Ұрпағымен мың жасаған

1071

0

Ел тарихындағы екіншідүниежүзілік соғыс адамзат баласына ауыр зардап әкелді. Қаншама боздақтар қан майданнан оралмай қалды. Елге есен-сау қайтқандардың да өмірі оңай бола қойған жоқ. Титықтаған халық, тұралаған тіршілік, тозған жер… Иә, осының бәрін қайта қалпына келтіру бірнеше жылдарға жалғасты. Бәрінен де халықтың кеудесіндегі сөнуге айналған үміт шырағын қайта жағып, тіршілікті қалпына келтіруде майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің атқарған жұмысы ұшан-теңіз…

Биыл, міне, Ұлы Жеңістің жетпіс сегізінші көктемі. Сол 1945 жылдың көктемінде соғысты аяқтап, Жеңіс туын желбіреткен майдангердің бірі, гвардия жауынгері, «Қызыл Жұлдыз» орденді жерлесіміз Науша Әбдіқалықов еді.

Ол 1942 жылы Арал аудандық әскери бөлімі арқылы өзі қатарлас өрімдей жастармен бірге әскерге алынған. Алматы қаласында 6 ай дайындықтан өткен соң автоматшылар қатарына алынып, алғы шептегі 91-атқыштар дивизиясының 279-полкінде жауынгерлік жорығын бастайды. Әсіресе, 1943 жылы Смоленскіні, 1944 жылғы Белоруссияны азат ету жолындағы шайқас өте ауыр шығынға ұшыратты. Алайда осындай қаһармандық пен ерлікке толы шайқастар жеңісті жақындата түскен еді. Атқыштар дивизиясы құрамында жау шебіне соққы бере жүріп үш рет ауыр жарақат алды. Әйтсе де ол сұм соғыстың соңғы нүктесі қойылған күнге дейін майданда болды.

Иә, 1945 жылы Балтық теңізінің жағасында неміс басқыншыларына біржола тойтарыс берілген болатын. Соғыстан әбден қалжыраған солдаттардың қуанышында шек жоқ. Елге деген сағыныш жүректерін елжіретіп барады. Алайда жауынгер Науша Әбдіқалықовтың жорық жолы әрі қарай жалғасты. Германияның Потсдам қаласында комендатурада қызмет атқарып, екі жылдан соң, яғни, 1947 жылы елге оралды. Жауынгердің ерлігі бағаланып, «Отан соғысы» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталды.

Туған жердің топырағына табаны тигенде, соғыс тәртібіне әбден бейімделіп сіресіп қалған сарбаздың тұла-бойы бір ғажап күйге бөленген болатын. Жазық дала, жусан иісі жанын жайландырып, соғыс салған жарақатқа ем болғандай еді.

Ол – тіршілік қалыбы теңізбен тұтасып кеткен Арал өңірінің тумасы.  Сол өңірдегі Көктем ауылында 1923 жылы дүниеге келіп, балалық шағын өткерді. Азамат атанып, ат жалын тартып мінді. Ауылда өскен соң шаруаның қай түрінен де хабары мол, өйткені үлкендерден көргенін үлгі тұта білетін. Бозбала шағында соғысқа аттанып, Отан алдындағы жауапкершілік ерте есейткендей еді. Ойы салмақ тартып, бойы да ширығып оралды.

Елге келді. Ендігі міндет – халыққа аянбай қызмет ету. Осындай оймен Көкшетау облысының Шучинск қаласында оқып, есепші мамандығын алады. Алғашқы еңбек жолын Арал қаласында орман шаруашылығы саласында бастаса, одан кейін Сырдария ауданында осы сала бойынша жемісті жұмыс атқарады. Ал 1962 жылдан зейнеткерлік демалысқа шыққанша, жалпы облыстық орман шаруашылығы басқармасында қырық жылға жуық қызмет етеді.

Ел құрметіне бөленген еңбек адамы туралы «Сыр бойы газетінің» 2012 жылғы кезекті бір санында Жұматәли Әбдіраман ағамыз былай жазған екен:

«Ол уақыт көгілдір теңіздің толқып жатқан кезі. Портты қалаға кемелердің бірі келіп, бірі кетіп жататын. Аралдың тау-тау сексеуілдері баржаларға тиеліп, теңіздің арғы бетіндегі Мойнаққа, басқа жерлерге жөнелтіледі. Орманшылар сексеуіл өсіреді, оны дайындайды, пароходствоның тапсырмаларын орындайды.

Сол кезде Қызылорданың іргесіндегі Сұлутөбе орман шаруашылығының атағы дүрілдеп тұрған болатын. Білікті маман 1958 жылы Сырдария ауданындағы мекемеге бас есепшілікке шақыртылды. Одан кейін 1962 жылдан бастап 1983 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін облыстық орман шаруашылығы басқармасында қызмет етіп, экономикалық бағытта өркендеуіне елеулі үлес қосты».

Ердің бойындағы елге деген сүйіспеншілік, Отанға деген адалдық осынау естеліктерден аңғарылып тұр емес пе?! Сонымен қатар, қазақ ұғымында ататек, әулет, шаңырақтың абырой-беделі өз алдына бір төбе. Осы тұрғыдан келгенде, арғы атасы Сыдық бидің әділдігі мен парасаттылығы, әкесі Әбдіқалықтың іскерлігі мен ұстамдылығы бойына қонған Науша ағамыз ұрпағының да тәлім-тәрбиесіне терең мән беретін. Көпшілдікке, бауырмалдыққа және қарапайымдылыққа баулитын.

Иә, осындай тәрбиенің жемісі – ұрпағы ұғымтал, зерек болып өсіп, әке даңқын аспандата білді. Айталық, ұлы Қыпшақбай, қыздары Гүлшара, Әсия, Марта, Меруерт ғылымның бір-бір саласын бағындырды. Есімі елге етене таныс Гүлшара Наушақызы әлеуметтік сала министрі, Мемлекеттік хатшы және Қызылорда облысының әкімі лауазымдарында өзіндік парасат-пайымымен танылды. Әке жолын жалғастырып, туған жерін түлетуге табанды қызмет етті.

«Жарық дүниенің адамға бір-ақ рет берілетіні айдан анық. Осы дүниеде артында кім қандай із қалдырды? Елінің игілігіне қандай еңбек етті? Адам өмірінің маңыздылығы осында. Әкеміз Науша Әбдіқалықов – әділ мінезімен, салмақты, салиқалы болмысымен еліне адал қызмет еткен жан. Әкеміздің өмірі мәнді де мағыналы болды. Шаңырағына мейірім шуағын төгіп, балаларына барынша қамқор еді. Бес перзентін балапандай баулып, өмірдің ағымына, заманның талабына қарай қанаттандырып, өсірді. Анамыз Дәмешпен тату-тәтті ғұмыр кешті. Адам баласына дауыс көтеріп сөйлегенін көрмеппіз. Қандай іс болсын, ақылмен, сабырмен шешуге тырысатын.

Әкеміздің бойындағы адами қасиеттерін, соғыстағы ерлігін, бейбіт өмірдегі елге сіңірген еңбегін көзін көрген жандар әлі күнге айтып отырады.

Биыл әкеміздің туғанына 100 жыл толып отыр. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген халық даналығына сүйенсек, артында қалған перзенттері әке абыройына шық жуытпай, оның елге еткен қызметін әрі қарай жалғастырып келеді» деп жазады әкеге деген сағынышын жеткізген Меруерт Наушақызы.

Бір ғасыр. Бұл аз уақыт емес. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейтін өмірлік өлшеммен қарайтын болсақ, осынау уақыт аралығында қаншама ұрпақ алмасты. Тарих беті жаңарып, қоғам өзгерді. Тіпті адами құндылықтар да алмасып жатыр. Алайда адал еңбек, абыроймен жеткен белес қана еш өзгеріссіз, елдің жүрегінде сақталып қалды. Әлбетте, Науша Әбдіқалықов сынды ел құрметіне бөленген жанның артына қалдырған өнегесі де ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек. Қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағандай:

Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,

Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.

Ұрпағың бар, ел менен ер намысын,

Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын, – деген өлең жолдары әрбір перзент жүрегін жарып шыққан әкеге деген ыстық сезімді әйгілеп тұрғандай…

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<