Ұстаз ұлағаты ұмытылмайды

641

0

Тәуелсіздігіміздің отыз бірінші жылы да өз мәресіне таяу қалды. Толағай табыстар мен іргелі істерге толы, қиындығы мен ауыртпалығы қатар жүретін әр жылымыз тарих жылнамасына таңбалануда. Бүгінгі жас ұрпақ өткеннен бейхабар. Жасымыз жетпістен асқан біз бала да болсақ, әкелеріміздің жанқиярлық бейнеткештігін, адал еңбектенгенін көзбен көріп өстік.

Сондай адал еңбегімен елімізге танылған ұстаздардың ұстазы Әлтай Аймағанбетовтің биыл 110 жылдығы. Әйгілі Хазіреті Әлі «Маған бір әріп үйреткен  кісіге қырық жыл қызмет етуге дайынмын» деген екен. Сол айтқандай, аса қадірлі ұстазымды қанша жыл өтіп кетсе де сағынышпен, қимастықпен есіме аламын.

Әлтай ағай дүниеден өткенде Жаңақорған ауданы Екпінді ауылының орталығындағы шағын алаңда үлкен жиын митинг болған еді. Онда облыс, аудан басшылары мен ауыл азаматтары бірінен соң бірі шығып сөйлеп, оның өмірбаяны, еңбек жолы мен азаматтық қасиеттерін айтып, аяулы ұстазбен қоштасқан болатын. Оқушылардан орта буын сыныпта оқитын озат пионер Жетпісбаев Тұңғышбай сөйлеп, қадірлі ұстазымен жылап тұрып қоштасты. Сапта тұрған оқушылар да, үлкендер де аяулы азаматты қимай көзіне жас алды. Соңында ұстаздың мүрдесі қойылған табытты ауылдан он шақырым жердегі көне қала Сығанақтағы мазаратқа қарай жаяу көтеріп халық шұбырып бара жатты. Сөйтіп абзал азамат, Отанын жанындай сүйген патриот ұстаз Әлтай Аймағанбетов 48 жасында-ақ бұл жалғаннан аттанып кете барды.

Ол  1912 жылы Шиелі ауданы Сорбұлақ болысы  №5 ауылдық советінде  дүниеге келген. Анасы 1915 жылы үш жасында, әкесі 1921 жылы тоғыз жасында қайтыс болып жетім қалған Әлтай ағаларының қарамағында болған. Қайсар бала ескіше оқып, ауыл молдасынан арапша хат таныған. Жастайынан білім қуып, өте зерек болып өскен. Әуелі Ташкент қаласындағы жұмысшылар факультетін (рабфакты) бітірген. 1928 жылы Жаңақорған ауданы өз алдына шаңырақ көтерген кезде жалпы сауатсыздықты жою науқанына белсене қатысты. Жас жігітті көпшілік қауым өз орталарына ықыласпен тартып, он алты жасында алғашқы жастар қатарында комсомол мүшелігіне қабылданды. Болашағы зор балаң жігіт сол бір күннен бастап, күндіз мектеп балаларын, кешке колхозшылар мен ауылдың ересек ұл-қыздарын жинап алып оқытып, сауатсыздықты жоюға белсене араласып кетті. 1931-1932 жылдары ауылдарды ашаршылық жайлап, жастарды оқытуда біраз қиындықтар туындайды. Оның үстіне арнайы ғимарат та жоқ. Әлтай Аймағанбетов ауданның сол кездегі оқуға ынтасы бар жастарын әр жерден мектеп ашып сауаттандыруға күш жұмсады. 1932-1936 жылдары №1 Бесарық ауылдық кеңесі қарамағындағы мектептерде, 1936-1938 жылдары Жаңақорған орталығындағы мектепте, одан кейін Төменарық, Қандыарал, Елтай, №23 разъезд (детдом), Ескі Екпінді, Жаңа Екпінді мектептерінің іргетасын қалауға атсалысып, білімді мұғалімдерді жер-жерден тауып, кейбіреулерінің айлық курстарда оқуына, қайта өз орталарына келуіне ықпал етеді. Осындай еңбектерімен көзге түскен соң 1938 жылы аудандық партия комитетінің бюросы партия қатарына қабылдайды. Ол өзінің кішіпейілділігінің арқасында ауданның сол кездегі ұстаздарымен толық танысып, ағарту саласының жұмысының жандануына зор үлесін қосады.

Ұлы Отан соғысының басталуы талантты жастың өміріне қатты әсер етеді. Ол жедел Совет Армиясы қатарына шақырылып, 1941-1942 жылдары Ташкент қаласындағы жаяу әскерлер училищесіне қабылданды, қысқа курсты ойдағыдай бітірді. Кіші лейтенант атағын алып, алғашқы фин соғысынан зардап шеккен аймақтарға жіберіледі. Көп ұзамай кіші лейтенант Әлтай Аймағанбетовті Ленинград майданына аттандырады. Осы уақыт ішінде әскери шені лейтенант атағына көтеріледі. Соғыста взвод командирі болады. Псков, Польша жерлерін азат етуге қатысып, Прага қаласын азат ету майданында жүргенде жамбасынан қатты жарақат алады. Сөйтіп дала госпиталына түседі. Басы аман қалып, елге оралуына тура келді.

Қос балдаққа сүйенген қайсар азамат бірте-бірте балдағын тастап, аудандық партия комитетінің шақыртуымен штатты насихатшылыққа тағайындалды. Құмарық ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарды. Соғыс даласындағы қираған елді мекендерден жетім қалған үш жүзден аса бала үшін қазіргі Екпінді теміржол бекеті жанынан жетім балалар үйін (детдом) аштырып, онда орыс тілінде оқитын жетіжылдық мектеп салдыруға белсене атсалысты. Ж.Асанбаевты сол мектепке директорлыққа ұсынып, жұмыс істеуіне жол ашты. Артынша 1948 жылы Ескі Екпіндіде төртжылдық мектеп үйін салдырды. Оны 1951 жылы жетіжылдық мектепке айналдырды. Оған Н.Едігеновті директорлыққа ұсынып, өзі қазіргі Жаңа Екпінді ауылы орталығынан 1954 жылы ауыл азаматтары күшімен асарлап жетіжылдық мектеп үйін салдырды. Ол мектеп қазір №166 қазақ орта мектебі деп аталады. Өзі осы орта мектепте директор болып өмірінің соңғы күндеріне дейін қызмет атқарды. Соғыста алған жарақатының зардабынан 1960 жылы күзде дүниеден озды. Осындай қиын-қыстау өмірді басынан өткізген ұстаз үнемі білімін жетілдірумен айналысты. Ол 1959 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда пединститутын бітірген еді.

Жаңақорған ауданында сол бір қиын-қыстау кезде еңбек еткен мұғалімдер Мүсілім Мырзахметов, Нәлтай Едігенов, Низамиддин Ильялетдинов, Исмағұл Досболов, Әбдіқадір Қансейтов, Абдын Мұсабаев, Сатыбалды Әлібеков, Төлеген Мұсаев, Жүндібай Жайпановпен сыйлас болды. Бізбен де жүмыстас болып, бертінде дүниеден өткен ұстаздар Әбіласан Әшірбеков, Әбдіхалық Мұсабеков, Мәткәрім Досжановтар Ә.Аймағанбетовпен сыйластықтары жайлы айтып отыратын. Қарт ұстаз Ә.Әшірбеков «Әлтекең өзінің іскерлігі, қарапайым елгезектігімен көзге түсетін. Қазіргі Бірлік, Бесарық, Төменарық, Екпінді, Қандарал, Елтай мектептерінде ол кісінің қолының табы бар» дейді. Ә.Мұсабеков «Әлтекең екеуіміз талай рет Төменарық, Елтай, Қандарал, Политотдел, Жаңарық мектептерін инспекторлық тексеру кезінде бірге аралап, нақты әдістемелік көмек берген едік»  дейтін. Ә.Маженов «Әлтекең соғысты көзімен көріп келгендіктен бе, жетім балаларды қатты мүсіркейтін. Қазіргі Екпінді бекеті жанындағы балалар үйін салдырып, мектеп аштырып, оған орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдерді іздестіріп тауып еді» деген болатын. Қарт ұстаздардың бастауыш сыныпта ұстазым болған Әлтай ағайым туралы жылы сөзін естіп мен де марқайып қалушы едім. Әлтай Аймағанбетовтен тікелей дәріс алған ағаларымыз Құдайберген Жаңабергенов, Үсен Абдуллаев, Дүйсен Нұрымов, Медет Әлтаев, Тынысбек Досмағанбетов ұлағатты ғалымдар дәрежесіне жетсе, шәкірті Жандарбек Мәлібеков тәуелсіз Қазақстанымыздың айбары – Елтаңбамыздың авторы атанды.

Ол бүкіл ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнады. Өмір тауқыметін арқалаған асыл жанның артында өшпестей із жатыр. Ұлдары Медет, Рысбек, Асан, Мұрат, қыздары Патыма, Сатендерден тараған ұрпақтары, немере-шөберелері өсіп, жайқалған бәйтерекке айналған үлкен әулет.

Бір айтарым, ел ардақтысы, ұстаз Әлтай Аймағанбетовтың есімі аудан көлеміндегі ешқандай көшеге берілмеген. Ел басқарып отырған азаматтар осыны ескерсе екен.

Сайлаухан ЖАРТЫБАЕВ,

ардагер ұстаз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<