Жақсы жандардың жарқын ізі

330

0

Естеліктер көшінің ендігі бір бағытын сыйлас замандасым, отбасылық дос, университеттің музыка-педагогикалық білім беру саласында өзіндік орны болған ұстаз-ғалым, марқұм Ғабит Серікбаевқа арнамақпын. Өмір заңының бұлтартпас ақиқатынан құтылып кететін ешбір пенде жоқ, Ғабекең де пешенесіне бұйырған дәм-тұзы таусылып, келместің кемесіне мініп кете барды. Замандас болдық, достық пейілде болдық, қызметтес болдық, жадымызда қалған жарқын сәттеріміз де аз емес.

Ғабекең мен оның жұбайы Айша Бакирова туралы еске алғанда, ең алдымен сөз басын олар еңбек еткен білім ордасының тарихынан бастағым келіп отыр. Сексен бес жылдан астам тарихы бар қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің негізі Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтынан және Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының Қызылорда филиалынан бастау алатыны баршаға белгілі.

Еліміздегі, қоғамдағы орын алған түбірлі өзгерістер 1998 жылы Сыр бойында екі жоғары оқу орнының бірігіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрылуына негіз болды.

Бұл күндері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті республика бойынша іргелі білім ордасына айналып, кәсіби жоғары білімді мамандар даярлауда алдыңғы қатарлы ЖОО-ның бірі атанып, халықаралық білім кеңістігінде кеңінен танымал екенін мақтанышпен айта аламыз.

Осындай тарихы терең, беделі биік жоғары білім ордасы талай жақсылар мен жайсаңдар қызмет етіп, шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, тәрбие берген, ұстаздық ұлағатын дарытудан шаршамаған киелі мекен десек, еш қателеспейміз. Университет тарихында талай жақсы жандардың жарқын ізі жатыр. Әрбір кафедраның, факультеттің, мамандықтың өз тарихы, қалыптасу жолы бар және ондағы қызмет еткен ардақты ұстаздардың да атқарып кеткен ізгі істері ерекше құрметке лайық. Жылдар өтер, ұрпақ жетілер, жаңа буын келіп, бұрынғылардың орнын басар. Бұл – заңдылық. Ал бар ғұмырын жоғары білімді мамандар даярлауға арнаған алдыңғы толқын аға-апалардың ерен еңбегін кейінгі толқын ұмытпай, ардақтап, құрметтеп жүрсе ізет пен әдептің абзалы осы болар!

Ғабит Серікбаев ұзақ жыл ұстаздық еткен «Музыка-педагогика» факультетін алайықшы. Бұл факультет – университеттегі ең байырғылардың бірі. 1959-1963 жылдары «Қазақ тілі мен әдебиеті және ән» кафедрасы болып жұмыс істесе, кейіннен 1963-1965 жылдары «Музыка және ән» бөлімі деген құрылымға айналады. Оған есімі елге белгілі сазгер Мүлкаман Қалауов Алматыдан консерватория бітіріп келіп, басшылық жасады. Сол 60-жылдардың ортасында бөлімде арнайы музыкалық аспаптар, оның меңгерушісі М.Қалауов, «Хорды дирижерлау» кафедрасы жұмыс істесе, оған қоса жаңадан кафедралар ашылады. Осы жаңа ашылған кафедраларға Молдавиядан, Украинадан арнайы жолдамамен келген музыка мамандары меңгеруші болып тағайындалды.

Солардың ішінде Ғабекеңнің ұстазы болған Николай Быковских туралы айта кеткім келеді. Н.Быковских «Музыка-педагогика», «Музыка теориясы», «Музыкалық білім беру әдістемесі» кафедрасын 1970-1982 жылдары басқарған. Оның негізгі мамандану саласы – сырнай аспабы. Ол – сырнай аспабында ойнау өнерін кеңінен таратып, Қызылорда өңірінде, Қазақстан бойынша шебер ойнаушыларды дайындап шығаруға үлкен еңбек сіңірген ұстаз. Тәлім алып, сырнай тарту өнерін шебер меңгерген дарынды шәкірті осы Ғабит Серікбаев еді. Ұстазы оның сырнайда ойнау қабілетін тани білді, жоғары бағалады. Ғабиттің біз де тыңдаған, көзіміз көріп, құлағымыз естіген сырнайда ойнау шеберлігі нағыз виртуоз музыкант екенін мойындататын.

 Ғабит 1978 жылы пединститутты бітіргеннен кейін жолдамамен қаладағы №235 орта мектепке музыка пәні мұғалімі ретінде жіберілді. Осы мектепте үш жыл бойы қызмет ете жүріп, өзінің кафедрасымен, ұстазы Н.Быковскихпен байланысын үзбейді. Институтта білім алған жылдарында жан-жақты танып, қарым-қабілетіне көзі жеткен ұстазы оның пединститутқа келуіне бастамашы болды. Ұстазының үгіті, шақыруымен Ғабит 1981 жылдың сәуір айынан  «Музыкалық аспаптар» кафедрасына оқытушы болып жұмысқа кіріседі. Содан жоғары білімді музыка мамандарын даярлау жолындағы қажырлы жұмысы басталады.

1981 жылы Қызылорда пединститутына келгеннен бастап, Ғабит Серікбаев ұстаздық қызметімен қатар, ғылыми жұмыстармен айналысуға кірісті. «Музыкалық аспаптар» кафедрасында жеті жыл бойы жұмыс істей жүріп, аспирантураға түсуге дайындалды. 1988 жылы сол кездегі Кеңес одағының Педагогикалық ғылымдар академиясы Көркемдік тәрбие беру ғылыми-зерттеу институтына аспирантураға түсті. Ғылыми жетекшісі өте белгілі, көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы Разумный Владимир Александрович деген профессор, академик болды. Музыкалық-педагогикалық бағыттағы ғылыми ізденіске философия ғылымдарының докторы жетекші болуы да педагогикалық ғылыми ортада ерекше, сирек кездесетін жайт. Осындай атақты ұстазын Ғабекең үнемі еске алып отыратын. Ғалымның жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, 1991 жылы Қызылордаға оралды.

Аспирантурада оқыған жылдарында жетекшісінің тигізген әсері мол болғаннан, ұстазының жанында жүріп, көбірек пікір алысып, ғибратын бойына дарытқандықтан шығар, Ғабекең білімі мен тәжірибесіне сүйеніп, философиялық пайымдар жасауға бейім еді. Тереңнен толғап, өз пікірінің салмағын жеткізе алатын байсалдылығымен ерекшеленді. Оған асығыс, жедел, атүсті пікір айту жат еді. Бәлкім табиғатынан, бәлкім ықпалды ұстазының үлгісінен, Ғабекең қашан да арнасынан асып-таспай, салмақты, сабырлы қалпымен жүріп, үлкен-кішінің ортасында өз орнын тапқан сыйлы жан болды.

Өзі тәмамдаған жоғары оқу орнына оралғаннан кейін оның айналысқан мәселесі Қазақстанның педагогикалық жоғары оқу орындарында музыка пәні мұғалімдерін даярлау ерекшеліктері және оны дамыту ісіне арналды. Институтқа келгеннен кейін «Музыка теориясы және музыкалық тәрбие беру», кейін «Музыкалық аспаптар» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Ғабит Өмірзақұлы 2004-2005 оқу жылында университетте педагогикалық мамандықтардың сырттай оқу факультетінің деканы болды.

Біздің жақын танысып-білісіп, отбасылық араласуымыз 80-жылдардың ортасынан басталды. Ол өмірден өткенше осы жарастығымыз жалғасты. Мен танып-білген Ғабекең өте ақкөңіл, жаймашуақ, жайдарлы, парасат пен пайымы мол жан болды. Қызметтен тыс, өзара араласқан кездерімізде ол мені үнемі «Қақа» дейтін, ал жұмыс барысында Қылышбай Алдабергенұлы деп қарым-қатынас жасайтын. Бұл да оның ішкі мәдениетін, бойындағы кісілік пен кішілігін көрсететін қасиеттері еді.

Ғабит Өмірзақұлымен қызметтес болғандықтан, жоғары білім беру саласында бірге келе жатқандықтан оның ғалым ретінде, ұстаз ретінде атқарған жұмыстарын жақсы білетінмін. Ол өз еңбектерінде оқуға жаңа түскен әрбір студенттің музыкалық қабілетін анықтау, оны әрі қарай қай бағытта, қалай дайындау, таңдаған мамандығының ерекшеліктерін сезіне білуге баулу керектігін, әлеуметтік, психологиялық проблемаларды шешу арқылы жан-жақты дамыған, эстетикалық қалыптасқан тұлға дайындаудың жауапкершілігін жеткізе айтып жүретін. Арнайы дайындықсыз, музыка мектебін бітірмеген, аспаптарды меңгеру шеберлігі аздау болып келген талапкерлермен жұмыс істеу оңай емес дейтін. Оларды дұрыс таңдап, әрқайсысының қабілет-қарымына, бейімділігіне қарай бағыт беру, бірін хорды дирижерлауға, екіншісін музыкалық аспапта ойнауға тиімді дағдыландырудың маңыздылығын, тағы біреулерін музыка пәнінің мұғалімі бағытында дайындаудың дұрыстығын әбден зерделеп, осы мәселелерді 40-тан астам еңбегіне, 2 монографияға арқау етті. Өз саласының қыр-сырын, республика мектептеріндегі қалыптасқан жағдайларды жақсы талдай білетінін, осы мәселенің біздің рухани-мәдени дамуымызда маңызды орын алатынын дәлелдеп, зерделеп, бағдарламалар, арнайы әдістемелік ұсынымдар дайындап, кәсіби музыкалық-педагогикалық терең білімді үлкен ғалым екенін көрсетті.

Ғабекең туралы айтқанда оның құдай қосқан жары, өмірлік серігі Айша Мамашқызы Бакированы еске алмау мүмкін емес. Екеуі 1974-1978 жылдары пединститутта бірге, бір мамандықта оқыды. 1978 жылы оқуды бітіргеннен кейін Айекең музыка факультетіне мұғалім болып қызметке орналасады. Хорды дирижерлау, ән салу бойынша студенттерге дәріс берді. Көп жылдар осы кафедрада жұмыс жасап, кейін отбасы жағдайына қарай Тасбөгеттегі музыка мектебіне мұғалім болып ауысты. 2004 жылы университетке қайтып оралып, 2013 жылға дейін мамандығы бойынша аға оқытушы қызметін атқарып, «Музыка-педагогика» факультетінің ұлағатты ұстазы болды.

Қатар жүрген дос болғандықтан отбасылық кездесулерде бас қосып тұратынбыз. Ғабекеңнің Германиядан шығарылған үлкен қызыл баяны болды. Оны аспирантурада оқып жүрген кезінде арнайы тапсырыс беріп, Германиядан алдырып, Қызылордаға әкелген еді. Осындай баян, сырнай аспаптарында ерекше кәсіби шеберлікпен ойнайтын Ғабекеңнің сүйемелдеуімен Айша «Асыл арман», «Қарлығаш», «Әлі есімде», «Ақмаңдайлым», «Егіз лебіз» әндерін тамылжыта, өзіне тән ерекше шеберлікпен орындайтын. Жүрекке жылы тиетін, өн бойыңды баурайтын әуезді әндерді айтқанда біз де ерекше риза болып тыңдайтынбыз. Кең тараған «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін алғаш рет осы Айшаның орындауында тыңдап, тамсанғанбыз. Жаңа шығып жатқан төл мәдениетімізге тән әндерді елден бұрын үйреніп, бас қосқанда ортамызда орындап беруші еді. Жерлесіміз, композитор Рамазан Таймановтың «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әнін Айекең өзіне ғана тән жүрек сезімімен салғанда барлық тыңдаушыға ерекше әсер етіп, баурап алатыны есімізден кетпейді. Дауысы жағымды, құлаққа жылы тиетіндігі сондай, оны тыңдаудан жалықпайтынбыз.

Әні қандай әсем болса, мінезі де сондай жібектей, өте мәдениетті еді. Ғабекең екеуі бір-біріне сабыр мен төзімді серік еткен жарасымды, бір-бірін толықтырып тұратын жандар болды. Отбасылық дос болғасын өте жақын араластық, балаларымыз да бірге ойнап өсті. Ғабекең аспирантурада жүргенде артынан барып тұрды. Сондай кезде Мәскеуден Айекең қоңырау шалып: «Қақа-ау, мен де аспирант болып кеттім ғой, біздің балалар қалай, бәрі жақсы жүр ме?» деп, балаларының жай-күйін бізден сұрайтын еді. Бұл да достық сенімнің, жақындықтың белгісі ғой.

Қайран жастықтың естен кетпес сағынышты сәттері-ай десеңші?!

Менің туған күнім – нағыз шіліңгір шілде айы. Жастық шақта біздің үйіміз қаланың «Коммунизм» аталатын жағында болды. Ол жерде бәрі қазақы үйлер. Туған күнді достардың ортасында атап өту бұлжымас әдет емес пе, араласатын достар жиналамыз. Домбырамен атақты жырау Алмас Алматов, қызыл баянын алып Ғабекең мен Айша және Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, талантты әнші Мұхит Әбдікәрімов келеді. Өзім жұмысбастымын, үйге кешкі ондарда зорға жетем. Содан менің туған күнімді атап өту басталады. Қызылорданың жазғы ыстығы үйге сыйғызбайды, аулаға дастарқан жайылып, қызықты, көңілді отырыс басталып кетеді. Алмастың көмекейден салатын мақамды термелері, Мұхит орындаған ұстазы Ғарифолланың екпінді әндері, Ғабекеңнің қызыл баянымен сүйемелдеуіндегі Айшаның әуезді әндері түнгі ауаны кернеп, ауламыз кішігірім концерт сахнасына айналады. Жазғы түнде жақсы отырыста ән айту түннің бір уағына, сағат 2-3-ке дейін созылады және түнгі дауыс қаттырақ жаңғырып естіліп, жан-жаққа тарап жатады. Сондай шат-шадыман түнді өткізіп, таңертең жұмысқа шығып бара жатсам, сол маңайда тұратын Ыбырай ақсақал әдеттегідей есігінің алдында таза ауамен демалып жүр екен, маған бұрылып:

– Қылышжан, тоқтай тұршы, – деп, мені кідіртті. – Саған алғыс айтқым келіп тұр. Түнде үйіңнен Алмастың термесін, Ғарифолланың әнін орындаған әншіні, соның ішінде, әсіресе, баянмен ән салған екі досыңның әндерін тыңдап, ой, бір рахаттанып қалдық, сол әндер әлі құлағымнан кетпей тұр, – деп, риза болмасын ба?! Абыз ақсақалдың жылы сөзіне марқайып қалдым.

Осындай думанды кештер Жаңа жылда, қыздардың мерекесінде, туған күндерде, мейрамдарда болып, жиналып тұратынбыз. Мен алпыс жасқа толып, мерейтойымды достардың ортасында атап өткенде, Ғабекең мен Айша сол баяғы жастық шақтағы әндерді шырқап, жас кезімізді еске түсіріп, көңілімізді бір көтеріп тастап еді-ау! Содан кейін мұндай басқосулар бола да қойған жоқ. Шіркін, уақыт-ай дейсің амалсыз.

Сөйткен Айекең Ғабекеңнен үш жыл бұрын дүниеден өтіп кете барды. Кезінде оның дүниеге келген отбасында, «Қосүйеңкі» ауылында қарашаңырақта болып, бауыры Әбутәліп замандасымызбен танысып, әңгімесін тыңдап, дастарқанынан дәм татқанмын. Қазір Әбекең сол елінің рухани ағасы ретінде Алла жолында қызмет атқаруда. Текті ортадан шыққан Айекеңнің инабаттылығы, мәдениеттілігі, бекзаттығы мен әдептілігі, жылы сөздері, арасындағы әдемі әзілдері құлағымызда, жарқын бейнесі көз алдымызда қалды. Студент кезден отбасын құрып, рухани жарасымын тапқан өнегелі әулеттің отанасы Айшаның өмірден өтуі Ғабекеңе ауыр тиді, басына түскен қайғыға іштей қиналып, уайымдап жүріп, өзі де ұзаққа созылған науқасқа ұшырап, ауыр кеселдің қармағынан құтыла алмады. Өкінішіміздің орны толмайды, әрине.

Көңілімізге ендігі жұбаныш, екеуінің өнегелі өмірі бүгін ұрпақтарымен жалғасып жатыр. Үлкендері Нұрлан – белгілі заңгер, Астанада теміржол тасымалы ассоциациясының вице-президенті. Сәулесі – экономика ғылымдарының кандидаты, Алматы технология университетінің қауымдастырылған профессоры қызметін атқарады. Айнұр – «Қазақстан теміржолында» экономист-менеджер. Кенжесі – Айгерім де Астанада, № 90 мектепте мұғалім. Ғабит пен Айшаның өмірінің жалғасы міне, осылар.

Адам өмірінде музыканың, әдемі әндер мен музыкалық шығармалардың маңызды орын алатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Адамзат тіршілігінің сан ғасырдан келе жатқан ажырамас бөлігі әуен, саз десек, Қорқыт бабамыздың қоңыр қобызынан бастап, бүгінгі заманауи музыка өнерінің даму, қалыптасу барысында осындай Ғабекең мен Айша сияқты өнер адамдарының өзіндік үлесі бар екені белгілі. Бойына киелі өнерді дарытқан екеуі сол әдемі өнердің табиғатына сай жаратылған өмірлік ұстанымдарымен, жылы жымиып жүретін әдемі мінездерімен ортамызда көпке сыйлы ғұмыр кешті.

Амал бар ма?! Әр пенденің өлшеулі өмірі бар екені ақиқат. Фәни дүниенің бұйырған ғұмырын кешіп, аяулы дос, ұлағатты ұстаз, сырбаз мінезді Ғабекең де Айекеңнен кейін ортамыздан кетіп қалды. Қимаймыз, сағына еске аламыз. Ендігі қолымыздан келетіні, жылы естелігімізді айтып, рухтарына дұға жасау ғана.

Жатқан жерлерің жайлы, топырақтарың торқа болсын, Ғабеке, Айеке! Біз сіздерді ұмытпаймыз, жарық  дүниедегі жақсы істеріңізбен, жылы, байсалды жүздеріңізбен әрдайым есіміздесіздер!

Қылышбай БИСЕНОВ,

Академик

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<