Жақсының ізі жоғалмайды

676

0

Өмір із-түссіз емес. Онда кемел ой, келелі көрініс, кең тыныс, шалқар өріс жатады. Сол адам өмірінің жарқын беттерін өшірмей, өсиет-өнеге ету кейінгі ұрпақтың парызы болмақ. Жүріп өткен жолы мағыналы да сырлы жандардың бірі – Сыр бойының сыйлы перзенті Төлеген Дәуітбаев.

Уақыт деген керуен көші алға қарай жылжыған сайын жақсы адамның аты да, ісі де ұмытылмай, ел жадында жатталып, оның бейнесі асқар таудай асқақтай түсетіні сөзсіз. Өнегелі өмірімен, елеулі еңбегімен ерекшеленген абзал азамат, ардақты ағаның тұлғалығын арттыратын – ізгілік пен қарапайымдылық, ірілік пен парасаттылық секілді адами қасиеттері. Сан түрлі қызмет сатысынан өтіп, бай тәжірибе жинақтаған, әрбір істі терең пайымдап, нәтижеге жету жолында білімі мен күшін сарқа жұмсаған қоғам қайраткерінің өмір жолы өнеге тұтуға тұрарлық.

1893 жылы Жалағаш ауданының «Еңбек» ауылында дүниеге келген ол ел басына түскен ауыртпалықтың әсерінен еңбекке ерте араласты. Мұғалімдер мен инспекторлар даярлайтын курстарды бітірген соң мектеп мұғалімі, директоры болды. Әр жылдары Қазалы ауданы атқару комитетінде жауапты хатшы, төрағаның орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында ұжымшарлар одағының төрағасы, Қызылорда облысы атқару комитетінің жер бөлімінде сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сұлутөбе механикалық училищесі, Сырдария аудандық жер бөлімі, Қазалы аудандық атқару комитеті, облыстық шаруашылық мекемесі мен қамсыздандыру бөліміне басшылық жасады. Кейінгі жылдары Сырдария ауданының Киров шаруашылығын басқарды. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орден-медальдарымен марапатталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне үш дүркін депутат болды.

Бір бойында педагогтік, басшылық әрі ізденімпаздық қасиеттерді, ұйымдастырушылық және жаңашылдық қабілеттерді тоғыстыра білген Төлеген Дәуітбаевтың есімі әлі күнге ел есінде. Білетіндер оның нағыз адамға тән асыл қасиет – турашылдық пен уәдеге беріктігін, жауапкершілік пен адалдығын тілге тиек етеді. Ал бұлар әр азаматтың ел алдындағы беделін өсіріп, қадірін арттыратыны анық. «Естен шықпайтын, ескірмейтін есімдер» атты естелігінде қоғам қайраткері Теңел Жұмабаев: «Төлеген Дәуітбаевты басқа басшылардан жібектей мінезі, уақытты алтын деп бағалайтыны ерекшелеп тұрады. Ол кісі сияқты уақытын сағаттап, минуттап есептеп, соны бұлжытпай сақтағандарды аз кездестірдім. Аудандық атқару комитетінің мәжілістері дәл уақытында басталып, аяқталатын. Төраға сөйлеушілерге көп уақыт бермейтін, өзі де көпсөзділікке бармайтын» дейді.

Жазушы Мағзұм Тиесовтің мақаласындағы мына үзік тау тұлғалы азаматтың бейнесін тура көз алдымызға әкелгендей: «Шашының әрбір талы темір сымындай, екі самайы ақ күміс, орта бойлы, мығым денелі мосқал кісімен колхоз басқармасының кеңсесінде таныстық. Колхоз председателі Төлеген Дәуітбаев жолдас – осы. Өз жемісінің салмағынан майысқан жеміс ағашы сияқты қозғалысы ширақ. Күнмен қуырылып, желмен жуылып шыныққан өңінде тобылғы түстес қызыл күрең шырай ойнайды. Осы шырай сарқылмас қайрат, жігердің де сәулесі сияқты. Маңдайында қыртыс-қыртыс таулар жатыр. Сол сайлардың саласы, сол таулардың арасы толы тарих, тәжірибе, оқиға сияқты еді».

Ал «Қалыптасып, қатып қалған шаруашылықты өзгертуден гөрі қалыптасып, қатып қалған ойды өзгерту қиынырақ. Жаңалыққа батыл қадам басудың өзі – ерекше ерлік. Жаңасымақтың бәрі жақсы да емес, жаңалық та емес. Ал келешегі бар жаңалыққа керенаулық ету – керітартпалық. 1956 жыл Киров атындағы колхоздың тарихындағы шұғыл бұрылыс жылы болғанына көз қуанады, көңіл сүйсінеді, ой тебіренеді, іш елжірейді» деген естелігі абырой биігіндегі азаматтың шаруашылықты ширатудағы ерен еңбегін айғақтап тұр.

Кеңестік кезде білімі терең, өзі іскер, тәжірибесі мол мамандарға үлкен сенім артылатын. Істің бабын тауып, ұйымдастыра, ұжымды ұйыстыра алу, сөйтіп, жұмыстың нәтижесін көрсету басты талап болды. Төлеген Дәуітбаев қандай қызмет атқарса да сенім үдесінен шыға білді. «Адам ғұмыры ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді» деген қанатты сөз осы кісіге арнап айтылғандай. Оның елге жасаған еңбегі, іскерлігі, адамдарға қамқорлығы, белсенді жұмысы өзімен қызметтес, әріптес, сыйлас, ниеттес, тілектес болған қаншама жанның көкейінде жаңғырып тұрғаны шындық.

Т.Дәуітбаевтан тараған ұрпақ бүгінде тамыры тереңге бойлаған текті әулетке айналды. Төлеген ата мен Алуа әже тәрбиелеп-өсірген балалардың бәрі жоғары білім алып, мамандық игеріп, өмірден өз орындарын тапты. Әке жолын ұстанып, халыққа адал қызмет атқарып жүр. Немерелері де ел сенімін ақтау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бұл бәйтеректей саялы, асқар таудай аяулы азаматтың тәрбиесінен дарыса керек. «Ағайынға ұйытқы болып, көп іске жөн сілтеп отыратын. Сондықтан туған-туыс бірінен кейін бірі ағылып келіп жататын. Қазанымыз оттан түскен емес. Қонақсыз тамақ ішілмейтін берекелі үй ішіміз әлі сол күйі. Атам бардағыдай қалыпты сақтап келеміз», – деп еске алады атаның қарашаңырақтағы келіні Фарида Әшірбекқызы.

Әлішер Науаидің «Адамның мәңгі жасауы мүмкін емес, есімінің мәңгі жасауы – мұрат» деген сөзі бар. Биыл Төлеген Дәуітбаевтың туғанына — 130, дүниеден озғанына 45 жыл толып отыр. Соған қарамастан артында өшпес із қалдырып, ел үшін еңбегі  ескірмейтін тау тұлғаға айналды. Осындай абзал азаматтар салған сара жол – бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<