1972 жылдың шілде айы. Свердловск (Екатеринбург) қаласы. Табиғаты аса көркем, айналасы ну орман, Орал тауының етегінде орналасқан. Ресей мемлекетінің орталығындағы дүние жүзіне танымал «Урал-Маш» заводы, Орал әскери округі және қуатты әскери өнеркәсібі шоғырланған аса маңызды аймақ.
1972 жылы мамыр айында Семей қаласынан облыс жастарымен әскер қатарына шақырылдым. Осы даңқты полктің «Старт» ротасына Төкен Алиманов, Рашид Ешмұхамедов үшеуіміз түстік. Музыкалық сауатым бар еді. Семейдегі М.Әуезов атындағы педучилищенің музыканты Евгений Григорьевич Тюунов ақсақалдың ерікті ұйымдастырған үрмелі оркестрі үйірмесіне қатысқанымның мұндай шапағаты тие ме! Мен полктің үрмелі оркестрі құрамына қабылдандым. Полк командирінің бұйрығы бойынша музыканттар нарядқа, басқа ешқандай жұмысқа жіберілмейді. Сағат 14.00-ден кейін Мәдениет үйінде дайындықта боласың. Тек өзіңе тиісті партитураны қалтқысыз орындасаң болды. Қалған уақытта боссың.
Полктің музыканттары «Урал-Маш» заводының апта сайынғы жұма күні кешкілік өтетін сергектік, мерекелік іс-шараларын үрмелі және эстрадалық жанрда сүйемелдейтін тұрақты демеушісі екен. Сондай-ақ, «Сокол» пионер лагерінде, қаладағы әскерилерді жерлеу іс-шараларында қаралы музыка ойнайды. 17 духовиктің 8-і эстрадалық ансамбльде ойнайды. Аз ұлттан Ашот Гаспарян екеуміз. 7 қарашада полктің үрмелі оркестрі округтің оркестрге қосылып, бүкіл әскери парадты сүйемелдеді.
Жаймашуақ шілде айының күндерінде Роза Бағланова апамыз бастаған «Қазақконцерттің» бір топ өнерпаздары келіп, алғашқы концертін осы полкке қойды. Құрамында жазушы Берқайыр Аманшин, өнер қайраткерлері. Зейнеп Қойшыбаева, Гүлвира Разиева, Әскербек Еңкебаев, домбырашы Әзидолла Есқалиев, Аманкелді Сембин, Ғалия Тоқтарбаева, Шура Үмбеталиева, Зарема Қаскеева және Болат пен Қуаныш бар. Гүлвира мен Зейнеп апай бауырларының әскери борышын өтеп жүргенін айтты. Полктің мәдениет үйінде 6 сағаттай бірге болдық. Егер мен үрмелі аспапты бұрын үйренбесем, бұларға жақындап та келе алмас едім. Солдаттар тек саппен ғана жүреді, отырады, тұрады.
Репертуарда бір-бір қазақ әндері болды да, қалған номерлері әр тілде шырқалды. Домбырада да көрермендерін таңдандырып, Еуропа әуендері ойналды. Ә.Еңкебаев «16 қызды» орыс тілінде орындады. Көрермендер қошеметпен орындаушыларды қайта-қайта шақырумен болды.
Соңында Роза апамыз шықты. Ол кісі «Сәулем-ай» әнімен бастады. Толассыз шапалақ соққан қауымға 8 рет шығып ән орындады. Соңында сөз алғанда: «Дорогие наши защитники, мы вас не подведем!» деп қысқа қайырды. Кетерінде Роза апай конверт, қалам алып «елге, әке-шешеңе, қыздарға хат жазып тұр» деп 20 сом ақша берді. Бірге ілесіп кеткім келді. Автобус бұрылып, жүріп бара жатты. Өнер шеберлері автобустың терезесінен білектерін созып, қимастықпен қол бұлғап қоштасқанда жүрегім қарс айырылғандай болды. Елден әскерге аттанғанда мұндай күй кешпеп ем. Қазақтың «Жақында жүрсең тістесіп, алыста жүрсең кісінесіп» деген, жатжұртта жүргенде бірін-бірі қия алмайтын аса бауырмал, қаншыл халық екеніне көзім жеткендей болды.
Содан бері 50 жыл өтті. Осы кездесу әлі көз алдымда. 1972 жылы үгіт-насихатта КСРО-ның құрылғанына 50 жыл толады деп айтып жатады. Біз жаспыз, тереңдеп түсіне алмаймыз. Қазір кейде ойланам, сондай үлгілі әскери округкке өнерпаздар тек Қазақстаннан ғана келді. Неге? Басқа 14 республикадан жыл көлемінде өнерпаздар келген жоқ. Сол жылы Орал әскери округіне Қазақстаннан эшелонмен көп бала әскери міндетін атқаруға барды. Мүмкін осыған орай ма?
Екінші көргенім 1978 жыл. Қараша айы, қар жауған кез. Партия, совет қызметіне жаңа кіре бастаған кезім. Ауылға 2 жыл бұрын аудан көлемінде бұрын салынбаған екі қабатты мәдениет үйі бой көтерген еді. Колхоз председателі К.Криволапов: «Жаңа ауданның І секретары А.Ломтьев телефон соқты. Бүгін кешке сендердің ауылдарыңа барып бір артист концерт қояды деп. Бұл клубты біз аудан үшін салғандаймыз. Депутатпен кездесу болса бізге, артистер келсе бізге… Қыс болса мынау, шаруашылық болса анау» деп ренжіп отыр екен. Сөйтсек Роза Бағланова апамыз бұрынғы Семей облысының аудандарына гастрольдық сапармен келіпті. Кешкілік ауыл клубына жер қайысқан халық жиналды. Роза апай басында құндыз бөрік, үстінде құндыз тон, көзінде қоңыр көзілдірік. Алдынан кездескен үлкендерге: «Мен сіздерді құшақ жая қарсы аламын!» деп тағзым етіп жатты. Ауданның ІІ секретары Н.Чижов бастаған топ және облыстық мәдениет бөлімінен Тапалшинов ілесіпті.
Роза апайдың көмекшісі Катя деген орыс қызы екен. Сахнада ұлттық киіммен кезекті номерін орындап жатты. Толассыз шапалақ соғылуда. Концерттің ІІ бөліміне әскери киім киіп шықты. Кеудесі толған орден-медаль. ҰОС кезінде алғы шепте, әсіресе, алғаш Мәскеудің үлкен залында ән салғанын, солдаттар сол клубтан шығысымен саппен майданға беттеп бара жатқанын айтты. Бірде алғы шепте Розаны генерал Рахимов танкінің үстіне көтеріп шығарып, ән салдырыпты. Тағы бірде алғы шепте, әскерлер алдында, ән салып тұрғанда жанына снаряд түсіп жарылады. Көрермен әскерлер соғыс дағдысымен жата қалыпты. Роза апамыз әнін тоқтаусыз айта берген. «Мен жасырынып сақтануды білмедім. Тек бір қабағыма тарыдай жарқышақ дарып қанатты» деді. Сол жарақаты кейін жасы ұлғайғанда көзінің көруін нашарлатады. Сүйемелдеуші ансамбль құрамында мен танитын Алшынбек Қасымов деген музыкант болды. Соңғы әнін колхоздың председателі К.Криволаповқа арнады. Ол да ҰОС қатысқан, өзі тұстас адам еді. Роза апамыз сөз алып:
– Ваш председатель колхоза какой он молодец, молодой, подтянутый, построил такой клуб для сельской местности… – деп, алғыс айтты.
Манағы председателіміз алдыңғы жақтағы орнынан тұрып, ыржаң-ыржаң күліп, өзі қызыл адам еді, риза болып, сахнаға шықты.
– Болашақта ауылға жиі келіп, ауыл еңбеккерлерін тамаша әндеріңізбен сусындата беріңіз, – деп өнеріне табыс тіледі.
Концерттен соң парторг Ф.Омаровтың үйінде қонақтар күтілді. Мен 1972 жылы Свердловскіде жолыққанымды айттым. «Иа, иа біз ол кезде көп частіде болдық» деді Роза апамыз. Бір жыл бұрын Зейнеп Қойшыбаева біздің ауылға туысына келген. Ол кісіге де 1972 жылы Свердловскіде көргенімді айттым. Қай солдат ойында тұрсын.
Сөз арасында облыстан ілескен уәкіл жолда келе жатқанда машина қарға батып, дөңгелегі айналып тоқтап қалғанын, итергендерін қайта-қайта айтып еді.
– Сен немене жаман «Волгаңды» бұлдап отырсың, мені Мәскеуге барғанда «Чайкамен» алып жүреді, – деп тыйып тастады.
Апамыздың әр сөзі, киген киімі, қозғалысы, салған әні, бәрі-бәрі өзіне жарасып тұрды. Біз қала бердік «шіркін!» деп.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ызғарынан қазақ халқының қатты үрейленген, қудаланған шағы еді. Роза апамыз 1988 жылы мемлекеттік алқалы жиналыста алғашқы болып, әлі ер азаматтар батып айта алмаған, қазақ жерінің экологиялық зардаптары туралы сөйлеген аса құнды, батыл айтқан сөзін қалай ұмытамыз! Нағыз патриот, отаншыл апамыздың жүрекжарды сөзін сол қалпында жазуға тырыстым. «Я прошла войну. Но то, что творится в Арале одним словом невозможно остановить. Войну можно остановить, атомную бомбу можно остановить, самолет можно остановить, но этого невозможно остановить. Мы говорим здесь, а там природа свое дело делает. То, что натворили наши в кавычках «величайщие ученые», как я могу говорить о таких ученых, что они убивают в утробе целую нацию. Нацию убивают.
В другое время мы говорили бы, что это вредительство. А что мы скажем они академики Союза СССР, Герои Соц. Труда, лауреаты дважды, трижды. На Казахской территории там, что в Семипалатинске полигон. В Байконуре космодром. В Арале яд. Как жить казахам? Если это был бы за границей, в Америке как бы мы кричали «Что вот целую нацию убивают! Не только в Казахстане». В тех местах была. Мне было очень тяжело. Когда нет глаза, когда нет нёба, рождается без нёбы. Нет на голове волос. Нет руки, нет ноги, что это значит? У кого надо спросить, кому надо говорить? До какой инстанции нужно дойти, чтобы услышали боль, горе, трагедию целой нации» деді.
Қазақ өнері тарландарының ішінен жарық жұлдыздай тұңғыш және жеке дара «Халық Қаһарманы» мәртебесіне лайықты болғаны тегін емес екен. Роза апамызды ұзақ жылдар бойы сахнадан немесе телеэкраннан көрмеген, радиодан салған әнін тыңдамаған адам Қазақстан Республикасында жоқ та болар. Барлық көрермендері, тыңдармандары атынан осы мақаланы жазуды жөн көрдім.
Рамазан НҮСІПОВ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы,
Көктерек ауылы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<