«Көзден кетсе, көңілден де кетеді» дейді қазақ. Шынында солай ма?! Ой таразысына салып көрсек, көзден кеткенімен көңілден кете қоймайтын, қайта уақыт өткен сайын санада жаңара, жаңғыра түсетін есімдер болады екен. ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы ең ауыр кезеңде ауылдық кеңес төрағасы, колхоз төрағасы қызметтерін атқара жүріп, ел дамуына елеулі еңбек сіңірген Мыхан Ерниязұлы – өзі өмірден өткенімен, елге жасаған жақсылығы, игілікті істері мен ізгілігі мол адами бітім-болмысы ұмытылмаған, бірнеше буын ұрпақ ауысқанымен, ел аузында аңызға айналған адам. Оның 130 жылдық мерейтойы қарсаңында көзін көріп, тәлім-тәрбиесін алған жалағаштық ақсақалдармен пікірлестік. Барлығы «Ел-халқына еңбегі сіңген, жақсы адам еді» деп еске алады.
Ұлы суреткер Ғабит Мүсірепов «Жақсы адам күн сияқты. Жан-жағына нұрын төгіп жүреді» дейді. Жазушы – адам жанының инженері. Ендеше, адам, оның азаматтық бітім-болмысы мен адами қасиеттері туралы сом тұлғалар жасаған Ғабит Мүсіреповтен асып ешкім айта алмаса керек. Жақсы адамның бүкіл болмысын, жан түкпіріндегі барлық сезім-сырын, тұтас мінезін зерттеп, зерделеуден туған ой қорыту ғой бұл! Шынында, өмірде бір ғана мәңгілік нәрсе болса, ол – күннің сәулесі. Тіршілік бар жерде күннің сәулесі өшпек емес. Қаншама заман өткенімен, қоғам ауысқанымен, мынау жарық дүниемен қаншама адам қоштасқанымен, Жер-Анаға түсетін күн шапағы сол бәз-баяғы қалпы! Жап-жарық, жып-жылы! Жақсы адамның жақсылығы да күннің сәулесі сияқты мәңгілік! Өзі өмірден өткенімен, оның жасаған жақсылығы, еткен еңбегі ұмытылмақ емес.
Біздің кейіпкеріміз Мыхан Ерниязұлының да тау тұлғасы арада жылдар өткенімен, ел жадынан өшпеген. Оның айналасына түсірген жақсылық сәулесі күн өткен сайын жарқырай түсіп, бірнеше буын ұрпақ үлгі-өнеге алып, бет түзер тұғырлы тұлғаға айналды. «Уақыт – емші» дейміз ғой. Ол рас. Сонымен бірге «уақыт – төреші». Жылдар, тіптен ғасырлар өте тарих қойнауынан тағылымды тұлғалардың ортамызға қайта оралып, жаңа буын ұрпақтың жадында қайта жаңғыруы,уақыт-таразының тезінен, тарихи сананың ой-елегінен өтіп, жаңа қоғамда жаңаша бағалануы уақыттың төрешілдігі болса керек.
ХХ ғасыр – ұлт тарихындағы өзгерістерге, оқиғаларға толы, ең ауыр кезең. Тарихқа айналған сол қым-қуыт тарихи оқиғалар мен түрлі өзгерістердің басында болмыс-бітімі алуан түрлі тұлғалар тұрды, олар өз қабілет-қарымына қарай еліміздің өсіп-өркендеуіне әсер етті.
Осындай жанның бірі – ХХ ғасыр басындағы колхоздастыру қайраткері, тұтас ғұмырын туған топырағын түлетуге, ауыл-аймаққа, туған-туысқа жақсылық жасауға арнаған, өз ұрпағының келешегі үшін тағылымды тәрбие берген, ел басына күн туғанда етігімен су кеше жүріп еліне қызмет жасаған Мыхан Ерниязұлы болатын.
Мыхан Ерниязұлы 1893 жылы Перовск уезі Байзақ болысы №7 ауылда (қазіргі Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылы) дүниеге келген. Табиғатынан алғыр, дарынды, құймақұлақ бала Мыханның алғаш көрген мектебі, санасына сіңіріп өскені – әкесі Ернияздан естіген есті әңгімелері. Отбасында жиі болып, әңгіме-дүкен құратын би-шешендердің, ақын-жыршылардың ғибратты сөздері еді. Бала кезде бойына сіңген осы құндылықтар оның есейген шағында ел ағасына, тұтас ауылдың ақыл-кеңес сұрап, арқа тұтарына айналуының бастау бұлағы болды. Ауылда алғашқылардың бірі болып сауат ашу мектебінен білім алған ол кейін өздігінен оқу, іздену арқылы ел басқарып, Сыр өңірінің дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер.
Әкесі Ернияз ақыл-парасаты мол, адамшылықтан аттамаған, кісі ақысын жемейтін адал, әділ адам еді. Қонақжай, көпшіл, қоғамшылдығы оның өз замандастары арасында бағасын арттырып тұратын. Онысымен қоса көрген-білгені көп, әңгімешіл, ертеден келе жатқан ата-баба тарихына, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа байланысты есті, ғибратты әңгімелерді көп білетін. Сондықтан болса керек, Ернияз отбасының қазаны ешқашан оттан түскен емес. Жасы кішілері амандық-саулық сұрасып, жасы үлкендері «інісі бардың, тынысы бар» деп осы қарашаңыраққа көп келетін. Жолаушылап жолға шығатын ауыл жастарының Ернияз ақсақалдан бата алмай шықпайтыны тағы бар. Ауыл арасындағы үлкенді-кішілі дау-жанжалдар да осы шаңырақта шешімін тауып, екі жақ ризаласып жататын.
Осындай өнегелі отбасынан, текті әулеттен шыққан Мыхан Ерниязұлы ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап ел басқару ісіне араласқан. Бұл ел өміріндегі ең ауыр кезең болатын. Алғаш колхоз төрағасының орынбасары қызметін атқарған ол 1933 жылы «Қызыл ту» ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осы қызметті 1938 жылға дейін атқара жүріп, ауыл өмірінің әлеуметтік дамуына, ел ішін жайлаған ашаршылықтан тұрғындарды аман алып қалуға ерекше үлес қосады. Оның ел басқарудағы ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, 1938 жылы К.Маркс колхозының төрағасы (қазіргі Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылы) қызметіне тағайындалды. 1945 жылға дейін осы қызметті абыроймен атқарды.
Мыхан Ерниязұлының Сыр өңіріне күріш дақылын алғаш жерсіндірудегі еңбегі де ерекше. Алғашқы жылдардан бастап К.Маркс колхозының күрішшілері жоғары өнім жинап, мемлекет қамбасын астықпен толтыруда көзге түседі. Соның нәтижесінде күрішші Айымкүл Ізтілеуова Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. Ол басқарған жылдары колхоз аудан көлемінде алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналды. 1939 жылдан партия мүшелігіне кандидат болған Мыхан Ерниязұлы 1942 жылы партия қатарына өтеді. Ол уақыт үшін коммунистік партия қатарында болу оған артылған үлкен сенім болатын.
Ұлы Отан соғысының ең қиын күндерінде Мыхан Ерниязұлы ел басқара жүріп, Кеңес әскеріне, жауынгерлерге көмектесуге де сүбелі үлес қосты. Кеңес әскеріне танк, әскери ұшақ алуға қаржылай көмек көрсеткені, жауынгерлерді жылы киіммен қамтамасыз етуге үлес қосқаны туралы сол кезеңдердегі аудандық «Күрішшілер», облыстық «Ленин жолы» газеттерінің беттерінде жарық көрген.
1945 жылдан зейнетке шыққанға дейін қайтадан К.Маркс атындағы ауылдық кеңес төрағасы қызметін атқарған. Сонымен бірге Қызылорда облысындағы ең ірі жоба «Тасбөгет» су торабын салуға, «Шіркейлі» каналын қазуға да белсене араласқан.
Тектілік – адам бойындағы асыл қасиеттердің ұрпақтан ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілуі. Ол кездейсоқ қалыптаспайды, дүниетанымдық та, ділдік те, психологиялық бейімділік те қан арқылы беріледі, әрине, отбасындағы тәрбиенің де орны ерекше. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында Мыхан Ерниязұлы ел басқарудағы қабілетімен, жер-суды, шаруашылықты жақсы білетінімен, жаңашылдығымен көзге түссе, арада бір ғасыр өтпей-ақ, ата бойындағы осындай қасиеттер ұрпақ қанында ойнап шықты.
Ақмырзасы ағарту ісімен айналысты, білімді ұстаз ретінде жастайынан жарқ ете қалды. Кенжесі Сартай өзінің саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнады. Әр жылдары бас зоотехник, совхоз директоры, аудандық ауыл шарушылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Немерелері Сапарбек, Алматбек, Бердібек, Талғаттар нарықтық қатынасты қатарының алды болып игерді. Үш буын өкілдері де қарға сияқты барды бауырына басып жеген жоқ, сұңқар сияқты шашып жеді, өздерінің іскерлігімен, адалдығымен, еңбеккештігімен ата даңқына дақ түсірмеді.
Бәйтерек бұтағымен мықты. Тамырын тереңнен алып, бар нәрін тек бұтағына беруге тырысатын ағаштың ұзақ жасау, өмірінің ғұмырлы болу, әр бұтағының бір-бір дараққа айналу, күн, ай, жыл, тіптен ғасыр өткен сайын жапырағын жайып, құлпыра түсу себебі де осындай қасиетінен болса керек. Бір қарағанда, адам өміріне де ұқсайтындай. Жер бетіндегі барлық тіршілік иесінен адамзат баласының ең басты айырмашылығы өз ұрпағы үшін өмір сүруінде шығар. Мыңжылдық ғұмыр дегеніміз де әке жаққан оттың өшпеуі, сол негізін қалаған қарашаңырақтың егесіз қалмауы, ұрпақтар сабақтастығын үзіп алмай жалғастыра алуы шығар. Ең бастысы, ата даңқына, әке атына кір келтірмей, арына дақ түсірмей, өмір жолымен өз ұрпағына өнеге бола алуында.
Шүкір, Мыхан ұрпағы атадан балаға ұласқан адамгершілік жолын, жібек желідей тартылған парасат даңғылын, азаматтық бітім-болмысты биік қойған өнеге мектебін жалғастырып келеді. Бүгінде Сыр өңіріндегі белгілі әулетке айналған Мыхан ұрпақтары дегенде ең алдымен, ойға оралатыны – бақытты, дәулетті, өнегелі, шарапаты мол жандар.
Ғабит Әнешұлы,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<