Сыр жұртына Әзқожаевтар әулеті бұрыннан таныс. Көнекөз қариялардың естелігі бойынша Қылыш Қожадан тарайтын Таспа бабамыз ақын болған екен. Ол кісіден Қадыр, одан Әзқожа, одан Қазқожа, одан Омар тараған. Қадыр атамыз заманында Сыр еліне атағы шыққан дәулетті адам болғасын ұлы Әзқожа мен немересі Қазқожаны Бұқарада медреседе оқытқан. Екі жыл бұрын қайтпастың кемесіне мініп алыс сапарға аттанған Дәуіржан Омарұлы Әзқожаев арамызда болғанда 30 қарашада алпыстың асуына шығатын еді.
Дәуіржан досымыз 1961 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келді. Қызылорда механикалық жөндеу зауытында автослесарь болып жұмыс істегеннен кейін 1979 жылы С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі әл Фараби атындағы) заң факультетіне оқуға түсіп, 1984 жылы аяқтаған. Әуелі 1984-1990 жылдар аралығында Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімі, облыстық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің тергеуші лауазымында жемісті қызмет атқарды. 1992 жылы Қызылорда қалалық сотының судьясы, 1996 жылы облыстық соттың қадағалау алқасының судьясы, облыс әкімі аппаратының құқық қорғау органдарының жұмысы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің бас инспекторы болып тағайындалып, облыс құқық қорғау органдарының жұмысын үйлестірді. Қазақта «Ақылды жігіт атқа да мінер, таққа да мінер» дейді. Ол қызметте құқық қорғау саласы мен сот органдарының сатысынан өтті.
1982 жылы Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінің аға инспекторы лауазымында жүрген кезім. Алыстағы совхоздан іссапардан келіп, милиция ғимараты алдында шаң болған киімімді қағып жатсам, киім киісі, талғамы бөлек, жасы менімен шамалас бейтаныс жігіт маған қарап тұр. Екеуміз амандасып, танысқаннан кейін оның бөлімге тергеуші болып тағайындалғанын білдім. Қазақта құрдастың жөні бөлек қой, Дәуіржан 31 күн кішілігі бар құрдасым болып шықты. Екеуміздің қызмет бөлмелеріміз, тұратын үйлеріміз де қатар орналасқан. Демалыс күндері әке-шешемізге барып қайту үшін екі жас лейтенант облыс орталығы қайдасың деп Қызылордаға тартамыз. Кейде Дәуіржанның курстас досы, тағы бір құрдас, аудандық прокурордың көмекшісі Жалғас Асқаров бірге шығады. Аудандық ішкі істер бөлімінің сол кездегі бастығы, милиция подполковнигі Төлеш Әлиев, одан кейін тағайындалған милиция полковнигі Айтбай Қазбеков, орынбасары милиция подполковнигі Арыстан Әшіров екеумізді кезекшіліктен босатқасын, бос уақытымызды Қызылордада өткізгіміз келеді. Дәуіржан қыдырғанды ұнатпайтын. Спирттік ішімдікке әуестігіміз жоқ, кафеге бармаймыз, ермегіміз – орталықта орналасқан «Спутник» кинотеатрынан кино көру, кітап оқу. Өте салмақты, артық сөз айтқан адамды ұнатпайды. Өзі де көп сөйлемейді. Басында мектеп пен университетте орыс тілінде оқыған оған қазақшылығы басым, қылмыстық істер қазақ тілінде жүргізілетін ауданда тіл үйрену қиын соққанын білемін. Бірақ, өзінің сауаттылығының, ұқыптылығының, тиянақтылығының, әр іске жауапкершілікпен қарауының, есте сақтау қабілетінің арқасында қазақ тілін тез арада жақсы, жоғары деңгейде меңгеріп алды.
Бірнеше жылдан кейін ол аудандық ішкі істер бөлімінің жас тергеушісінен тәжірибелі, тісқаққан тергеушіге айналып, кейін облыстық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі болып ауысты. Істерді сапалы тергеді, сезіктінің қамалу мерзімін, азаматтардың конституциялық құқығын бұзған жоқ. Тергеу – құқық қорғау органдарының ең жауапты, ең ауыр саласы. Қылмыстық істің тергелуін аяқтау арқылы бүкіл ішкі істер органдары жұмысының ең соңғы нүктесін қоятын орган.
Дәуіржанның бала күнгі арманы орындалып, ол өзінің сауаттылығы, кейін жинаған тәжірибесінің арқасында Президент Жарлығымен әуелі Қызылорда қалалық сотының, кейін облыстық соттың судьясы болып тағайындалды. Аса сауаттылықты, жауаптылықты қажет ететін екі лауазымда да Дәуіржан абыроймен, жемісті қызмет атқарды. Тәртіптік жаза алған жоқ, үнемі марапаттауға ие болып отырды. Аудандық, облыстық ішкі істер бөлімі, басқармасы, комсомол, партия, Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің, облыстық сот, Жоғарғы Сот, Әділет министрлігі басшылығынан көптеген ақшалай, заттай сыйлығымен және грамоталармен марапатталды. Милицияда бірге қызмет істегенде оның іс-әрекеттеріне азаматтардың шағымдануы, заңдылықты бұзуына байланысты жедел мәжілісте қаралғаны, прокуратура, сот тарапынан ұсыныс, жекеше қаулы шығарылғаны туралы естіген емеспін.
Тергеуші болғасын алдына неше түрлі адам келеді. Бірі – қасақана азаптап адам өлтірген, бірі – өзінің жақынын зорлаған, тағы біреуі – мал ұрлап сойып алған. Қызығушылық танытып, тергеу амалдарын жүргізіп жатқан кезде жиі барамын, ол кедергі жасамауымды ескертеді. Жаспыз ғой, қызбамыз, аса ауыр қылмыс істеп, ауданда, тіпті облыста қоғамдық пікір туғызған, атышулы іс бойынша ұсталып, оның алдында отырған сезікті адамның дәлелдемелер жеткілікті бола тұра өтірік айтып, мойындамай, тергеушіні жалған жолға салып, түлкібұлаңға салып отырғанына қарап жауап алу процесіне араласқың келеді. Сонда ол араға түсіп, өзінің ісі бойынша өтіп жатқан сезіктіні қорғап, дауыс көтермеуімді, оның арына тимеуімді, араласпауымды сұрайтын. Бірде өзінің жасөспірім қарындасын зорлаған, ажыратпақшы болған әжесін пышақтап өлтіріп, тергеуде түк болмағандай кейіп танытып, арақ ішіп мас болып қалғанын сылтауратып отырған сезіктіге шындықты айтуын сұрадым. Дәуіржан әдеттегісінше екі қолымен мені қапсыра құшақтап алып, сыртқа шығарып жіберді. Ол «онсыз да қылмысына заң алдында жауап береді, ұзақ жылға сотталады, оның үстіне Алла жазалайды ғой» дейтін. Мен әрекетімнің жастық, қызбалық екенін, қандай аса ауыр қылмыс істесе де ол сот тағайындаған жазадан асып кетпейтін, ол жазадан құтылғанмен Алланың жазасынан құтылмайтынын кейін түсіндім. Анықтама, тергеу органында, әсіресе қазіргі қызметім заң бөлімі мәселелерімен оған жиі телефон соғамын. Кейде қызметтік бөлмесіне баратынмын. Ерінбей, асықпай кодекстер мен заңдар, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын көтеріп сұрақтарыма жауап береді. Ол кезде «Заңгер» деректер базасы жоқ, кітаптар, базадан шығарылған заңдар, қаулылар үзіндісін беріп жібереді.
«Биік төбеге шықсаң, көзің ашылады, жақсымен сөйлессең көңілің ашылады» демекші онымен сөйлесіп, пікірлесудің өзі бір ғанибет еді. Қандай тақырыпты қозғасақ та, ақпаратқа бай-тұғын. Жақсы заңгер, өз ісінің хас шебері, нағыз маман, кәсіби қызметінде талапшыл басшы, білікті ұйымдастырушы бола білді. «Жақсы адам – елдің ырысы, жақсы сөз – жанның тынысы» демекші оның аузынан тек жақсы сөз шығатын. Қандай жағдайда, күйде болса да ешқашан балағат, анайы сөз айтпайтын. Біреудің шамына, намысына тию дегенді білмейтін.
Иә, оның басында бір адам басына сыймайтын соншама жақсы қасиеттер көп болатын. Пендеміз ғой, жігіттермен отырғанда, біреуге ашуланғанда кейде аузымыздан анайы, жаман сөздер шығып жатады. Оның аузынан шығатын ең ауыр сөз – «сандалбай» еді.
Ол 80-жылдары Жұмағұлов Қуантқан ағамыздың қызы Хадишамен отбасын құрды. Олар – бір университеттің түлегі. Қазір Хадиша Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасында жоғары лауазымда қызметте.
Адам болар жігіттің жары өзіне лайық.
Керуен бастар жігіттің нары өзіне лайық.
Жақсы әйел – жігітке біткен бақ,
Жақсы жер, жайлы қоныс – алтын тақ, – деген жолдар екеуіне арналғандай.
Дәукең елін сүйді, асыл жарын аялады, балапандарын шексіз әкелік махаббатқа бөледі. Адал қызмет етіп, кісілік келбетін танытты. Ажал түгіл ауыр сөз айтып ренжітуге қимайтын ол биік парасатымен, шексіз адалдығымен, әдемі әзілімен жүздеген жүректі баурады. Міне, осындай азаматпен, асыл доспен мәңгіге қоштасқанымызға да екі жыл болды.
Шаңырағында үш перзент өмірге келді. Тұңғышы Айжан мемлекеттік күзет қызметінде, ұлы Айдан Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық прокуратурасында қызметте. Үйдің кенжесі Арлан – мектеп оқушысы. Немерелері Уәлихан, Набижан өсіп-жетілуде. Хадиша балаларының болашағынан үлкен үміт күтеді.
«Әдемі қарттық – бір бақыт» дейді халық сөзі. Тек осы әдемі қартаю бақыты Дәуіржан досымызға бұйырмады. Шүкір, ізінде жақсы сөздері мен істері қалды. Әлі де бағындыратын белестері көп-тұғын. Отбасына, бауырларына, достарына, айналасына керек еді. Дәукеңнің жақсы қасиеттері, үлгілі сөздері, жарасымды күлкісі, жарқын бейнесі біздің, ұрпақтарының есінде мәңгі сақталады.
Хұсайын Қоразбаев,
Қазақстан Журналистер және Заңгерлер одағының мүшесі,
облыстық полиция департаментінің бөлім басшысы, полиция полковнигі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<