Бимен Еденбайұлының өнегелі өмірі жайлы сыр
Жақсы азамат болу бар, сонымен бірге жақсы отбасы иесі болу да – үлкен мәртебе! Ол үшін мол байлық, үлкен лауазым, дүркіреген атақ-даңқ әсте керек емес. Бойда бар имандылық пен санагершілік сынды асыл қасиет осындай адами ақ жолға жетелейді, жақсы ғұмырдың шамшырағы болады. Бимен Еденбайұлы (1925-1981) мына жарық жалғанда тым қысқа ғұмыр кешсе де, артына сәулелі сөз, перизат пейіл қалдырған жаны жайсаң азаматтардың бірі болып өмірден озды. Сыр елінің топырағында жарық дүние дидарын көрді. Жаңақорған ауданындағы «Төменарық» ауылының тумасы. Сыр топырағында туып, бар ғұмырын осында өткерді, арманды алыстан іздемеді. Ақпейіл ағамызды көзі тірісінде қалай сыйласа, өмірден озған соң да, тіпті осы күнге дейін көз көрген жандар сағына еске алып, жарқын бейнесін жыр қылып әңгімелейтіні бар.
Өзім көзін көрмеген соң, ол кісі жайлы өз атымнан не айта алам? Бірақ Бимен ағаның асыл жары, Батыр Ана – Әшіркүл Биімбетқызын өте жақсы танып-білдім, тіпті бір жолы сағаттап сөйлескен кездеріміз де болған екен. Ағамыздың азаматтық бейнесі мен адами кескін-келбетін ашып көрсету үшін сол жолғы әңгімелесуді қайтадан еске түсіру керек болар, сірә!
…Әнебір жылы Әшіркүл апайымыз Астанаға қыдырып келе қалды. Кенже ұлы Мұрат пен келіні Гүлмираның шаңырағына тоқтапты. Қызметте жүрген кезіміз. Келгенін естісем де, арнайы соғып, сәлем беруге уақыт тапшы болып жатты. Күнде барам деумен күн артынан күн зырлай берді. Әшіркүл – өзім өте сыйлайтын, бір ауданды басқарған қайраткер азамат, Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетовтің туған қарындасы. Қызылордаға бір барғанымда апайымызды ағаның үйінде көргенім де бар, ол да есте. Орынбасар ағамның «баяғы қиын күндерде осы қарындасым маған әрдайым қолдаушы да, қорғаушы да бола білді» деп арқасынан қаққанын да ұмытқам жоқ.
Кезекті күні жұмыста отыр едім, қарындасым Гүлмира телефон соқты.
– Аға, сізді Әшекең көргісі келеді, – деді енесінің атын әшекейлеп. –Айтар өтініш, сөзім бар дейді. Үйге келе аласыз ба? – Жақсы, – дедім. Бұл сенбі күні болатын. Түстен кейін соғатынымды айттым. Сол уақытта келдім де. Мұрат іссапармен бір жаққа жолға шығып кетіпті. Дастарқан басына Әшіркүл апа, Гүлмира және мен – үшеуміз отырып, тәттілеп әзірлеген дәмге қарадық.
Шай үстінде бір терең әңгіме басталып жүре берді. Тап осы күні байқадым – Әшіркүл апайым өте сөзшең және шешен кісі екен. Түйдек-түйдек әңгіме, таусылмайтын тарих. Біз бүгінгі күнді ұмытып, қиялымыз арқылы өткен ғасырдың бас кезіне саяхаттап кетіппіз.
– Біздің әулет бастан кешкен қиын да тайғақты тағдыр жайында аз-кем хабардар шығарсың, Орынбасар ағам өзіңді жақсы көрді ғой, оңаша сөйлескендеріңнің куәсімін ғой, – деп алып, өзінің отбасы жайына ауысты. Сол кезде байқадым, Әшіркүл апайымның айтпағы өз жайы емес, мүлде басқа екен.
– Өзің де оқып-біліп жүрсің, сол уақыттарда дүниеге келген балалардың балалық шағы өте ауыр болды. Халықтың басына түскен зобалаң, қиыншылық, ашаршылық, таршылық ешкімді де аямады, жас балалардың да бақытын ұрлап кетті, – деп, бір тоқтады.
– Әкем соғысқа кеткенде біз мүлде жас едік. Орекең он үш жасында ауыр еңбекке жегілді, мен де сондай жасымда қара жұмысқа араластым. Ой, Алла-ай, жаратқан ие де шебер-ақ қой! Мен Бимен ағаларыңды жас кезінен білем, жасымыз да қарайлас. Бірақ өсе келе бас қоса қоярмыз деп ойлаппын ба? Оған тұрмысқа шыққаннан бастап, мен үшін ең бір саялы да бақытты күндер басталды десем де болады. Жайдары жан еді. Парасатты азамат еді. Әттең, өмірі қысқа болды, елу жастан аса бере бақиға аттанып кетті…
Әшіркүл Биімбетқызы әрі қарай өмірлік жолдасы туралы асықпай баян қылды. Бимен Еденбайұлы төртінші сыныпты өте жақсы деген бағамен бітірсе де, әрі қарай оқуына жағдай болмаған. Алғашқы еңбек жолын 1942 жылы он алты жасында аудандағы «Горняк» қосалқы шаруашылығында есепші болып бастайды. Отан алдындағы борышын өтеу үшін, 1945 жылы Совет армиясы қатарына алынады да, содан 1948 жылы Армиядан оралады. Өзі туып-өскен ауылда еңбек жолын жалғастырып,1951 жылы партия қатарына өтіп, қызыл билет (ол кезде бұның бағасы зор еді) алады. Сол жылы «Төменарық» ауылдық Кеңесінің хатшылығына сайланып, 1954 жылға дейін жұмыс жасайды. 1954-1956 жылдары Жаңақорған аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып жұмыс істеп жүріп, 1956-1958 жылдары «Төменарық» МТС-ның партбюро хатшысы қызметіне жоғарылатылады. Бірте-бірте білімін де жетілдірді, 1960-1962 жылдары Талғардағы ауылшаруашылық техникумында, 1958-1962 жылы Алматы жоғары партия мектебінде оқыды. Партия мектебінде оқып жүргенде, кейіннен Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Морозов Николай Ефимович, айтулы азаматтар – Құрмаш Баязитов, Ешен Жексембинов, тағы да басқа ел сыйлаған кісілермен жақсы араласады.
Жақсыға әрдайым да жол ашық, Бимен Еденбайұлының бұдан кейінгі мансап жолы да үнемі өсіп отырған. «Красная Звезда», «Сунақата», «Төменарық» шаруашылықтарында партия комитетінің хатшысы, Шиелі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып жұмыс атқарады. Осы кезеңдерде қалың бұқара халықпен қым-қиғаш араласады, өзі де сый көріп, сыйласқан достары да мол болыпты. Мысалы, Шиеліде жауапты қызметте болғанда Мәлібек Санаубаев есімді азаматпен танысып, пікірлес болып, кейіннен арадағы байланыс отбасылық тату достыққа ұласады. Әсіресе, осы кезеңдерде жер аударылып келген корей ұлтының адамдарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға, экономикалық-әлеуметтік адаптациядан өтуіне Бимен Еденбайұлы тікелей атсалысқан екен. Олармен де өте жақын дос бола біліпті. Әңгімесін жалғай түскен Әшіркүл апай әрі қарай былай деді: «Сол уақыттағы кәріс жігіттері «Бимен Еденбайұлын біз қатты сыйлаймыз, құрмет тұтамыз, әсіресе бізге беріп жатқан көмегіне бәріміздің алғысымыз шексіз» деп үнемі айтып отыратын…».
– Ағаң, – деді Әшіркүл апай бір жөткірініп алып – 1971-1972 жылдары Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы және сатып алу жөніндегі мемлекеттік инспекциясының инспекторы болып жұмыс атқарды. Сонан соң Бесарық астық қабылдау кәсіпорнын басқарды. «Бесарықтың» әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге көп еңбек сіңірді. «Бесарық» – кішкене ғана ауыл болатын, мұнда мектеп жоқ. Биекеңнін тікелей араласуымен «Бесарық» станциясында сегіз жылдық мектеп, тұрғын үйлер салынды.Тұрғын үйлер құрылысы кең өрістеп, ауыл дәулетті де сәулетті елді-мекенге айналды. Мектептің құрылысын жүргізу үшін, Бимен облыстық партия комитетіне, тіпті Казақ КСР жоғары кеңесіне хат жолдап алға қойған жоспарын өткізу үшін көп тер төкті. Нәтижесінде «Бесарық» ауылында мектеп салынып, балалар ауылда оқи бастады. 1979 жылы Жаңақорған астық қабылдау мекемесінің бастығы қызметіне ауысты да, өмірінің соңына дейін осы жерде еңбек етті. Отан алдындағы сіңірген еңбегі үшін, орден-медальдармен, мемлекеттік грамоталармен марапатталды. Бірнеше рет облыстық, аудандық партия комитетінің мүшесі, ауылдық, поселкелік Советтердің депутаты болып сайланды…
***
Біздің әңгімеміз негізінен өмірден ерте озған асыл азамат Бимен Еденбайұлының ғұмыры мен еңбек жолы жайында болып, бұрын сырттай ғана білетін ақпейіл азаматты анық тани түскен едім. Енді отбасындағы бейнесін де біле түскім келіп, Әшіркүл апайға тосын сұрақ қойдым.
– Бимен ағай үй жағдайында қалай еді? – дедім. – Ер азаматтың еңсесі отбасындағы өнегесімен де биіктеп көрінеді емес пе?
– Ол кісі өте балажан болды, – деді Әшіркүл апай. – Балаларының бәрін де жақсы көрді. Әрқайсысынан зор үміт күте сөйлейтін. «Бұлар әлі-ақ бір-бір шың болады, көр де тұр Әшіркүл» деп, маған мақтаныш сезіммен қараған сәттері әлі есімде. Әрине, ұл-қыздары әке үмітін ақтады деп ойлаймын осы күні. Үлкеніміз Серік – кеңшар директоры болды, Бекарыс, Ақарыс және Жанарыс та жауапты қызметтер атқарды. Тіпті ең кенжеміз осы Мұрат болса, өз ортасында әрдайым сыйлы болып жүр. Марат пен Қанаттың да өз орны бар. Құдайға шүкір, Ділдаш, Ботакөз, Аякөз секілді қыздарымыз да бір-бір отбасылы, ұрпақ сүйіп, жақсы тәрбие беріп келеді.
Әшіркүл Биімбетқызы осы тұсқа келгенде аз-кем тоқтап, мүдіріп қалды да, кенет қайта жадырап:
– Мен осы жасымда бір нәрсені анық ұққан сыңайлымын! – деді қуанышты үнмен. – Жақсы отбасы болу да – бір бақыт. Жақсы отбасы, керек десең, жарқырап жанып тұрған шамшырақ сынды…
Осыдан соң ол кісі мені іздегендегі ең негізгі шаруасына қарай ойыса бастады. Сол жайынан сөз қозғауға көшті.
– Сені не үшін көргім келді? – деді. – Өзіңе айтар өтінішім бар, анығында артар кішкене жүгім бар.
– Айтыңыз, құлағым сізде! – дедім мен де.
– Ағаңның өмір-жолын тектен-тек еске түсіріп, сенің басыңды қатырып, қайталап ежіктеп отырғам жоқ, – деді. – Кеудемде бір арман бар. Сол арманы құрғыр жатсам да, тұрсам да маза бермейді.
– Ол не? – дедім, білгенше асығып. – Қандай арман, апасы?
– Менің Бименімнің аты атаусыз қалып бара жатқандай. Құдай кешірсін, оның еңбегінің тең жарымын да жасамағандар осы күні құрметтеліп жатыр. Сыйлы болып жатыр. Әділдік деген болмас па? Айналайын, шамаң жетсе, менің Бименімнің есімін мәңгі есте қалдыру жайында бір өтінішімді орындауға қолғабыс ет. Тілің жеткен жерге дейін аянып қалма. Осы бір соңғы өтінішімді жерге тастама. Жаңақорған ауданы көлемінде не мектеп аты, не көше аты әйтеуір бір жерге есімі берілсе деймін. Сол күнді өз көзіммен көрсем деймін…
***
Арада, міне, тағы да бірталай жылдар жылжып өтіп барады. Бір кеш отырып, әңгіме-дүкен құрған абзал ана Әшіркүл Биімбетқызы да бұл күнде жарық жалғанда жоқ. Өзіне сенімді тірек, сүйікті жар болған Бимен Еденбайұлын қатты сағынды ма, ертерек бақи дүниеге аттанып кетті, екеуі әлдеқашан табысқан да шығар! Жарын соншалық құрметтеп, еңбегінің ескерілмей жатқанына шырылдаған ақжүрек ана бейнесі менің ойымда көп уақыт сақталып тұрып қалып еді. Неткен өнеге! Неткен сый-көңіл! Не деген өшпейтін ізгі ниет! Баяғының адамдары дерміз бе? Жо-жоқ, олай емес, бұл – жан жарына, қимас жанға деген ыстық ықылас, өмірі суымайтын сыйластық! Тіпті, керек десеңіз, осы заманда қадірі қаша бастаған махаббат деген асыл ұғымның өмірдегі тас тұғырдай тұрақтап қалған, бұлжымас мысалы болмас па! Ақ жүрек ана бейнесі есіме түссе, елжірей айтқан әрбір сөзі де кеудемде қайтадан жаңғырады. Әсіресе, әнебір өтініш-тілегі…
Несі бар, еліне де, жеріне де еңбегі молынан сіңген, маңдай терін тамшылата жүріп қызмет жасаған Бимен Еденбайұлы секілді абзал жандар өмірде көп пе? Ендеше, жан жары шырылдап айтқан тілек-сөз де, арман-ниет те артық деуге болар ма?
Осыдан біраз бұрын Бимен Еденбайұлының кіндік қаны тамған «Төменарық» аулындағы бір көше осы азаматтың есімімен аталғаны жайлы шешім шықты. Ақ пейіл ана өтініші кешігіп болса да, ақыры орындалды. Тек бір ғана өкініш – осы бір жағымды жаңалықты Әшіркүл Биімбетқызы өз құлағымен естімей кеткені. Әйтпесе, жас баладай қуанып, жаулығы желп-желп етіп, ағайын-туысқа хабар беріп, тіпті бүкіл ел-жұртынан шүйінші сұрар ма еді, қайтер еді?..
Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ






