Жаңақорған ауданының 95 жылдық мерекесі аясында мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, «Ленин», «Октябрь революциясы» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Жаңақорған ауданының «ХХ ғасыр адамы» Әбдікәрімов Исатай Әбдікәрімұлының 100 жылдығына арналған ісшаралар өткізілді.
Мерейтойлық шара «Ұрпаққа үлгі ұлы тұлға» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция жұмысымен басталды. Көрермен әуелі тұлға жайлы тақырыптық бейнежүгіртпемен танысты. Мұнан соң негізгі шараны аудан әкімі М.Тілеуімбетов кіріспе сөз сөйлеп ашты.
Елдің экономикасы мен халықтың мәдени-рухани қалыптасуына ерен еңбек сіңірген Исатай Әбдікәрімов тұлғасының ұрпақ үшін маңыздылығына тоқталды.
Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Наурызбай Байқадамов баяндама жасап, Әбдікәрімов секілді Еңбек ері бейнесінің өмірлік өнеге болып қала беретінін айтып, тұлғаларға тағзым етудің мәнін жеткізді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы Тұрсын Хазретәлі де сүбелі ойларын ортаға салды.
Кезінде осы ауданның басшылық қызметінде болған азаматтар Нәжмедин Мұсабаев, Ибрагим Әбибуллаев сияқты ел ағалары тұлғамен тұстас қызмет еткен кездерінен естеліктер айтты. Әбдікәрімов феноменінің ұрпаққа үлгі болатын мысалдарына тоқтады.
Мұнан әрі мерейтой шарасы Қожакент ауылында жалғасты. Көпшілік И.Әбдікәрімов атындағы орта мектеп ауласынан тұрғызылған тұлғаның кеуде мүсініне гүл шоқтарын қойды және арнайы берілген асқа қол жайып, дұға бағыштады.
Астан соң ауыл тұрғындары «Елмен егіз туған ер» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасын тамашалады. Жыр мерекесін аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов ашып, ақындарға ақ жол тіледі.
Ақындар өлеңіне белгілі тұлғаның биік болмысы арқау болды. Сұлу сөзбен сурет салған ақындар ой мен қиялдың ұшқырлығын танытып, көрермен қошеметіне бөленді.
Қазақстан Жазушылыр одағы облыстың филиалының төрағасы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Қаршыға Есімсейітова бастаған қазылар алқасы шешімімен шиелілік ақын Талғат Күзембай 1-орын, қызылордалық Ғабит Қадірбай 2-орын, қармақшылық Мөлдір Тәңірбергенова 3-орын сыйлығына лайықталды.
Жыр додасымен қатар ауыл сыртында көкпар додасы да қызып жатты. Қыл құйрықты кіл жүйрікті тақымында ойнатқан қарулы жігіттердің тартысын тамашалаудың өзі ғанибет.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<