Жақсылардың бірі азайды жердегі

624

0

Былтыр қаңтарда осындай тақырыппен жерлесіміз Абдолла Дастановтың әлеуметтік желіде қалдырған жазбасын көріп, есеңгіреп қалдым. Жұмыстан үйге кірген бойым еді. «Мүмкін емес, мүмкін емес» дей беріппін. Сірә, ондай тау тұлғалы азаматтарды өмірден өтпейтіндей көрсем керек.

Өткен жылдардан естелік, рухани әңгіме мен тарихи-танымдық мақала қажет болса «бір білсе, осы кісі біледі» деп арқа сүйеп үйренген біз қабырғамыз құлап қалғандай. Сенбей, жазбаны қайта-қайта оқимын. Көңілқос білдірген адамдардың көптігінен оған тілеуқор болған ағайынды танисың. Ол кең жүректі, ініге ізет, үлкенге құрмет көрсете білген, ата аманатына адал жан еді.

«Түркияға кетіп барамын. Ота жасатуға. Алла амандығын берсе келген соң жаңа мақалаларымды жіберемін. Әзірше осыларды жариялай бер, көкем». Бұл – ақтөбелік ауылдастар, қармақшылық жерлестер, біздің қармақшытаңылықтар үшін қымбат жан Ибрагим Бекмахановтың соңғы рет телефон арқылы тілдескендегі сөзі еді. Жеті сайын хабарласып ауыл-елдің амандығын сұрап тұратын. Сол сапарға келмеске кетіп бара жатқанын білдік пе? Жетпіске жеткенде соңғы демі Стамбұл қаласында үзілді. Дерттің азабын тартып жүрсе де, дымын білдірмеуші еді. Қолынан қаламы түспеді. Өзі еңбек еткен газеттің қазіргі құрамын жақсы білетін. Жас журналистердің бәрін көзбен көрмесе де, жазбасын газет сайтынан оқып, алыста болса да танып, тілек білдіріп отыратын. Өмірдің ағымына ілескен бағыты, жаңалықты меңгеруге жүрексінбейтін жігері, өз мамандығына адалдығы бізге үлгі болды. «Көзімнің көруі нашарлап барады. Қатесіне мұқият қараңдар» деп әр жазбасына қырағылық танытуымызды қадағалайтын.

Атасы Тұрымбет жыраудың әдеби мұраларын жинақтап, «Талайды таңырқатқан жырау едім», «Атандым жас күнімнен бала жырау», «Жүйрігі едім халықтың» атты кітаптарын жарыққа шығарды. Белгілі қаламгердің «Шапағат», «Сағымсары», «Сыр мен Арқа саздары», «Жарық сәуле», «Жүрегімнің шуағы», «Қасиетті мекен», «Жүректегі ырғақтар», «Сырдария-Ұлытау» атты поэзиялық және «Сыр мен Қырдың перзенті», «Дария көңіл, тау мүсін», «Дария-ғұмыр», «Шалғайдағы емес, маңдайдағы театр», «Қарсақбайлық қайсар ұл», «Бекзат болмыс», «Кенжалы би» атты прозалық және көркем-публицистикалық, «Жалмауызға да жан керек» атты сатиралық кітаптары бар. Республикалық ақындар мүшәйрасының бірнеше дүркін жүлдегері, журналистикадағы жемісті еңбегі үшін «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі және Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталған.

Оқушы кезімізден ұстаздарымыз ауылдан шыққан өнер, еңбек майталмандарын айтып, таныстырып өсірді. Жоғары оқу орнын Жезқазған қаласында жалғастырдым. Ибрагим Бекмаханұлы ол кезде Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетінде жұмыс істейтін. Газетті қолыма алып, оның аты-жөнін көрсем, менің ағам деп марқайып отыратынмын. Бірде:

– Сүлейлердің Сырда туған бірі едің,

Арқада ақын ағам бар деп жүремін.

Соңыңыздан еріп келем ізденіп,

Жыр жазады, жыр сүйеді жүрегім.

Ізбасарың барына аға сеніңіз,

Ауырмаңыз, мықты болсын деніңіз.

Елден бата ап, жүзге дейін мүдірмей,

Шаршамаңыз, өлең жаза беріңіз, – деген екі шумақ шимайымды алып газет редакциясына бардым. «Ағаңды іздеп келген талабыңнан айналайын, өркенің өссін» деп батасын берген-ді.

Бала кезде журналист болам деп армандағаныммен «Мұрағат ісі» мамандығында оқитын менің сол кезде жазуға деген қызығушылығым үдей түскен еді. Жаны таза, рухы биік Арқадағы ағама еліктеп өлең жазып жүрдім.

Ибрагим ағаны үлгі тұтатын, сыйлайтын, құрметтейтін қаламгерлерге оның қазасы ауыр тиді. «Амансыңдар ма, қандай жаңалықтарың бар?» деп жиі қоңырау шалатын ағамызды сағынып жүргенімізге жыл толыпты. Рухы пейіште қалықтасын. Жатқан жері жайлы, иманы салауат болсын. Оның өнегелі өмірін үлгі етіп, жас қаламгерлерге деген сенімін ақтауға тырысамыз.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<