Туған жердің жанашыры еді

863

0

Ардақты әріптесім Нағымадин Дәрібаевтің өткен өмір жолы, бүкіл болмыс-бітімі жадымда жаңғырып, енді естелікке айналып отыр. Оның жаратылысы бөлек еді. Мол пішілген ішкі әлемі кең, маңайлай кеткенді жатырқамайтын жайсаң азамат болатын. Басшы столынан, басшылық мінберінен айбат іздемейтін. Жымиысының өзі жарасымды еді. Өмір жолымыз тағдырлас болды. Бір-бірімізді ренжіткен кезіміз болған жоқ. Достығымыз баянды болды. Әріптес замандастары оның маңғаз болмысына таңдана жүріп, «би-төре» деп орынды қалжыңдайтын. Ол туған жерін айрықша қастер тұтатын. Біздің ұжымға айрықша көңіл бөлетін.

1975 жылдан бастап, энергопоезд кетіп, аудан орталық энергожүйеге қосылғасын, елді мекендерді электрлендіру басталды. Сыр бойы, Қарақұм, Жіңішкеқұм, Атанши, Тоқабай, т.б. ауданның елді мекендеріне жоғары кернеулі электр желілері тартылып, жарық беріле бастады. Ал Ақбасты, Құланды қалыс қалған еді.

1988 жылғы ақпан айында аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Қ.Жақсыбаев, аудандық атқару комитетінің төрағасы Ә.Медетбаев Алматыда болатын. Мені Алматыға шақырды. Шұбатымды арқалап дереу жеттім. Қожекең екеуміз республикалық энергетика министрінің күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары, жерлесіміз Төлекей Мусағалиев жолдасқа кірдік. Қожекең ауданның, елді мекендердің жағдайын айтып, Құланды мен Ақбастыға электр линиясын тарту мәселесін қозғады. Мусағалиев кнопканы басып еді, есіктен еңгезердей бір орыс жігіті кіріп келді. Сол кезде Мусағалиев: «Как там Акбасты?» деді. Орыс жігіті: «Что вы, далеко очень, одни потери» деп жауап берді.

Қожекең орнынан атып тұрып, орыстың жағасынан алып: «Там же люди!» деді. Біз Қожекеңді министрліктің жауапты қызметкерінен ажыратып, оны жұбатып, басқа әңгімеге көштік. Соңында Ақбасты мәселесін шешуді тағы түбірлеп, ертеңіне Аралға қайттым. Әлгі орыс сол министрлікте главсельэнергоның бастығы Путинцев екен.

Көп ұзамай Нәкеңнен хабар келді. «Райкомның атынан Минэнергоға Ақбастының жағдайы жөнінде барлық жағынан саяси-техникалық мәні бар хат жазамын. Соны райкомның бланкісіне бастырып, бірінші хатшыға қол қойдырып, Алматыға жіберсең» деді. Екі жетіден кейін 1988 жылы мамырдың бірінші онкүндігінде Тұрсын Қалиев, жанында екі инженері бар, Аралға келді. Қосаман-Ақбасты-Құланды 35 кВ электр желісінің жобалық құжаттарын дайындау үшін.

Сол күні Нәкең екеуміз Сексеуілге барып, Құланды жылқы зауытының директоры Жетесовке жер актісіне қол қойдырып, келесі күні самолетпен (АН-2) Қосаманға, Ақбастыға соғып, электр желісінің шығатын жерін, трассасын аралап, Құландыға қондық. Самолетке ертең келесің деп қайтарып, қонақтарды теңізге (Изендіге) апарып, «Шулағанды» көрсеттік, ферма меңгерушісі Алдоңғар Тілеуов бізбен бірге болды.

Аудан көлемінде күрделі құрылыстардың бірі болған Қосаман-Ақбасты-Құланды 110 кВ электр желісінің екі жылға созылған құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде болған кейбір жайттарға тоқталайын. Қосаман қосалқы стансасының схемасын өзгертетін болып, бұрын 110/6 кВ болса, енді 110/35/6 кВ болып қайта жасақталды. Ақбастыға тартылатын электр желісі 35 кВ болып шешілді. Бірақ желінің габариті 110 кВ болып орындалады: жері қашық, желі ұзын, сенімді болу үшін жобада осылай шешілген. 1988 жылдан бастап электр қондырғыларының құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін Қызылордадағы мехколоннаның бас инженері болып, сол кезде бөлімше (участок) бастығы болып жүрген жерлесім, институтта бірге оқыған курстасым Ұзақ Жакебаев ауысып, бас жұмысты Ұзекең өз қолына алды. Жұмыс жүріп жатыр, кедергі жоқ. Бір проблема – Қосаманға 110/35/6 кВ салмағы 40 тонна болатын трансформатор қойылуы керек, орны дайын.

1990 жылдың қыркүйек айының басында Қосамандағы құрылыс-монтаж жұмыстарын, подстансаның кеңейтілуін, Ақбасты электр желісінің қосылуын, трансформатордың орнын өз көзімен көру үшін Аралға Нәкең келді. Жүріп жатқан жұмыс барысын көзбен көріп, тексеріп шығу үшін екеуміз Қосаманға келдік. Жұмысымызға қанағаттанған Нәкең Қызылордасына қайтып кетті.

Қосаманға қойылатын трансформаторды Сексеуілдегі электрстансаның ауласына пойыздан түсіріп алдық. Енді оны Қосаманға алып баратын көлік, алып барғасын түсіріп алатын кран керек. Сол кезде Бердікөл қосалқы стансасы іске қосылып, Қотанбұлақтан 8 скважина қазылған. Су айдап тұратын кезекші электромонтер Биғазиев Нұржан ағамыз болатын. Нұрекең жұмыстың ретін білетін, ұйымдастыру қабілеті мол, кезінде ферма меңгерушісі қызметін атқарған. Нұрекеңе хабарласып, Қосаман-Бердікөл су желісін қазып, труба жүргізіп жатырған мекемеде трансформаторды Қосаманға жеткізіп, орналастырып беретін қандай техникалары бар екенін біліп беруін өтіндім. Нұрекең де жедел хабарласты: «Техника бар, жапондық «Камацу» деген трубакладчик 60 тоннаға дейін көтереді. Жылдамдығы сағатына 30 км, қолма-қол 400 сом ақша керек. Тракторист орыс жігіті Түркіменстаннан келген» деді. Біз келістік. Содан қазан айының он жетінші жаңасында Житкулов Олжабайды К-700 тракторымен, 40 тонналық сүйретпе тележкасымен жеделдетіп Сексеуілге жібердім. Ертеңіне трансформаторды тиеп алып, Бердікөлден Қосаманға тарттық.

Бердікөлге жеткен бойда кідірместен трансформаторды подстансаға «Камацумен» еш қиындықсыз түсіріп, орнына қойдық. Қуанышта шек жоқ. Мұса, Ермұрат үшеуміз Аралға қайтып келдік. Кешкі уақыт еді. Шайға отыра бергенде телефон шыр ете қалды. Көтерсем, Нәкең екен: «Арапхан-ау, Ұзақтан айырылып қалдық қой…» деді. Нәкең жігіттерді өзі бастап келіп, Ұзақты «Алтықұдықтағы» қорымға жерледік. Қазан айының жиырмасы күні. Досымызды жерлеу жоралғысын Нәкең өзі басқарды, біз де белсеніп жүрдік.

…Арал ауданының батысында Қарақалпақстанмен шектес теңіз жағасы Изендідегі қаратас мүсін «Шулағанның» шығысында Сазды, Қарақұм, Жіңішкеқұм, Атанши… әй, Нәкең екеуміздің бармаған жеріміз жоқ шығар. Бәрі есімде, көз алдымда. Ол туған жеріміздің нағыз жанашыры еді. Ортамыздағы басшымыз болатын. Оның Арал ауданы басшысының атынан министрлікке орыс тілінде партиялық стильмен, техникалық сауаттылықпен халыққа жаны ашып хат жолдағаны есімнен кетпейді. Жоғары кернеулі электр желіні Сыр бойы, Қарақұм, Жіңішкеқұм, Атанши, Тоқабай, Құланды асып, Ақбастыға жеткізгенімізде халық қандай қуанышқа бөленді десеңші. Олармен бірге біз де қуандық.

Осындай азаматты, абзал досты, ақылшы басшыны қалай ұмытарсың…

Арапхан СҰЛТАНОВ,

Қазақстан Республикасының құрметті энергетигі,

Арал ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<