Жанынан шуақ таратқан

582

0

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген. Өміріме түбегейлі өзгеріс пен құбылыс әкелген қызметтегі өткен күнді еске аламын. Ол кезде мектепте мұғалім, қосымша бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет жасайтынмын.

Мақсұт Әбдіразақов ағаның таудай көңілінің мейірім шуағын көрдім. Өмірде маған шапағат-нұрын төккен жандар аз болған жоқ. Бірақ сол бір жастық шақтың мөлдір бастауында бойымдағы ізгі талпыныстарымды қуаттап, дем беруі тағдырымда ерекше орын алды. Ол кісі жастарды тәрбиелеуде ешқандай туыстыққа, руға бөлмейтін. Қолынан іс келетіндерге әрқашан көмек беретін.

Оның азаматтығын, адамгершілігін көзін көргендер, інілері күні бүгінге дейін ерекше ілтипатпен айтуда. Өмірден озғанына жиырма жылдан асса да, бейнесі көңілімде, жанымда жүргендей елестеп, жүректің түбінен мықтап орын алған. Уақыт өтіп жатса да, сағынышымыз, құрметіміз артпаса, кеміген емес.

М.Әбдіразақов 1937 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Партия, ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы еңбектеніп, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан азамат. Өзіне тапсырылған іске адалдығымен, еңбекке деген таза көзқарасымен бедел жинаған. Өз ойы, пікірі, көзқарасы бар, ісімен де, сөзімен де өзгеден оқ бойы озық тұратын дара, парасатты жан еді. Тәжірибесі мол, көпшілікті сөзімен баурап, жиналыс-отырыста әзіл-қалжың айта алатын.

№32 І.Қабылов атындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарып жүрген кезім. Бір жағынан қоғамдық негізде бастауыш комсомол комитетінің хатшысы болып істеймін. Кешкілік мектеп директоры «Сені ертең аудандық Совет атқару комитетінің төрағасы М.Әбдіразақов шақырып жатыр, соған барып кел, сабақтан боссың» деді. Түнімен қалай қабылдайды, не айтады  деп мазасыздандым. Түннің бір уағында Мәжит Сағидатов ағам, «ертең Мақаңа тоғыздан қалмай бар» деп звондады. Аудандық Совет атқару комитетінің төрағасы Мақсұт Әбдіразақов мені қабылдап «енді атқарушы билікке араласып көр, сендер істемегенде кім істейді?» – деді. Сенім білдірді.

Мұғалімдік және ауыл шаруашылығы мамандығын қызыл дипломға бітіргенімді сұрап алып, Қызылорда қаласындағы облыстық атқару комитетіне барамыз деді. Ол жақта Мусаев деген кісі қабылдап, әртүрлі сұрақтар қойды. Сол күні ауылдық совет председателі болып сайландым.

Ол кезде жеке қожалықтардан ет, сүт және жүн өткізу тапсырмасы берілетін. Оған партком Мәжит ағамыз бен совхоз директоры көмектесті. Абыройсыз болғаным жоқ. Кейінірек ауылдық кеңестiң жұмысы мен жеке қожалықтардың артық малын мемлекетке сату және «Жасыл өлке-91», азық-түлік бағдарламаларын орындағанымыз үшiн грамота алдық. 1988 жылы облыстық агроөндірістік мекемеге төраға болып ауысып кетті. Іздеп барып сәлем беретін едім. «Қалың қалай бала?» деп сұрайтын, ақыл-кеңесiн беретін, сәлем бергеніме риза болып қалатын. Ауданда жүрген кезде ол кiсi қай iстi болмасын аса ыждағатпен, жауапкершілікпен атқаратын. Сөзім дәлелді болу үшін мына жайтты айтайын.

Мақаңның басшылығымен жаңа үлгiлерде кешенді мал фермалары, бордақылау алаңдары, азықтандыру цехтары салынды. Ipi-ipi сауын фермалары ұйымдастырылды. Мал басын өз төлі арқылы көбейтуге, тұқымын асылдандыруға мән берілді. Сол кездегi iрi шаруашылық «Мәдениет» ауылында осылардың бәрi болды. Жоспар совхозға және жеке қожалыққа көп берілетін. Жылдың аяғына қалмай ет, сүт тапсырмасын орындау үшiн жиi келеді. Кейбiр күнi кешенде қонып, партия тапсырмасын орындауға күш салатын. Ол кiсiнiң еңбек жолында басшылық баспалдағында мұндай игі істер жетерлік. Уақытпен санаспай еңбек етуден шаршамайды. Кай iстiң болмасын басы-қасынан табылды. Аудандық штабтың жетекшісі Мақаң көбінесе шаруашылықтарды аралап жүретін. Қызметте өте көңiлдi де қызықты едi. Көңiлдiлiгi сол қандай мәселе болса да, күліп отырып, өзіңді соған жауапты екенiңдi мойындататын. Қолыңнан келмей жатқанын байқаса өзi тiкелей араласып, айтып, қол ұшын беруден тартынбайды. Кiммен болса да, ашық-жарқын сөйлесетін.

Ауданға сүт зауытына күнде кешке «Молоковоз» 2 рет сүт өткізетін. Әрбiр көшеге адамдар бөлiнеді. Ай сайын 100-110% артық орындаймыз. «Сиырдың тамағын тауып берсең, карнын тойғызсаң, неге сүт бермейді? Сиыр сүті – тiлiнде дегенді ұмыттыңдар ма?» деушi едi Мақаң. «Мәдениет» шаруашылығында 5000 бас, жекеде 2000 бас iрi қара болатын. Күрішпен бiрге, жүгері, жоңышқа, бидай, арпа, сұлы егеді. Өнім көбейді.

Ауыл тапсырманы артығымен орындап, Жалағашты алдыңғы қатарға шығарып отырды. Бір күні машина жолда бұзылып қалып сүт ашып кеткен. Мақаң: «Жұмыс болған соң ондай-ондай болады» деді. Ұрысады ма деп ойласақ… Қызметкерлердің ар-намысына тиіспейтін, сөз айтса да, жетесіне жеткізе айтатын еді.

Халықпен көп араласу қажеттігіне, мұң-мұқтажына мән берді. Ол кезде қазіргі Мырзабай ауылы 1-бөлімше болып «Мәдениетке» қарайтын. Клуб, медпункт, мектепке, кітапханаға жиі баруды тапсыратын. Бөлімшеге барып, ақсақалдармен  әңгiмелесiп, мұқтаждықтарын жазып алатын болдым.

Мақаң өте аққөңiл, ақжарқын жан еді. Байыпты басшы осы жылдары бiрыңғай экономикалық көрсеткіштерге кетпей, ауыл мәдениетінің артуына, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейiнiң өсуіне де көп күш-жігер жұмсады.

Сырдария, Жалағаш, Тереңөзек аудандық кеңесінің төрағасы, облыстық ауыл шаруашылығы саласының бастығы қызметін атқарды. Үш рет «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет» белгісі орденімен, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен, медальдармен марапатталған. Әділеттің ақ жолын серік етіп, бұра тартпай, қандай жағдайда да тура және әділ шешім қабылдай білді. Сол арқылы өзі басқарған шаруашылықтарда емес, бүкіл аудан, облыс жұртшылығы арасында лайықты құрмет пен беделге ие болды.

Дана халқымыз «Асыл туған азамат, баға жетпес нарқы бар» деген. Адамгершілік соқпағынан адаспай өмір сүріп, өнеге көрсеткен азамат ұмытылмайды.

Қуаныш АХМЕТҰЛЫ,

зейнеткер.

Мәдениет ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<