Біз, 70-жылдардың комсомол қызметкерлері сол кездегі замандастарымызды көрсек, жастық шақты еске түсіріп, көңіліміз шалқып, жасымыздың ұлғайғанын ұмытып, бір жасап қаламыз. Сондай жігерлі, қайратты, оттай жанып тұрған кезді еске түсіретін әріптестеріміздің бірі – Аманкелді Сейдалыұлы Құдайбергенов еді. Зымырап өтіп жатқан уақыт қатарымызды біртіндеп сиретіп келеді. Осыдан бір жыл бұрын сұм ажал ортамыздан замандасымыз Аманкелді Сейдалыұлын кенеттен алып кетті, бұл қаза жанымызға қатты батты.
Ол кісі 1971-1975 жылдары облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарғанда Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс жасадым, Әбекең басшымыз болды. 1972 жылы 17 қазанда аудандық комсомол ұйымының жетекшісі болып сайланғанымда, ол бір жылдай облыстық комсомол ұйымының жетекшісі болып үлгерген екен. Өзінің айтуы бойынша бірінші таныстығымыз төмендегідей болыпты.
«1972 жылы күзде Дина Садуақасованың Алматы Жоғарғы партия мектебіне оқуға кетуіне байланысты Тереңөзекке бірінші хатшы сайлауымыз керек болды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, іскер басшы Қонысбек Қазантаев резервте тұрған, дайындықтан өтіп, істе сыналған кадрдың бар екенін айтып, телефон шалды. Арнайы келіп танысуымды, әңгімелесіп, көруімді сұрады. Қонекеңнің кабинетінде отырғанда есік ашылып, ұзын бойлы, қағілез жіңішке қара қыз («қазір аппақ қой», – деп әзілдейтін) кіріп келді. Бірінші көріп тұрсам да, пікір алмасып, біршама уақыт әңгімелескеннен кейін, Қонекеңнің таңдауы менің де көңілімнен шыққандай болды» деп еске алатын. Осы кездесуден бері 50 жыл уақыт өтсе де, сыйластығымыз, қарым-қатынасымыз ол кісі дүниеден өткенше үзілмеді.
Аманкелді Сейдалыұлы 1975 жылы облыстық партия комитетінің аппаратына ауысып кеткенше комсомол қызметінде бірге жұмыс атқардық. Жастарды халық шаруашылығының шешуші салаларына орналастыру, егін, мал шаруашылығында комсомол-жастар бригадаларын ұйымдастыру, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, кадрлық резерв дайындау, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастыру сияқты жауапты да күрделі жұмыстарды жүзеге асырдық. Сол кездегі қалыптасқан дәстүр бойынша Әбекең еңбек жолын қатардағы жұмыстардан сатылап өскен, бастауыш комсомол ұйымының хатшылығынан бастаған. Сондықтан да өз жұмысын жақсы меңгерген. Адамдармен қарым-қатынаста қарапайым, барынша ақкөңіл. Сол қалпын өмірінің соңына дейін сақтады. Комсомол қызметінде іссапарлар көп болатын. Сол кездегі Кеңес Одағының талай жерін араладық, шетелге де шықтық. Жаңалықтарға қанығып, рухани өсіп, жаңа жігермен жұмысқа кірісетінбіз. Сондай іссапарлардан кейін Аманкелді Сейдалыұлы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы ретінде өзінің де, біздің де көргендерімізді ортаға салып, жұмысты жаңаша ұйымдастыруымызды қадағалап отыратын. Қат-қабат тірлік атқарып, облыстық партия комитетінің тапсырмаларын орындау үшін егінге де, құрылысқа да, мал шаруашылығына да, әлеуметтік салаға да араласа жүріп, жақсы кештер өткізуге де үлгеретін едік. Қызылордаға келгенде ортамызға Әбекеңді алатынбыз. Облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшылығынан облыстық партия комитетіне жұмысқа ауысқанда 8 аудандық (ол кезде 8 аудан болатын), қалалық комсомол комитеттерінің бірінші хатшылары шығарып салғанымыз есімде қалыпты.
Бір-бірімізді күтіп жиналамыз деп жүргенде уақыттан ұтылып, енді жүреміз дегенде машинамыз бұзылып, кешігіп келдік. Бар ықыласымызды, ән-жырымызды, биімізді, жақсы сөзімізді Әбекеңе арнадық.
Аманкелді Сейдалыұлы комсомолдан кейін партия, кеңес, шаруашылық қызметтерінде де абыройлы жұмыс атқарды. Жалағаш аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болғанда кездесіп тұрдық. Күріш фабрикасы атанған ауданда жемісті еңбек етті. Мен облыстық мәслихатқа хатшы болып келгенде Әбекең облыстық әкімшілікте қызмет атқарады екен. Кабинеттеріміз қатар болды, жиі араласып, пікірлесіп тұрдық. Өзінің жеке мүддесінен қоғам мүддесін жоғары қойған, бармын деп тасымаған, жоқпын деп жасымаған азамат. Кейбіреулер сияқты дүние қумады, байлықтың ізіне түскен жоқ. Кісінің ала жібін аттамады, барынша қанағатшыл болды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша бұрынғы комсомол қызметкерлері араласып тұрамыз. Біріміздің жақсылығымызға ортақтасамыз, өмірде кездесетін қиындықтарды жеңілдетуге тырысамыз. Жыл сайын 29 қазанда комсомол күнін атап өтеміз. Сол күні біздің жиынымызды сырттан біреу бақылап тұрса, қайран қалар еді. Алдымыз 80-ге, кейінгіміз 60-қа келген жігіт ағаларының көңіл-күйінің куәгері болар еді. Соның дәл ортасында Әбекең жүретін.
2008 жылы комсомолдың 90 жылдығы атап өтілді. Алдымен өзімізде, сосын Алматыда үлкен кездесу болды. Арнайы делегация бардық, ортамызда Әбекең. Осы сапарда ішіміздегі ең салмақты да сабырлысы, сырбазы еді. Қатарластарымыздың арасында аға болды, үлкендікпен бірге даналық, көсемдік, ізет, қамқорлық жасады. Әбекең жұбайы екеуі балаларды тәрбиелеп, оқытып, немерелердің қызығын көрді.
Комсомол, партия, кеңес, кейіннен әкімшілік қызметтерде қатар жұмыс атқарып, үнемі қатысып тұрдық. Зейнетке шыққан соң да үнемі байланыста болдық. 2011 жылы бұрынғы комсомол ардагерлері облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» атты қоғамдық бірлестік құрдық. Мақсатымыз – жас ұрпаққа өмірлік тәжірибеміз арқылы рухани жаңғыру аясында патриоттық рухта тәрбие беру. Ұлттық құндылықтарды, озық салт-дәстүрлерді насихаттау. Осы қоғамдық ұйымның ең белсенді қайраткері, басқарма мүшесі Аманкелді Сейдалыұлы болды. Он жыл бойы біз ұйымдастырған барлық іс-шарамызға бірінші болып келетін. Қолынан келген барлық көмегін беретін. 2018 жылы комсомолдың 100 жылдығында барлық аудандарда, облыс орталығында, Алматыдағы салтанатты іс-шаралардың барлығына қатысып, өзінің тілек-ойларын жас ұрпаққа жеткізді.
Былтыр 26-27 маусымда Қазақстан комсомолының 100 жылдығы аталып өтті. Ардагерлердің орталық кеңесінің шақыртуымен бұрынғы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Аманкелді Құдайбергенов бас болып, 20 шақты комсомол ардагері бір вагонмен Алматыға аттандық. Біздің делегацияға бұрын Қызылордада жұмыс жасаған, қазір Алматыда тұратын әріптестеріміз қосылды. Олардың ішінде облыстық комсомол комитетінің бұрынғы бірінші хатшылары Нұрлан Ауталипов, Болат Оразов, Гүлсара Алтынбекова, Марат Есенов болды. Осы сапарда Әбекең делегациялардың ішіндегі үлкені болып, көп құрмет көрді. Өте жақсы көңіл күйде болды, денсаулығы ешқандай сыр берген жоқ, делегация атынан сөз сөйледі. Екінші күні Қапшағай қаласына «Ақ Жайық» базасына барғанда да жақсы демалды, қайықпен серуендеді. Қызылорда облысының делегациясы ерекше абыройлы болды, Қазақстан комсомолының 100 жылдығының туы біздің облысқа, оның ішінде Аманкелді Құдайбергеновке тапсырылды. Көпке дейін туды жібермей, желбіретіп ұстап жүрді. Бір вагонмен елге қайттық, жолсапарымыздың өзі мереке болды. Алматыда өткен барлық іс-шаралардан атқарып жүрген тәрбие жұмысымыздың дұрыс екеніне көзіміз жетті.
Келген соң Әбекең Қазақстан комсомолының 100 жылдығын күзде қазан айында атап өтеміз деген ұсынысыма: «Бұл іс-шараны кейінге қалдырмайық, бұдан 100 жыл бұрын 7-13 шілдеде Орынбор қаласында Қазақстан комсомолының І съезі өтіп, содан республика комсомолының тарихы басталған. Ол съезге Ғани Мұратбаев қатысқан, сондықтан 7 шілдеде өткізейік» деді. Бұл пікірді бәріміз қолдап, дайындықты бастап кеттік. Өкінішке қарай ол бұл күнге жете алмады. Алматыдан келген соң бір аптадан кейін кенеттен дүниеден өтті. Күні кеше ғана жарқылдап жүрген жанның көз жұмғаны біздің қатарымызды абыржытып тастады. Міне, содан бері жылға жуық уақыт өтті, бас қосқанда оны жиі еске алып отырамыз.
Аманкелді Сейдалыұлы бойындағы жақсы қасиеттерді жастарды тәрбиелеуге жұмсады, Сыр бойының өсіп-өркендеуіне үлес қосты, замандастарының, әулетінің ұйытқысы болды. Ал бірге қызмет атқарған біздің жадымызда Әбекең басшымыз, жанашырымыз, тілекшіміз, қамқоршымыз болып сақталады.
Алмагүл БОЖАНОВА,
«Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
Қызылорда облысының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<