Тыныштық тұғырындағы тұлға

811

0

Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ішкі істер саласының сайыпқыраны, полиция полковнигі, Сырдария ауданының құрметті азаматы Маханбет Бержановтың өміржолы – құқық саласына ғана емес, барша Сыр елінің кейінгі жастарына өнеге боларлық баян.

Он сегіз жасында от кешіп, отыз бес жыл ел тыныштығын күзеткен Маханбет әкенің ғасырлық ғұмыры талай тар жол, тайғақ кешуден өтіп, қайсарлық пен адалдықтың ақ туын кірлетпеген қадірімен қымбат.

1925 жылы Жалағаш ауданы Еңбек ауылдық кеңесіне қарасты «Ынтымақ» колхозында дүниеге келген Маханбет жетіжылдық мектепті бітірісімен әскер қатарына алынып, 1943 жылы Чита облысы Забайкал әскери округінің 36-армиясының 9 полкі құрамында соғысқа кірген.

Бұл неміс басқыншыларының жеті кессең кесірткедей әлі қалатын жыланша қарсыласып жатқан бір кезеңі болатын. Сондықтан, жаумен бетпе-бет келген Бержанов аз уақытта небір қырғынды бастан өткерді. Соғыс деген сөзге сипаттап сыйғызатын нәрсе емес. Зәреңді зәр түбіне жіберіп ысылдаған снаряд ұшып келе жатады, солдаттар басын қолымен қорғалап жерге жата қалысады. Бұл өзі екі алақанымен бетін жауып, «мен жоқпын» деген баланың қылығы секілді еді. Тілінен от жалақтаған темір қалта қолыңмен қорғанғаныңды қайтсін. Бұрқ ете қалады, сәлден соң көзін ашқан адам жанында денесі жоқ қол, аяқтардың ағаш секілді шашылып жатқанын көреді.

Осы сұмдықтың куәсі болған әкелеріміздің жаны беріш, тәні құрыш шығар. Ал, ауылда әйелдер қайғы арқалаған қара қағаздарды жоқтауға айналдырып, аспанды күңірентті.

Құдай-ау, көрдім тағы жазғаныңды,

Ағыздың жасымды емес, көз қанымды.

Құраны, құдайы жоқ сұм неміске,

Құрбан ғып неге бердің боздағымды…

Айтып-айтпай не керек, қанша арыстың асыл сүйегі алыс жерлерде қалды. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі», аждаһа арпалысынан аман шыққан  Бержанов мұнан әрі Қиыр Шығысқа аттанады. Жоғары Бас қолбасшының 1945 жылдың 23 тамыздағы бұйрығымен жапондықтармен соғыста көрсеткен әскери қызметі үшін мақтау алады.

Сөйтіп, екі соғыстың есігін жапқан Маханбет 1946 жылы Чита облысының 79-разъезіндегі артиллериялық батальонда писарь-континармус, радиотелеграфист, Даурия стансасында орналасқан 275-байланыс батальонында штабтың аға писары болып әскери қызмет атқарады.

Осылайша, омырауында «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Жапонияны жеңгені үшін», «Әскери ерлігі үшін» медальдары жарқыраған жеңіс жауынгері елге оралады. Соғыстан кейінгі жадау тұрмыс, жартыланған тірлікті тіктеу үшін ел ішіндегі тәртіп сақшылығы да аса қажет болатын. Сондықтан жергілікті өкімет басшылығы соғыстан соң айбынды, ақиқатқа берік, ісіне бекем азаматтарды милиция қызметіне тартты. Сондай сыннан өткен жас жігіт Маханбет Бержанов Қазақ ССР әскери комиссариатының жолдамасымен Жалағаш аудандық ішкі істер бөліміне қатардағы милиционер болып жұмысқа орналасты.

Сол күннен Маханбеттің бейбіт өмірде де әскери тәртіппен атқарылатын қызметі басталады.

1948-1975 жылдар аралығында Жалағаш, Қармақшы, Арал, Тереңөзек аудандық ішкі істер бөлімдерінде жедел уәкіл, аға уәкіл, бөлім бастығының орынбасары болып қызмет етеді. КСРО Ішкі істер министрлігінің жоғары мектебін сырттай оқып бітіреді.

1975-1983 жылдар  аралығында Қармақшы аудандық ішкі  істер бөлімінің бастығы болып бекітіледі. Мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты – заңды қадірлеген азамат күндіз-түні тынымсыз жұмыс атқара жүріп, қарапайым халықтың да мүддесін еш уақытта ұмытпайтын. «Заң – адам пайдасына жазылады, адам – заң үшін тумайды» деген қағиданы да ұстанып, қателіктен қылмыс іздемей, жерлестерін хал-қадірінше тәртіпке үндеп, талай тентекті жазасыз-ақ жолға салған кездері болды. «Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында», жұрт ішінде ұрыскеріс, зілсіз жанжал кездесіп қалады. Мұндайда, Бержановтың кеңсесіне кірген бұзық есіктен тәртіпті болып шығады.

Ал, қылпыған қылмыстың соңына шырақ алып түсіп, шындықты ашу – милиция бастығы Маханбеттің өзі ісіне адал берілгендігін паш етті.

Тереңөзек аудандық ішкі істер бөлімін басқарып тұрғанда сонау Саратовтан тергеушіні пышақтап, із суытып кеткен қашқын Маханбет Бержанов ұйымдастырған операциямен «Абыла» разьездінен ұсталды. Сонда аудандық милиция бастығы қатардағы қызметкерлермен бірге жаяулап жүрді. Үстелінде отырып, сағат сайын есеп сұраған жоқ. Мұндай істің нәтиже бермеуі мүмкін бе? Адал жанның аз сөзге сыймайтын мұндай оқиғалары көп.

Маханбет Бержанов қай жерде қызмет етсе де, сол жердің төл баласындай болды. Адамды жат санау, туыстыққа тартып туралықтан аттау оның жан табиғатында жоқ мінез еді. Міне, осы адамилығымен де көпке сыйлы болды, ортасында құр­метке бөленді.

Соңғы қызметі Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімін 9 жыл 6 ай басқарып, зейнет демалысына шықты. Шаршадым, шалдықтым демей, өзін ылғи сергек ұстап, ақыл сұраған кейінгі құқық қызметкерлеріне тәжірибесін үйретуден жалықпады. Бүгінгі күні «Біз Бержановтың мектебіненбіз» дейтін кісілерді әр жерден кездестіруге болады. Маханбет әкей ағайынның бірлігіне, туыстың татулығына ұйтқы болды. Халықтың құрметіне бөленді. 

Оның Сырдария ауданының құрметті азаматы атағын алуы да – осындай азаматтық деңгей, адами өлшемнің айғағы.

Зайыбы Сәменова Тынымкүл апа екеуі алты қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан ұрпақ көрді, шөбере сүйді. Алпыс алты жыл ерін қадірлеген отанасы  Тынымкүл ана 2014 жылы дүниеден өтті.

Тірмізік тірліктің салмағын арқаға артса да, белі бүгілмеген Маханбет Бержанов ұзақ жасаудың, ұжданды өмір сүрудің үлгісін көрсетті. «Ішімдікті жек көріп, темекі, насыбай секілді жат әдеттен аулақ болатын. Қарт болып қолына таяқ ұстаған жоқ. Өте қарапайым, кішіпейіл, мақтанып сөйлеуді, өзім деуді ұнатпайтын. Тоқсаннан асқан шағында да газет-журналдарды оқып, ел жаңалықтарына қуанып отыратын. Бөлмесіндегі үстелінде үнемі «Егемен Қазақстан», «Сыр бойы» газеттері жататын», – дейді Маханбет әкенің замандастары.

Бүгінде әке жолын қуған ұлы Қайрат құқық саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Ал, алты қыз алты шаңырақтың отын шалқытып отыр.

Тоқсан бес жасқа толып, елдің тыныштығын, балаларының бақытын тілеген Маханбет әке 2020 жылы бақилық сапарға аттанды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<