Ұлағатты ұстазды ұлықтау

899

0

Кейінгі жылдары Ұлы даланы мекен еткен ата-бабаларымыздың әлемдік өркениетті дамытудағы ролін айқындау және тарихи сананы жаңғырту, өз тарихымызға деген мақтаныш сезімін ұялатып, жастарға отаншылдық тәрбие беру үшін мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құрудың маңызы баса айтылуда. Сонау 1960-жылдардың өзінде алғашқылардың бірі болып туған өлкенің тарихын оқушылармен бірлесе зерттеу бағытындағы жұмыстарды  КСРО Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, тарих пәнінің мұғалімі Сәден Нұртаев жүргізген болатын.

Сәден ағамыз жастайынан туған өлке мен туған ауыл тарихына, өңірден шыққан оқымыстылар, би-шешендер, ақын-жырауларға қатысты әңгіме, толғау-қиссаларды құлағына құйып, дастан-жырларды жадына  жаттап өседі. Онжылдық мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты  аяқтап, Ақтөбе, Ақжар және Жаңақала ауылдарындағы мектептерде тарих және қоғамтану пәндерінен дәріс береді. Сабақ өту барысында кітапта жазылған жалаң оқиғаларды сол қалпында баяндай салмай, әрбір тарихи оқиғаны өмірмен тікелей байланыстыра түсіндіріп, оның өмірде қолданылуы жағына басты назар аударады. Бұл дегеніңіз қазіргі уақытта білім жүйесінде күн тәртібінен түспей тұрған оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың нақ өзі емес пе?

Сол кезеңде КСРО Білім ағарту министрлігі тарапынан дәрістерді арнайы кабинеттерде оқыту бағдарламасы қабылданып, республиканың барлық орта мектептерінде кабинеттік оқыту жүйесі кеңінен қолданысқа ене бастайды. Осы бағдарламаның мақсатын алғашқылардың бірі болып түсініп, оны іске асырып, өзінің тәжірибесін баршаға таратқан Қармақшының қиян шеттегі құмдағы ауылы «Жаңақала» совхозындағы №185 мектептің мұғалімі Сәден Нұртаев болды.

Сәден Нұртайұлы кабинеттік оқу жүйесі жөніндегі іс-тәжірибесін көрсетуде алдымен ауданнан, сосын облыстан, онан кейін республикадан 1-орын иеленді. I Жалпыодақтық «Үздік оқу әдістемесі және оқу құралы» сайысында жеңіп шығып, КСРО Білім ағарту министрлігі жанындағы қазылар алқасының шешімімен министрдің орынбасары К.Ножко қол қойған Құрмет Грамотасына ие болды. Республиканың Орталық партия комитеті де ұлағатты ұстазды одақтық білім сайысындағы үздік жетістігіне байланысты Құрмет Грамотасымен марапаттайды. Сәден Нұртаевтың кабинеттік жүйе және оның тиімділігіне  арналған мақаласы 3 миллион тиражбен Мәскеуден шығатын одақтық «Наука и жизнь» журналында жарияланады.

С.Нұртайұлының басшылығымен мектеп жанынан музей жасалып, оған жәдігерлер жинақтауға мектептің барлық оқушылары белсене кіріседі. Оның оқушылары сол маңдағы «Сырлытам», «Ақмырза», «Қандыарал», «Қарақ», «Қосқала», «Құмқала» сияқты тарихи орындарға кәсіби археологтарша қазба жұмыстарын жүргізген. Көптеген көне тұрмыс заттарын, қару-жарақ, қақпан, қайрақ, бүтін қыш ыдыстар мен оның сынықтары, ою-өрнектері бар бұйымдар тауып, мектептегі тарих музейіне тапсырып отырған. Жаңашыл мұғалім құрған мазмұнды музеймен танысу үшін облысқа келген республика партия және білім саласы басшылары құм ішіндегі ауылға жиі соғып тұрған.

Ол кездері партия және үкімет тарапынан білім саласына қалай көңіл бөлініп отырғанын мына фактіден көруге болады. Сәден Нұртайұлын 1965 жылы Ақжар ауылындағы №28 мектепке директор етіп тағайындарда Қармақшы аудандық партия комитетінің хатшысы А.Жанпейісов пен облыстық білім ағарту басқармасының басшысы У.Төралиев арнайы ұсыныс жасап, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ықсанов қаулыға қол қояды. Ағамыз бұл мектепті 1970 жылға дейін табысты басқарды.

«Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ басқарма басшылығы барлық филиалдарда еліміздің білім беру саласында табысты еңбек еткен ардагер ұстаздарды ұлықтау жұмыстарын жақсы жолға қойған. Облыс бойынша кәсіби даму институты Қазақстан тарихы пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында Қармақшы ауданы Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте КСРО Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы цифрлық форматтағы республикалық олимпиаданы 2018 жылдан бері өткізіп келеді. Биыл 13 мамырда 5-рет өткізілмек. Оған Қызылорда облысы оқушыларымен қатар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының білім беру ұйымдарының үздік оқушылары қатысуға өтініш білдірді.

Олимпиада оқушылардың Қазақстан тарихы пәніне деген интеллектуалды-шығармашылық қабілеттерін айқындау және дамыту, дарынды оқушыларды қолдау, оқушылар арасында ғылымға деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылуда. Олимпиада цифрлық форматта өткізілетіндіктен, қатысушылар тек компьютермен жұмыс жасайды, яғни, адам факторы толығынан жойылған.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, қаржылай сыйақымен марапатталып, республикалық олимпиадаға қатысушылардың барлығына және оқушылардың жетекшілеріне қаржылай сыйақы, Алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етілмек.

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша кәсіби даму институтының директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<