Тұтқынға түскен жауынгер тағдыры

390

0

Ұлы Отан соғысының ардагері, Ресей Федерациясы Владимир облысы Петушкий қаласы Подгорная көшесі №12 үйдің тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Әйімбет Баймұратовтың тағдыры ауыр болды.

Атақты власовшылардың құрамында тұтқынға алынған ол туған елге оралмады. Ә.Баймұратов 1920 жылы Қазалы ауданы Майлыбас ауылдық кеңесіне қарасты Кеңтүп елді мекенінде шаруа отбасында дүниеге келген. Қазалы қаласындағы №17 қазақ орта мектебін 1940 жылы 5 сыныптық біліммен бітіреді. Аудандық әскери комиссариат арқылы 1940 жылы 22 қазанда әскер қатарына алынады.

1941 жылы соғыс басталғасын Кеңтүп ауылындағы Баймұраттың балалары Төребек, Төреш, Тойымбет әртүрлі уақытта майданға аттанды.

Әйімбет Прибалтика майданы шебінің №167 атқыштар полкінде қатардағы әскер болып шайқаста жүріп, Ленинград қоршауында өзге жауынгерлермен бірге қалып қояды. Қоршауда қалған әскерлер аштыққа да, жоқтыққа да төзіп ұрыс жүргізді. Қоршаудағы жауынгерлер тұтқын болып кете барды. Олар үшін қиындық пен азап басталды. Аштық пен аурудан қатары сиреді. «Не өлім, не өмір» деп бірнеше солдат тұтқыннан қашу жоспарын ойластырды. Күндіз ауыр жұмыс, түнде қарулы күзет жау әскері мен иттерден сытылып шығу мүмкін емес. Күнделікті берген наннан үнемдеп жолға азық дайындап алды. «Аңдыған жау алмай қоймас» дегендей ақыры сәтін тауып, бірнеше солдат тұтқыннан қашып, аман қалғандары партизан отрядына, жаумен соғыса жүріп Кеңес әскерлеріне келіп қосылды.

Тұтқыннан құтылып өз әскерлеріне қосылғанмен, бұларға сенімсіздік білдіріп, тергеудің астына алды. Жауға өз еркімен берілмегенін қанша дәлелдеп айтқанымен, сенімсіздік сейілмейді. Сүйегім өз елімнің топырағында қалсын деген отаншылдық сезіммен Әйімбет Баймұратов әскери қызметін адал атқарып, соғыста ерлігімен көзге түседі. Дегенмен «Жаудың біздің арамызға жіберген тыңшысы емес пе екен?» деген күдік әскери басшылар тарапынан сезіліп қалып отыратын.

Жеңістен кейін Ә.Баймұратов туған жері Қазалыға қайтпайды. Соғыс даласында жараланып қалғанда өзіне көмек көрсетіп, тамақтандырып, жарасын жазған орыстың орманшы  шалы Федорды іздеп барады. Орманшыны іздеуінің себебі – еліме барғанда тұтқын деген атқа қалай қарайды деген ой. Екіншісі, Федордың үйіне жау келіп тінтіп тексергенде шөп қорада жасырынып жатқан Әйімбетке әкесімен бірге жанашырлық танытып, жарасын таңып, аяушылықпен көгілдір көздерінен ұшқын шашып мөлдірей қараған Аннаның  бейнесі  көз алдынан кетпей, өзіне тартты да тұрды. Жүруге жарап өз әскеріне қосылуға кетерінде Анна мен Әйімбеттің көздері түйісіп, қимастық сезім, махаббат оты ұшқындағандай болған.

Іздеп келген Әйімбетті Федор баласы жеңіспен оралғандай қуана қарсы алды. Қызы Анна мен Әйімбетті қосып хал-қадірінше дастархан жаяды.

Жеңімпаз жауынгер аз-мәз тынығып алғасын ағаш кесушілер бригадасына жұмысқа орналасты. Уақыт зымырап өтіп жатты. Бауырлары бір сәт естен шықпаса да, хабарсыз жүре берді. Тыныққанда туған жері Қазалыны қиялымен шарлап қайтатын. Түсінде елі мен жерін, бауырларын көретін.

Сонда да шыдамдылық танытып тұтқын деген аттан құтылар кезді аңсап күтетін. Ондай сәт туды. Тұтқынға өз еркімен емес, басқа себеп-салдармен түскені анықталып, жаманаттан арылды. Қуанышы қойнына сыймай, бұрынғыдан да жігерлене еңбек етті.

Басшылары істеп жүрген ауыр жұмысынан құтқарып, орманшы етіп тағайындады. Соғыстан соңғы ауыр жылдарда халық шаруашылығын қалпына келтіруге бір адамдай атсалысты.

Ендігі арманы елге барып, бауырлары  мен туыстарын бір көру болады. Соғыс біткеннен кейін араға 22 жыл салып, 1967 жылы  Қазалы қаласының басшысына кіреді. «Қазалы әскери комиссариатынан әскерге шақырылдым. Ол уақытта ағам Төреш Баймұратов ауданның прокуроры еді, қалған ағаларым әскерге кеткен. Оларды қайдан іздеп табамын?» дейді.

Қазалы қалалық кеңесінің төрағасы Файзрахман Әбдіжаппаров сөзге келместен орнынан тұрып, ізіне ертіп алып, Тойымбеттің үйіне әкеледі. Әйімбетті сыртта қалдырып, өзі үйге кіріп келіп, алаңсыз отырған Тойымбетке:

– Төке, інің Әйімбетті әкелдім. Сүйінші! – дейді.

Хабар-ошарсыз кеткен інісін өлілер қатарына қосып қойған Тойымбет сенбейді. Файзрахманның жүзіне қараса әзілдің ізі білінбейді. «Мүмкін емес, мүмкін емес» деп қайталай беріпті.

Далаға шыққан Тойымбет есік алдында тұрған інісін көріп, бауырымдап құшақ жая ұмтылады. 26 жылдан кейін кездескен бауырлар мауқын басып, екі айдай ағайын-тумаға қыдырып, амандығын білдіреді.

– Соғыстың аяқталғанына 22 жыл болды, содан бері неге хабарласпай жүрсің? – деген бауырларына:

– Соғыстың ауыр жағдайын өздерің білесіңдер. Власовтың сатқындығы кесірінен немістерге тұтқынға түстім. Қаншама қарулас жолдастар жат жерде қалды. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген шындық екен. Тұтқыннан да, соғыстан да аман қалдым. Неше жыл бойы арманым орындалып, өздеріңмен кездесіп отырмын. Құдайға мың да бір шүкір!

Ал хабарласуға келсем, соғыс жүріп жатқан кезде де, одан соң да тұтқын деген ат құр соңымнан қалмады. Үнемі бақылауда жүрдім. Елге барсам, сендерге кесірім тиер дедім. Енді міне өздеріңмен аман-есен жолығысып отырмын, – деген.

Әйімбет Баймұратов әйелі Анна Федоровна Баймұратовамен тату-тәтті ғұмыр кешті. Әйімбет 92, Анна 105 жасқа келіп, дүниеден өтті.

Ұлы Отан соғысы жылдарында, кейінгі жұмыс орнында алған орден, медаль, грамота, алғыс, марапаттары өзі еңбек еткен Петушки орман шаруашылығы Заречный лесхозының музейінде сақтаулы.

Кәрім БАЙМҰРАТОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<