Айналасына сәуле түсіріп жүретін адамдар болады. Олардың жарқын жүзі, шынайы жүрегін жарып шыққан салмақты сөзі жан-жағын жарқыратып, ілгеріге ұмтылдырады, жақсылыққа жетелейді.
Сондай көкірегі кемелді, жүрегі жылы, пейілі кең, ниеті таза аға буын өкілдерінің бірі – Бабаомар Шілманұлы еді.
Ол туралы бүгінгі жас буынға үлгі ретінде ұзақ әңгімелеуге болады. Өйткені, өмірі өнеге, жүріп өткен жолдары тағылым мен тәлімге толы ел ағасының ғажайып ғұмыры соншалықты мағыналы, айтарлықтай мәнді.
Еңбекпен жазылған өмірбаян
Бабаомар Шілманұлы 1926 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Мұстафа Шоқай ауылында дүниеге келген.
Соғыс қызу жүріп жатқан 1943 жылы №40 орта мектептің сегізінші класын үздік тәмамдап, одан кейін Ташкент теміржол құрылысы техникумына оқуға түседі. Оны бітірген соң Қызылорда педагогикалық институтында білім алады. Бір ерекшелігі, студент бола жүріп облыстық радиокомитетінде дикторлық қызмет атқарады, сонымен бірге институттың сырттай оқу бөлімінде мұғалім болады.
Ал жоғары оқу орнын айырықша дипломмен аяқтаған соң №42 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры сатыларынан өтеді. Бұдан кейінгі жылдарда №41, №43 Коммунизм орта мектептерінде мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры тізгінін ұстайды.
Өзінің ұйымдастырушылық, біліктілік қабілетін танытып, іскерлігімен көрінген ұстазды енді аудан басшылығы жауапты қызметке тарта бастайды. Осылайша ол Сырдария аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Бұдан кейінгі уақыттарда тәжірибелі ұстаздың ұлағатқа толы қызметі ел ішіндегі игілікті істерге, сол мезгілдің тілімен айтсақ, еңбекшілерге коммунистік тәрбие беруге бағытталады.
Көп ұзамай Бабаомар Шілманұлы Қаракөл қой совхозының партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Осындай лауазымдағы қызметін сосын «Тереңөзек» күріш совхозында жалғастырады. Арасында қайтадан мектеп директоры болып, сосын 1977-1982 жылдары Қызылту ауылдық кеңесінің төрағасы, 1982-1989 жылдары Абай атындағы кеңшар кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде халықтың ортасында, шаруа адамдарымен тығыз байланыста, көпшілікпен кеңінен араласа жүріп еңбек етеді. Жарты ғасырдан астам еңбек жолында өзінің қарапайым қалпымен, еңбекқорлық, ізденімпаздық қасиеттерімен көрініп, қай жерде жүрсе де, құрметке бөленеді.
Оның еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне тақты, бірнеше медальдармен марапатталды. Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, оның медаліне ие болды. Отыз жылдай үзбестен ауылдық, аудандық кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болып сайланады.
Сол уақыттарда қолынан қаламы түспей, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға көпшілікті ойландыратын күн тәртібіндегі келелі мәселелерді қозғаған мақалалары тұрақты жарияланып тұрды. Одақтық «Правда» газетінің Мақтау грамотасын алуы да оның баспасөзбен тығыз байланыста еңбек етуінен болса керек.
Бабаомар Шілманұлының өмірден көрген-түйгені, мол тәжірибесі мен тағылымдары кезінде Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жарыққа шыққан «Жадыңда болсын, жас ұрпақ», «Тәрбие деген тәңір бар» атты кітаптарында жинақталып, оқырмандар игілігіне ұсынылды. Бұл кітаптарда туған жер, өскен ел қадірін ұғыну, үлкеннен ұлағат, кішіден ізет, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, ұлтымыздың асыл қасиеттерін бойына жинақтаған салт-дәстүріміздің сынын бұзбай, өнеге өзегіне айналдыру мәселелері кеңінен қамтылады. Осы орайда көпті көрген, көкірегі кеніш қарияның парасат-пайымдары әр жүрекке жол табары ақиқат.
Бабаомар Шілманұлы құрметті еңбек демалысына шыққан соң да белсенді тірліктен қол үзген жоқ. Оны әсіресе өсіп келе жатқан жас ұрпақ тәрбиесі, жастардың қалыптасуы, егемен еліміздің өркендеп-дамуына үлес қосуға ұмтылысы көп мазалайтын. Осы тұрғыда үлкендік ақыл-кеңесін еш уақытта аяған емес.
Бұл ретте ақсақалдың тарихты түгендеуі, өткеннің өнегесін бүгінгі уақытпен байланыстырып, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ұмтылуы оның кемелділік келбетін көтере түскендей еді.
Тағы бір айта кететін жайт, Бабаомар аға тарихи тұлға Мұстафа Шоқайдың тікелей ұрпағы. Заманында он екі жыл болыс болып, билік тізгінін берік ұстаған Шоқай сыпайылығымен ерекшеленген адам екен. Ол баласы Мұстафаны алдымен Ташкентте, сосын Санкт-Петербургте оқытады. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялы қауымының көрнекті өкілі Мұстафа Шоқай өз халқының азаттығы, дербестігі үшін күрес жолында өз ұстанымынан ауытқымаған адам. Осы жайларды Бабаомар аға көзі тірісінде терең зерделеді, зерттеді, сонымен бірге, Мұстафа Шоқайдың кеңестік теріс саясаттың салдарынан өз бағасын уақытында ала алмағанын үнемі айтып жүретін.
Жақсылармен жолдас болған…
Бабаомар Шілманұлы көптеген ел басқарған, көпшілік құрметіне бөленген танымал тұлғалармен тұстас қызмет етті. Олардың басшылығымен көптеген міндеттерді жүзеге асыруға етене араласып, өзара сыйластықта болған жайлары да аз болған жоқ.
Мемлекеттік қызметке араласа бастаған тұста облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұхамедғали Сужиков болатын. Астрахань жерінде дүниеге келген қайраткердің негізгі мамандығы мұғалімдік еді. Сондықтан да болар, оның әрбір сөзі мен ісіне ерекше назар аударып, үлгі алуға ұмтылды. Тәжірибелі партия қызметкері Қызылорда облысын басқарған төрт жылдай уақыт ішінде көптеген жұмыс тындырды, әсіресе кадрлар даярлау, тәрбиелеу ісінде жемісті қызметтер атқарды.
Облыс тізгінін 1963-1966 жылдары ұстаған Мұстақым Ықсанов жасы жағынан құрдас болып келетін-ді. Шаруашылықтың партия ұйымына жетекшілік жасағандықтан да, облыс көлемінде өтетін түрлі жиналыс-кеңестерге жиі қатысып, оның іскерлік қабілетін, халықпен жұмыс істеу тәсілдерін жете ұғынды.
Ал одан кейін облысты басқарған Хасан Бектұрғанов соғысқа қатысқан, ел қорғаған майдангер еді. Тәртіп пен талапты тең ұстаған білікті басшы тәлімі де аз болған жоқ.
Олардың қай-қайсысы да өз заманының белгілі азаматтары болатын. Сондықтан да осындай ұстаздардың алдын көрген, сол кісілердің бағыт-бағдарымен қызмет істеген Бабаомар Шілманұлы да бірте-бірте тәжірибе толықтырып, ел басқару ісіне қаныға түсті.
Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов, Сыр өңірінің дамуына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына аянбай қызмет жасаған Тәкей Есетов, облыстың экономикасы мен әлеуметтік ахуалын көтерудегі еңбегі аңызға бергісіз Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбеков, аудан, облыс басқарған Сейілбек Шаухаманов, көрнекті тұлға, шебер ұйымдастырушы, мемлекет және қоғам қайраткері, республикамыздың бес облысын абыроймен басқарған, Министр, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары лауазымына дейін көтерілген, соңына сәулелі із қалдырған, осы өңірдің аяулы перзенті Бердібек Сапарбаев – міне, осылардың қай-қайсысының да халыққа қызметін, елге сіңірген еңбегін Бабаомар Шілманұлы әрдайым құрметпен айтып жүретін, кейінгі жастарға үлгі ететін.
1963 жылдан Сырдария аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған Қонысбек Қазантаев есімі де Бабаомар аға үшін ерекше құрметті. Мұны ол туралы жазылған естеліктерден де байқауға болады.
Бабаомар Шілманұлы ол кісінің басшылығы тұсында қанаттас жүріп он екі жыл қызметтес болған екен. «Қонекеңе жақсы жұмыс істесеңіз бауырсыз, тәуірсіз, кемшілік жіберсеңіз, қателік жасасаңыз айтады, түсіндіреді.
Қонекеңнің өзі жатқан тарих, дайын естелік, бәрі-бәрі қойын дәптерінде сайрап тұр.
Қонысбек Қазантаев облыста өз еңбегімен аты аңызға айналған адам. Бір күнде екі мың гектардан аса жердің күрішін атызба-атыз аралағанын көзімізбен көрдік, куәсі болдық. Неткен жанкешті еңбек! Менің ойымша, ол Еңбек Ері болуға нағыз лайықты кісі!» деп ол жөнінде жақсы бағасын береді.
Сырдария ауданына жиырма жылдай басшылық жасаған Еламан Жүнісбаев Бабаомар ағаның айтуынша, «Мінезі кеңдікке, сыпайылыққа, байсалдылыққа негізделген жан. Елекеңнің жайбарақат ескертпесі, кеңесі, пікірі өз салмағын жоғалтқан емес. Ол ауданда басшы болған жылдары атқару комитетіне төраға болған басшылардың барлығы дерлік жоғарылап кетіп отырды. Олардың қатарында көпшілікке есімдері жақсы таныс М.Әбдіразақов, Е.Көшербаев, А.Ергешбаев, С.Далдабаев, С.Шаухаманов, О.Сәпиев секілді азаматтар бар».
Ал есімі елге белгілі басшылардың бірі Елеу Көшербаевпен Бабаомар Шілманұлы Қызылорда педагогикалық институтында қатар оқыған. Бір-бірін сол кезден жақсы біледі. Ол жөнінде «Қарапайым мұғалімнен облыстық дәрежедегі қызметтерге біліктілігі, іскерлігі арқылы жеткен азамат. Елекең шаруашылыққа келгенде өз ойын айтып, оны іске асыратын, кейін бұл кеңесі көпшілік жерде қолдау табатын» деп өз бағасын беріп кетіпті.
Негізінде замандас, тұстас адамдардың бір-бірінің қадірін сезініп, өзара сыйластықта, түсіністікте жұмыс істегеніне не жетсін.
Бабаомар Шілманұлы ұстанған басты принциптердің бірі де осы негізден өрбитін.
Жүректен шыққан жылы сөз
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» дейді.
Бабаомар Шілманұлы өзінің ғибратты ғұмырында көптеген адамдармен араласты, әр салада еңбек етті, алдыңғы буын ағаларынан үлгі алды, кейінгілерге жол көрсетті.
Ол туралы әдетте кім-кім де жылы лебіздерін білдіріп жататын. Өйткені, ел басқарған азаматтың кіршіксіз таза көңілі, айналасындағыларға ақжарқын пейілі, шынайы тілегі оны құрметке бөлеп, көпшілікке сыйлы етті.
Кезінде бұл әулет туралы арнайы деректі фильм де түсірілген еді. Сонда бірқатар замандасы ол туралы ойларын ортаға салған екен. Бүгінгі күні сол пікірлерді қайталап еске салғанның артықтығы бола қоймас.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысын басқарған Сейілбек Шаухаманов Бабаомар Шілманұлы туралы: «Ол кісі өте сауатты, өте білімді, өте салауатты, салиқалы, іскер, тиянақты басшы болатын. Сол кезеңдерде партия комитетінің хатшысы болу үлкен жауапкершілікті талап ететін, бұл өте салмақты, шешуші қызметтердің бірінен саналатын. Облыс аумағында тоқсанның үстінде шаруашылық болды, солардың арасындағы партия ұйымының жетекшілерінің ең мықтысы, ең тәжірибелісі, ең беделдісі, ең абыройлысы Бәкең болатын. Оның адамдармен тіл табысып, ортақ іске жұмылдыруы, тәртіп пен талап, сенім мен сыйластық әдептерін терең сақтауы өзгеше еді» депті.
Өзі де еңбек жолын ұстаздықтан бастап, аудандық комсомол ұйымына жетекшілік еткен, атқарушы билік орындарында қызмет етіп, жеті жылдай Тереңөзек ауданының әкімі болып, кейінгі бір тұста облыстық мәслихат хатшылығына сайланған, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері Алмагүл Божанова былай депті: «Бәкеңді біз жауапты қызметкер ғана емес, тәрбиелі отбасы иесі ретінде де жақсы білетінбіз. Ол балаларының жоғары білім алып, елге, халыққа адал қызмет етуі жолында тәлім-тәрбие берді. Елдің балаларын тәрбиелей жүріп, өз балаларына да жоғары талап қойды. Оларды елін, жерін сүюге баулыды.
Шығармашылыққа да өте жақын жан еді. Қолынан қаламы түспейтін, тағылымдық тұрғыдағы мәселелерді кеңінен қозғайтын. Сондай-ақ ауданда көркемөнерпаздар жұмысының жандануына ерекше көңіл бөлді. Бұл оның руханият саласына аса мән беруінен еді…».
Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болып ұзақ жыл қызмет атқарған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі сатирик Өтеген Жаппархан Бабаомар ағасымен сыйласқан, бір-бірінен рухани жақындық тапқан жандар болатын.
«Бәкең ағамыз егер журналистикаға келгенде таптырмайтын қалам иесі болатын. Өзі ұстаз болған адам, сөз қадірін жақсы түсінеді, сондай-ақ шаруашылықты да, экономиканы да, мәдениетті де терең меңгерген. Ол кезде партияның араласпайтын саласы жоқ еді. Осы тұрғыдан ол өз әріптестерінен оқ бойы озық жүретін, білімі де, білігі де көпке үлгі еді», – депті Өтеген Жаппархан.
Бабаомармен бірге туған апасы Шаһарбану Шілманова бауырының өмірде өзгелерге өнеге болатын қасиеттері мол екенін айтыпты. «Ол адамдар жақсы болса екен, ұрпақтарымыз ізетті, инабатты болса екен деп отыратын. Сондай ақ ниеттен де болар, өзі жазған кітабының атын да «Тәрбие деген тәңір бар» деп қойыпты. Осы кітаптағы жазбаларынан оның өмірлік ұстанымын, жақсылыққа жақын жүретін қасиетін анық аңғаруға болады. Өзі де кітапты көп оқитын, қолға түсе бермейтін кітаптарды жинайтын» депті ол.
Отбасындағы өнеге
Бабаомар Шілманұлы үшін мына дүниедегі басты құндылықтардың бірі – отбасы сыйластығы, шаңырақ шаттығының сақталуы болғаны айқын. Сондықтан да ол азаматтық міндетін, әкелік борышын, аталық парызын адал атқарған адам деуге болады.
Бабаомар Шілманұлы 1955 жылы Биғанша Айтбайқызымен шаңырақ көтеріп, олардың отбасында тоғыз перзент – ұлдары Ақберген, Сәкен, Еркінбек, Асқар, қыздары Ақманат, Алтын, Ғалия, егіздер Меруерт-Гауһар өсіп-жетіліп, бәрі де жоғары білім алып, өздері таңдаған мамандықтарына сай еңбек етіп, әке-шеше үмітін ақтады.
1995 жылы Бабаомар ата мен Биғанша әже отау тіккендерінің 40 жылдығын, асыл ананың алпыс жасқа толуын ұрпақтары салтанатты түрде атап өтті. Сонда өмірдің талай белестерінен сүрінбей өтіп, өзі жетпіс жастың қырына қол созып тұрған Бабаомар қария тебіреніп тұрып, бала-шағасының алдында өмірлік серігі Биғанша апаға арнап, «Мен сені жақсы көрумен келемін!» деген сөз арнады.
Сол жүрегін жарып шыққан ыстық лебізінде: «Ата-анамның жүзіне тіке қарамағаның өз алдына, менің ағайындарым, жақындарым жөнінде жарты ауыз жағымсыз сөз айтқан емессің, сол үшін де мен сені ұнатумен келемін.
Азын-аулақ қызмет істедік, жақсы орталарда болдық, бірақ сенде көсемсіп сөйлеу, көкірек кере көріну, көлгірсу сезілмей келеді, баяғы қарапайымдылық, биязылық, адамға деген жылылық қаз-қалпында сақталуда» деп ырзалық сезімін білдіріпті балаларының анасына, немерелерінің әжесіне ырза болып. Бұл – бүгінгі жастар үшін салиқалы сабақ, үздік үлгі болатын жай ғой.
Бүгінде Биғанша әже тоқсан жастың көжесін ішіп отыр.
Әдетте ата-ана қай кезде де балаларының хал-жайына көп алаңдап отырады. Бәрінен де үлкен үміт күтеді.
Қазіргі уақытта Бабаомар қарияның немерелері экономиканың әртүрлі салаларында, мұнай өндіру, медицина салаларында еңбек етуде. Олардың ішінде атасының ізін қуған, яғни мемлекеттік қызметті таңдағандары да бар.
Үлкен немересі Айбек Шілманов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы. Ол еңбек жолын ішкі істер органында бастап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Персоналды басқару департаментінің директоры қызметтерін атқарды.
Тағы бір немере Рүстем Раукенұлы – Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) түлегі, қазір Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі халықаралық қатынастар және интеграция департаментінің басқарма басшысы.
Оларға ілесіп шөберелер де білім-ғылым қуып, аталары армандаған жарқын болашаққа қол созуда, тәуелсіз елдің келешегіне қызмет етуге талпынуда.
Бабаомар Шілманұлы өзінің артына қалдырған бір сөзінде: «Елдің елдігін танытатын – бір-бірінің жақсы қасиетін, жақсы ісін көре білу, оны паш етіп, абыройын асқақтату» деп ғибратын ұсыныпты.
Бұл – ұрпағына ғана емес, жалпы келер ұрпаққа айтқан аманаты іспетті.
Иә, жақсы адамның жарығы осылайша сәулесін шашып, айналаны нұрландырып тұрса керек!
Дәуіржан АЙБОЛАТҰЛЫ





