Жарқыраған жан-жағы,  адамдықтың абзалы

298

0

Сыр елінің шежіре-шатырхатына айналған «Сыр бойы» газетінде қазақ сөз өнеріне ғана емес, елдің әлеуметттік-экономикалық өсіп-өркендеуіне күш-жігер қосқан қаншама белгілі тұлғалар еңбек етті.

Осы таңбалы тарихтың бір таспасы 1970-1990 жылдардың ішіндегі аға басылым беттерінде Қалқабай Әбенов, Нұрғали Оспанов, Шора Ералиев, Досмағанбет Тасекеев, Құрманғали Ажаров, Мырқы Исаев, Дархан Сапаров, Айжарық Сәдібекұлы, Шәкізат Дәрмағанбетов, Жақсылық Түменбаев, Қайырбек Мырзахметов, Қомшабай Сүйеніш, Ахметжан Нұрекеев, Ақберген Ержан, Әскербек Рахымбекұлы есімдерімен қатар Әділхан Бәйменовтің аты да жиі көзге түседі.

Ол замандағы газет ісі өте қиын болған. Облыстық партия комитетінен, облыстық атқару комитетінен келетін құлаш-құлаш орыс тіліндегі ресми құжаттарды журналистердің өзі аударып отырған. Оны сызғылап, сөздік сүзіп отыратын уақыт жоқ. Журналистер кейде төрт жазу машинкасына төрт жақтан диктовка жасап, бірінен-бірі даусын асырғанда терушілер шатасып, сөздер араласып кететін кездер туралы естігенімізде таңғалған едік. Осы қиындықтың өзінде газет таралымы 1987 жылы 53 мыңға, 1989 жылы газет 65450 данаға жеткен.

Әділхан Бәйменов «Сыр бойы» газетіне 1974 жылы келеді. Оған дейін Алматыда, «Қазақ радиосында» қызмет істейді.

Ол газетке келісімен өзінің жазу ерекшелігімен, әр мақаланы халықтық тілмен әрлеп, ойлы оқырманға үкілеп ұсынып, тез көзге түседі. 

Ал 1980 жылдардың орта тұсында облыстық партия комитетінің баспасөз жөніндегі нұсқаушысы қызметін атқарады. 

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде «Сыр бойы» редакциясына бас редактордың орынбасары болып қайта оралады.

 Мен өзім Әділхан ағаны 1994 жылдан бастап таныдым. Ол кезде аға облыстық тіл басқармасының басшысы еді.

Біз институтты бітірген 1993 жылы кеңестік дәуірдегі жас маманды жолдамамен өндіріске шақырып алу үрдісі үзілді. Қайда барамын деп шалқамнан жатқанымда журналист ағамыз Қази Данабаев қолымнан жетектеп «Сыр бойына» алып келді. Бас редактор Әскербек Рахымбекұлы екен. Студент кезімде мақала жазып тұратын едім. «Сол бала оқу бітірді, жұмысқа алайық» депті Әсағаң.

Газетте тоғыз айдай корректор болып жұмыс істедім. Бірден үстелде отыратын қызмет бере қоймағанына өкпелі едім. Сол кезде, 1994 жылдың мамыр айында институтта бірге оқыған досым Аманжол Оңғарбаев: «Тіл басқармасы ашылып жатыр, соған кел» деді. Арызымды жазып, жұмыстан шықтым да, бардым. Басқарма басшысы Әділхан Бәйменов бұрыннан араласып жүргендей жанына жақын тартты. Сәуір айында «Ақмешіт апталығы» деп аталатын газет аштық. Бұл аймақтағы алғашқы тәуелсіз газет болды. Газеттің ашылуына Әдекеңнің өзімен бірге белгілі қаламгер Нұрділдә Уәлиұлының, суретші Қайырбай Зәкіровтің көп еңбегі бар. Біз – атқосшымыз.

Сөйтіп, осы газет арқылы шығармашылық еңбек дегеннің не екенін үйрендік, елге танылдық, тіпті тұрмыстық жағдайымыз да түзелді. Газет бетінде мәселе қозғауды үйрендік. Тіл басқармасының қызметкері ретінде мекемелерді аралап, орыстілді құжаттармен жұмыс істейтін орындарды сынап жазатынбыз. Редакция мекемелерден ресми жауап алатын. Бас редактордың газет миссиясын жоғары деңгейде сезініп, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруы басылым беделін өсірді.

Әдекең еңбекті бағалай білетін. Жақсы мақала жазсақ, көтермелеп, ынталандырып қоятын. Газетті өзіміз жазамыз, баспадан бөлек-бөлек шыққан беттерді қолдап қаттап жинаймыз, өзіміз сатамыз.

Жаздың жан қуырған бір күні базарда газет сатып отырсам, бір кісі: «Інім, газетің қаншадан?» деп келіп тұр. Қарасам, Әдекең! Бір газетті астыма төсеп, бір газетті қалпақ қылып киіп алғанмын. Сол қызықты ертеңіне азанымен жұмыста айтты. Айтып қойған жоқ, пәтер жағалап жүрген маған Шымкентке көшіп жатқан шопырының үйін алып берді. Газет есебінен.

«…Не керек ойын, сайран бос, еңбегің менен пайдаң дос. Деуші еді әжем жарықтық, пәтер іздейік қой, Қалдош» деп ебіл-дебіл болып жүрген кезімде аяқасты бес бөлмелі үйдің қожайыны болып шыға келдім. Мұндай жақсылықты кез келген кісі істей ала ма, мұндай жақсылық ұмытыла ма?

Әділхан аға әзілқой еді. «Аузында әзілі жоқтың қойнында шоқпары бар» дегендей, сонысына сай көңіл тазалығы, адами қадірі өз алдына алабөтен дүние. Әдекең айтты деген сөз көп. Кейде ол кісінің әзілдеп отырғаны мен сынап отырғанын айыра алмай жүретіндер де болатын.

Бірде Әдекең әріптес құрдасына: «Мақалаң тәуір екен» депті. «Оқыған екенсің ғой» деп ол кісі көтеріліп қалса керек. «Оқыған жоқпын, тақырыбынан танып тұрмын» депті сонда Әдекең.

Бізді, шәкірттерін де әзілдесіп, көңілді жүруге бейімдеді. «Ақмешіт апталығының» бірінші нөмірін шығарғанда Қайырбай ағаға: «Қуақы» бөліміндегі суретті Дүйсенбекке ұқсатып сал» дегені бар. Сөйтіп, сол бөлімнің жұмысын маған тапсырған еді.

Шәкірттері демекші, Әдекең айтылғанда өзі қомдап ұшырған шәкірттерін де атап өтейін. Қазір Арал ауданының әкімі қызметін атқарып отырған Аманжол Сақыпұлы, тағдырлы, талантты ақын Әділ Ботпанов, танымал тележурналист Айнұр Тұңғышбаева, белгілі журналист Сабырхан Нәдіров, филолог-ғалым Нұрлан Көбегенұлы – Әдекеңнің шапанынан шыққандар, әрине, бұл тізімде өзім де бармын.

Әдекең жұмыста ғана емес, күнделікті өмірде де біздің не істеп, қайда жүргенімізді сұрап біліп отыратын. Үйіне қонақ шақырса, міндетті түрде бала болсақ та біз қоса жүретінбіз. Бақыт жеңгей ашық жүзді, ақеден жан. Анамыз секілді бәйек болып, кетіп бара жатсақ қолымызға түйіншегін ұстатып жіберетін.   

Жалпы, менің маман есебінде қалыптасуыма, жақсы адамдармен қарым-қатынас жасауыма Әділхан ағаның мол септігі тиді. Сол үшін де ол кісінің есімі менің жүрек төрімнен орын алған.

Асыл ағамыз, ұстазымыз Әділхан Бәйменов 2004 жылы өмірден өтті. Оның бастамасымен шыққан «Ақмешіт апталығы» әлі жарық көріп келе жатыр. Газеттің ақпарат айдынында қалуына филология ғылымдарының кандидаты, шәкірті Аманжол Сақыпұлы тікелей ықпал етті. Мен 2013-2014 жылы осы газеттің бас редакторлығын атқардым. Сондай-ақ бұл газеттің басшылық жұмысында Нұрлан Көбегенұлы, Мұрат Жетпісбаев, Кенжалы Ерімбетов, Нағымжан Сауияев, Әділжан Үмбет, Қаныбек Әбдуов, Гүлмира Ділдабекова секілді белгілі журналистердің қолтаңбасы бар.

Сонымен бірге Аманжол Сақыпұлы қаламгер шығармаларын жинақтап, «Белгі» атты кітабын басып шығарды.

Мұнан бөлек Әділхан Бәйменов шығармалары Әскербек Рахымбекұлының басшылығымен 200 томдық «Сырдария кітапханасы» сериясына енгізілді. 

Журналистер арасында спорттық жарыстар өткізілсе, Ә.Бәйменов атындағы арнайы сыйлықтар белгіленеді.

Сыр журналистикасы тарихында өшпейтін із, өлмейтін іс қалдырған Әділхан Бәйменовтің өнегелі есімі мен шығармашылық еңбегі ұзақ жасап, Сыр елі руханиятына қызмет ете берері анық. Біздің де тілегіміз сол.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<