Заманның заңғар тұлғасы

593

0

Алдағы 5 қарашада аймақтың біртуар азаматы, отыздан астам мемлекеттік орден-медальдардың иегері Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың туғанына жүз жыл толады. Ол – үш мәрте «Ленин» орденінің иегері. Кеңес Одағының критерийі бойынша бұл Социалистік Еңбек Ері атағымен тең,  заманының заңғар тұлғасына лайық марапат еді.

Бүгінде КСРО келмеске кетті. Тәуелсіз Қазақстанның өз критерийлері мен марапаттары бар. Бірақ туған-туыстары мен достары ғана емес, орта және аға буын өкілдері өз көшбасшыларын іс-әрекеті, адамгершілігі, сезімталдығы, шынайы сөзі, риясыздығы кәсіби мамандарды қалыптастырғаны үшін әлі күнге дейін сағына еске алады.

Тынышбек Дайрабайдың редакторлығымен шыққан «Мәңгілік ізін қалдырған» трилогиясына біріктірілген Қонысбек Қазантаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы үш кітапты және жүздеген басылымдарды оқып, фильмдермен таныстым. Қази Данабаев, Еркін Әбілов, Сейітмұрат Ембергенов, Шыңғыс Айбосынов, сауыншы-механизаторлар, обком хатшыларынан бастап көрнекті қаламгерлерге дейін жүздеген куәгерлердің естеліктері әсер етті. Қазантаев бейнесінің біртұтастығы соншалық, ол социалистік реализм көркем әдебиетінің кейіпкерлеріндей бейнелеген.

Қонекеңнің қайтыс боларынан алты жыл бұрын өз қолымен жазған ойлары да ерекше таңғалдырды. Он шақты бет қолжазба даналық дариясындай шексіз әрі терең. Оны шартты түрде «Хатшының архиві» десек болады. Мұның бәрі менің бұл кісі туралы білімімнің шекарасын айтарлықтай кеңейтті. Оны журналист ретінде 1978 жылдан бері білемін. Талап пен тәртіп, әділдік пен адалдық, еңбек пен ерлік, пайым мен парасат, сұңғылалық пен саясаткерлік, қайраткерлік пен қарым-қабілетке ие болған тұлға туралы қалай айтып, қалай жазсақ та жарасады.

Барлық жол халыққа бастайды

1923 жылдың қарашасы суық болды. Қар ерте түсті. Қармақшы ауылдық кеңесіне қарасты Қызылжарма ауылының жұрты күнделікті тірлігін кешіп жатқан. Төреш пен Қазынаның шаңырағында ұл дүниеге келгені туралы хабарға жұртшылық қуанды. Төртінші балаға Қонысбек деген есім берілді. Осы жылдары халықтың көкейінде жаңадан құрылған КСРО туралы бір үміт пен бір күдік бар еді. Болашақта елді не күтіп тұр? Теоретиктер мен саясаткерлер өздерінің билік еткен уақытын қалай атаса да, қарапайым адамдар лайықты өмірді армандайды. Қазантаевтар отбасы үшін де солай.

Шаруа баққан елдің ауыр тұрмысы айтпаса да түсінікті. Ауыл балалары ерте есейеді. Қонысбек те он жасынан еңбекке араласты. Алғашқы ұстаздары ауыл ақсақалдары еді. Олардың аузынан Қорқыт атадан тамыр тартқан бабалар даналығын ғана емес, Ленин, КСРО туралы естіп өсті. Бастауыш мектепте оқуды, жазуды үйренді. Алғаш станцияны аралап, пойыздар мен вагондарды, әсем үйлерді көрген соң дүниенің өз қиялынан әлдеқайда кең екеніне көзі жетті. Көңілде қызығушылық, көкейде мақсат пайда болды. Орта мектепті Қармақшыда тәмамдады, 15 жасында жер аударылған неміс, грек, корейлердің ауданға қалай келгенін, ұжымдастыру, басқа да процестердің қалай жүріп жатқанын көзімен көрді. Сол кезден мемлекеттік құрылым туралы ойлана бастайды. Зерделі жас қатарына қарағанда тез жетілді, білімге құштар болды.

Қонысбек 1939 жылы Қазалы педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Қызылорда облысының жаңадан құрылған аудандарында тұрмыс жайлап түзеле бастаған. Алайда Ұлы Отан соғысының басталуы уақыт ағымын өзгертті. Ер азамат атаулы ерікті түрде майданға аттанды. Достарымен бірге майданға сұранған Қонысбекті военкомат майоры: «Әлі де үлгересің! Есіңде болсын, тыл да – майдан!» деп тоқтатыпты. Осылайша, 1942 жылдың қаңтарында педучилищені бітірген қабілетті жас аудандық атқару комитетінің жалпы бөлімін басқаруға жіберілді. Кеңестік-партиялық өмірбаяны осылай басталды. Көп ұзамай майдан шебіне де аттанды. Қазантаев 1942-нің қарашасынан 1945-тің қарашасына дейін ІІ Прибалтика майданының 16-әскери-әуе армиясының құрамында бөлім командирі болып шайқасты. 1945 жылы наурызда КОКП мүшелігіне қабылданды. Әрине, оқырман сол жылдардағы жауынгер өмірі туралы көбірек білгісі келеді. Бірақ Қазантаевтың өзі: «Майдандағы өмір – үлкен және бөлек тақырып. Соғыс кезінде жаманды да, жақсыны да көрдім. Бірақ соны жазуға қол тимей жүр» деп жазған екен. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз Подольск қаласындағы Орталық әскер тарихы архивіне хабарласқымыз келді. Бірақ содан кейін мәліметтер қажет емес деп шештік. Офицер Қазантаев жадымызда екінші дүниежүзілік соғыста жеңісті жақындатқандардың бірі болып қала бермек.

Елге оралған Қонекең аудандық атқару комитетінің атқарушы хатшысы қызметіне кірісті. Жасампаздықтың, жаңа өмірдің уақыты келген еді. Тағдырдың жазуымен өмірінің бұл кезеңіне жары Бағжанмен бірге қадам басты. Екеуі 55 жыл тату тірлік кешіп, тағдырдың талай сынын бірге өткерді. Ақкенже, Бегім, Мәншүк, Ғалымжан, Ғанибек сынды балаларды тәрбиелеп өсірді. 1948 жылы Алматыдағы екі жылдық Партия мектебіне оқуға жіберілді. Оқудан кейін аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Ауданда 40 мыңнан астам халық тұратын. Жиырмадан астам елді мекен Қызылқұм мен Қарақұм арасында шашырап жатты. Олардың арасында жол да жоқ. Аудан орталығы Жосалының экономикалық әлеуеті де мәз емес. Сүт зауыты, тұрмыстық комбинат, МТС, автобаза ғана бар. Рас, механикалық зауыт пен локомотив депосы салынып жатқан. Жоқтан бар жасауға тура келді. 1952 жылдың күзінде аудандық партия комитетіне шақырылады. Замандастарының айтуынша, бірінші хатшы Сейдолла Оспановпен мынадай әңгіме болыпты.

– Мынау – облыстық атқару комитетінен келген өтініш. Төретам стансасының жерімен қоса 20 мың гектар жер бөлуді сұрап отыр. Шұғыл реттеңдер.

– Бір ауқымды жоспар сияқты, – дейді Қазантаев ойланып. – Жақсы! Бөліп береміз! Бара берсем бола ма?

– Және бір мәселе. Сені Шиеліге жіберейін деп жатқан сыңайлы. Бірақ қандай қызметке екенін әлі білмеймін. Дайын боларсың…

Екі адамның білгені енді құпия емес деп бекер айтпаған. Бірер күннен соң Бағжан Қонекеңнен:

– Жосалы маңында космодром салынғалы жатқаны рас па? – деп сұрайды.

– Космосқа ұшуды жоспарлап отырсың ба? – дейді Қонекең күліп. Көп ұзамай екінші болжам расталып, Шиеліге ауысты. Бірақ сол қызмет – төраға орынбасары.

Жаңа жерде адам бәрін бұрынғымен еріксіз салыстырады. Аудандар мамандануы бойынша ұқсас еді. Шиелінің халқы 15-20 мыңға көп. Сондай-ақ Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев күріш өсірген «Қызыл ту», Еңбек Ері Ким Ман Сам еңбек еткен «Авангард» колхоздары болды. Шаруашылықтағы 11 адам жоғары атаққа ие екен. «Гигант» колхозын 20 жылдан астам Социалистік Еңбек Ері Леонтий Хан басқарды. Қазантаев ауданды аралаған сапарында халықпен, істің жай-күйімен етене танысты. Ең бастысы, іс барлық бағытта сәтті жүріп жатты. Алайда 30 мың тұрғыны бар поселкада Мәдениет үйі жоқ екен. Фильмдер көрсетілетін клуб, 70 адам сыятын теміржол клубы ғана бар. Мәселені Қонекең аудандық кеңестің сессиясында көтерді. Идея қолдау тапты. Бірақ нысанды салу кем дегенде бес жыл уақытты талап етті. Бірақ процесс басталды. 1953-тің наурызында Сталин өмірден өткенде де құрылыс тоқтаған жоқ.

Ел тізгінін қолға алған Никита Хрущев барлық салада реформалар мен ауқымды жобалар бастаған. Әсіресе, ауыл шаруашылығында тың игеру мен жүгері шаруашылығын дамыту. Ал саяси салада КОКП-ның ХХІІ съезінде Сталинге табынушылықты айыптады. Ол кездегі жағдайды бүгінгінің биігінен объективті және жан-жақты айту мүмкін емес. Анығы – билік сатысында жоғарылаған сайын, соғұрлым интрига көп. Ал зардабын тартатын қарапайым халық. Біз Қазантаевтың бұл саяси оқиғаларға қатысты жеке пікірін білмейміз. Болжай да алмаймыз. Бізге белгілісі – бұл оқиғалардың барлығы төрағаның халықпен байланысына да, кәсібилігіне де кері әсер еткен жоқ. Жүгері десе, жүгері! Өнеркәсіптік ауқымдағы жаңа саланы игеру оңай емес. Бірақ көз – қорқақ, қол – батыр! Оған қоса, астық қабылдау пункті базасында жүгеріні дәнге айналдыратын цехтың құрылысы мен монтажы басталып кетті. Шаруашылықтарда сүрлемдік траншеялар бар, ол мал өсіруге өте пайдалы болып шықты. Күріш шаруашылығына келсек, мұнда да мәселе көп болды. Айталық, тұқым шаруашылығында. «Краснодарский», «Кубань», «Узрос» сорттары жаңартуды қажет етті. Аудан басшылығы тәжірибелік сорт жаңарту үшін Ыбырай Жақаев пен қызылордалық атақты селекционер Әнес Алтынбеков тандемін құру туралы шешім қабылдады. Ең бастысы – жаңашылдарға кедергі келтірмей, жемісті жұмысқа жағдай жасау. Қазантаев мұны жақсы түсінді. 1956 жылы ол атқару комитетінің төрағасы, Исатай Әбдікәрімов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды.

1957 жылдың қысы қатты болды. Қой фермаларына мал азығын жеткізу керек. Тракторлар қарға батып қалды. Төтенше жағдай шаруашылық басшылары шақырылған аудандық партия комитеті бюросының талқылауына шығарылды. Жағдай жан-жақты талқыланды. Сүт өнімділігі төмен, мал күйсіз, 50 мыңға жуық қой мен сиыр қар құрсауында.

– Ал қандай ұсыныстарың бар? – деп сұрады Исатай Әбдікәрімов.

– Тікұшақпен жем шашсақ қалай болады? – деді ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Жақсылық Ахметов.

– Бүкіл облыста он-ақ тікұшақ болса, 20-30 тікұшақты қайдан табамыз?! – деді бірінші хатшы. – Жолдарды аршуға бульдозер де жетіспейді. Тіркемелер қарға батып қалады.

– Бізге шаңғы сияқты бірдеңе керек! –  дейді «Коммунизм» колхозының төрағасы, фин соғысына қатысушы Жәкен Ақмолдаев.

– Міне! Шана! – деп Әбдікәрімов орнынан тұрды. – Ендеше, Қазантаев пен Ердешбаев жолдастар, аудандық ауыл шаруашылығы техникасының бастығы, шана жасауға кірісіңіздер…

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген осы. Бұл қарапайым әрі тапқыр шешім болды. Ерте көктемде Қазантаевтың кабинетіне «Гигант» колхозының төрағасы Л.Хан келді. Әңгіме – шаруа жайы.

– Жеміс бағына обал болды. Қыста үсіп кеткен сияқты, – деп Хан күрсінді. – Ауылдың айналасына бес жүз түп жеміс ағашын отырғызған едім. Бәрі зая кетті.

– Уайымдама! – деп сендірді Қазантаев. – Дұрысы, уақыт жоғалтпай, жаңа көшеттер отырғыз! Сәл ойланып, сөзін жалғай түсті. – Аудан үшін де жеміс бағы артық етпейді. Өзбекстаннан бес мың көшет әкел. Қалғанын көре жатармыз…

Көп ұзамай Қазантаевтың ұсынысымен «Жеміс-жидек» кеңшары құрылды.

Бірде аудандық кеңестің сессиясында халыққа әлеуметтік, тұрмыстық және коммуналдық қызмет көрсету мәселесі қаралды. Депутаттар әдеттегідей әр нәрсеге шағымданды. Басшылар өз уәждерін ортаға салды. Сессияны қорытындылаған Қазантаев басшыларға: «Әділ сын көп болды. Бұл жерде, Римнен айырмашылығы, барлық жол халыққа бастайтынын түсінгенге дейін сын айтыла да береді. Не істесек те барлығы адамдар үшін. Шағымның пайда болуының себебін дереу жою маңызды» деді.

Кім не десе де, ол жылдары ауыл шаруашылығын механикаландыру процесі қарқынды жүріп жатқан. Аудандық атқару комитетінде де, айталық, «ДТ-24» тракторын «С-100»-ден ажыратып үлгермей жатты. Мұны көрген Қазантаев ауданның ауыл шаруашылығы техникасына экскурсия ұйымдастырды. Жолбасшы жас инженер Сейілбек Шаухаманов еді. Қазантаевқа оның сөйлеу мәнері мен өз ісін білетіні қатты ұнады. Кейінірек жас жігітті Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына, совхоз директоры қызметіне шақырады. Айтпағымыз – Қонысбек Қазантаевтың жас мамандарды дайындауы және қызметте көтеру мәселесінде адам тани білгені. Стратегиялық тұрғыдан ойлайтын, болашақты көре білген, қоғамның сұранысымен өмір сүрген жан екендігі.

Абырой биігінен түспеген қайраткер

Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Қызылорда облысында ең ірі ауыл шаруашылығы жобасы – Сол жағалау массивін игеру басталды. Жобаны жүзеге асыруға шамамен үш миллиард рубль жұмсалған. «Главриссовхозстрой» және «Қызылордамелиорация» трестері, ондаған, тіпті жүздеген ПМК құрылды. Жаңа жұмысшы мамандықтар пайда болды. Әрине, кадр мен кәсібилікке, жаңа тактика мен стратегияға деген сұраныс та өсті. Осы тұста Хрущевтің аумақтарды ірілендіру жөніндегі соңғы әкімшілік реформасы басталды. Оған сәйкес Жаңақорған ауданы Шиелі ауданына, Сырдария ауданы Тереңөзек ауданына біріктірілді. 1962 жылы желтоқсанда Қ.Қазантаев Тереңөзек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сәлімгерей Тоқтамысов жаңа қызметке шығарып саларда: «Шаруашылық жұмысында тәжірибең мол. Білімің де жетеді. Мәдениеті жоғары, адамгершілігі мол азамат деп білеміз. Бастысы – қай істе де шектен шықпа. Қалғанының бәрі өздігінен реттеледі» деп қысқа қайырды.

Жаңа жерде өндірістік және әлеуметтік мәселелермен айналысты. 1963 жылы көктемде КОКП Орталық Комитетінің пленумы Никита Сергеевич Хрущевті қызметінен босатты. Бас хатшы болып Леонид Брежнев сайланып, Үкіметті Алексей Косыгин басқарды. Көп ұзамай Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Елге тұрақты дамудың тағы бір мүмкіндігі туды.

Жаңашылдық халықты, алғашқы инженерлік жоспарланған жерлерді күтіп отырған шаруаларды жігерлендірді. Барлығын терең түсіну үшін Қазантаев мамандардан сұраудан тартынбаймын. Көктемде ҚазССР-нің 50 жылдығы атындағы кеңшарға келді. Біраз жерге егін егіліп жатыр, одан сәл әрі қарай жаңа алқаптар ашылуда. Директор Алдаберген Бисеновпен бірге егіс алқаптарын аралады. Ауыспалы егістің артықшылығын шаруаларға ықыласпен түсіндірді. Мелиорация қызметкерлерінің жұмысына сын айтты. Көргені көңілінен шықпаған ол «Біз мұндай жұмысты қабылдамаймыз» деп ескертті мастерге. Көп ұзамай бірінші хатшы Мұстақым Ықсановпен әңгімесінде бюроға «Главриссовхозстрой» өкілдерін шақыруды сұрады.

– Шақырайық! – деп жауап берді хатшы. – Мен осындай нұсқау беремін!

Бюро отырысына бірінші басшы А.Гончаровтың өзі келді. Әңгіме ұзақ және егжей-тегжейлі болды. Жұмыстың қарқыны емес, сапасы бәрінен маңызды екені айтылды.

«Қараөзек» совхозы қойды жайлауға шығаруға дайындалып жатқан. Сол жылдары елге валюта әкелетін сала қаракөл шаруашылығы деп аталатын. Жаңа туған қозылар үш күннен аспай елтірі үшін сойылатын. Қазантаев партия комитетінің хатшысы Әбжәми Сұлтангереевпен бірге шопандарға келді. «Не мәселе бар?» деген сауалға Ахмет Халықов:

– Қонеке, көктем кеш келетін сияқты. Бірақ қой төлдейтін кез жақын. Жолда туған төлді дереу сою пунктіне жіберу керек. Бірақ оған көлік жоқ. Үш отарға ең болмағанда бір көлік алғымыз келеді, – деп жауап берді.

– Үш отарға біреу көп болады, бес отарға алыңдар, – деп түйіндеді Қазантаев бірден. – Және отар арасында байланыс орнатыңыздар…

Осылайша бес қой шаруашылығы кеңшары араға үш-төрт күн салып жайлауға көшті. Оларға жүйелі қызмет көрсетуге мүмкіндік туды. Зоотехника мен ветеринарияда өзіндік жаңашылдықтар болды. Мал басы көбейіп, тері саны мен сапасы өсті. Мемлекет қаракөл елтірісін 25 рубльге сатып алып, шетелге әлдеқайда қымбатқа сататын. Ұзамай Ахмет Халықов пен  Қазантаев шаруашылыққа тағайындаған «Бірінші май» совхозының директоры Орынбасар Бәйімбетов Социалистік Еңбек Ері атанды.

Аудан орталығы мен сол жағалауды паром қатынасы байланыстырды. Көктемде өзен арнасы толып, көлік қатынасы тоқтайтын. Қазантаев облыстық кеңес сессияларында, партия конференцияларында бұл мәселені көтеруден жалықпады. Сол жағалаудағы орасан зор массивті игеріп жатқанда Тереңөзек, Жалағаш пен Жосалыға көпір салу қажеті неге ескерілмеген? Облыстық, республиканың мемлекеттік жоспарлау комитеті сол жылдардағы жағдайды бақылауда ұстамағаны анық. Қазантаевтың замандастарының бірі, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінің хатшысы, аудан әкімі қызметтерін атқарған Алмагүл Божанова қайраткер туралы былай деп еске алады.

– Мен қазіргі Нағи Ілиясов ауылы, бұрынғы Қазақ ССР-нің 50 жылдығы атындағы кеңшарданмын. 1964 жылы 18 жасымда М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені бітіріп, Тереңөзекке келдім. Ауданда үлкен құрылыс жұмыстары жүріп жатты. Мені балабақша меңгерушісі етіп Тереңөзек совхозына жіберді. Балабақша небәрі 50 орындық. Бала саны көп, кеңейту қажет болды. Бірақ совхоздың өзі мұны істей алмады. Сол кезде ел аузында бірінші хатшы Қазантаев туралы тек мақтау сөз айтылатын. Мен бойыма батылдығымды жинап, оған бардым. Басқалар сияқты жеке өтінішпен емес, елдің шаруасымен келгеніме Қонекең таңғалды. Айтқанымның бәрін тыңдап, жазып алды. Көп ұзамай балабақшаны кеңейтіп, қосымша құрылыс салдық. Қазантаевтың ауданда жұмыс істеген уақыты шын мәнінде тарихи кезең еді. Аудан экономикалық тұрғыдан нығайды. Жыл сайын мемлекетке кемінде 700 мың центнер астық тапсырылды. Тірлігі тату аудан болдық. Өз жұмысымда Қонекеңнің ұстанымдары мен әдістерін пайдаландым. Болмасақ та ұқсап бақтық. Бірақ Қазантаевпен бір деңгейде тұра алмайсың. Оны халық құрметтеді деп айту жеткіліксіз. Халық оны жақсы көрді! Кездейсоқ емес, жүрек қалауымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайрулла Әбенов бастаған аудан ақсақалдары бюст орнату бастамасын көтерді. 2020 жылдың желтоқсанында ескерткіш тұғырға орнатылды. Қонекеңді өз заманының көшбасшысы дер едім.

Бұл пікірге алып-қосарымыз жоқ. Ал бюст туралы айтар болсақ, Бағжан апай жазғандай, 90-жылдардың соңында үйіне Тереңөзектің бір топ ақсақалдары келеді. Шай үстінде ауданның қазіргі тыныс-тіршілігінен әңгіме өрбиді. Бюст тақырыбы да көтерілген. Оған Қонекең үзілді-кесілді:

– Халықтың қаржысына бюст салып керегі жоқ! – деп кесіп айтыпты. – Одан да балаларға киім-кешек, тәттілер алсын.

Бірақ аудан ақсақалдары тоқтаған жоқ. 2013 жылы аудан әкімі қызметіне Ғанибек Қонысбекұлы Қазантаев келді. Ол да бұл туралы айтуға үзілді-кесілді тыйым салды. Алайда халық өз қаражатына мүсінші Жәркен Ысмағұловқа бюст жасатты.

«Ат тұяғын тай басар» дегендей, әке жолын жалғаған Ғанибектің аудан халқына қызмет еткені көңіл қуантады. Бірақ олардың қызметін салыстыру мүмкін емес. Басқасын айтпағанда, әкесінің кезінде социалистік меншік, баласының кезінде мүлде басқа болды. Дегенмен заманына қарай адамы. Қатарластарының айтуынша, Ғанибек – өте дарынды басшы, лайықты тұлға. Қ.Қазантаев кейін аймақ тарихында елеулі тұлғаларға айналған Алдаберген Бисенов, Елеу Көшербаев, Сәмит Далдабаев, Мақсұт Әбдіразақов, Көбейсін Исаев, Дина Сәдуақасова, Жаңабай Азаматов, Әділ Атахаев, Шамахан Құндызбаев, Аппаз Кәмішевке ұстаз болды.

Тереңөзек ауданының еңбекшілері екі бесжылдықтың барлық көрсеткіштері бойынша алға шықты. Халықтың наразылығына қарамастан Қазантаев 1975 жылдың басында Жалағаш ауданына жіберілді.

Менің Қазантаевтың жұмыс стилі, әдістерімен, еңбегімен танысуым ерекше басталды. 1977 жылдың қазан айында Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, облыстық «Путь Ленина» газетінің ауыл шаруашылығы бөліміне қызметке келдім. Бөлім меңгерушісі Ким Санин Дюнович «Жаңаталап» кеңшарына жіберді. Егін орағы аяқталған. Шаруашылықтар қысқа дайындалып жатқан. Бас агроном Жақсыбек Маншәріпов егіс алқабына алып шықты. Қуатты «КА-700» жер жыртып келеді.

— Бұл жерде,— деді Жақсыбек,— соқалар тіке жыртуға арналған. Бұрылыс кезінде метрден астам жер жыртылмай қалады. Осылай әрбір егістен жүз метрдей, ал бүкіл шаруашылық бойынша он гектардай жер қалып жүрді. Сондықтан соқаның артына қосымша пышақ дәнекерлеуді ұсындым. Мәселе шешілді. Енді он гектар жер айналымда болады, – деді.

Оның бұл айтқанын мақалама қостым. Сөйтіп редакцияның күнделікті жұмысы жалғасып жатты. «Жаңаталапқа» тұқым себу кезінде тағы бардым. Жақсыбек соқа оқиғасын айтып берді. Мақала жарияланған күннің ертеңіне совхозға басшысы бастаған ауыл шаруашылығы техникасының мамандары келіпті. Қазантаев осы ұтымды ұсынысты зерделеп, тарату жөнінде тапсырма берген. Сөйтіп шаруашылық үлгісі бүкіл ауданға тараған. Жаңашылдық, әрине, жақсы. Бірақ одан да дұрысы бірінші хатшының өндіріс қажеттіліктеріне көңіл бөліп, БАҚ өкілдерінің сөзіне мән бергені еді.

Осылайша облыстағы ең қуатты екі аудан – Тереңөзек пен Жалағаш тынысын тұрақты жазуға редакциядан мен бекітілдім. Бірінші хатшыдан да сұхбат алдым. Социалистік Еңбек Ері, директор Ұзақ Еспанов таныстырды. Қазантаев мақұлдағандай басын изеді.

– Жазғаныңды оқып тұрамын. Төрлет, сөйлесейік. Тікелей телефон нөмірімді жазып ал, – деді. Егін орағынан соң қабылдауында да болдым. Кабинетінде ең бірінші көзіме түскені – «Новый мир» журналы.

– Жақсы басылым, – дедім.

– Иә! Тек оқуға уақытым жетпейді. Жақсысын теріп оқимын.

Әңгімеміз кең әрі ауқымды болды. Бірақ Қонекең экономика саласына назар аударды.

– Мысалы, «Мәдениет» жылына бір жарым миллион сом таза пайда тапса, көршілес жатқан «ІІІ Интернационал» колхозы үш миллионға жуық табыс табады. Табыс айырмашылығының негізгі себептерінің бірі – өзіндік құн деңгейін жете бағаламау. Міне орта буын басшыларына осыны үйрету керек, – деді.

Қазантаев орташа жалақы, сүт өнімділігі, центнерлер, социализм немесе коммунизм туралы айтқан жоқ. Әңгімесінің бәрі адамдардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау турасында еді. Бұл – КОКП ОК идеологтарына жетіспейтін қасиет. Осы әлеуметтік-экономикалық үлгі оның ұстанған берік қағидасы болатын. «Ендеше, бірге жұмыс істейік» деп түйіндеді Қонекең. Менің бұған еш қарсылығым жоқ еді.

Облыста күріш шаруашылығы басты орынға шығып, мал шаруашылығы кенжелеп қалған. Жыл бойы шөбі шүйгін Австралия емеспіз. Жайылымымыз киік пен қойдан артылмайды. Отар мен табын көктемде ғана еркін тыныстайды. Бірақ төрт түлік мал әр шаруашылықта ұсталатын. Оны өнеркәсіптік деңгейге шығару үшін Қазантаев «Мәдениет» және Калинин атындағы кеңшарларда үш мың басқа арналған сүт кешендерінің құрылысын салу туралы мәселе көтерді. Ауданға алты мың симентал тұқымды сиыр әкелінді. Тиісті азық-түлік базасы жасалып, кадрлар тартылды. Рас, негізгі мамандар жетіспей жатты. Бірақ бірінші хатшының бір қасиеті – ешқашан берілмейтін. 80-жылдардың басында газет тапсырмасымен «Мәдениет» кеңшарының фермасына бардым. Жолбасшым бас зоотехник Нұрлыбек Жолдасбаев болды. Оның Темирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясын бітіргенін естіп таңғалдым.

– Фермада жүргеннің орнына, бір жерде басшы болып отыруың керек еді! – деп әзілдедім.

Белгілі болғандай, ол оқуын бітірген соң Талдықорғанға аттанған екен. Бір жылдан кейін анасының қайтыс болуына байланысты «Мәдениетке» келіпті. Жаназадан соң Нұрлыбек жолға шығуға дайындалып жатқанда, аудандық партия комитетінен машина келеді: «Қазантаев шақырып жатыр». Хатшы совхозда қалу туралы мәселе көтергенде, Талдықорғанда тағы екі жыл жұмыс істеуі керегін айтады. Қазантаев дереу Талдықорған обкомының бірінші хатшысына хабарласып, Жолдасбаевты шаруашылыққа алып қалыпты.

Бес жүз гектар жерге сүрлем жүгеріні Қазантаевтың кезінде Социалистік Еңбек Ері атанған Айнаш Балғабаева өсірді. Жолдасбаевқа келсек, көп ұзамай партия қатарына өтіп, 30 жасында облыстағы ең жас директор атанады. Одан кейін де түрлі қызмет сатысынан өтті. Сол сияқты, Жақсыбек Маншәріпов, Сәбит Серікбаев, Садық Әлиев, Үмбетәлі Ахметовтің де қызмет жолына көз жүгіртсеңіз, Қонекеңнің қаншама басшыны тәрбиелеп өсіргенін көресіз.

Облыста мал басын асылдандыру мен тұқым шаруашылығында мәселе көп еді. 60-жылдардың аяғында құрылған Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты өндірістің дамуына өз үлесін қосты. 1970 жылы институт «Ақмаржан» сортын жасаумен айналысты. 80-жылдардың басында жаңа тұқым өндіріске енгізілді. Тұқым шаруашылығы болып «Авангард» және Калинин атындағы кеңшарлар белгіленді. Шаруалар мен БАҚ өкілдері процесті бақылап отырды. Алғашқы өнім алуға облыстық комитет хатшысы Николай Подольских, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Елтай Тыныштықбаев, Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты директоры Амангелді Әлімбетов, облыстық тұқым инспекциясы басқармасының басшысы Софья Байсеңгірова, оның орынбасары Ғалымбек Қонысбекұлы және басқалар қатысты. Біріншіде 59 центнерден өнім алынды. Салтанатты шарадан кейін институт директоры бізді дастарханға шақырды. Қазантаев сөз сөйледі: «Жұмысымыздың нәтижесіне шексіз ризамын. Тұңғыш өнімді халық бағалайды деп сенемін».

Білуімше, «Ақмаржан» селекционерлері КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Бірақ ғылым бағаланбайтын заман жақындап қалған еді. КОКП ОК бас хатшыларының жиі ауысуы да әсерін тигізді. Бірақ өмір жалғаса берді. Облыстың құрметті ардагері Шыңғыс Айбосынов «Қазантаев мектебі» атты кітабында сол кездегі құлдырау, өлке халқының тіршілігі туралы жақсы да жинақы суреттеген. Әрине, қызметі ауданмен шектелгенімен, Қазантаев – ірі тұлға.

Неге екені белгісіз, обкомның жаңа бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков астық жинап алған соң емес, 1985 жылдың тамыз айында аудандық партия комитетінің пленумын шақырды. Пленумдағы сөзінде Қазантаев жалағаштықтарға қаратып: «Сіздерге сөзбен де, іспен де көмектесуге әрқашан дайынмын. Жетістіктеріңізге қуанамын. Сәтсіздіктеріңізге күйінемін. Көңілімді қалдырмауға тырысыңыздар!» деді.

Ал «Хатшының архивіне» келсек, Қонекеңнің өз қолжазбаларында шынайы сезім мен ой да, дәйек пен дерек те бар. Өкініштісі, ой-толғауларын мемуарға айналдыра алмады. Өмірінің соңғы жылдары өңірге танымал журналист Шара келіні үнемі қасында болды. Дегенмен, кеудесі кеніш қайраткердің көп ойлары қағазға түспей қалды.

Олай дейтінім, Қонысбек Қазантаевтың қайталанбас, бірегей тұлғасын терең ғылыми-публицистикалық зерттеу шыншыл, тың, жанқияр басшыларға аса зәру болып тұрған бүгінгі қоғам үшін өзекті болып отыр. Шиелі, Тереңөзек, Жалағаш, Қызылордада өткен Қонысбек Қазантаевтың 100 жылдығына арналған тағылымды жиындарда жұрт бұл туралы көп айтты. Қармақшыда қараша айының үшінші жұлдызында іс-шара өтеді.

Қасым ИМАНБЕРДИЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<