Адам және заң, заң және қоғам – бұл іргесі ажырамаған және ажырамайтын үлкен ұғым. Елімізде Ата заңнан бастау алатын барлық заң жобалары Парламент палаталарындағы ел қалаулыларының елегінен өткеннен кейін ғана өмірге келеді. Ал сол заңдардың халыққа қызмет етуін, орындалуын қадағалайтын, заңсыз әрекеттердің жолын кесетін, кісінің құқығын қорғайтын заң қызметкерінің жолы өте жіңішке әрі жауапты болады. Әділдікті ту еткен әрбір заңгер заң шеңберінде халыққа адал қызмет етуі тиіс.
Сондай әділ де адал азаматтың бірі, заңның заңғар генералы Айтбай Сүйінбайұлы Әлібаев еді. Сегіз қырлы бір сырлы, заңгер-журналист, ақынжанды абзал азаматтың бойында Қазыбек би бабамыздың адалдығы мен әділдігі, көсемдігі мен шешендігі сияқты асыл қасиеттері бар еді. Оған дәлел, оның ұзақ жылдар бойы заң саласында әртүрлі жауапты қызметтерді адал және мінсіз атқарып, осындай жоғары дәрежеге жетуі.
Айтбай Сүйінбайұлы Сыр перзенті. Тереңөзек кентінде орта мектепті тәмамдағаннан кейін Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын қызыл дипломмен бітіреді. Оқуды үздік тәмамдаған талантты жасты сол кездегі облыс басшылары арнайы жолдамамен облыс орталығына алдырады. Алғашқыда облыстық прокуратурада қылмыстық істерді қадағалау бөлімінің прокуроры, бір жылдан кейін Қазалы аудандық прокуратурасының тергеуші қызметін атқарады. 1973-1977 жылдар аралығында Қызылорда қалалық прокуратурасының аға тергеушісі болып қызмет істейді. 1977-1983 жылдары Арал ауданының прокуроры қызметін атқарады. 1983-1987 жылдары Қызылорда қаласының прокуроры, 1987-1991 жылдар аралығында Жаңақорған ауданының прокуроры қызметінде болады. Ал 1991 жылы ол Маңғыстау облыстық прокурорының орынбасары болып тағайындалады. Сол жылы білікті заңгерді еліміздің Бас прокуратурасына қызметке алдырады. Сөйтіп тергеуді қадағалау басқармасының бастығы етіп тағайындайды. Айтекең 1992-1995 жылдары сол кездегі Торғай облысының прокуроры қызметін абыроймен атқарады. 1994 жылы Президент Жарлығымен Әділеттің ІІІ сыныпты мемлекет кеңесшісі шені беріледі. 1995-1998 жылдары Торғай және Қызылорда облыстары бойынша сол кезде құрылған Мемлекеттік тергеу комитеті басқармасының бастығы болады. Оған ұзақ жылдар бойы заң саласына сіңірген ерен еңбегі ескеріліп, Президент Жарлығымен Әділет генерал-майоры деген жоғары шені берілген. Еліміз өз алдына егемендік алғаннан кейін екі ірі заң саласында тұңғыш екі мәрте генерал-майор атағына ие болған азаматтың бірі – осы Айтбай Сүйінбайұлы Әлібаев. Айтекең 1998-2003 жылдары Қызылорда облысы әкімдігі мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі, облыс әкімінің құқық жөніндегі аға кеңесшісі, облыс бойынша Сот шешімдерінің орындалуына жұмыс атқаратын комитеттің төрағасы, облыстық әділет басқармасының бастығы сияқты лауазымды қызметтерде болды. 2003-2005 жылдар аралығында Қостанай облыстық әділет басқармасын басқарған. Сол жылдардағы елеулі еңбегі үшін ол тергеу саласының Құрметті қызметкері атағына ие болды. 2001 жылы Президенттің Алғыс хатымен марапатталды.
Айтекең «Заң саласындағы ерен еңбегі үшін» белгісімен, Бас прокуратураның Құрмет грамоталарымен, 2007 жылы ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Басқа да медальдардың, мадақтаулардың, марапаттардың иегері.
2005 жылдан ҚР Әділет министрлігінің құқықтық насихат және заң қызметін ұйымдастыру комитетінің төрағасы, министрлікте ішкі әкімшілік департаменті мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы болып қызмет атқарады. Бұл Айтбай Сүйінбайұлының өмір жолы мен кәсіби қызметі жайлы тек қысқаша мағлұмат қана. Айтекеңнің адамгершілік қасиеті мен азаматтық бітім-болмысы бөлек әңгіме.
Оның қарапайымдығына, кішіпейілдігіне, адалдығы мен азаматтығына халық та, қызметтестері де қанық және тәнті. Әсілі бұндай қасиет кісіге қаннан тараса керек. Айтекеңнің арғы атасы Таңатар текті кісі болған. Ол сонау XVIII ғасырда Қазақ пен Хиуа хандығы арасында елшілік қызмет атқарып, елге елші Таңатар деген атпен әйгілі болған адам. Бұл кісі жайлы кезінде республикалық және облыстық баспасөз беттерінде деректі материалдар жарық көрген. Өз әкесі Сүйінбай да сауатты әрі шежірелі қарт болатын. Адалдықтың ақ жолымен жүрген Қалыбаев Көлбай ағасы 95 жасында дүние салды. Көлбай ағамыз да облысымызда әртүрлі жауапты қызмет атқарған ардақты азамат еді.
Иә, Айтбай – тектіден тараған белгілі тұлға. Кезінде Сыр сүлейлері жырларына қосқан Хиуа хандығы тұсында 40 жылға жуық қазақ халқы мен өзбек хандығы арасында елші болған Жайықұлы Таңатардың тікелей ұрпағы. Сондықтан болар, оның тектілігі көзге бірден көрініп-ақ тұрады. Белгілі жазушы-журналист Қайсар Әлім «Адам ізі» атты кітабын осы Айтбай сияқты аяулы азаматқа арнаған. Шығармашылығы жайлы көп сыр шертуге болады. Оның бірнеше шығармалары жарыққа шықты. Соның ішінде «Әке өсиеті» атты кітабы құнды дүние. Ол әкесі Сүйінбай жайлы толық мағлұмат беріп, тереңнен сыр шертеді, әке өсиеттерін өмірге әкеледі. Айтекеңнің жазған мақалалары республикалық және облыстық газеттерде жиі жарияланып тұрды. Қазақтың қара өлеңінің қаймағынан сусындап нәр алған оның ақындық қабілеті өз алдына бір төбе, өз алдына бөлек әңгіме.
Оны көпшілік қадірлейді, құрмет тұтады. Алаш Айтбай сияқты аяулы азаматымен мақтанады. Еліне бергенінен әлі беретіні көп білікті заңгер, қаламгер еді. Өкінішке орай, ардақты да аяулы атпал азамат, тау тұлға науқастан айығып кете алмай, былтыр мәңгілік сапарға аттанып кетті. Алаштың ардақты азаматын бүкіл ел болып ақтық сапарға шығарып салды.
Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ,
ҚР ІІМ-нің еңбек және Құрметті ардагері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<