Біз 1980-жылдардың ортасында студент атандық. Бұл жылдары ҚазМУ мен ҚазПИ-дің, басқа да оқу орындарының филология факультеттерінде негізінен қыздар оқитын дәстүр орныққан еді. Біз студент болған жылдары да әр топтағы ұл балалар саны 5-6-дан аспайтын. Олардың дені әскер қатарында борышын өтеп, кемінде бір-екі жыл жұмыс істеп келген «стажды» жігіттер болатын.
Екінші курстың басында қатарымыз толығып, сырттай оқу бөлімінен екі жігіт ауысты. Олардың бірі Бижомарт Капалбеков біздің 201-ші тілшілер тобына, ал екіншісі Өскен Көзбеков 202-ші әдебиетшілер тобына қосылды. Сондай-ақ әскерден оралған тағы 5-6 жігітпен толықты.
«Бір өзгешелігі жоқ адам болмайды», деп Томас Карлейль айтқандай, әркімнің өзіндік ерекшелігі болуы табиғи нәрсе ғой. Біздің Өскеннің де сондай өзіндік өзгешеліктері бар еді. Ол көп сөйлемейтін, аса сабырлы, қанағатшыл болатын. Көп тыңдап, аз сөйлейтін. Не айтса да дөп айтатын. Біз қандай да бір мәселеге қатысты қызылшеке болып, қызу пікір таластырып жатқанда ол үндемей соңына дейін асықпай тыңдап отырып, өз ойын қысқа қайырып айтатын. Бәріміз де қазақы ортада өсіп, қазақша тәрбие көріп, қазақ мектебін бітірдік қой. Алайда Шиеліден келген Өскеннің қазақылығы тіптен ерекше еді. Оның бүкіл жүріс-тұрысынан, болмыс-бітімі мен өмір салтынан қазақтың иісі аңқып тұратын. Студент жігіттердің көпшілігін қызықтыратын киімнің кейінгі сән үлгілері, мәселен сол жылдары жастар іздеп жүріп киетін джинсы шалбар, саламандра туфлилеріңіз, шетелдік футболкаларыңыз оны еш қызықтырмайтын. Қазақша етті, палауды тек қолмен жейтін, орындыққа отырғанды, шанышқы ұстағанды ұната бермейтін.
Сабақтан келгенде төсегінің үстінде малдас құрып отыратын. Ол маған түске дейін студенттік партада отырғаннан шаршап, еркіндікке енді жетіп, өзін жақсы сезініп отырғандай көрінетін. Шайды ел көшіп кетсе де, асықпай баппен ішкенді ұнататын. Мен оған қалжыңдап: «Өскенбай, сен бүгінгі күнге ХХ ғасырдың бірінші жартысына соқпай, ХІХ ғасырдан бір-ақ аттап келген сияқтысың, нағыз қазақсың», дейтінмін. Ол болса: «Сендердің орыстанғандарыңа мен кінәлі емеспін ғой» деп әзілдеп күліп қоятын.
Студенттік шақты аяқтап, еңбек жолымызды енді бастап жатқан тұста Өскеннің үйлену тойы болды. 1991 жылғы тамыздың жиырмаларынан кейін Шоқан, Жомарт, Жарқынбек, мен төртеуіміз бір купеге билет алып, Шиеліге Өскеннің тойына аттандық. Қашан да қазақылығы аңқып тұратын Өскен келіншегі екеуі бізді қуана карсы алды. Жерге дастарқан жайылды. Келіншегі қалыңдап көрпеше төсеп, қолтығымызға қос-қостан жастық ұсынды. Қабат-қабат төселген құрақ көрпешелерге жайғасып, жан-жағымызды қоршап алған жастықтарға жантайып, жайлы орналастық. Жолдан келген біз жамбастап жатып, өз үйімізге келгендей сезініп, шай ішіп, шөлімізді бастық. Кешкісін басталған тойда таң атқанша дуылдатып тойлап, таңертең көз ілместен пойызға отырып, Шиеліден Алматыға жол тарттық. Өскен Алматыда өткен студенттік шағының аяқталғанына әлі сенбейтіндей сезініп, бізді қимай-қимай шығарып салды. Төрт-бес жыл бірге оқып, бір бөлмеде тұрған курстас досымыздың Шиеліде қалып бара жатқанына біз де сеніңкіремей, артымызға қарайлай-қарайлай қимастықпен аттандық.
«Адамды танимын десең, су ішкен құдығын көр» демекші, осы сапары Өскеннің ауылын, үй-ішін, бізді қарсы алғандағы сөздері мен кейбір мінез-қылықтарын көріп, біз оны бұрынғыдан да тереңірек тани түскендей болдық. Ол жатақханада кітап оқығанда, шай орындыққа отырмай, үнемі төсегінің үстінде малдас құрып отыратын немесе жастыққа сүйеніп, жамбастап жататын еді. Шайына Шиеліден келіп тұратын қуырылған сөкті салып, курстас жігіттерге: «Май сөкпен дұрыстап, асықпай, қазақша шай ішейікші», – дейтін. Мен оның отырысына қарап: «Өскенбай, сен баяғының байлары сияқтысың», – деп қалжыңдасам, ол маған: «Сен шай ішуді білмейсің. Үнемі бір-екі кесе шай ішіп, тұрып кетесің, орыс сияқтысың», – деп мені сынға алатын. Сөйтсек, біздің Өсекеңнің бүкіл қазақы қасиеті, өскен ортасынан, отбасынан қалыптасқан екен ғой. Мен Шиеліге барғанда соған анық көз жеткізіп қайттым.
Ол Оралхан Бөкей шығармашылығы бойынша кандидаттық қорғады. 1998 жылы сәуірде сол кандидаттық диссертация авторефератының қолжазбасын алып үйге келіпті. «Сен ғалым, хатшы болған, кафедра меңгерушісі болып отырған, бізден біраз жыл бұрын қорғаған, стажы мол кандидатсың ғой, мынаны бір қарап шықшы», – деп, авторефератының қолжазбасын ұсынды. Екеуміз студенттік шақты еске алып, шай ішіп ұзақ әңгімелестік. Автореферат қолжазбасын колымнан келгенше қарап, бір-екі күннен кейін тыныс белгі, стиль, безендірілуі сияқты талаптарға қатысты ұсыныс-пікірлерімді бердім. Ол қолжазбасын алуға келгенде тағы да отырып, кеңесіп, әңгімелестік. Өскен сабырлы, тиянақты еді ғой. Жазған жұмысы да соған сәйкес жұп-жұмыр екен. Сәтті қорғады. Курстасымыздың ғылымдағы жетістігіне қуандық.
Ұмытпасам, 2006 жылдың жазында Өскен келіншегі екеуі балаларын ертіп Көкшетауға демалуға келді. Астанаға келісімен хабарласты. Қарсы алып, шығарып салдық. Бұл біздің соңғы көрісуіміз екен.
Өсекеңнің өмірлік сапары жол үстінде аяқталды. Соңында түтінін түтетіп отырған жары, балалары, жазған еңбектері қалды. Жолын қуған шәкірттері бар. «Сайраған ізім жатыр жер бетінде» деп Қасым ақын жырлағандай Өскеннің өмір айдынындағы қалдырған ізі, жүрген жолы, салған соны соқпақтары сайрап жатыр.Біздің Өскен – соңында өзіндік із қалдырған ізгі жан.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
ҚР ҰҒА-ның академигі,
филология ғылымдарының докторы, профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<