Турашылдық туын жықпаған

431

0

«Берекені бірінші Алладан, екінші еткен еңбектен тіле» – деген дана халық. Айдарбек Қыдырбекұлы Бәйімбет немересінің «Өмірде көргендерім мен білгендерім» («Түгіскен түлектері») еңбегін оқып шықтым. Ол балалық шағы мен еңбекке араласқан уақытында бастан өткен кедергілерге қажымай-талмай күресе білген. Ойына жақсылықтан басқа ештеңе кіріп-шықпайтын, біреулердің өзіне жақпайтын қырсыздау әңгімесін құлағы ұқпайтын бірбеткейлігі бар. Өмір жолына қарап отырсақ, билік биігіне шықпаған, байлық та жинамаған.

Жасынан техника жағына бейім болып, киномеханик мамандығын үйренген. Аудандағы КТУ-дан кең профильді тракторшы және шоферлық мамандықты қоса меңгеріп алған. Әдепкіде Задария совхозында күрішші механизатор болып істеп жүріп, 1969 жылы Қазақ мемлекеттік «Еңбек Қызыл Ту» орденді Ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін бітірді. Содан Түгіскен совхозына жолдамамен агроном болып орналасты. 1978 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы, 1981 жылы Жеміс-жидек министрлігі құрылып, соның облыстық басқарма басшысының бірінші орынбасары болды. Одан кейін 1984 жылы партияның жолдауымен облыстық өсімдіктер карантині жөніндегі инспекцияға бастық болып ауысты. Осы жұмыстарда өзінің қабілетін көрсете білді. Қоғам мүлкін көздің қарашығындай сақтауда батыл істер атқарды.

Айдарбектің бұл естелігінде Түгіскен түлектерінің ерен еңбегі шама келгенше паш етілген. Сонымен бірге өзінің көрген-білгені, өмір сүрген ортасы, бірге істес болған азаматтар, өнегелі өмір жолы зейін қойып оқығанға терең ой салады. Айдарбектің ақындық, ой-толғамдары жаныңды сүйсіндіреді. Кітап көпшілік оқушы қауымға арналған. Шығарманың тілі тартымды, жеңіл, қызғылықты оқылады.

Өзім куә болған бір-екі жайды айтқым келеді. Жазушы, ақын адам жанын ерекше ұғады, айрықша түсінеді. Айдарбек зейнетке шыққаннан кейін Шымкентке қоныс аударып, Сайрам ауданына қарасты Қарасу деген жерге қоныстанды. Түгіскен түлектері жайлы әңгіме болғанда «Мақұл, Шәке сіздің айтқаныңызбен бастаймын» деп жазуға отырды. Жасыратыны жоқ, жары Сапура куә, 15 күнде 250 беттен аса кітаптың жобасы дайын болды. Екі-үш күн оқып, қолжазбасына аздап қосқаным болмаса көп өзгеріс ендірмей, 15 күнде кітап дайын болып баспаға берілді. ҚР Содан кейін Журналистер одағының мүшесі болды. Сайрам ауданынан шығатын «Түркістан тынысы» газетіне редакторлық етті.

«Заман», «Жұмадағы кездесу», «Қазақ елі» газеттеріне мақалалары шығып тұрды. «Қазақ елі» газетінің редакторы Қажымұхан Ғабдулла ініміз Айдарбекті Түркістан облысындағы, Марат Арыновты Өзбекстандағы, мені Қызылорда облысындағы тілші етіп бекітті. Міне қызық, үшеуміз жерлеспіз. Сөйтіп қызмет еттік. Ол өртұлғалы ақын Мұхтар Шахановпен құрдас болып жақсы араласты. Ақынның 70 жылдығында өзінің туған жерінде кездесіп бірге болдық. Айдарбек баспасөз бетінде қоғамдағы келеңсіз жағдайларды батыл айтудан жасқанған емес.

– Ақылдан адасқандардың,

Ажалдан адаспайтынын.

Тақ үшін таласқандардың,

Табытқа таласпайтындығын, – деген өлеңді мысал етіп көп айтатын.

Қазіргі біздің қоғамдағы жағдайды біліп айтқандай ой-толғамдарға ерекше мән бере сөйлейтін. Түркімен халқының ұлы ақыны Мақтымқұлының:

– Биік таулар, бойшаңмын деп шіренбе,

Тасың кетсе, сен де бір дөң боларсың.

Терең теңіз, тәкаппарсып түнерме,

Суың кетсе, сен де бір шөл боларсың.

Лұқпандай тапсаң, дерттің дауасын,

Рүстемдей жыртсаң, жаудың жағасын,

Ескендірдей бар қамалды алсаң да,

Жұрт қатарлы төмпешік боп қаларсың.

Көзіңді сал жарлы менен жалқыға,

Тең болып жүр бай мен кедей жалпыға, – деген өлеңіне де жиі тоқталатын.

Тірі болғанда 80 жасын атап өтіп, ойға алған біраз жайларға куә болар едік. Алланың рахымында болсын. Азаматтар туған жерінде (Жаңарық), жұмыс істеген жерінде (Түгіскен) көше атын берсе, артық болмас еді.

Шайдарбекқажы ӘШІМҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, зейнеткер-тарихшы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<