Жәркеннің жәшігіне түскен дауыс

417

0

Жәркен ағамыздың мүсіншілік өнерінің бастауы – бала кезіндегі Сырдария жағалауындағы қайыр құммен ойнаған кездері. Ол жазғы каникулды дария жағасындағы, Жалағаш қыстағының тұсына қоныс тепкен паромшы Мәлік атасының үйінде өткізетін. «Өмірдің ең қызық, тәтті күндері сол кездер екен ғой» деп Жәкең балдәурен балалық шағын еске алады.

Атасына қолғабыс етуден босаған уақытта дария жағасындағы ұйық құмнан қамал соғып, қала тұрғызып, әскер жасақтап, ел қорғаған батырлардың мүсінін жасап ойнайтын. Сол балшықтан жасаған бала арманы уақыт өте шын мүсінге айналып, елімізге әйгілі мүсінші болатынын кім білген?!

Жәркен ағамен көрші тұрдық. Тереңөзектегі №35 мектепте ағам Болат, жеңгем Гүлнәрмен бір сыныпта оқыды. Жылдар өте қызмет бабымен жиі кездесіп, бір-бірімізді жақын тұтып, аға-інілі болып кеткенбіз. Мүсінші ағамның өнер жолындағы арпалысқа толы бір қызықты әңгімесі еске түсіп отыр.

Өткен ғасырдың аяғында Қызылорда қаласына Қожахмет Баймаханов әкім болып тағайындалып, Сыр өңірінің бас қаласы құрылыс алаңына айналды.

Сол кездегі облыс әкімі Серікбай Нұрғисаев, оның орынбасары Нұрлан Ерімбетов, қала әкімі ақылдаса келіп, түркі дүниесінің абызы Қорқыт атамызға арнап ескерткіш салуды ұйғарыпты. Уақыты келіп, осы жұмысқа бәйге жарияланады. Бәйгеге Қазақстанның белгілі мүсіншілері, дизайнерлері жоба жұмыстарын дайындайды. Барлық авторлар жұмыстарын комиссияға өткізген күнді, тіпті сағатына дейін құпия ұстайды екен, үміткерлердің де саны көп болады. Бұл бәйгеге Жәкең де өз жұмысын әзірлейді. Дегенмен үміткерлердің қарасы және комиссия төңірегіндегі алыпқашпа әңгімелер жеңіске деген жігерін үгіте бастайды. Уақыт өте жұмыстардың тіркелуіне екі-үш күн қалғанда ағамыздың жүрегі қобалжып, мазасыз күйге енеді. Соңғы күні түн ауа ұйқылы-ояу жатқанда, аспан әлемінде ғажайыпқа толы құбылысты көреді. Ақ бұлттар арасынан желмен жарысқан желмаясын желдіртіп, дүниенің төрт құбыласын түгендеп, өлместің өлкесін өнерден тапқан, қолында қобызы бар Қорқыт атамызды көреді. Түн жарымында асығыс қалам-қағазын алып, көрген түсін түсіре бастайды.

«Өмірімде таңның ұзақ ататынын білмеппін, шын айтсам оған әрең жеттім» дейді ағамыз. Шеберханаға таң бозарғаннан кіріп, бір тылсым күш қуып келе жатқандай сезініп, қолына түскен материалдармен кеш бата бітіреді. Осы сәтте шаршағанынан ләззат алып, маңдайынан тер тамшылап өзгеше рахатқа бөленіпті. Адам таңғалатын құбылысты басынан өткізген Жәкең бір күннің ішінде Қорқыт ата монументінің жобасын осылай жасап шығарыпты. Алдын ала дайындаған жұмысы сол күйінде пайдаланылмай шеберханасында қалған көрінеді.

Жасаған дүниесін бәйге алқасына сол күні өткізген Жәркен ағамыз онда болып жатқан тартыстан бейхабар еді. Қазақстанның мен деген өнер шеберлерінің жасаған туынды жобалары бірінен-бірі өткен. Екі күн оттың ортасында жұмыс істеген комиссия мүшелері арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін бір ортақ шешім тауыпты. Облыстық өнер форумына жиналған делегаттардың таңдауына қойып, жүлдегерді солардың дауысымен анықтауға бел буыпты.

Форум болатын күні жиналыс өтетін облыс әкімшілігінің фойесіне конкурсқа қатысқан 19 жұмыстың қасына дауыс салатын жәшіктер қойылады. Делегаттарға жиналысқа кіреберісте жетон таратылады. Үзілісте жүргізушінің хабарлауымен делегаттар жетонды өздері қалаған өнер туындысының қасындағы дауыс беру жәшігіне салады. Кім қай жәшікке салғаны белгісіз. Қорытындысы сол күні кешке өтетін өнер шеберлерінің концерті алдында жарияланатыны хабарланады.

Нартай Бекежанов атындағы театр көрермендерге лық толы екен. Концерт алдында жүргізуші Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіш бәйгесінде жеңген жұмысты басқарма басшысы Жаңыл Жонтаева сахнаға алып шығады деп хабарлайды. Қорқыт атаның желмаямен желіп келе жатқан елесі елді орнынан тұрғызып, ерекше қолдау тауып, ұзақ қол шапалақ пен қошеметке бөлейді. Ол кезде Жәркен ағамыз театрдың көрермендер залының аузында орын бұйырмаған көпшілікпен бірге тұрған екен. Дауыс берген 190 делегаттың 170-ке жуығы осы жұмысты қолдапты. Жан-жақтан құшақ жайып құттықтаған көпшілік, оны ығыстыра-ығыстыра сахна төріне бірақ шығарды. Құттықтаулардан есінде қалғаны – конкурсқа қатысқан Қазақстан Дизайнерлер одағының төрағасы Аманжол Найманбаев «Бір пұттай бәйгеге дайындаған жұмысымды арқалап келіп, арқалап қайтатыным болмаса, сенің ізденіспен жасаған жұмысыңа ризамын» деп құшақтап тұрып, батасын берген екен.

Бұл Жәркен Сүйіндікұлы Исмағұловтың өнер жолындағы теңдесі жоқ, үлкен жеңісінің бастауы еді.

«Еңбегімен елге сыйлы болған, Сыр бойына ерекше еңбегі сіңген марқұм Нұрлан Кенжебекұлы Ерімбетовтің арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін осы тапқан шешімі өнердегі жетістіктеріме бастау болды» деп еске алады Жәркен ағамыз.

Марат Омаров

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<