Жапон жерінде ерлік көрсеткен

531

0

Әлемді шарпыған екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 79 жыл. Қанша жыл өтсе де қан майдан салған жараның әлі жазылмағаны белгілі. Себебі әке мен бауырдан, асыл жардан айырылу кімге де болса оңай соққан жоқ. Дегенмен кейінгі ұрпақ бүгінгі бейбітшіліктің оңайлықпен келмегенін, жеңіс жолындағы аталар төккен тер мен ерен еңбектің салмағын бағамдай біледі деп сенемін. Мереке қарсаңында осы бір сұрапыл соғыстың бел ортасында жүріп, жеңісті жақындатуға үлес қосқан атам Нұрғали Әлиев жайлы жазуды жөн көрдім.

Атам Қармақшы ауданына қарасты қазіргі Тұрмағанбет ауылында дүниеге келген. Жеті жылдықты бітірісімен, 1942 жылы наурыз айында әскер қатарына алынып, Аягөз қаласында жаттығудан өтеді. Сол жерден ұрыс даласына аттанған ол Смоленск қаласында жаяу әскер қатарында болады. Жан алысып, жан беріскен соғыста бір айдай госпитальда емделген. Мұнан кейін қолбасшы Маленовский бастаған 94-дивизия 3-батальонның 8-ротасына жіберіледі.

Атамның нағыз қан майданға араласқан тұсы осы болатын. 1945 жылдың тамыз айында шығыс шекарасына қарай жылжыған дивизия Мукден, Цицикар, Жэхэ, Дайрен, Порт Артур қалаларын жапон басқыншыларынан азат ету жолында күреседі. Оған Кеңес Одағының Жоғарғы қолбасшысы Сталиннің алғыс хаты берілді. Хатта: «Н.Әлиевке Хайлер қаласы маңындағы соғыста үлгілі әскери іс-әрекеті үшін берілді» делінген. Бұл хат әлі күнге дейін сақтаулы тұр.

Кеңес Одағы жеңіске қол жеткізген соң, Жапониямен бітім-шарт жасалады. Десе де, атам әскер қатарынан 1947 жылы босайды. Жеңісті сол жақта қарсы алады. Елге оралғаннан кейін бейбіт өмірге етене араласып, туған ауылда қызмет жасайды. Колхозда есепші, Жосалы теміржолы бойында жұмысшы болды, күріш екті. Ірі қара фермасында завхоз, бригада есепшісі болып, зейнетке шығады. Осындай жауапты қызметтерді атқара отырып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан ол  жергілікті «Дауылкөл» ауылдық кеңесіне депутат болып сайланды, халық қалаулысы ретінде оның атқарған жұмысы бір төбе.

Соғыс жылдарынан бастап алған марапаттарын санамаласа, Смоленскіде болған барлауда тапсырманы ойдағыдай орындағанына «Ерлігі үшін» медалін иемденсе, соғыс аяқталған соң «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Сондай-ақ ТМД мемлекеттері басшылығының кеңесі шешімімен 1995 жылы 26 мамырда Кеңес Одағының маршалы Жуков медалімен, Жеңістің 55 жылдығы құрметіне «Соғыс ардагері» белгісімен, «Кеңес Одағы Қарулы күштерінің 70 жылдық медалімен», Жеңістің 40, 50 жылдығы және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен де марапатталды. 2000 жылы Жеңістің 55 жылдығына орай Президенттің құттықтау хатын алды. Ал бейбіт күнде атқарған еңбегі үшін 1984 жылы «Еңбек ардагері» медалін иеленген. Мұның барлығы − көрсетілген құрмет, оның еңбегенің бағаланғаны.

Ақын З.Дәулетбаев өзінің «Жағаң жыр, Сұлу Сыр» кітабындағы «Ардагерлерге арнау»  өлеңінде:

− Қорғады Отан шығысын

Алтын менен күмісін.

Әлінің ұлы Нұрғали –

Ардагердің бірісің, –

деп жыр жолдарын жолдаған болатын.

Атамның өмірдегі болмысы көз алдымда  ширақ қимылымен, балаларына және немерелеріне деген кіршіксіз адал қамқорлығымен қалды. Жарқын да жылы жүзін, әрқайсымызға төккен мейірімі мен шуағын ұмыту әсте мүмкін емес. Ел алдында да абыройы биік, беделі нық еді. Оның ғибратты ғұмыры – бүгінде көпке үлгі, кейінгіге өнеге болса, ал, біз үшін тау тұлғалы, қажымас қайраттың иесі. Барлық жанның жүрегінде көпшіл, кеңпейілді, адал мінезімен сақталған атам 80 жасында, яғни, 2004 жылдың 4 қарашасында дүниеден озды.

Саналы ғұмырында ұрпақ тәрбиесіне ерекше ден қойған атамыз Нұрғали мен әжеміз Шахар екеуі 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұлдары ұяға, қыздары қияға қонған. Олардан тараған 20 немере, 35 шөбере де тәуелсіз елдің азаматтары болып өсіп келеді. «Адам ұрпағымен мың  жасайды» деген осы болар. Біз атамызбен мақтанамыз, оны еш ұмытпаймыз, жадымызда асыл бейнесі мәңгі жаңғырып тұрмақ.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<