Жауды жеңген Жаппасбай батыр

550

0

Шіркейлі ауылы – Сыр өңіріне ғана емес, кең байтақ елімізге танымал тұлғалардың туған жері. Ұлбике ақынмен айтысы қазақ халқының ауызша шығармашылығы тарихының шежіресіне енген ақын Күдеріқожа Көшекұлы, дінтанушы Тапал ахун, Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов, ақын Әбіраш Жәмішев, журналистер Жарылқасын Шүкенов, Ахметжан Нұрекеев, Орман Нұрхабаевтар – осы топырақтың тумалары.

Бұл жерден есімдері елге танымал  ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, құқық қорғау қызметкерлері шықты. Олардың қатарында профессорлар Қазыбай Құдайбергенов, Серік Азаматов, хирургтар Темірбек Мұсабеков, Ермаш Құрманбаев және Бекей Жақыпов, полиция үздігі, полковник Хамит Әбенов, Мылтықбай Пейісов, Төлеш Әлиев, Мәжит Құдайбергенов және т.б. бар.

Бұл ауыл – Еңбек Қызыл Ту орденді, бейбітшіл жасампаздар мен еңбеккерлердің ауылы. Азаматтары әр жылдары жанқиярлық еңбегі үшін жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Жоғары партия органдарына ұсынылды, халық қалаулылары атанды. Күрішші Балдырған Мұстапаева Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, ауыл тұрғындары Жаңабай Азаматов, Орынкүл Сүлейменова, Аббас Кәмішов Бүкілодақтық партия форумдарына, КОКП съездеріне делегат болды. Сауыншы Қызкенже Пірішова, күрішшілер Қыдырқожа Майлықожаев пен Бексұлу Синаева Жоғарғы Кеңесінің әртүрлі шақырылымдарының депутаты болып сайланды.

Отан соғысының отты жылдары ауыл тұрғындары біркісідей қолдарына қару алып, жанын салып Отан қорғады. Майданға 300-ге жуық ауыл тұрғыны аттанса, оның жартысы ғана мүгедек болып оралды. Олар Ахметжан Нұрекеев, Тәнеш Оразов, Пірназар Мамадияров, Жаңаберген Орақов, Дүйсенбай Мұсаев, Кенжебек Биқожаев, Шарапат Қасымов, Әбиболла Мұхамеджанов, Қаржаубай Дүров және тағы басқалары. Сонымен қатар Оңғарбай Ахметов, Жаңабай Азаматов, Қыдырқожа Майлықожаев, Ташен Омаров, Төленбай Абдрахманов, Спан Омаралиев, Саип Артықов және т.б. соғыс ардагерлері еңбек жолын осы шаруашылықта жалғастырды. Осы ауылдың тұрғындары майданның барлық бағытында ерлік көрсетті, жоғары жауынгерлік наградалармен марапатталды. Жауынгер Әріпхан Әбілқасымов екі рет «Даңқ» орденімен марапатталса, Серікбай Палымбетовке 1945-1946 жылдардағы фашистік Германияның бұрынғы басшыларына қатысты сот трибуналының Нюрнберг сотында күзет постының құрамында болу құқығы берілді.

Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұрсейітов Отан батыры, ауылдастарының мақтанышына айналды. Ол – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Солтүстік флоттағы сүңгуір қайыққа аты берілген жалғыз қазақ.

Жаппасбай Нұрсейітов бала кезінен Қызылорда қаласының Колхозная көшесіндегі біздің үйге іргелес тұратын інісі Төлебай Нұрсейітовке жиі келетін.

1923 жылы Тереңөзек ауданына қарасты №7 ауылда, бұрынғы «Құрайлы» ұжымшарында дүниеге келген ол әдетте, Жеңіс күнін өзінің туған күні деп есептеген. Бастауыш мектепті бітіргеннен кейін 1936-1941 жылдары туған жерінде, кейін Қызылорда теміржол стансасында жұмыс істейді. Әкем (ол да теміржолшы) айтқандай, Жаппасбай Нұрсейітов алғашқы еңбек тәрбиесін КСРО-ның еңбек сіңірген теміржолшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі шақырылымының депутаты, екі Ленин орденінің иегері Опалходжаев Серғазыдан алған. Жаппасбай аға отбасындағы жалғыз асыраушы еді. 1942 жылы жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясы қатарына шақырылды.

Соғыс қимылдарының алғашқы жылдарынан-ақ Ж.Нұрсейітов ерлік пен өрліктің үлгісін көрсетті. Қорқыныш атаулыны түсінбейтін ол бірінші болып шабуылға шығып, жау окоптарына дауылдай тиіп, талай фашисті тас-талқан етті. Қан майданда бірнеше рет жараланып, госпитальдарда емделіп, қайтадан ұрысқа аттанды. Ол туралы елге үш рет «қара қағаз» келді. Мурманск, Сталинград, Харьков, Киев, Сумы облысы, Румыния, Венгрия қалаларын азат етуге қатысқан. 1943 жылдың жазында Сумы облысының Ахтырка аймағында алапат шайқастар өтті. 1943 жылдың тамызында Ахтырка, шын мәнінде, майданның осы секторындағы неміс қорғанысының ең мықты жерлерінің бірі болды. Өйткені мұнда неміс танктері көп шоғырланған-ды. Дәл осы жерде Сарынчевка, Соловьевка деревняларын азат ету шайқастарында фашистердің көзін жойып батылдық танытты. Осы жайында 1943 жылдың күзінде қызыл әскерлердің «Ерлік» газеті былай деп жазды: «Әскери ерлік пен шеберлік Жаппасбайды ер атандырды. Окопта тығыз шайқас жүріп жатыр. Нұрсейітов штык пен гранатаны шебер пайдаланды. Табыс пен әскери даңқтың сыры Жаппасбай Нұрсейітовтің жауынгерлік шеберлігінде». Жәкең алғашқы әскери наградасын – «Ерлігі үшін» медалін Сталинград түбіндегі шайқаста алды.

Алғашқы қызыл гвардияшылардың бірі Ж.Нұрсейітов 1943 жылы 28 қыркүйекте Днепрден өтіп, Черкас облысы Каневский ауданы Григоровка селосына жақын жерде өзеннің оң жағалауындағы плацдармға бірнеше жауынгермен бірге бекінді. Аға сержанттың басшылығындағы бірен-саран жауынгер үш күн бойы жаудың 13 кескілескен қарсы шабуылына тойтарыс беріп, бірталайын жеке өзі жойып жіберді. Кейін жолдастарынан айырылғандықтан бірнеше пулеметпен кезектесіп жұмыс істеді. Днепрдің сол жағалауынан қосымша күш келген кезде ол ауыр жараланды, бірақ күресуді тоқтатпады. Алған жарақатының кесірінен сарбаздың тамыр соғысын сезбеген дәрігерлер оны тірілер тізімінен шығарды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 10 қаңтардағы Жарлығымен көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Жаппасбай Нұрсейітовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ал Сырдың комсомолдары мен жастары батыр жерлесінің есімін мәңгі есте қалдыруды ұйғарып, Сталинге хат жазып, мектеп оқушылары жинаған үш мың тонна металл сынықтарынан суасты қайығын жасауды өтінді. Осы кезеңде Бакуде 1944 жылдың ақпанында ғана пайдалануға берілген сүңгуір қайық наурызда осы қаладан шығып, 20 мамырда Молотовскіге (қазіргі Северодвинск) жеткізіліп, Солтүстік флоттың есебіне алынды. Ал сәл ертерек, 1944 жылы 24 сәуірде КСРО Әскери-теңіз күштері халық комиссарының бұйрығымен кемеге Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұрсейітов есімі берілді. 1944 жылы 13 маусымда ІІІ дәрежелі капитан Лепешкин Алексей Васильевич С-16 сүңгуір қайығының бірінші командирі болып тағайындалды. 1958 жылға дейін аталған қайық Солтүстік теңіз флотының құрамында болып, кейін Мурманскідегі музейдің алдына қойылды.

Ж.Нұрсейітов Днепрден өту кезінде алған ауыр жарақаттан кейін  ұзақ уақыт госпитальда емделді. Кеңес Одағының Батыры жоғары атағы берілгенін емдеуші дәрігерден естиді. Бөлімше командирі жауынгерге бір айлық демалыс беріп, марапатын Мәскеуде алып, ата-анасы мен туған-туыстарын қуанту үшін туған жері Тереңөзекке келеді.

Қариялардың айтуынша, Тереңөзек станциясында оны оркестрмен облыс, аудан басшылығы және облыс орталығының тұрғындары қарсы алды. Батыр Соль-Илецк станциясында ас тұзын өндіруде кезекшілікте жүрген жерлесі Қарқаралы қазағының өзіне сыйға тартқан қалтасы мен жарты қап тұзын алып көліктен түсті. «Батыр майданнан бір дорба тұз алып келді» деген әңгіме сол кезде халық арасында көпке дейін айтылып, жұрт қалжыңдайтын-ды. Менің ойымша, бұл батырдың вокзал алаңында қарсы алған еңбек армиясы жауынгерінің сыйын ерекше құрметтегенін көрсетсе керек.

Туған ауылында (1944 жылдың жазы) сол кездегі Тереңөзек аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, осы ауылдың тумасы Дүйсенбай Рахметовтің ұйымдастыруымен нағыз мереке болды. Белгілі журналистер Жарылқасын Шүкенов, Орман Нұрхабаев ағаларымыз жазғандай, аудан хатшысы батырдың анасы Айша апаға кілем сыйға тартып,  «Қурайлы» және «Қызыл жалау» колхоздарының ақындары арасында айтыс ұйымдастырды. Айтысқа тәжірибелі қарт ақын Сыздық Қалиолаев пен Қазақстанның болашақ халық жазушысы, 16 жастағы мектеп оқушысы Қалтай Мұхамеджанов қатысты. Жерлестерінің Жаппасбай батырды құттықтауларындағы төмендегі өлең жолдары бізге жетіпті:

– Айша апа, құтты болсын кілеміңіз,

Әрқашан орындалсын тілегіңіз.

Жаппаспай жауды жеңіп келген кезде,

Жарылмай, қалай отыр жүрегіңіз?

Бір айға жуық Сыр елінде болған Жәкең ауданның бірнеше ауылында, облыс, аудан орталықтарында жерлестерімен кездесіп, майданға аттанады.  Румыния мен Венгрияны азат ету шайқастарына қатысады. Ал мұнда ол  Балатон көлі маңындағы Венгрия үшін шайқастарда тағы да ауыр жараланады. Туған еліне екінші рет батыр жайлы «қара қағаз» жіберіледі. Батыр емделіп, Чехославакияны азат етуге қатысады. Ол үшін соғыс Германияның Торгау қаласында аяқталып, Эльбадағы одақтастармен кездесу салтанатына қатысады.

Туған жерге жеңіспен оралған Ж.Нұрсейітов Қызылорда станциясында жұмысын жалғастырып, сүйікті жары Әнипамен отбасын құрып, Роза мен Римма атты қыздары дүниеге келді. 1950-жылдардың аяғында әуелі Алматыға, кейін Қырғызстанға, Өзбекстанға барып, әртүрлі қызметте болды. 1961-1971 жылдары Өзбекстанның Орта Шыршық ауданындағы Кировский кеңшарын басқарды. Дәл осы жерде ұлы Ерқожа дүниеге келген. 1970-жылдарының басында кіндік қаны тамған туған жеріне оралады. Жаңақорғандағы ПМК-1607-де бетоншы, 1972 жылдан бастап, зейнет демалысына дейін Қызылорда біріккен авиаотрядында қызмет атқарды.

Кейін қалада ақсақалмен бір емес, бірнеше рет кездескенбіз. Ол өзгеге жалтақтамай, жоғары лауазымға ие болса да, өз көзқарасын ашық айтатын. Адамдармен оңай тіл табысатын. Оған Кеңес Одағының Батыры ретінде қалалық ДОСААФ қоғамдық ұйымын (армия мен флотқа көмек көрсету жөніндегі ерікті қоғам), оның кәсіби көлік жүргізушілерін даярлау жөніндегі құрылымдық бөлімшесін басқару ұсынылды. Бірақ ұсыныстан бас тартты, өйткені бұл оның шаруасы емес еді. Әркім өз орнында болуы керек деп есептеді.

1985 жылдың ақпан айында ескі аэровокзалда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Әуелбеков әуежайдың өндірістік базаларымен, аэродромымен және басқа да техникаларымен жан-жақты танысты. ВОХР-ның арнайы формасымен (жеке күзетші) өз қызметінде тұрған Ж.Нұрсейітовті В.Гусев таныстырды. Кейін облыс басшысы ұжыммен кездесіп, команда алдына әуежайды жаңа ғимаратқа көшіру және жаңа әуежайда ұшу-қону жолағын салуды аяқтау бойынша нақты міндеттер жүктеді. Бірінші хатшы эскадрилья бастығымен оңаша әңгімеде (ұжыммен кездесуден кейін) Ж.Нұрсейітовтің жұмысы мен әлеуметтік жағдайын сұрапты. «Жәкеңде бәрі жақсы, бірақ кейде ол өзінің күрескер ретіндегі мінезін көрсетеді» дегенде Әуелбеков: «Қаһарман сол үшін, сен ұйықтап қалмау үшін айтады» деп жауап беріпті.

Кейін Жәкеңді екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің қатарында Е.Әуелбеков қабылдады. Жеңістің 40 жылдығына және облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының жеке қабылдауына да қатысты. Әуежай облыс орталығының әуе айлағы болғандықтан, облыс басшысына авиакомпания командирінен бөлек Жәкеңмен, ұшақтарды қабылдау және жөнелту жөніндегі авиатехник Сағитжан Наурызалиевпен бірнеше рет сөйлесуге тура келді.

Жәкең туысы Жанпейіс Жүсіповке Жаратушы оны ұрыста әрқашан аман алып қалғанын жиі айтатын. Шабуылға аттанар алдында ол үнемі: «Отан үшін, Сталин үшін!» деп ғана емес,  «Қожа Ахмет Яссауи атамның аруағы жар болсын!» деп айғайлап шабуылға шығады екен.

Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында 1995 жылы 28 сәуірде Ж.Нұрсейітовке «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

1997 жылы сәуірде ауыр науқастан кейін (жауынгерлік жарақаттар оның денсаулығына әсер еткен болса керек) қайтыс болды. Жерлеуді ұйымдастыру жөніндегі комиссияны облыс әкімінің орынбасары, інісі Аппас Кәмішов басқарып, Кеңес Одағының Батыры атағы құрметіне үш рет оқ атылды.

Одан кейінгі жылдары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 3 қазандағы №1021 қаулысына сәйкес облыс орталығындағы көшеге және №233 орта мектепке оның есімі беріліп, мектеп алдында батырдың қоладан құйылған бюсті қойылды. Бұл шешімдерді облыс тұрғындары мақұлдады.

Кеңес Одағының Батыры Ж.Нұрсейітовтің 100 жылдық мерейтойы жылында батырды еске алу мақсатында тиісті шаралар өткізілсе, мектеп оқушылары мен студенттер, әскери бөлімшелер арасында әскери-тактикалық жарыстар ұйымдастырылса, жеңімпаздар үшін арнайы жүлделер тағайындалса дейміз. Сонымен қатар, батыр есімі берілген С-16 сүңгуір қайығының макеті жасалып, облыстық музей төрінен орын алса деген тілегіміз бар. Бұл шаралар жүзеге асырылған жағдайда ер есімін елі ұмытпайтындығына дәлел болып, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берер еді.

Кеңес МАХАМБЕТОВ,

зейнеткер.

 Астана қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<