Жақсының ісі мәңгі жасайды

1054

0

Күн өткен сайын асыл да ардақты ініміздің жарқын бейнесі алыстап бара жатқандай сезіледі де тұрады. Сол баяғы маңдайы кереқарыс жымиған қалпы «Ау, ағайын! Мені ұмытқан жоқсыңдар ма?!» дегендей жылыұшырай қараған жанары жүректі осып өткендей. Біртүрлі тұла бойың мұздап қоя береді. Амал нешік зымыраған уақыттың дегеніне көніп, тіршіліктің көшіне ілесіп кете барасың. Сол жүйрік уақыттың қас-қағым сәтте бір жылға ұласқанын да байқамай қалыппыз. Ажалға қимас ініміздің жылдық асын халық, туған-туыс, дос-жаран, құда-жекжат қабырғамыз қайыса жүріп атқардық.

Кезінде ініміздің жаназасында екі иығы селкілдеп үнсіз ғана іштей егіліп, езіліп жылап тұрған еңгезердей жігіт ағасын байқағанмын. Сол кезде онымен сөйлесудің сәті түспеп еді. Алла тағаланың құдіреті, жылдық аста екеуміз табақтас болдық. «Алланың нұры жаусын, ініңізге. Кезінде қысылғанда көп көмек беріп еді. Өте жақсы болды-ау. Көкірегімде сайрап жатқан сол бір сырды ақтаратын жан таппай жүр едім. Бір реті келгенде әңгімелесейік» деп мекен-жайын берді.

Қалада тұрады екен. Даңғарадай зәулім үй, жан-жағы жасыл желек, қызылды-жасылды гүлдер. Шаруаға бейім екені байқалып тұр.

– Жағдайымды көріп тұрсыз, ағасы. Шүкір, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Құдай берген ұл-қыздарды өсіріп, тәрбиелеп дегендей. Ал енді тұрмысымның осыншалықты түзеліп, жақсарып кетуіне сіздің әрі менің де інім, марқұм Расул Есеновтің еңбегі зор, – деді ол. – Мен де кезінде кәсіп бастап, тіршілігім енді оңала бергенде әлдеқалай алаяқтарға тап болып, тақырға отырдым. Жалғыз ғана жүк таситын автокөлігім қалды. Дүниенің барында уақытша достар көп болады екен. Қалай шаруам шатқаяқтады, сол-ақ дос дегеннің бәрі зым-зия жоғалды. Балалар жас, жұбайым жұмысқа шыға алмай үйде отырып қалды. Бар ауыртпалық бір өзіме түсті. Мені қинағаны алыс сапарларға жүк тасымалдау үшін жанар-жағармайдың жеткіліксіздігі еді. Ол кезде бұл мәселе тіпті ушығып тұрған. Сонымен не керек, ескі тамыр-таныс жағалап, туу Қармақшыға сапарға шыққанмын. Жол-жөнекей Тереңөзекке соғып, автокөлікке май құю сәтінде осы Расул ініммен таныстық. «Оу, ағасы «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген емес пе, қазақ атамыз. Осы жерден-ақ керегіңізді алып тұрыңыз. Асықпай сәті түскенде ақшасын аударарсыз» деді.

Қатты қуанып кеттім. Өмірде бір-ақ рет көрген кісіге соншалықты жомарттық, мәрттік танытқан қандай мейірімді жан деп қайран қалдым. Содан соң шаруам дөңгеленіп, екеуміз ағалы-інілі дос болып кеттік. Жаратқан ием оның отбасына, ата-анасына, балаларына амандық бергей деп тілеймін, – деді.

Иә, табиғатынан ақкөңіл, елгезек, қарапайым, мәрт мінезді ініміз, бизнесмен Расул Есеновтің шарапатын, қолдау-қамқорлығын көрген кісілер жайында айтып тауыса алмайсың. Кезінде тікұшақ апатына ұшырап ауруханада жатқанымда маған да қаржылай көмек берген. Бір құрдасым ақша іздеп тарығып жүргенде дұрыс танымаса да, аты-жөнін толық білмесе де, Расул ініміздің қолақпандай етіп 500 мың теңгені бере салғанын жыр етіп айтып еді. Неткен жайсаңдық, атымтай жомарттық десеңізші?! «Кешіктіріп болса да қарыз ақшамды қайтардым-ау. Бірақ осындай абзал азаматтың небәрі 49 жасында өмірден баз кешкені сай-сүйегімді сырқыратты» деген еді.

Бизнес саласының қыр-сырын меңгерген Расул Әбутәліпұлы Есенов сонау қиын-қыстау кезеңде «Углесбыт» мекемесін құрып елді мекендер мен мекемелерді, тұрғындарды көмірмен қамтамасыз етті. Аудан орталығынан базар, дүкендер, тұрғын үйлер салып, ел игілігіне берді. Кейінірек мал бордақылау кешенін, сонымен қатар күріш ақтайтын диірмен ашып, халыққа қызмет етті. Тереңөзек кенті орталығынан 80 орындық монша салып, ауласын көркейтіп, жасыл желек жамылған көлеңкелі жайларда тұрғындар тынығып отырса деп армандайтын. Басқа өңірдегідей екі-үш көшеге шие, өрік, алма ағаштарын өсірсем, немерелер соның жемісін жеп жүргенін көрсем дейтін. Арманы асқақ азамат еді, амал қанша оған жете алмай кетті.

Мақсат-мұраты биік Расул Есенов ініміздің ел үшін сіңірген еңбегі зая кеткен жоқ. Аудандық және облыстық мәслихат депутаты болды, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атағын иеленді. Талай мақтау-марапаттардың иесі атанды. Ауданның қоғамдық мәдени-спорттық шараларына белсене қатысып, демеушілік жасады.

Ардақты ініміз тірі болғанда 17 қазанда ердің жасы – елуге толар еді. Неткен орны толмас өкініш? Өзегі өртеніп, көкірегі қарс айырылған анасы Бақыт және әкесі Әбутәліп ағамыз, ұл-қыздары қалды. Алла тағала осы кісілерге өмір берсін деп тілейміз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой халық. Сондай-ақ «Адам мәңгі жасамайды, мәңгі жасайтын оның ісі» деген нақыл сөз бар қазақта. Ел үшін, туған жер үшін аянбай еңбек еткен ердің есімі мәңгі ұмытылмайды.

Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ.

Тереңөзек кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<