Жанынан шуақ таратқан

1479

0

Жақсылық деген – жанған шам сияқты, алыстан сәуле, жақыннан жарық береді. Шамын сөндіріп алған, не сәулесі, не жылуы, не жарығы жоқтар қаншама?! Менің інім Бақытжан өз шамын өзі жағып, өзгеге де жүрегінен жылу берген жан еді. Тәуелсіз елдің көшімен бірге келе жатқан тәжірибелі ғалым-ұстаз, қоғам ісінің білгір азаматы болды. Алдына келген адамнан қамқорлығын аямайтын. Оның қанатының астынан білім жүйесінде жүздеген жас­ өсіп-жетілді. Жылдар бойы басшылық қызметте болғанда қарапайымдылығымен, кішіпейілділігімен, әділдігімен, қайырымдылығымен жоғары білім беру жүйесінің түбегейлі тарихын жасады.

Әлем, дүние үнемі өзгерісте. Өзгермейтін бір ғана – Жаратушы. Өзгеріс адамды есейтеді, есейген жанның самайын ағартып, кемел жасқа жеткізеді. Осы шақта адам өткен ғұмырына, аға-інілеріне, қатарына, қоғамға, заманға мұқият зер сала бастайды. Әрине, адам пенде болған соң, оның арқалаған жүгі де көп болмақ. Олар – ата-ана алдындағы парыз, үй болып отбасын құру, ұрпақ өсіру, ат жалын тартып атқа мінген соң елге, халыққа адал қызмет етіп, қайраткерлік таныту. Туған-туыс, ағайын, замандас, жора-жолдас арасында кісіліктен айырылмау, үлкенге де, кішіге де өз өмір жолыңмен өнеге болу. Бұл – өте жауапты міндет қана емес, адам өмірі жолындағы асыл қазына. Бақытжан өмір жолында арқалаған жүгін шаршап-шалдықпай, қаймықпай көтерді.

Бақытжан мен Мәуегүл шаңырақ көтергенде комсомол қызметкері болатынмын. Екеуінің үйлену тойына Алматы қаласынан келіп қатысып, туған-туыстарының ортасында болып, ара-қатынасымыз үзілген емес. Бақытжанның әкесі  Әбекең таза, адал партия қызметкері ретінде есімде қалды. Адамшылығы мол, қазақшылығы басым, өмір көрген, өте сауатты кісі екенін жас та болсам бағамдаған едім. Құдай қосқан құда болғаннан кейін ол туралы айтылса, зерделеп тыңдап, әңгіме айтушыға сұрақтар беріп, толықтырып отыратынмын. Менің мектептегі ұстазым Сәден Нұртаев Әбдіқалық  Сайлыбаев Қармақшы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып тұрғанда, жергілікті халықтың көңілінен шыққанын, сыпайылығын, арының, жанының тазалығы және қарапайым қара халықпен жүздескендегі жүрегінің жұмсақтығын, өте сауатты болғанын көп айтатын. «Сондай адал азаматты әке-шешесіне құран оқытты дегенді сылтаумен партиядан, қызметтен шығарған, сонда ренішін сыртқа білдірмей, шыдамдылық көрсеткен азаматты бірінші көруім» деген сөздер жадымда қалыпты

Бақытжан өзі оқып, білім алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтында жұмыс істей жүріп, Мәскеудегі СССР Педагогика ғылымдары академиясының аспирантурасын бітірді. Сол жерде өзінің ғылыми диссертациясын қорғап, оқу-әдістемелік салада белгілі маман ретінде танылды.

Тәлімгер ұстаз ретінде шәкірттеріне, жас ғалымдарға берген тәрбиесі – өз алдына әңгіме. Қазақтың қара домалақ балаларын ғылым жолына жетектеп әкеліп, ағалық қамқорлық жасады.

Өмір күнде той емес, оның адамды сынға салатын, сілкілейтін сәттері де кездеседі. Сындарлы шақта азаматтық келбетін жоғалтпаған бір азамат Бақытжандай болар. Оның іскерлігі мен кәсіби шеберлігінен кім-кімнің де үйренері көп еді. Үнемі ізденіп жүретін, болдым, толдым деп аспайтын, үлкеннің алдын кеспейтін, дүниеге, атаққа, лауазымға қызықпайтын. Істегенін айтып мақтанбады. Өзгеге дем беріп қуаттандырып, әрқашан демеп отырды. Бұл азаматтың халықшылдығы еді. Бақытжан  қарауындағыларға өз мансабын көлденең тартқан емес. Елге, халыққа қажет істің өз уақытында орындалуы керектігіне көпшіліктің көзін жеткізе білді. Облыстағы үлкен оқу ордасы, ғалымдардың тоғысқан ортасында оның дара қасиетін мойындайтын.

Облыстық білім басқармасының басшылығын атқарғанда оқушыларының білім дәрежесі республиканың үштігіне еніп, жоғары көтерілді. Түлектердің Ресейдің беделді оқу орындарында оқуына жол ашылды. Бұл жұмыс ғалым, білгір педагог, ұстаз Б.Сайлыбаевтың, сол салада еңбек етіп жүрген білім қызметкерлері мен мектеп директорларының, ұстаздардың ерен еңбегімен іске асты. Оқушыларының білім дәрежесі өсуімен қатар грантта оқитындар көбейді.

Бақытжанның еңбегі жоғары бағаланып, омырауына «Құрмет орденін» тақты. Бұл – облыстың білім саласында жүрген ұстаздар қауымы үшін де үлкен марапат, еңбектің бағалануы. Республикаға белгілі іргелі оқу ордасы дәстүрі, тарихы бай М.Мәметова атындағы колледжді басқарып, жемісті еңбек етті. Оқу орнының жұмысын жолға қойып, күрделі жөндеу жүргізіп, қыруар іс жасады.

Сынаптай сырғыған, қолға ұстатпас уақыттың билігіне бағынбайтын жан жоқ шығар, сірә. Бақытжанды білетін Сыр бойының халқы, тәрбиелеген шәкірттері, әріптестері, туған-туысқандары, дарынды ұстаз, белгілі ғалым 66 жасында бұл өмірмен қош айтысып кете барады деп ойлаған жоқ. Бірақ тағдырдың жазуы солай болды, амал бар ма? Ендігі жерде артында қалған балалары мен немерелерінің, туған-туысқандарының амандығын тілеуден басқа сөзіміз жоқ.

Нұртілеу САЛЫҚОВ,

Қармақшы ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<