұлының көмегімен өтті.
Айтбай Назарбеков бастап дәстүрге айналған Жазылбек Қуанышбаев атындағы әртүрлі мерекелер жалғасын тауып, 90, 100, 110, 115, 120 жылдық мерейтойлар аталып келеді.
1973 жылдан қазақ күресінен Жазылбек Қуанышбаев атындағы республикалық турнирін Мойынқұмның «Тұлпарсаз» жайлауында мамыр айында өткізу дәстүрі бастау алды. Сол кезде қазақ күресінің ережесін жасауға, оның СССР деңгейінде спорт түрі деп танылуына белсене араласқан Марат Жақитов. Айтбай Назарбеков оны елге шақырып «Жазатаны СССР біледі, оның күресін де СССР білгені жөн деп санаймын, Марат қалқам. Сен атаңның батасын алып, осы істі халықаралық деңгейге жеткізсең, біріншіден, ұлтыңның салтын сыйлаған боласың, екіншіден, халқыңның мәртебесін көтересің» деген сөзі намысын қайрап, үлкен іске құлшындырды.
– Турнир халықаралық деп танылып, жеңімпаздарға «Қазақ ССР спорт шебері» атағын беру құқығын иеленді. Мен екі жүзге жуық спорт шеберін даярласам, солардың арасында осы турнир жеңімпазы болған мойынқұмдықтар да көптеп кездеседі, – дейді, кезінде самбодан СССР құрама командасының бапкері болып, СССР және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанған М.Жақитов. – Сол жылдары СССР құрама командасының жаттығуын Таразда өткіздім де, толық құрамды «Тұлпарсазда» өтетін турнирге қатыстырдым, – деп ілтипатпен еске алып отырды осы турнирдің 1989 жылға дейін өтуін ұйымдастырып келген ел ағасы. «Турнир Жазатаның үйінен дәм татумен басталып, батасымен аяқталатын еді. Сол батамен маған да атақ-даңқ келді, СССР «Халықтар Достығы» орденімен марапатталдым» деп қазақы мінез танытты бүгінде өзі де үлкен спорттың жолындағы жастарға бата беріп жүрген Жамбыл спортының ақсақалы.
Міне, «әлемнің Жаратушысы жоққа қолын созған, сабырын сақтай білген, садақаның үлкені тілін тыйған, жүрегімен өзгені сүйген, өзінің сүйген құлын осындай жандармен тоғыстырып, тілегін қабыл етеді» дегенді Жазылбек атаға бағыштап айтсақ, Айтбай Назарбеков пен Марат Жақитовтың кездесуін «бітер істің басына жақсы келер қасынаға» сыйғызып қояйық. Үш сағаттан астам уақыт әңгімемізде «Тұлпарсаздағы» турнирді басынан аяғына дейін көретін Жазата мен Айтбике апайды, спортшылармен бірге жүретін Зоя Арқабаева мен Жұмабек Орынбаевты, аудан намысын жыртқан Рысманап Шаңлақбаев пен Әшімхан Сатыбалдиевты еске салып, бағасын беріп отыруы және есте сақтауы ыждағат сезімге бөледі.
«Осындай 31 турнир өткізіп, 46 ағайынды спортшыларды әлемдік, Еуропа, республикалық деңгейдегі спортшы етіп шығардым. Бір отбасынан 6 бала самбомен айналысып, Қазақстанның, СССР және Азия чемпиондары болса, Тәмбиев Досберген 8 рет «Жазылбек турнирінің» чемпионы болды» деп тамсандырды. Мойынқұм елінің салт-дәстүрге беріктігін, қонақжайлығын еске салып, «Жазылбек турнирін» қайта жандандыру мүмкіндігі бар екенін айта келіп, бастасаңыздар әрі қарай қолдау жасайтынын алдыма тартты. Қазағым аман болса, Жазекең рухын көтерер ер де табылды деген оймен Алматыға оралдым…
Мақсат СЕЙДАЛИЕВ,
«Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері.
Жамбыл облысы,
Мойынқұм ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<