Білімді маман, білікті басшы бола білген, белді де белгілі қызметтер атқарса да өзінің адамдығы мен қарапайымдылығынан айнымаған көпшіл, кішіпейіл жан Жұмабек Тәжімовтың өмір жолдары баяндалған «Өшпейді мәңгі өнегең» атты ғұмырнамалық баянды қолға алдым. Кітапты жазған зайыбы, ұлағатты ұстаз, «Халық ағарту ісінің үздігі» Айымхан Әбуова.
Жұмабек Тәжімұлы – соғыс баласы. 1937 жылы Сырдария ауданының «1 Май» ауылында дүниеге келген. Сондықтан оның өмірі қатарластарындай қиыншылыққа толы болды. Үйдің үлкені болғандықтан ерте есейді. Мектеп бітіргесін өзі оқыған №40 Орджоникидзе мектебіне шаруашылық ісі жөніндегі меңгеруші болып еңбек жолын бастады.
1958 жылы Отан алдындағы азаматтық парызын Новосибирск қаласында өтеді. Әскерден келгесін «1 Май» ұжымшарының ірі қара фермасына есепші, бухгалтерияда кассир болып қызмет істеді. Ж.Тәжімовтың ендігі мақсаты әрі қарай оқу, арнаулы орта болса да білім алу болды. Сол 1961 жылы Қазақ ССР Жоғарғы және арнаулы орта білім министрлігінің Жамбылдағы есеп-статистика техникумына түсіп, ауыл шаруашылығын өндірістік жоспарлау және есептеу мамандығы бойынша 1963 жылы қызыл дипломмен бітіріп, «Бухгалтер-плановик» деген мамандық алды. Арнайы орта білімнің дипломымен екі жыл қызмет атқарғаннан кейін, жоғары білім алуды мақсат тұтып 1965-1970 жылдары Алматы Халық шаруашылығы институтына түсіп, ауыл шаруашылығын жоспарлау мамандығы бойынша жақсы аяқтап, жоғары білімді экономист атанды.
Алғашқы кезде «1-Май» атындағы ұжымшарда кассир болып қызмет атқарды. Сонау 1944-1948 жылдардың өзінде асылтұқымды қой фермаларында алынған төлдің аман-есен қатарға қосылғанымен республикаға танылып, соның нәтижесінде Қазақ ССР Жер Халық Комиссариатының ұйғарымымен Сырдария ауданына қарасты «1 Май», «Аманкелді», «Комсомол» ұжымшарларының асылтұқымды қаракөл қой фермаларының есебінен ауданда мемлекеттік асылтұқымды қаракөл қойларын өсіру орталығы ашылғаны тарихтан белгілі. Осындай даңқы шартарапқа кеткен шаруашылық кеңшар болып ірілендірілгесін Одаққа таныла бастады.
Жұмаев Әбілхан, Жүсіпов Дүйсен, Әкімов Құрбан, Дүйсенов Манасбай, Есімсейітов Құрмаш, Асанов Мадияр, Ғани Әлішов сияқты еңбек адамдары қажырлы еңбегімен, қомақты көрсеткіштерімен даңққа бөленді. Жұмыс қорытындысына байланысты кеңшар директоры Бәйімбетов Орынбасарға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Жұмабек осы ірілендірілген шаруашылықта еңбек жөніндегі экономист, бас экономист қызметтерін атқарды. Сондықтан кеңшардың экономикасының өрлеуінде, оның табысқа айналуында Жұмабек Тәжімовтің де елеулі еңбегі бар деп білу керек.
Шаруашылық директоры Құлмырза ағай Жұмабектің елмен, халықпен, еңбек адамдарымен жұмыс істеу тәсілі мен адами қасиеттерін түсініп, бағалаған болу керек, кеңшардың бас экономисінен жұмысшылар комитетінің төрағалығына ауыстырды.
Енді рабочком Тәжімов мал төлдету, қашырым, қырқым сияқты маусымды жұмыс кездерінде еңбек адамдарымен қоян-қолтық араласып, солардың ортасында жүрді. Денсаулықтарын күйттеп, демалыстарын мағыналы да, мазмұнды пайдалануы үшін курорттар мен демалыс орындарына, санаторийлерге жіберіп отырды.
Өнерге бейім жастардан көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырды. Орталықтағы мәдениет үйінің жанынан музыкалық студия ашылуына мұрындық болды. Түрлі қойылымдарды дайындап, еңбек адамдарының ортасына барып, концерттер беріп тұрды. Көркемөнерпаздар үйірмелерінің мүшелері Құдияр Бимұхамедов, Итемген Нұржанов, Серікбай Әлиев, Әскер ағай Камалов, Мария Абуова, Сәуле Әбуова, Артықкүл Айдарбекова, Жанат Пейішбекова, Қаламқас Молдашева, Палкүл Меңдіқараеваның талантының ашылып, елге танылуына ықпал етті. Республикалық көркемөнерпаздар байқауында ұжым облыста тұңғыш рет Қазақ ССР Мәдениет министрлігі, Қазақстан Кәсіподақ советінің шешімімен «Халық театры» атағын иеленіп, көшпелі киноқондырғы, автомашина, 200 мың ақша жеңіп алды.
Жұмабек қызмет биігіне жоғарыдан топ ете қалмай, алғашқы баспалдағынан бастап өзінің ерте танылған қызметімен, білім-білігімен, парасат-пайым тереңдігімен жетті. 1981 жылы Сырдария аудандық партия комитеті ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушілігіне жұмысқа шақырды. Аудандық Кеңес төрағасының орынбасары және аудандық жоспарлау комитетінің төрағасы болып, осы салаларда білікті басшылық жасады. 1991-1997 жылдары еліміз Тәуелсіздігін алған алғашқы қиын қыстауға толы, экономикалық жоспарлаудан нарықтық жоспарға көшіп жатқан өтпелі кезеңде, жекешелендірудің алғашқы уақыттарында Сырдария ауданы әкімінің бірінші орынбасары болып, ауданның тоқырауда тұралап қалмай экономикасы мен әлеуметтік, шаруашылық салаларының дамуына, кадр тәрбиелеу мәселелеріне айтарлықтай үлес қосты. 1997 жылы Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңген дәрежесінде дербес зейнеткерлікке шықты.
Зейнетке шыққаннан кейін де, қол қусырып үйде отырып қалмады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Көпшіліктің қалауымен, Тасбөгет кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Тасбөгеттің ардагерлер еліміздің түрленуіне, түлеуіне өздерінің ақыл-кеңестерін, өмірлік тәжірибелерін қосты. Халқы үшін, елі үшін атқарған тынымсыз жұмысы, перзенттік парызы еленіп, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Жұмабек Тәжімовтің көзін көргендер мен ізіне ергендер «адал, өтірік айтпайтын, адамгершілігі өте мол, жаны жайсаң, жүрегі жылы еді. Қандай ортада болса да орайлы әңгімесін айтып, ұтымды ойларын кеңеске салып, әзіл-қалжыңын араластырып, айналасының ажарын келтіріп отыратын. Біреудің сыртынан нашар әңгіме айтып, қараламайтын. Адам бойынан жамандық емес, жақсылық іздеп жүретін қасиетімен ерекшеленетін», – деп баға береді.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете жүріп сырбаз да ақпейіл, бітім-болмысы бөлек, жомарт жүректі азаматтың айналасына шашып жүрген шапағаты ескерусіз қалған жоқ. Ел алдындағы ерен еңбегі еленіп «Құрмет» орденімен, ондаған еңбек және мерекелік медальдармен марапатталып, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен наградталды. Еліміздің халық шаруашылығы салаларын қаржыландырудағы сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген экономисі» атағын иеленді.
Қазақта «Ақынның хаты, жақсының аты, ұстаның заты өлмейді» деген даналық бар. Шүкір, аты да жақсы жағынан көптің есінде қалған Жұмекеңнің қаншама мерзімді басылымдарда мақалалары, эсселері мен ой-толғаулары өшпестей болып тасқа басылып қалды. Сырдария ауданының 59 жылдық тарихи шежіресін жинастырып, өзінің мақалаларымен толықтырып «Киелі Сыр» атты кітабын қалың оқырманға ұсынды.
«Ықшамдау құрдымына құлаған Сырдария ауданын қайта ашудың жолы бар ма?» атты мақалалар сериясымен тарап кеткен Сырдария ауданын қалпына келтіру мақсатында орасан еңбек сіңірді. Ой-толғаулар, қоғамдық пікірлер ұйымдастырып, Үкімет деңгейіне дейін хат дайындады. Өз мақалалары мен хаттарын жалаң сөзге емес нақты дәлелдерге келтіре баяндады.
Өзінің саналы өмірінде бар қажыр-қайратын, білімі мен білігін елінің, туған жерінің түлеуіне, болашағына арнаған асыл ағаның Алланың аманатын өзіне тапсырғанына да он жыл уақыт өтіпті.
Артында қалған халқына жарқын өмір тілейміз!
Тілеген БЕКАРЫСТАНОВ.
Қызылорда қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<