Жат жерде қалған жауынгер

476

0

Біз  Ұлы Отан соғысына қатысқандардың ерлігі туралы  ешуақытта ұмытпаймыз. Ата-бабамыздың ерен ерлігімен келген Жеңіс күні қарсаңында адамзат тарихында ең ауыр және қанды соғысты көрген  атамыз бен әжемізді еске алып, бірер сөз айтқым келді.

Бұл соғыс әр отбасының тағдырында ауыр із қалдырды. Майданға Өмірзақ атамыз  аттанып, қайта оралмаған. Ол Жаңақорған ауданының Қыраш ауылында 1908 жылы дүниеге келген. 1942 жылы шілде айында әскерге алынған. 1942 жылы 12 қарашада Орлов қаласы үшін шайқаста қаза тапқан. Орлов облысы, Глинное селосының солтүстік жағында 2 шақырым жерде жерленген.

Өмірзақ атамыздың жұбайы Қаламкүл Әшімқызы әжеміз – тылда тынбай еңбек еткен қайсар жан. Соғыс аяқталған соң, мал шаруашылығында жұмыс істеді. Біз Қаламкүл әжеміздің тәрбиесін көрдік. Қолы боста Өмірзақ атамыз  туралы естеліктерін, соғыс уақытындағы қиындықтар туралы әңгіме айтып беретін. Көп сұрақ қоятынбыз.

Өмірзақ ата мен Қаламкүл әжемізден жалғыз перзент Әбдуәлі әкеміз дүниеге келген. Аққыз Тоқсанбайқызы анамыздың айтуы бойынша, әкеміз жалғыз болғандықтан көпбалалы болуды армандаған екен. Алланың қалауымен Аққыз анамыз  12 құрсақ көтерген Батыр ана болды. Өмірзақ атамыздан 12 немере, 35 шөбере, 47 шөпшек тарады. Олар жан-жақта қызмет жасап жүр.

Сұрапыл соғысқа Өмірзақ атамыздың інісі Рысбай Досманбетов қатысқан. Ол елге аман-есен оралып, 1988 жылға дейін қызмет жасаған.

«Ендігі жерде ешқандай соғыс болмасын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болып, бейбітшілік заман болсын» деп тілеуімізді тілеп отыратын. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Оны жасаған адамдар да жадыдан өшпейді.

Меруерт ӨМІРЗАҚОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры,

экономика ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<