Жарқын жол

229

0

«Ескіұра» – есігінің алдында айнадай жарқырап Райым көлі, батысында сылаңдап Сыр өзені ағып жатқан, ал шығысы ен жайлау, далиған даласы бар қасиетті де құтты мекен. Осы атақоныста талай атақты да абыройлы азаматтар туып-өсіп, халқына, елге қызмет етіп, құрметке бөленді. Аты ауданнан асып, аймаққа тарады. Солардың бірі – Жолкелді Нұрадинұлы Тілеуімбетов.

Ата-бабалары да осы ежелгі қоныста туып-өскен. Ол дүниеге келген 1938 жылы фин соғысы басталып, оған отбасы мен нағашыларынан сайлы жігіттер алынып кеткен-ді. Сол балаларымыздың жолы болып, елге аман-сау оралар ма екен деп, оның атын Жолкелді қойған.

Балдәурен балалық шағын осында өткізіп, көлінде жүзді, қармағын, ауын салып, балығын аулады, құсын атты, пішенін орды, малын бақты, осылай ойыны мен тіршілігі қабат жүріп, ерте есейді. Осындағы соғыс ардагері Самырат Жүсіпов ағайы ұстаздық ететін бастауыш мектептен төртжылдық дәріс алып, оқуын көлдің арғы бетіндегі Райымда жетіжылдық мектепте жалғастырды. Одан әрі «Қамбаштағы» онжылдық мек-тептен орта білім алып шықты. Бұл 1958 жыл болатын. Мектепте қатарының алды болып, жақсы оқыды, үздік атанды. Бірақ, үйде балалардың үлкені болғандықтан жоғары оқу орнына бара алмай, әкесіне көмекші, бауырларына қамқор болу үшін ерте еңбекке араласты.

Бұл кездері «Ескіұрада» қамыс зауыты ашылып, жұмыс істеп тұрған. Жолкелді ауыл адамдарына қосылып, жұмысшы атанды.

Осында жұмыс істеп жүріп шоферлік курсты бітіріп, зауыттың машинасын айдады. Қазалының ауыл шаруашылығы техникумын сырттай бітіріп, механик қызметіне ауысты. Сақтаған ақсақалдың Орынбике есімді қызына үйленіп, үйлі-баранды, ұл-қызды болып, жарасқан отбасы құрып, үлкен шаңырақ иесіне айналды.

Өзім де осы жерде туып-өскен соң, анда-санда ат басын бұрып тұрам. Келсем Жолкелді ағаға соқпай кетпеймін. Өйткені бұл үйдегі Орынбике әжемнің өкіл қызы болатын. Көзі тірісінде туған қызындай сыйласып өтті. Сондықтан Орынбике менің апам да, Жолкелді жездем болып келеді. Бірақ жезде деп өмірі айтқан емеспін, аға деп кеттік.

Туған жерге көптен ат ізін салмаған едім. Күзге салым қасымда Алмағамбеттің Бектасы бар, соның жеңіл көлігімен «Ескіұраны» бетке алдым. Жолкелді ағамыз соңғы кездері сырқаттаныңқырап жүрген, ойымда көңілін сұрап, әңгімелесіп қайту. Біз кіргеннен ағамыз төсектен басын көтеріп: «Ой, айналайындар-ай, келдіңдер ме?» деп қуана қарсы алып жатыр. Жөкеңнің әдеті, сөзінің басы «айналайыннан» басталатын. Төрге төсек салғызып, Орынкүл апама: «Әй, шәй әкеліңдер, қазанға тамақ салыңдар» деп тәртіп беріп жатыр.

Жағдай сұрасып болған соң, ашылып әңгімеге көштік.

– Жөке, ауылдағы қамыс зауыты қалай жабылып қалды? – дедім өткенді ойға оралтып.

– Ол былай болды ғой. Біз қамысты №94 разъезден ашық вагонға тиейтінбіз. Кейіннен теміржолдың мамандары «бұл – өрт қауіпсіздігі ережесіне қарсы» деп жібермей қойды. Сонымен бірге картон комбинаты Ресейдің ағаш өнімдеріне көшті. Елді жұмыссыз қалдырмау үшін бізді Қазалының кірпіш зауытына қосты. Зауыттың бір филиалы болып, ауылда біз де кірпіш күйдіріп шығардық. Кейін бұл да жабылып тынды. Содан мен аудандағы шегірткеге қарсы күрес стансасына агроном болып жұмысқа тұрып, осы мекемеден 1994 жылы зейнетке шықтым ғой, – деп бір тоқтады.

– Қамыс зауытында кімдермен жұмыс істедіңіз, қасыңызда кімдер болды?

– Мен ол кезде шофермын. Машина ескі. Жөндейтін оңды құрал-сайман да жоқ. Паяльник болмаған соң, шелекке солярка құйып от қойып, маторды сонымен қыздырамыз. Қап-қара түтін көтерілгенде соның жанындағылар, бәріміз қап-қара болып шығамыз. Осыны көріп Рахметтің айтатыны ғой, машинаның нөмірі 67-05 еді.

– Алпыс жеті ноль бесім,

Шофердің құрттың он бесін.

Жұрттан қалған тұлпарды,

Жолкелді қайдан жөндесін, – деп бізді күлдіріп отыратын, – деп Жөкең де сол кездегі ағаларын еске алды.

Осылай көңілді отырғанымызда шәй да келді. Ағамыз әңгімеге қызып кетті ме деймін, сырқатын да сыртқа ысырып тастағандай болды.

– Тағы қандай айтқыш ағаларыңыз болды. Осы Мәшір жырауды көрдіңіз бе? – деп әңгіменің бір ұшын шығарып қойып едім:

– Білгенде қандай. Талай жырларын тыңдадық. Өзі жай сөзге кекеш болатын, тұтығып сөйлейтін. Өлең айтып, жыр жырлағанда бұлбұлдай сайрайтын еді. Бір күні «Қамбашқа» барады. Мәшір жырау келді деген соң, ол түскен үйге ауылдың біраз үлкендері де жиналып қалады. Шамалы жырау жырлатып, көңілденіп алғаннан кейін «Ал, Мәшірмен айтысатын кім бар?» дейді. Ортада мұғалім болып істейтін, тілінің уыты бар, әзілқой әрі Мәшірмен құрдас Ерен бар еді, соны шығарады.

Сонда Ерен ойланып тұрып:

– Ей, Райымнан келген ақымақ,

Ақымақ болсаң шақымақ.

Ей, Тиынша, Тиынша,

Басыңда бар ма миыңша?

Басыңда болса миыңша

Мына адамдарды отырған,

Үйіңе бар да жиынша! – дегенде, тыңдап отырғандар «О, Ерен жеңді, Ерен жеңді! Әй, Тиынша, мынаның айтып отырғанын білдің бе, сөз бітті, енді сенің үйіңе барамыз» деп алқалы топ Тиыншаның үйіне барыпты. Ол кезде Тиынша наубайханада істейді, өзгеге қарағанда үйінде баршылық. Соны біліп, жақсы тамақ ішіп, көңілді отырыспақ құру үшін ауылдастардың істеген әрекеттері екен ғой. Осындай да болған, айналайындар, – деп Жолкелді аға бір жөткірініп алып, сәл тыныстады.

– Әзілдері де жарасатын, айқайға бергісіз әңгімелері де жарасатын ақсақалдардың бәрі кетіп болды. Әй, балалар, тамақ та болып қалды ғой. Айта берсек, әңгіме көп қой, бүгінге болар, тағы келесіңдер, тағы айтам, ой, айналайындар, осылай келіп тұрсаңдаршы, – деп Жөкең құр атқа мінгендей желпініп, жеңілденіп қалды.

Әңгіме тамақ үстінде де таусылатын емес.

– Жөке, аға, қалай, өміріңізге разысыз ба, ел-халқыңның жағдайы, тіршілігі қалай? – деймін тағы да.

– Ризамын, өміріме еш өкпем жоқ. Баяғыда үлкендеріміз айтатын, бұл «Ескіұра» құтты мекен, үлкейеді, жақсарады деп. Құдайға шүкір солардың айтқаны келді ғой. Сегізжылдық зәулім, жаңа мектебіміз бар. Қаншама адам сонда жұмыс істеп, күн көруде. Жол да салынды, су да тартылды, жарық, телефон екібастан бар. Мал бағасың ба, балық аулайсың ба, шөп шабасың ба, тіршіліктің көзі көп. Ал осы жердің «Ескіұра» деп аталғанын білесіңдер ме? –деп бізге қарады.

«Айта беріңіз» деп ишара бірдіргенімізден соң әңгімесін одан әрі жалғастырды.

– Ертеректе осы жерді мекендеген адамдар сонау «Ақшоқыдан» бермен қарай көл жағалай етектеп егін еккен. Қыстай жейтін, артылған астығы мен тұқымдық дәнді су бармайтын биік нұраға ұра қазып сонда көміп сақтайтын болған. Бұл бара-бара үрдіске айналып, ескі ұра, яғни «Ескіұра» атанып кеткен. Міне, біздің үлкендерден естіген әңгімеміз осындай.

Құдайға шүкір, жаман емеспіз. Осында бір адамдай еңбек етіп, бір адамдай өмір сүрдік. Мына апаң екеуміз алты перзент көріп, оларды өсірдік, өндірдік. Қолымыздан келгенше оқыттық. Бәрі де үйлі-баранды, солардан немере-шөберелеріміз бар. Апаң екеуміздің тілейтініміз – солардың амандығы. Ел-халқымыздың тыныштығы. Басқа не айтайын, аман болыңдар, талаптарың оң, сапарларың сәтті болсын. Осылай келіп тұрсаңдаршы, айналайындар. Бүгін бір әңгімелесіп жақсы болып қалдым ғой, – деп ағынан жарылып алғысын білдіріп жатыр. Сырқаттанып жүрсе де сыр білдірер емес.

Айыз қандыра әңгіме айтып, жақсы жайлаған ағамыз бен апамызға біз де жүрек түкпірінен жарып шыққан шынайы тілегімізді айтып, сыртқа беттедік. Үйден аттап шықсақ, көзге шалынатыны – әйгілі Жетес бидің көрікті кесенесі тұрған әдемі қоршаулы ауыл бейіті. Мұны 1970 жылдары тікенді темір сыммен бірінші болып қоршаған Жәнәлі атамыз бастаған ауыл ақсақалдары еді. Мұнан кейін Мұрат демеушілік жасап барлық қажетті жабдықтарды әкеліп тастады. Жолкелді ағамыз қасына ауылдың оншақты жігітін ертіп, ортасына темір тор жүргізіп, оның асты-үстін шірімейтін сырлы темір қаңылтырмен көмкеріп, көз тартарлықтай қоршап шықты. Кезінде тірілерге де тік тұрып қызмет ете білген Жолкелді осылай өлілерге де өшпестей өнегелі қызмет ете білді.

Ауылдың адамдары-ай, неткен дарқансыздар. Жолкелді ағаның жарқын жолы, сол жолдағы ауыл адамдарының ақжарқын бейнелері, әсерлі әңгімелері мен тату-тәтті тіршілігі көңілге көгершіндей қонақтап, ойға орала береді, орала береді. Неткен ыстықсыңдар, туған жер, туған ауыл, туған жандар.

Жұмабай ЖАҚЫП,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<