Ұстаз ұлағаты

428

0

Қай кезеңде, қандай заманда да ұлтын сүйген, болашағын ойлаған тұлғалар отбасы мен айналасының ғана қамын күйттемей, тұтастай өзі өмір сүрген қоғамның ақыл, ой, парасат жағынан кемелдене түсуіне үлес қосады. Саналы ғұмырын өскелең ұрпақ тәрбиесіне, медицина саласының орта буын мамандарын даярлауға, Сыр өңірінің денсаулық сақтау саласының дамуына арнаған сондай ардақты жанның бірі – біздің әріптесіміз, сүйікті ұстаз Гүлнар Күлімбетова еді. 

Қиындығы мен қызықшылығы мол, жауапкершілік жүгі ауыр осы жолда жоғары жетістіктерге жетіп, білім беру мекемелерінде басшылық қызмет атқарған оның білім беру ісінде және медицина саласында орны биік. Мейірбан жүрек иесі өзінің адами болмысымен, асыл қасиеттерімен, өнегелі ісімен айналасына адамгершілік дәнін сеуіп, кішіпейілділіктің, адалдықтың сәулесін шаша білді. «Ғұмыр ұзақтығымен өлшенбейді, мазмұнымен өлшенсе керек» деп данагөйлеріміз айтқандай, Гүлнар Мәлібекқызы – қысқа ғұмырында мазмұнды, парасатты, мәнді де сәнді өмір кешкен аяулы жан.

Ол 1959 жылы Шиелі ауданы «Иіркөл» ауылында дүниеге келген. 1976 жылы орта мектепті аяқтаған соң, С.Асфендияров атындағы Алматы медициналық институтына оқуға түсіп, «Емдеу ісі» факультетінде білім алып шығады. Жас маман  еңбек жолын 1983 жылы Қызылорда медициналық жоғары колледжінде  бастаған. 1991-2000 жылдар аралығында Қызылорда медициналық жоғары колледжінің «Практикалық бөлім» меңгерушісі қызметін атқарып, 2000 жылы «Емдеу ісі» бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысады. 2000-2003 жылдар аралығында «Өркениет» медициналық колледж басшысының оқу-тәрбие ісі жөнінде орынбасары, сонымен қатар, «Терапия» пәндерінің оқытушысы қызметін қоса атқарады. Осылайша бірнеше қызмет сатысынан өткен тәжірибелі маман 2008-2012 жылдар аралығында  «Өркениет» медициналық колледжі басшысының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, 2012 жылы колледж басшысы болып тағайындалады. Саладағы ұзақ жылғы қажырлы еңбегі бағаланып, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, медицина салалық  кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталып, мерекелік медальдар иеленді. Сол қызметінен 2021 жылы зейнеткерлік демалысына шығып, саланың ардагерлер санатына қосылды.

 Гүлнар Мәлібекқызы медицина колледжіне басшылық жасаған жылдары толайым жұмыстар атқарылып, орасан жетістіктер орын алды. Оның оқу-тәрбие процесіндегі жаңашылдығы, ұлттық педагогиканы заманауи жаңа технологиялармен ұштастыра білудегі ұстанымы ерекше еді. Сонымен қатар,  Сыр өңірі медицина саласының өсіп-өркендеуіне өзіндік зор үлесін қосып, салаға қажетті жас мамандарды даярлауда шынайы жауапкершілікпен қызмет еткен білікті басшы, бірегей маман. Оның іскерлігі, ұжымды ұйыстыра білген қарым-қабілеті, жоғары жауапкершілігі оқу орнының биіктерден көрінуіне зор ықпал етті. Гүлнар Мәлібекқызы   бойындағы мейірбандық, кішіпейілділік, парасаттылық, көпшілдік қасиеттерінің арқасында әріптестері, ұжымдастары ортасында айрықша сый-құрметке бөленді. Ұлағатты ұстаз ізінен ерген жастарды әрдайым қолдап, өзінің ісімен, адами болмысымен үлгі-өнеге болды. Өте еңбекқор, істің көзін таба білетін көреген, іскер басшы еді. Асылында, кемеңгер Абайдың: «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, Өлсең де өлмегенмен боласың тең» деген сөзі осы біздің аяулы әріптесіміз, өңір медицина саласының дамуына өзіндік зор үлес қосып, жастарға кәсіби біліммен бірге ізгілікті тәлім-тәрбие беруде адал қызмет етіп, ұлағатты ұстаз, білікті маман, іскер басшы бола білген Гүлнар Мәлібекқызы секілді жандарға арнап айтылғандай. Ол кісіден үйренгеніміз өте көп. Ақыл-кеңестері әлі күнге қажетімізге жарап келеді. «Өркениет» медицина колледжін басқарған тұсында тек студенттер емес, біз секілді жас мамандарға да өмірлік ұстаз әрі қамқоршы бола білді. Өз басым осындай ұстаздың шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Бүгінде сол колледжде қызмет ете жүріп, жұмыс барысында ұстазымнан үйренгенімді іс жүзіне асыруға тырысамын.

Иә, қоғамдағы іргелі саланың бірі – денсаулық саласы. Адам саулығы үшін жауапкершілік арқалап, антына адал қызмет етіп жүрген медицина саласының мамандары қашан да халықтың қалтқысыз ықыласына бөленіп келеді. Гүлнар Мәлібекқызы білікті басшы, шәкірттерінің ұлағатты ұстазы ғана емес, сонымен бірге  аяулы жар, перзенттерінің асыл анасы, әулеттің ардақты келіні болды. Ол медицина колледжінде қызмет ете жүріп, өзінің институтта алған теориялық білімін практикамен ұштастыру үшін қалалық ауруханада қосымша қызмет атқарды. Дертіне дауа іздеген талай науқастарға адал қызмет көрсетіп, алғысын алды. Ал 2005-2010 жылдары облыстық медицина орталығының кардиология бөлімшесінде қосымша жұмыс атқара жүріп, практикалық сабақтарында жағдайы ауыр науқастардың күтім ерекшелігі, коммуникативтік белсенділік, түрлі медициналық айла-тәсілдерді қолдану ережелерін әр студентке үйрете отырып, іс жүзінде талап ететін табандылығы мен қамқорлығын сол шәкірттері әлі күнге сағына еске алады.

«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, аяулы әріптес, ұстазымыздың қазасы өзі еңбек еткен колледж ұжымына ауыр соққаны белгілі. Зейнеткерліктің қызығын енді көріп, немерелердің тәтті қылығын енді қызықтар шағында айла таптырмайтын сұм ажалдың арамыздан алып кеткені, жақсы жанның  қайғысы қабырғамызды қайыстырды. «Уақыт – емші» деп өзімізді жұбатқанымызбен, жақсы жаннан айрылған жыл көлемінде аяулы әріптес, ұлағатты ұстазға деген сағыныш бойды кернейді. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей, ардақты жанның биік болмысы, жарқын да жылы келбеті, мейірімділікке толы жылы сөздерін, ақыл-кеңесін жиі еске аламыз.

 Гүлнар Мәлібекқызының адами болмысы, өз мамандығына деген адалдығы, жан тазалығы, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезіне білген адами ізгі қасиеті жайлы көп айтуға болады. Өзі тәрбиелеп шығарған шәкірттері, әріптестері, медицина саласын таңдаған жас мамандар барда аяулы ұстаздың  жарқын бейнесі,  адами биік болмысы ұмытылмақ емес.

Жасұлан ШЫМБЕРГЕНОВ,

«Өркениет» медицина колледжінің директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<